23 Шілде, 2010

“ТУР ДЕ ФРАНС”: шешуші кезеңдер басталды

351 рет көрсетілді
Үстіміздегі жылғы шілденің 3-і күні сөреден шыққан әлемдік ауқымдағы “Тур де Франс” веложарысының ең шешуші, ең тартысты кезеңдері келіп жетті. Бұрнағы күні екінші және соңғы мәрте демалыс алған шабандоздар кеше кешке 17-інші кезеңді аяқтады. Фран­цияның таулы өңіріндегі По және Коль Тур­мале елді мекендерінің арасын қамтитын 174 шақырымдық бұл трассаның аумағы осы бәсекенің мейлінше қиын да қауіптісі еді. Мамандар расында Коль ду Турмале тауын осы аты аңызға айналған Гранд-турдың ны­шанды бөлігі санайды. Жарысқа 1910 жылы бір қашықтық болып қосылған бұл трассаға биыл тура 100 жыл толып отыр. Бұл ауқымның теңіз деңгейімен алып қарағандағы биіктігі 2115 метрде жатыр. Шыңына дейінгі орташа градиенті 7,4 пайызға, барынша көтерілуі 10,2 пайызға тең оның Luz-Saіnt-Sauveur жағынан қашықтығы 19 шақырымға созылады. Таудың құзар басына тақай бергенде 1404 метрге күрт төмен түсетіні тағы бар. Осындай түйетайлы алмағайып жолдарына байланысты бұл тауға күрделіліктің ең жоғары дәрежесі берілген. Бұл жер бұған дейін тек 1974 жылы ғана бір кезең­нің аяқталар нүктесі болған екен. Біздің бір дәтке қуат ететініміз, таулы ау­дан­ның тарланы саналатын Альберто Контадор бұл аралықта ешкімге есе жібере қоймаса керек-ті. Міне, енді тап осы жарыс жолы ғана кімнің шын мәнінде жігерлі де қажырлы екенін көрсетіп бере алады. Топ бастаған серкедей алға атылып шығатын пелетонның осындағы іл­гері қарай өрлеуі Cote de Renoіr жотасындағы төр­тінші дәрежелі үстірттің 11-інші шақы­ры­мынан бастау алып, 105-інші шақырымындағы күшті күпті ететін бірінші дәрежелі Col du Soulor қырқасында шарықтай түседі. Ал 155-інші шақырымда нағыз шыңға шабуыл бас­та­лады. Орташа 7,5 пайыздық градиентпен өр­лей­тін бұл аяққабар аралық 18,5 шақырымға жетіп-жығылады. Бәлкім, осыншалықты қияңқы қияда жатқанынан шығар, Турмале трассасын бірінші болып көктей өткен жан­кешті жүйрікке осы “Тур де Франсты” алғаш ұйымдастырушы әрі оның құрылтайшысы, фран­цуздың ХІX ғасырдағы атақты велоша­бан­дозы және спорт журналисі Анри Десгранже атындағы арнайы сыйлық та табыс етіледі. Әзірге біздің қолымызда кешегі күнгі жо­рық­тың нәтижесі болмағандықтан, осы қашық­тықта жүйріктердің қалай өткенін айтып бере алмай отырмыз. Дегенмен, осы “Тур” баста­лардан аздаған уақыт бұрын ма­мандардың бол­жауынша, оның талассыз фа­вориті Альберто Контадор болуға тиіс-тін. Спорт көріпкелдері мұнда оның биылғы мау­сымда ешқандай ай­тар­лықтай құлдырауға берілмей, жарыстан жарысқа спорттық қа­лыбын ширатып келе жатқанын алға тартады. Мұны қазір АҚШ-тың “Radіoshack” коман­дасын жаттықтырып жүрген Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Вячеслав Екимов те қуат­тайды. “Ойламаған жағдайдың орын алу мүм­кіндігін жоққа шығармай қоя тұрып, мен сонда да болса, “Тур де Франсты” Контадордың ұта­тынын айтқым келеді, – деді ол күні кеше 17 кезең алдында ғана. – Бей­сенбі күні қар­сы­ластар арасында айтарлықтай айырмашылық бола қалады деп ойламаймын. Бұл күні тау жағдайында өте ауыр күрес жүргелі тұр. Ал жұмадағы бөлікте Контадор айырмашылықты өз пайдасына қарай көбірек аударып алуы керек. Бұған қоса биыл “Астана” командасы да қазіргі құрамын А.Контадордың ыңғайына қарай жасақтап алған. Оның жеңіске жетуіне қолдау көрсетуге тіпті команда лидерлерінің бірі Александр Винокуров те дайын. Артта қалған 17 кезеңнің бас классифи­кациясы бойынша Альберто Контадор 78:29.10 уақытымен бірінші тұрса, келесі орындағы Энди Шлектің одан қалуы 0.08 секундты құ­райды. Бір қуаныштысы, осындағы алғашқы ондыққа соңғы кезеңнің қорытындысы бойын­ша біздің Александр Винокуров та енді. Ол ли­дерден 7 минут 12 секунд артта қалу айыры­мымен көште тоғызыншы болып келеді. Осы жерде біз Сашаның мұның алдында 4-інші және 13-інші кезеңдерде мәре сызығын бірінші болып қиып өткенін де айта кетейік. Бірақ оған Альбертодан озуға болмайды. Келісім солай, тәртіп солай. Ол қалайда Контадордың түп­кілікті жеңіске жетуіне, сөйтіп, “Тур де Франс­тың” үш дүркін жеңімпазы атануына атса­лыспақ. Ал “Астана” құрамындағы испан жігіті бұған дейін 2007 және 2009 жылдарда осы жеңістің тұғырынан табылған еді. Сонымен, кеше түнде “Турдың” биылғы додасындағы ең шешуші кезең тәмамдалды. Оның қорытындысы бойынша сары жейдені киетін шабандоз, айналып келгенде, көпкүн­діктің де жеңімпазы болып шығатынын мұн­дағылардың бәрі біліп отыр. Соңғы тур ал­дын­да А.Контадордың басты қарсыласы Э.Шлек те осыны айтқан екен. Ал веложарыс осы Тур­маледен кейін бағытын кілт терістікке бұрып, Париж бағдарын бетке алады. Бүгін 18-інші кезеңді өткеретін жүйріктер қашықтығы 198 шақырым болатын жазықтағы Сали де – Бордо арасында табандарынан от қашырады. PS. Еуропада осылай “Тур де Франстың” төңірегінде тартыс барынша қыза түскен кезде, Қытайда “Тур Цинхай” енді қарқын ала бастады. Азиядағы велокүнтізбенің қатарын­да­ғы ең ауыр да бастылардың бірінен сана­латын бұл көпкүндіктің бірінші кезеңін украин Юрий Мельтиченко – бірінші, орыс Борис Шпилев­ский екінші болып аяқтаса, біздің Руслан Тілеубаев онда мәре сызығын үшінші болып қиып өтті. Серік ПІРНАЗАР,  Астана.
Соңғы жаңалықтар

Доллар арзандады

Қаржы • Бүгін, 15:58

Ұқсас жаңалықтар