15 Қазан, 2015

«Өлеңнің ұлы дария мұхитысыз»

825 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Суйнбай-2(Бақтыбай ақын) Аузынан шыққан әрбір сөзі тау өзеніндей тегеурінді, алдас­пандай өткір Сүйінбайдың бағасы мен бәсі еш төмендемегенін күллі қазақ баласы жақсы біледі. «Бөрілі байрақ астында, бөгеліп көрген жан емен...» деп елі мен жерінің абыройы үшін еш нәрседен тайсалған емес. Тезек төренің ордасына кіріп тік сөйледі. Қырғыздың Орман, Қара Бәйтік секілді манаптарының мінін қасқайып тұрып бетіне басты. Сұраншы мен Саурықтың намысын жанып жауға қарсы аттандырды. Өз елінің бетке ұстары саналған Сарыбайдай дана бидің де соңғы әрекеттерін құптамайтынын ашық айтқан. Момынның ақысын жеген бай-болыс, қожа-молданың ешбірі Сүйінбайдың сынынан қағаберіс қалған емес. Ол сонау VІ-VІІІ ғасырларда Көк Тәңірінің нұр шуағына шомылған көк түріктің асқақ рухын жаңғырта жырлады. Ашиналардан еншіленген Бөрілі байрақты ту көтеріп, мәңгілік ел болу мұратына өлшеусіз адалдық танытты. Қырғыздың Қатаған ақынымен айтысында қалың қазақтың бірлігі мен берекесін, алымы мен қарымын таныта сөйлеп, бір қайырғанында: «Бүтін дүние жүзінде, шөгіп жатқан мұнармын! Одан қалай өтесің, батырлық пен ерлікте, маған қайтіп жетесің?!» дейді саңлақ ақын. Осы сөзінің мәніне тереңдей түссеңіз, онда қаншалықты асқақтық, ұлт болып ұйысқан елінің бір мүдде, бір мақсатқа әрдайым бекем жұмыла алатынына деген шүбәсіз сенім жатқанын пайымдау соншалықты қиын емес. Бала Жамбылға бата беріп тұрған сәтінде ол: «Құдықтан тартқан су сияқты сөзді өз жүрегіңнен ала біл», дейді. Сондықтан, Жамбыл да Сүйінбайды неге пір тұтпасын. Ешқашан жалған айтып жалтақтамаған ұлы ұстазының бұл ақылын өмір бойы жадынан бір сәт шығармаған жыр алыбы ХХ ғасырда қазақ деген қасиетті халқын әлемге әйгіледі. «Сүйінбай ақын бір ғана Жамбылдың ұстазы емес, күллі көркемдіктің, әдеміліктің ұстазы», дейді ұлы суретшіміз Әбілхан Қастеев. Сол айтпақшы, әдемілік пен көркемдікке келгенде Сүйінбай Аронұлының асыл сөзі алтынға пара-пар. Оның айтыстары мен толғауларына тән теңдессіз екпін буырқанған теңіз толқынындай лек-легімен жөңкіледі. Әсерлі ұйқасы мен әдемі теңеулері бүгінгі әдебиет зерттеушілерінен әлі жеткілікті бағасын алып болған жоқ. IMG-20150602-WA0001-1Табиғат оған өршіл рух бергенде, сыр мен сымбатын, азамат ердің баласына лайық айдай ажарды да аяп қалмаған. Заманына ойы мен талғамы жарасқан Сүйінбай өз елін қоқандық зорлықшылықтан, іргелес жатқан қырғыздың дүркін-дүркін шапқыншылығынан Саурық, Сұраншы, Сүттібай, Сарыбай батырлармен бірге қаймықпай қорғасты, дауылпаз ақындығымен қоса аталас ағайындары арасында салиқалы билік жүргізді. Бұл туралы ХІХ ғасырдың екінші жартысында қағазға түсіп, бүгінде орталық мұрағатта қатталып жатқан тарихи құжаттар толық дәлел болады. Оған Сүйінбайдың ғалым шөбересі Сұлтанғали Садырбаев: «Тұнық бұлақтан су ішіп шыққан киіктің баласындай пәк сезімді Сүйінбай жастық шағынан бастап, өмірінің соңғы демі біткенге дейін туған елінің тағдыры мен болашағы үшін жан аямай күрескен адам», деп орынды бағасын берді. «Халықты тілмен қорғадым, сөз шындыққа келгенде, бас кессе де болмадым», деп өзі айтпақшы, ұлтының ары мен намысы үшін әрдайым жалаңдаған қылыш, жанған оттан да тайсалмаған Сүйінбай туралы сөйлегенде, әрине, әуелі оның асқан дарынды ақындығын ерекше атап айтамыз. Арғы атасы Жиенқұлұлы Күсептен жалғасатын батырлық пен ақындық дәстүріне сай «Қарасай батыр», «Өтеген батыр», «Сұраншы-Саурық батыр» деген тарихи жырларды өзінше өрнектеп, байыта жырлаған ол шығыстың інжу-маржан мол қазынасынан да мейлінше сусындаған. Күсептен Сүйінбай, одан Жамбыл меңгерген мыңдаған шумақты – «Шахнаме», «Көроғлы», «Мың бір түн», «Тотының тоқсан тарауы» атты ұлы дастандар да осының айғағы. Сондай-ақ, ақынның ақ алмастай кесіп түсетін, «Жұрт ішінде жорта бір мақтайсың-ау», «Момын малын зұлымға алып беріп», «Сәлде ораған қожаға», «Бақсыға», «Қажыларға», «Жайнаққа», «Тілеубердіге», «Мақсұтқа», «Қасымға», «Төрт биге», «Кененбай ұрыға», тағы да басқа сын-сықақ өлеңдері, жыр толғаулары өз алдына бір төбе. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі», деп бағалағанда, әлбетте, оның бізге жеткен қырғыз Қатағанмен, Арыстанбекпен, Тезек төремен, Қаңтарбаймен, Жантаймен, Бақтыбаймен, Күнбаламен, Уәзипамен, Тәтті қыз және Кескенкекілмен, Қарғамен айтысын негізге алған. Соның бәрінде саңлақ Сүйінбай шындықты ту ете сөйлеген, қай кезде болсын ақиқаттың жағында жүрген ақиық әрбір қарсыласын дәлелді сөзбен мүдіртіп, мысын басқан. Онымен бір жүздескен Бақтыбай Жолбарысұлының: «Өлеңнің ұлы дария мұхитысыз», дейтіні тіпті, тегін емес. Сол Сүйінбай бабамыздың туғанына 200 жыл толатын айтулы мерей салтанатына байланысты биыл жыл басынан бері ақынның туған елінде бірқатар мақсатты мәдени шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар одағының, ТҮРКСОЙ ұйымының, Алматы облысы әкімінің басшылығымен және Жамбыл ауданы әкімдігінің барынша атсалысуымен Алматы және Астана қалаларында келелі ғылыми-тәжірибелік конференциялар, Алматы қаласындағы студенттер арасында алқалы айтыс өткізілді. Маусым айында Түркияның Анкарамен қоса бес қаласында Сүйінбай жылына байланысты түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылды. Өлеңдерін белгілі түріктанушы ақын, қайраткер азамат Мәлік Отарбаев аударып, жуырда кітабы Анкара қаласында түрік тілінде басылып шықты. Осынау елеулі еңбектің тұсаукесер рәсімі Жамбыл аудандық кітапханасында зор қуанышпен өткізілді. Білім және ғылым министрлігіне қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанов бастаған ғалымдар Сүйінбайдың қос томдық академиялық толық шығармалар жинағын дайындады. Оның бірінші томына ақынның толғаулары, арнаулары, өлеңдері, айтыстары мен қағысулары, жырлары, әңгімелер мен жоқтаулар, ғылыми қосымшалар топтастырылса, екінші кітабына қазақтың белгілі әдебиеттанушы ғалымдары мен ақын-жазушылары – Ілияс Жансүгіров, Есмағамбет Ысмайылов, Мұхаметжан Қаратаев, Павел Кузнецов, Қажым Жұмалиев, Сапарғали Бегалин, Ханғали Сүйіншәлиев, Сұлтанғали Садырбаев, Хамит Ерғалиев, Рахманқұл Бердібаев, Мырзатай Жолдасбеков, Құлбек Ергөбеков, Жанғара Дәдебаев, Сәрсенбі Дәуітов, Темірхан Тебегенов, Серік Негимов, Бекен Ыбырайымов, Арықбай Ағыбаев, Рафат Әбдіғұлов, Бақтияр Сманов, тағы басқа авторлардың қалам қарымынан туған зерттеулер мен мақалалар, сүйінбайтанушы-ғалым Мүбәрак Үмбетаевтың ғылыми монография­сы енді. Суйнбай-1 Жуырда Алматы қаласындағы қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының алдына Сүйінбайдың ескерткіш мүсіні орнатылып, оңтүстік астанамыздағы Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицейінде «Өрен сөздің жүйрігі, жыр тұлпары – Сүйінбай» атты әдеби-танымдық шығармашылық кездесу өтті. Сүйінбай жылына арналған биылғы барша ұйымдастыру, мәдени-көпшілік шараларының тынысын ашу мақсатында Жамбыл ауданында арнайы «Сүйінбай» қоғамдық қоры құрылды. Өзінің туған ауылы Қарақыстақта мерейтойға байланыс­ты қолға алынып жатқан тиісті шаралар ауқымы да сан алуан. Мұнда ұлы ақынның әдеби-ескерткіш мұражайы, кесенесі қайта жөндеуден өткізіліп, ауылдың орталық көшелері абаттандырылды. Мерейтой күні мүсіні көрнекі орнатылған саябақ салтанатты түрде ашылады. «Сүйінбайдай ақыны, Сарыбайдай батыры, Түктібайдай бақсысы, Шірікбайдай жақсысы бар, бұл екей не деген бақытты ел еді», деп тамсаныпты дейді қырғыздың Шәбден манабы бір сөзінің арасында. Алатаудың екі еліне тең мәлім Шәбден айтқандай, тек бір ата екейдің ғана емес, барша қазақтың бақыты үшін сөз саралаған Сүйінбайдың асыл мұрасы түгел түркі әлемі үшін де ортақ бақыт деп білеміз. Енді қазан айының 21-інен 24-іне дейінгі аралықта өтеді деп жоспарланған Талдықорған қаласындағы халықаралық ақындар айтысы мен бірнеше түркі мемлекеттерінің ғалымдары қатысатын Алматы қаласындағы халықаралық ғылыми конференция, Жамбыл ауданының бірнеше ауылында тойланатын Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтой салтанаты шындық сөздің Шолпан жұлдызы саналатын ақынның абыройын күллі қазақ аспанында одан сайын биіктете түседі деген ойдамыз. «Тегінде Сүйінбайдың сөздері түрлі-түсті асыл тастар секілді: бір сөздің сәулесі екінші сөзге шағылысып, жарқ-жұрқ етеді», деген еді филология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаев. Сол ағамыз айтпақшы, ақынның биылғы мерейіне байланысты атқарылған шаралар мен күні ертең тойланатын зор қуанышымыз бір-біріне сәулесін шашып, бөрілі байрақты бабамыздың даңқын жарқырата бермек. Жандарбек ДАЛАБАЕВ, Жамбыл ауданының әкімі. Алматы облысы.