Біз – Ұлы даланың перзенттеріміз. Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тәңірі дегеніміздің өзі – көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті болуының астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс – еліміздің бірлігінің белгісі. Ендеше, бізге неге өзімізді Ұлы дала еліміз деп атамасқа.
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
Елбасы телекөпір барысында индустриялы Қазақстанға жаңа брендтік атаудың қажет екендігін айтты
Кеше Астанадағы «Көрме» орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздегі «Нұрлы Жол» және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған дәстүрлі телекөпір өткізілді. Мұнда, сонымен қатар, Үкіметтің аталған бағдарламалар бойынша есебі тыңдалды. «Қазақстанда жасалған» Елбасы, ең алдымен, көрме кешенінде Индустрияландыру жобаларының өнімдері қойылған көрме жұмысымен танысты. Онда Мемлекет басшысына «Қазақстанда жасалған» белгісімен шығарылатын отандық өндірістің тауарлары таныстырылды. Бұдан басқа, Елбасы ірі өндірістер көрмесін де аралады. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев Елбасына холдингтің қолдауымен жүзеге асырылған бірқатар ірі жобаларды таныстырды. Соның бірі табақ шыны өндіру мен өңдеу бойынша «Orda Glass ltd» ЖШС-нің жобасы болып табылады. «Бұл елімізде шыны өндіретін жалғыз жоба. Зауыт отандық нарық қажеттілігінің 100 пайызын өтейтін болады. Өнімнің 30 пайызын экспортқа шығару жоспарлануда», деді Елбасына зауытты таныстыру барысында Қ.Бишімбаев. Жеңіл өнеркәсіп көрмесінде «Бәйтерек» холдингі төрт жобаны ұсынды. Солардың бірі – Астанада «KazTexExpo» автоматтандырылған сауда-өндірістік кешенді құру бойынша «ASTANA Ютария ltd» Өндірістік Инновациялық Компаниясы» ЖШС-нің жобасы. Сондай-ақ, «Бәйтеректің» басқарма төрағасы Елбасына холдинг іске асыратын қазақстандық тауарлардың экспортын арттыру бойынша «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар – ұлттық чемпиондар» бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндап берді. Бұрын хабарланғандай, McKinsey&Company халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесіп, осы бағдарламаға қатысуға үміткер отандық өндірушілер арасында іріктеу жүргізілді. Бүгінде іріктеу аяқталып, сыртқы нарықтарға шығарылатын қазақстандық өнім экспортының және импортты алмастырудың көшбасшылары болуға лайық компаниялар пулы қалыптастырылды. Ұсынылған 300-ден астам өтінім ішінен 32 компания, оның ішінде 20 компания – АӨК саласынан, 7-еуі – машина құрастыру саласынан және 5 компания – құрылыс материалдары өндірісі саласынан таңдалды. «Бағдарлама елдің ІЖӨ-сін, экономиканың әртараптандырылуын, қазақстандық өнім экспортының өсуін, өнімділік пен өтімділіктің өсуін, сондай-ақ, бүгінгі күні еліміздің бизнесі үшін өзекті болып табылатын жаңа нарықтарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды құруға бағытталған», – деді Қ.Бишімбаев. Ал «Ұлттық чемпиондарға» арналған көрмеде бағдарлама қатысушылары тізіміне енген компания өкілдері болды, олар Мемлекет басшысына келешекте қазақстандық экспортының көшбасшылары атанатын өз өндірістерін таныстырды. Сонымен қатар, көрмеге еліміздегі отандық тауарларды өндіруде, ел экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген көптеген кәсіпорындар мен өндіріс орындарының басшылары және қызметкерлері келді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған әртүрлі өнімдерді көпшілік назарына ұсынған кәсіпкерлер өзіміздің елде жасалынып шығарылған тауарларын көрмеге қойды. Қарағанда көз тұнатын, көңілге қуаныш ұялататын, сондай-ақ, «өзімізде жасалған» деген жылы лебізбен тұтынушыларды тартатын тауарлар көз жауын алады. Төрт қабырғаның төрт жағына толықтай жайласқан отандық өнімдер анадайдан менмұндалап тұр. Оларға жетелеп тұрған да сол көрме маңдайшаларына жазылған «Қазақстанда жасалған» деген жазу болса, төменгі жағында ең үздік логотипті ойлап табушы Екатерина Рукшенененің «KZ» доменіндегі белгі көз тартады. Шын мәнінде, Елбасының шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп, ел экономикасын дамытуға бағытталған жобаларының барлығы дерлік мемлекет мүддесін көздейтіні белгілі. Жеке кәсіпкерлікпен айналысу жөнінде тың идеялары бар азаматтарға кеңінен жол ашып отырған Елбасының сарабдал саясатына сүйсінбеске тағы болмайды. Мұндай көзқарасқа осы көрмеге жиылған кәсіпкерлердің барлығы да ие екендігін, олардың бізге берген сұхбаттарынан-ақ байқадық. Айтар болсақ, бұрынғы мамандығы инженер болған Айбек Бектұрғанов қазіргі таңда «Қазлегпром-Алматы» жоғары технологиялық өндірістік кәсіпкерлік» компаниясының директоры болып отыр. Оның айтуы бойынша, біздің қазақстандық киімдер өз ретінде дұрыс қолға алынса, әлемдік стандарттарға сай болуға толықтай мүмкіндігі бар. Дүниежүзі кеңінен қолданып отырған вискоза материалынан ерлердің классикалық костюмдерін тігіп, сондай-ақ отандық аяқ киімдер шығарып отырған серіктестік негізі қаланғанына небәрі екі жыл болса да бүгінде тапсырыспен киім тігуде алға шыққан. «Осындай көрмелер жиі-жиі ұйымдастырылып тұрса дейміз. Халық білсе, көрсе, танысса, кейінгі кезекте олар да отандық өнімнің сапалы әрі жақсы болатынына көздері жетуші еді. Елбасының саясатына әрқашан алғысымызды, шын ықыласымызды білдіріп жүреміз. Бүгіннің өзінде біршама халық бізді біліп отыр. Дегенмен, таныс-білістіктің артығы жоқ, сол себепті бізге әлі де болса көпшілік алдына өз өнімдерімізді көрсету қажет», деген кәсіпкер мұндай бағыттағы жұмыс бойынша алда әлі де жағымды жаңалықтар болатынын айтты. Қыз-келіншектерге арналған қазақы қалыпта тігілген бүрмелі, оюлы киімдер, көйлектер мен той көйлектері, сондай-ақ сыртқы киім мен балалар киімі көрме ішінің сәнін келтіргендей сипатта болды. Түрлі-түсті тастармен әшекейленген сәнді қазақша көйлекті көргенде, бірден Аида Кауменованың стилі есімізге түсті. Сол маңда қазақтың танымал дизайнерін жолықтырып қалып, әңгімеге тартқан болатынбыз. «Елбасының бүгін арнайы осы көрмеге келіп, біздің тауарлармен танысқанына қуаныштымыз. Мемлекет тарапынан осындай қолдау жасалынып жатқанда біз секілді мамандарға тек аянбай еңбек ету қажет. Біз Қазақстан халқына пайдамызды тигізіп, шетел сәнгерлерінің киімдерімен тең дәрежеде озық үлгідегі көйлектер тігіп жатқанымызға қуанамыз. Сән үйіміздің өзінің тұрақты тұтынушылары бар, олар отандық киімдердің сапасының жоғары екендігіне сенімді. Уақыт санап біздің бутиктеріміз көбеюде, оның барлығы да сұранысқа ие болып жатқандықтан деп ойлаймын», деді. Жеңіл өнеркәсіпті қолына алып, жұмысын дөңгелетіп отырған тек киім тігушілер емес, сонымен қатар өз елімізде дәрі-дәрмек, түрлі тағам өнімдері, химиялық өнімдер, құрылыс заттары мен тұрмысқа қажетті көптеген тауарларды жасап шығарып отырған кәсіпкерлердің барлығы да осы көрмеге қатысқандарына қуаныштарын білдірді. Бұл ретте көпшілікке аты мәшһүр «Зерде-Фито» ЖШС үлкен беделге ие. Орталық Азия өңіріндегі фитоөнімдер өндірісімен айналысатын ірі компания болып табылатын «Зерде» бүгінгі таңда нарықтың 80 пайыздан астамына иелік етіп отыр. Компанияның тауар жинағында өнімнің 280-нен астам түрі бар. Жыл сайын мұнда 1000 тоннадан астам дәрілік-өсімдік шикізат қайта өңделеді. «Бұл компанияның тауар жинағы денсаулыққа арналған жаңа өнімдермен толыға түсіп, тұрақты дамып отырады. Дәрілік-өсімдікті жинақтардың құрамымен жұмыс Мәскеу қаласының Фитотерапия институтының жетекші ғалымдарымен, Ресей мен Қазақстанның фитотерапия саласындағы белгілі академиктерімен, медицина ғылымдарының профессорларымен, кандидаттарымен бірге жүргізіледі», деді серіктестік директоры Жандос Кенжібаев. Оның айтуы бойынша, елдің абыройын көтеретін, өзгелер шын ықыласпен қабылдайтын, сенетін таза өнім шығару қажет. Ел халқының денсаулығы бірінші кезекте болғандықтан, олардың ұзақ және бақытты өмір сүрулері үшін денсаулығын сақтауына мүмкіндік беруге бар күш-жігерімізді саламыз деген ниетін білдірді. Инновациялану бесжылдығы Елбасы көрме залын аралап болғаннан кейін, жұртшылық жиналған залға келіп, жиынды ашты. Елімізде осыдан бес жыл бұрын басталған индустрияландырудың бірінші бесжылдығы қорытындыланғандығын, екінші бесжылдықтың жарияланғандығын атап көрсетті. Елімізді индустрияландыру ісіне Елбасының халыққа арнаған Жолдауында жарияланған «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатында ойластырылған істер ерекше екпін беріп отыр. Осының нәтижесінде аса ауқымды инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Астанадан жан-жаққа шашылған күн шұғыласы іспетті автокөлік жолдарының жаңа сұлбасы қалыптасуда. Бұлар өз кезегінде орталық пен өңірлердің байланысын және өңірлердің өзара байланысын нығайта түсетін болады. Үкіметтің Индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы Жол» бағдарламалары бойынша есебін тыңдау үшін бірінші сөз кезегі Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке берілді. Ә.Исекешев өз сөзінің басында еліміздің индустрияландыру бағытындағы екі бесжылдығының тоғысқан тұсы әлемдік экономиканың күрделі кезеңіне тұспа-тұс келгендігін, түрлі геосаяси шақырулар, мұнай мен металл бағаларының құлдырауы, Ресейге қарсы қолданылып отырған санкциялар, Қытай экономикасы өсімінің баяулауы – міне, осының барлығы қосыла келіп, Қазақстандағы индустрияландыру ісіне, бүтіндей алғанда, отандық экономикаға қиыншылықтарын тигізгендігін айтып өтті. Бірақ, соған қарамастан, экономика өсімі жалғасын табуда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 5 айының қорытындысында өнеркәсіптік өнім көлемі 0,5 пайызға, тау-кен өнеркәсібінде 1 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 0,2 пайызға өсті. Темір рудасын өндіру көрсеткіші Қытайдағы металлургиялық компаниялардың сұранысының төмендеуіне байланысты 9,7 пайызға азайды. Дегенмен, қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары неғұрлым маңызды металл түрлерінде, атап айтқанда, мыс бойынша 41,5 пайыз, алюминий бойынша 10 пайыз, ферроқорытпа бойынша 6,5 пайыз, глинозем бойынша 0,5 пайыз өсім көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, болат, арматура, кабель, басқа да бірқатар өнімдер бойынша өндіріс көрсеткіші өсе түсті. Әсет Исекешев осылай дей келе, елімізді индустрияландыру мәселелеріне ойысты. Мәселен, «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру барысында еліміздегі цемент өндірісінің көлемі үстіміздегі жылдың 5 айының ішінде 14 пайызға немесе 2954 мың тоннаға өсе түскен. Индустрияландыру бағдарламасының аясында елімізде іске қосылған 770 жоба жұмыс істеу үстінде. Дегенмен, олардың ішінде 200 жобаның өндірістік қуаты әлі де толық пайдаланылмай келе жатқандығын айту керек. Ресейдегі рубльдің құлдырауы және ел ішіндегі сұраныстың төмендеуі салдарынан олардың кейбірінің жұмысын уақытша тоқтата тұруға тура келді. Соңғы 5 айдың ішінде 135 жобаның өндірістік жұмыстары қайтадан тұрақты арнасына түсті. – Сіздің бастамашылдығыңызбен іске қосылған «Нұрлы Жол» бағдарламасының арқасында жекелеген салалар бойынша отандық тауарларға деген сұраныс өсті, мұның өзі халықты еңбекпен қамту ісіне едәуір әсер етті, – деді Ә.Исекешев. – Мәселен, бүгінгі күні 2000 шақырымнан астам қашықтыққа созылып жатқан жол құрылысы жұмыстарының жандануы нәтижесінде 72 мың адам еңбекпен қамтылып отыр. Сондай-ақ, еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған реформаның дер кезінде қолға алынуы елімізге шет мемлекеттерден келіп жатқан тікелей шетелдік инвестициялардың қарқынының сақталуына әсер еткен. Өнеркәсіптік өндіріске келіп жатқан мұндай инвестициялар көлемі өткен жылдың осы мерзіміндегіден 48 пайызға өсе түскен. Әсет Исекешев индустрияландырудың екінші бесжылдығында атқарылатын істерге тоқталып өтті. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының іске қосылуы, Елбасының тапсырмасымен Астанада өңірлік халықаралық қаржы орталығын құру мәселесі, Қазақстанның алып Қытай қолға алған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасына қосылуы елімізге шетелдік инвесторлардың келуіне жаңа мүмкіндіктер ашады, сөйтіп, Қазақстанды өңірлік инвестициялық хабқа айналдырады, деп күтілуде. Биылғы жылы біз 700-ден астам шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргіздік. Соның нәтижесінде 100-ден астам меморандумға қол қойылды. 26 ірі трансұлттық корпорациялармен келіссөздер жүргізіліп, олардың 10-ымен нақты келісімге қол жетті. Осы жартыжылдықтың ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 7 жоба пайдалануға беріледі, – деді Ә.Исекешев. Қазіргі жағдай өнеркәсіптік сектордың бәсекелестік қабілетін арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстарға жаңа көзқараспен қарауды қажет етіп отыр. Өйткені, әлемдік нарықта бірқатар маңызды тауарлар бағасы құлдырауда. Соған байланысты екінші бесжылдықта инвестициялар тартуда жаһандық технологиялық трендтерге көбірек мән берілуде. Осыған байланысты Бүкіләлемдік банктің көмегімен рыноктарға неғұрлым өтімді 152 тауар таңдап алынған. Ол тауарлар шартты түрде екі топқа жүйеленген. Бірінші топтағы тауарларды игеру үшін бірқатар капитал қажетсінетін жобаларды жүзеге асыруға тура келеді. Бұл ретте бірқатар ерекше технологияларға қол жеткізу және оларды жаһандық тізбекке тіркеу үшін ірі трансұлттық корпорациялар тартылатын болады. Ал екінші топтағы тауарларды отандық бизнестің өзі мемлекеттік қолдау құралдарына сүйене отырып игере алады. Сондықтан, бірінші топтағы тауарларды игеру ұлттық холдингтерге тапсырылса, екінші топтағы тауарларды игеруді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әкімдіктерімен бірлесіп, қолға алатын болады. Үкімет өз кезегінде жеке жобаларға емес, индустрияландыруға қажетті жүйе құру ісімен, атап айтқанда, кедергілерді жоюмен, инфрақұрылымдарды қалыптастырумен, қолайлы инвестициялық ахуал туғызумен айналысады. Шикізат өнімдерін сатудан валюталық түсімдердің азаюына байланысты неғұрлым өңделген өнімдерді экспортқа жылжыту ерекше маңызға ие болып отыр. Осы ретте Жібек жолының қалыптастырылып дамытылуы Қытайға, Үндістанға және Парсы шығанағы елдеріне тауарлар экспорттауға қосымша мүмкіндіктер беретін болады. Қаржылай қолдау аясында Ұлттық қордан 35 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржы негізінен экспорттаушылардың айналым қаражатын толықтыруға жұмсалды. Сонымен қатар, енді оларды сервистік қолдау күшейтілетін болады. Осы мақсатта ҚХР-да, Иранда, Белоруссияда, Новосібірде өкілдіктер ашылуда. Әсет Исекешев екінші бесжылдықтың неғұрлым инновациялық болатындығын атап өтті. Осыған байланысты төрт бағыт таңдап алынған. Оның біріншісі – өнеркәсіптік секторлары бар кәсіпорындарды жаңа технологиялық деңгейге шығару. Екіншісі – отандық ғылымды индустрияландыру үшін қолданбалы міндеттерді шешуге жұмылдыру. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың әдіс-тәсілдеріне өзгерістер енгізіледі. Үшіншісі – экономиканың жаңа бағыттары үшін технологиялық негіздерді қалыптастыру. Мұнда трансұлттық корпорацияларға басымдықтар берілетін болады. Төртіншісі – жоғары технологиялық стартап-компаниялардың тым жетімсіздігі мәселесін шешу. Бұл міндетті шешуге шетелдерден инноваторлар мен зерттеушілер шақырылады. Солардың көмегімен стартап-хаб құрылады. Ә.Исекешев сөзін аяқтағаннан кейін Мемлекет басшысы баяндамада айтылған проблемаларды шешу үшін қазіргі әлемдік дамудың трендтерін жіті бақылауда ұстап отырудың қажеттігін айтты. «Бұл – барлығыңа ортақ тапсырма. Бәрін де өз уақытында істеу керек. Әйтпесе, кеш қалуымыз мүмкін», деп ескертті. Баяндаманың жақсы жасалғандығын атап өтті. Ұлттық қордың үлесі мол Мұнан кейінгі сөз кезегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа берілді. – Сіздің тапсырмаңыз бойынша контрциклдық экономикалық саясатты іске асыру тәртібінде драйвер болып табылатын және Қазақстанның қосымша экономикалық өсуін қамтамасыз етуге міндеттелген инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды және жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта Мемлекеттік бағдарламаның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, құрылымдық реформалар арқылы институттық даму мен электр энергетикасы және білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту сияқты негізгі бағыттар іске асырылу үстінде, – деді Е.Досаев. Мұнан әрі ол жүргізілген жұмыстарды жекелеген бағыттар бойынша баяндап өтті. Соның ішінде жылу, сумен қамту желілерінің тозуын төмендету үшін өңірлерде 96 әлеуметтік маңызды жобаның жүзеге асырылу үстінде екенін, осы үшін Ұлттық қордан биылғы жылға 60 миллиард теңге, 2016 жылға 90 миллиард теңге бөлініп отырғандығын айтты. Осының нәтижесінде тек биылғы жылдың өзінде 266 шақырымдық жылу және сумен қамту желілері, 14 қазандық жаңғыртылмақ және қайтадан салынбақ. Мұның өзі жүйенің тозуын қазіргі 67 пайыздан 65 пайызға дейін төмендететін болады. Бұл мәселеге, сондай-ақ, шетелдік инвестициялар да тартылуда. Мәселен, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент қалаларындағы коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғырту үшін Еуропалық даму және қайта құру банкімен 95 миллион доллардың келісіміне қол қойылды. Сондай-ақ, биылғы жылы Петропавл, Қостанай, Семей және Тараз қалаларында 131 миллион доллардың жобалары жүзеге асырылатын болады. Екінші бағыт бойынша еліміздің тұрғын үй инфрақұрылымдары нығайтылуда. 2015-2016 жылдары арендалық тұрғын үйлерді салуға және сатып алуға Ұлттық қордан 145 миллиард теңгенің қаржысы қарастырылған. Биылғы жылдың өзінде республикалық бюджеттің қаржысын қоса есепке алғанда, 7 мың пәтер пайдалануға беріледі. Наурыз-сәуір айларында алғашқы 2437 пәтерді бөлу жұмыстары жүргізілді. Маусым айында 360 пәтерді бөлу басталды. Қазір 3280 арендалық пәтердің құрылыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды салу және қалыптастыру үшін 42,7 миллиард теңгенің трансферттері қарастырылған. Осы қаржыға 170 жоба жүзеге асырылуда. Үшінші бағыт бойынша кәсіпкерлік субъектілерге қолдау көрсетілуде. Мәселен, үстіміздегі жылы өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерді жеңілдікті жолмен несиелендіру үшін 100 миллиард теңге қарастырылып отыр. Мұның сыртында аталған іске шағын несиелендіру ұйымдарының несиелік желілері арқылы 155 миллиард теңге тартылған. Бұл қаржы да шағын және орта бизнес жобаларын несиелендіруге бағытталады. Осы несие желісі арқылы берілген қаржыларды іске қосу барысында 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Оның жобалары жүзеге асқан кезде 220 миллиард теңгенің өнімдері өндірілетін болады. Төртінші бағыт – институттық даму. Бұл мәселе бойынша экономикадағы құрылымдық реформаны жүргізу шағын қаржыландыру ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықта жүргізілуде. 23 жоба халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесе қаржыландырылуда. Мәселен, үстіміздегі жылы Бүкіләлемдік банктен бірлесе отырып, 1,1 миллиард доллар тұратын сегіз жобаны жүзеге асыру басталды. Ол негізінен шағын және орта бизнестің бәсекелестік қабілетін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, Еуропалық қайта құру және даму банкімен 2,5 миллиард доллардың жобалары жүзеге асырылды. Басқа да әлемге танымал қаржы ұйымдары аталған іске өз үлестерін қосуда. Бесінші бағыт энергетикалық инфрақұрылымдарды дамытуды көздейді. Солтүстік өңірдің шығыс және оңтүстік өңірлерімен байланысын нығайту үшін осы бағыт бойынша «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті» жобасы жүзеге асырылуда. Алтыншы бағыт – білім саласындағы инфрақұрылымдарды жақсартуды қарастырады. Елбасының тапсырмасымен қолға алынған еліміздегі апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер проблемасын шешу үшін Ұлттық қордан 2017 жылға дейінгі мерзімге арналып 62 миллиард теңгенің қаржысы қарастырылған болатын. Биылғы жылы 34 мектептің құрылысы басталды. Сондай-ақ, балалар бақшаларының жетімсіздігі проблемасын шешу үшін тағы да Ұлттық қордан бөлінген қаржыға 17 типтік балалар бақшасы салынуда. Мұның сыртында индустрияландыру үшін кадрлар әзірлейтін еліміздің 10 арқаулық жоғары оқу орнында халықаралық стандарттармен жұмыс істейтін 24 жаңа зертхана құрылатын болады. Елбасы еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кешенін жаңғырту – өте маңызды мәселелердің бірі екендігін атап көрсетті. Бірақ, бұл ретте ескеретін мәселе ретінде мемлекет есебінен бөлінген қаржылар жаңа құрылыстарды бастауға емес, осы уақытқа дейін қолға алынып қойғандарын аяқтауға жұмсалатындығын ескертті. Сондай-ақ, аталған іске мемлекет тарапынан және Ұлттық қордан бөлінген қаржыға өте мұқият қарау қажеттігін еске салып, бұл істе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілдерді қолданғаны жөн болатындығын алға тартты. Мұнан кейін телекөпір арқылы өңірлермен байланыс жасалынып, бірқатар әкімдердің есептері тыңдалды. Жаңадан жүзеге асқан индустрияландыру жобалары іске қосылды. Өңірлерді өрге сүйрер жобалар Телекөпір аясында жаңа индустриялық және инфрақұрылымдық нысандар арасында бірінші болып, Индустрияландыру күні аясындағы телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Теміртаудағы №3-ші домна пешінің инновациялық жабдықталған жобасы мен Өскеменде кеуекті титан блоктарын қосақтап сығымдайтын теңдессіз жобаны іске қосуға рұқсат берді. Атап айтқанда, әлемде шикізатқа сұраныс төмендеуіне қарамастан «АрселорМиттал Теміртау» мен «Өскемен титан-магний комбинаты» жаңғыртылуда. Теміртауда № 3-ші домна пеші инновациялық құралдармен жабдықталды. Енді жылына 2,3 миллион тонна шойын алып, болат өндірісін үздіксіз қамтамасыз етеді. Ал Өскеменде кеуекті титан блоктарын қосақтап сығымдайтын теңдессіз жоба іске қосылды. Сала шикізат базасынан құйма өндірісінің жоғары 4-ші деңгейіне көтерілді. Біріктірілген технологиялық цикл толық автоматтандырылды. Қазақстан титаны әлемдік нарыққа берік орнықты. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ №3 домна пешін қайта құру және жаңғырту құны 32,2 млрд. теңге. Жұмыс орны 278 адамды құрайды. Сонымен қатар, жоба қуаттылығы жылына 2,3 млн. тонна шойын өндіруге жетеді. Аталған пешті іске қосуға рұқсат сұраған «АрселорМиттал Теміртау» ардагері Тоқтархан Ысқақов үлкен қуанышты айта отырып, кәсіпорынның тарихына да тоқталып өтті. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! 3 шілдеде Сіз өзіңіз бел ортасында болған тарихи оқиға алғашқы қазақстандық шойын қорытылғанына 55 жыл толады! Сізді осы ерекше оқиғамен құттықтауға рұқсат етіңіз. Сіздің Теміртауда еңбек еткеніңізді мақтан тұтамыз! Металлургтердің әрдайым Сізбен бірге екендігіне және еліміздің игілігі жолында еңбек ететініне сендіреміз!», деді ол. Мемлекет басшысы осынау пештің осындай қиын кезеңге қарамай ашылғалы отырғанына тоқталды. «Ертең менің қатысуыммен қазақстандық магниткадан бірінші шойын алынғанына тура 55 жыл болады. Осы айтулы күнмен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын. Қазір оңай кезең емес екені мәлім. Соған қарамай, пештің жаңғыртылуы комбинат үшін үлкен жетістік. Таяуда біз Лакшми Митталмен кездесіп, осы мәселелердің бәрін талқылаған болатынбыз», деген Мемлекет басшысы бір кездері өзімен бірге комбинатта жұмыс істеген дос-жарандарына жылы лебізін білдіріп, оларды жеке-жеке атап өтті. Ал «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-тың титан құймасы мен қорытпасы зауытының құны – 1 млрд. теңге. Жоба қуаттылығы жылына 30 мың тонна титанды құрамақ. «Индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің комбинат Қазақстанда алғаш болып титан блоктарын қабат-қабат бөлудің технологиясын енгізді. Біз осы бірегей жобаға 1 млрд. теңге инвестицияладық. Қазіргі кезде өндірісті басқару үдерісін толықтай автоматтандырдық, сонымен қатар, титанның өзіндік құнын төмендетіп, оның сапасын көтердік», деді «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті Әсем Мамутова. Сөйтіп, ол зауытты жұмысқа қосуға рұқсат сұрады. Өндіріс пен оның жұмысшыларына ақ жол тілеген Елбасы титан өндірудің маңызы жөнінде айтып өтті. «Титан комбинаты Қазақстандағы тамаша өндіріс ошағы. Мұндай кәсіпорынның екіншісі басқа жерде жоқ екені белгілі» деді. Келесі кезек, машина жасау саласының басты жаңалығы – шетел инвестициясы арқылы Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарында шығарылған жаңа ауыл шаруашылығы техникасының өндіріс орындарына келді. «KAZ KIOTI» компаниясы Оңтүстік Кореяның «Даедонг» компаниясымен бірігіп шығарған трактор егістік жерлер мен мақта теріміне, бау-бақша өсіруге өте пайдалы. Өзі шағын болғанмен, өнімді. Бағасы да қымбат емес. Трактор отандық нарықтан басқа 2017 жылдан бастап көрші елдерге сатылатын болып жоспарланыпты. Ал, «КАЗТЕХМАШ» машина жасау зауыты» астықты өңірлер үшін еуропалық үлгідегі комбайн және басқа да ауылшаруашылық техникасын шығарады. Комбайн Ресейдің шекаралас аудандарына, Ауғанстан, Моңғолия, Қытайға экспортталады. Енді Польшаның PRONAR компаниясымен бірлесіп шөп шауып, жинайтын машина мен тырмауыш құрастыру қолға алынады. – Бұл корейлермен бірлескен «KazKioti» компаниясының алғашқы өнімі. Жобаға 7 млрд. теңге инвестиция жұмсалды. Жылына 5000 дана ауыл шаруашылығы техникасын шығара аламыз. Биыл 600 трактор шығарамыз және 400 жұмыс орнын ашамыз. Біздің жоба «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында құрылып жатқан жаңа индустриялық аймақта сәтті жүзеге асырылды, – деді «KAZ KIOTI» ЖШС басқарушы директоры Бахтиер Маматов. Оның сөзін жалғастырған «КАЗТЕХМАШ машина жасау зауыты» ЖШС бас директоры Сәбит Шәкенов Финляндия және Польша елінен келген серіктестерімен бірлесіп жаңа астық жинайтын техника зауытын іске қосуға дайын екендіктерін білдірді. «Қазақстанға жылына 1,5 мың дана жоғары класты комбайн қажет. Жобаны іске қосу бұл қажеттіліктің төрттен бірін толтырады. Алдағы уақытта Ресейдің шекаралас өңірлеріне экспорттаймыз. 2018 жылы комбайндағы отандық бөлшектер 60 пайызға жетеді», деді ол. Олардың әр сөзіне зер салған Елбасы: «Бұл өте үлкен қуаныш. Мекеменің жұмысы табысты болсын», деп өз рұқсатын берді. Шара барысында Қостанай облысындағы жаңа сүт зауыты да іске қосылды. Ол жөнінде қысқаша тоқталып өтсек, «Лидер-2010» серіктестігі Рудный қаласында сүт пен ашытылған сүт өнімдерін шығаратын жаңа цехты іске қосты. Мұнда өнім құрамы жоғары сапалы шикізатпен байытылып, дәстүрлі әдіспен пастерленеді. Сақтау мерзімі 5 күннен 21 күнге дейін ұзартылып, қолайлы ыдыстарға құйылады. Еуропалық талапқа сай желі Индустрияландыру картасы бойынша шетелден әкелініп, отандық мамандар арнайы даярлықтан өтіпті. «Біз үш жыл бұрын бастау алған сүт-тауарлы өндірісімізді дамытуды жалғастырудамыз. Осы орайда күн сайын 20 тоннаға дейін сүт өндірудеміз. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, сүтті қайта өңдеу және өнімдерді өндірудің кластерін құрудамыз. Әлемдік стандарт бойынша жаңа сүт зауытын салдық. Оның қуаттылығы жылына 7 мың тоннаны құрайды. Біз өнімді Қазақстанның барша өңіріне және Ресейдің 30 қаласына жеткізудеміз», деді «Лидер-2010» ЖШС бас директоры Владимир Ширяев. Бұл кәсіпорынның жаңару жұмыстарына көңілі толған Мемлекет басшысы, «Мүмкін, дамыған үлкен елдерде күніне 20 тонна сүт өндіру соншалықты жаңалық болмас. Ал біздің ел үшін бұл өте үлкен жетістік», деп зауытты іске қосуға рұқсат етті. Елімізде жасыл энергетикаға өту үдерісі басталғалы да біршама уақыт өтті. Телекөпірдегі айтулы жаңалықтың бірі, Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі күн энергиясының стансасын іске қосу болды. Нәтижесінде, Оңтүстік аймақтағы электр қуатына тапшылық жаңа жобалар арқылы ойдағыдай шешілмек. «Бурный» күн электр стансасын салуға Германияның «Ecap Solushion» компаниясы тартылды. 150 гектардағы жаңа стансаның қуаттылығы 50 МегаВатт. Ол 15 мың үйді жарықпен қамтамасыз етеді. Ал, «Burnoe Solar-1» ЖШС-ның күн электр стансасының құны – 23,6 млрд. теңге, жоба қуаттылығы – 50 МВт. көрінеді. «Біздің электр станса 150 гектар жерге орналасқан. Ол – Орталық Азиядағы ең ірі станса. Күн энергиясының есебінен жылына 73 млн. кВт. қуат өндіруге қауқарлы. Біз бүгін іске қосылуға дайынбыз», деді «Samruk Kazyna United Green» ЖШС бас директоры Нұрлан Қапенов. Алматы облысында бірінші жартыжылдықта аяқталған жаңа өндірістердің айтулысы – «Aluminium of Kazakhstan» компаниясы екен. Алюминий профильдерін шығарушы зауытының өз құю кешені мен анодтау технологиясы бар. Кәсіпорынға сығымдаудың технологиялық желісі қойылғандықтан өнімі еуростандартқа сай. Алюминий бұйымдары 12 қабаттан жоғары ғимараттар салуға және қасбет, есік, терезе жасауға арналған. Ол Экспо-2017 нысандары құрылысына өте керек. Алюминий профильдерін шығару зауытының құны – 2,8 млрд. теңге, жоба қуаттылығы – жылына 12000 тонна алюминий өнімдері. «Алюминий профильдері зауытының құрылысы екі жыл бұрын басталып, қазір табысты аяқталған. Зауыт айына 1000 тоннаға дейін өнім өндіреді. Теңдессіз қондырғылар арқылы алюминийдің үш жүзден астам кесінділері шығады. Біз ЭКСПО-2017 нысандарын сапалы өніммен толық қамтамасыз ете аламыз! Құрметті Елбасы! Осындай қуатты зауыт құру мен іске қосу мемлекетіміздің қолдауы аясында жүзеге асып отырғандықтан, Сізге үлкен алғыс айтамыз!» деді «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС бас директоры Нұрсұлтан Жұмабек. Өз кезегінде Мемлекет басшысы «Күннен энергия алатын стансаның салынуы тек Жамбыл облысында ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін аса үлкен қуаныш. Ал алюминийге қатысты, мен бұл іс туралы көптен бері айтып келемін. Осы өнімдер құрылыстың барлық саласына керек екені мәлім. Сондықтан екі кәсіпорынның ашылуымен құттықтаймын. Мол табысқа кенеліңіздер», деді. Бұйыртса, бұдан былай полипропилен және полиэтилен өнімдері шетелден тасымалданбайды. Себебі, Атырау облысында Арнайы экономикалық аймақта алғашқы жоба биаксальды полипропилен қабықшасын шығаратын «Полимер Продакшн» ЖШС өндірісі іске қосылды. «Полимер Продакшн» ЖШС-да 371 жұмыс орны ашылуда. Жоба қуаттылығы 48 млн. дана полипропилен қапшығы, 4125 мың тонна полиэтилен қабықшасы, жылына 14738 тонна биаксальды полипропилен қабықшасын өндіреді. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біздің «Біріккен химия компаниясы» зауытында 30-дан астам өнім түрі шығарылмақ. Оның 60 пайызы экспортталады. Қазақстанда затты буып-түйетін саланы жаңа сапалы деңгейге шығару – жобаның басты міндетінің бірі. 2019 жылы зауыт индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде көршілес мұнай-химия кәсіпорындарынан алынған шикізатты пайдаланады. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге қолдау көрсеткеніңіз үшін алғысымды білдіруге және біздің зауыттың бірінші екі желісін іске қосуға рұқсат етіңіз!» деді бұл жөнінде «Полимер Продакшн» ЖШС бас директоры Ғабит Закария. Елбасы зауыттың маңызы жөнінде айтты. «Өте қажет өндіріс. Мұнайдан алынатын пластмасс полимерлер бізге керек еді. Атыруда үлкен кластер жасап жатырмыз. Осы өндіріс соның тұңғыш қарлығашы болып саналады. Ал енді табысты болыңдар. Өндірісті іске қосайық», деп түйіндеді сөзін. Нұрлы Жол нәтижелері Сондай-ақ, телекөпір барысында Мемлекет басшысына жаңа индустрияландыру аясындағы телекөпірде «Нұрлы Жол» бағдарламасы тұрғысындағы инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысы да таныстырылды. Индустрияландырумен қатар, елдегі инфрақұрылымдар да шара барысында назар аудартты. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Жолдауыңыз бойынша Астана мен өңірлерді байланыстыратын ұзақтығы 7 мың шақырым 11 автожол жобасын іске асыру көзделген. Автожол жобаларын іске асыру барысында 200 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. 2020 жылға дейін қозғалыс қарқындылығы 2,5 есе өседі. Автомобиль көлігі мен транзит 2 есеге артады. Басым жобалардың бірі – Астана мен Алматы арасын Қарағанды, Балқаш және Қапшағай қалалары арқылы байланыстыратын, I санаттағы, жалпы ұзындығы 1 282 шақырымдық «Орталық-Оңтүстік» дәлізі болып табылады. Астана мен Алматы арасында жол жүру уақыты 6 сағатқа азаяды. Қазір біз «Алматы-Қапшағай» учаскесінде тұрмыз. Биыл осы учаске бойымен бір бағыттағы жол қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз», деді Инвестициялар және даму 1-ші вице-министрі Жеңіс Қасымбек. Келесі сөз кезегін алған Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пшембаев: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің тапсырмаңыз бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы іске асырылуда. Биылғы жыл қорытындысы бойынша Ресей Федерациясы шекарасынан Алматы қаласына дейін автомобиль жолын толық ашу жоспарлануда. Жұмыстар жалпы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2016 жылы дәлізді қайта жаңартуды толығымен аяқтау жоспарлануда. Аталған жобаның аясында Қазақстан тарихында алғашқы автожол туннелі салынуда. Оның ұзындығы 940 метр, ол Шымкент пен Тараз қалалары арасындағы Шақпақ ата асуы арқылы қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етеді», деді. Өз кезегінде Павлодар облысынан сөйлеген «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Әліпов бағдарламаның ірі жобаларының бірі – «Павлодар – Семей» автожолы туралы айтты. «Қазіргі таңда жұмыс 500 шақырым болатын 16 учаскеде жүргізілуде, оның ішінде 100 шақырымы биылғы жылы пайдалануға беріледі. Қазір біз аталған дәліздің құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың бірінде Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өткелінде тұрмыз. Құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Келесі жылы Астананың жолын «Павлодар –Семей» автожолымен осы көпір арқылы байланыстырамыз. Бұл өткел Павлодар қаласында орналасқан Ертіс өзені арқылы өтетін жалғыз ескі көпірдің жұмысын жеңілдетеді», деді ол. Бұлардан бөлек, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов «Орталық – Батыс» көлік дәлізінің құрылысымен таныстырды. «Бұл жоба Астананы Қазақстанның батыс облыстарымен сапалы автокөлік жолы арқылы байланыстырады. Сондай-ақ, макроаймақтың тұтас дамуына ықпал етіп, Ресей нарығына отандық тауарларды экспорттау мүмкіндігін арттырады. Аталған жоба Ресейдің оңтүстіктегі Астрахань, Волгоград және Саратов қалаларына шығуға мүмкіндік береді. Бүгін «Қазавтожол» ұлттық компаниясы «Орал – Тасқала – Саратов» учаскесін жаңғыртуға дайын. Құрметті Президент, жұмысты бастауға рұқсат сұраймыз!» деді төраға. Жол құрылыстарының жұмысын бастауға рұқсат берген Елбасы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға айрықша көңіл бөлді. «Салынып жатқан авто және теміржолдар Қазақстанның барлық аймақтарына барады. Бұл жолдар келешек ұрпақ үшін салынып жатыр. Астанадан барлық аймақтарға тартылатын жолдар шұғыла секілді жер-жерлерге тарайды. Осылай кең-байтақ ұлы даламызда жолдар ашылып, ел игілігіне қызмет етеді. Ол жолдардың бойында көптеген адамдар жұмыс істейтін болады. Сондықтан салынып жатқан жолдардың сапасына үнемі көңіл бөлулерің керек. Айтпағым, биыл салынып, келесі жылы қайтадан жөнделетін болмасын. Ондай жағдайда мәселені басқаша қараймыз. Себебі, оған шетелден қыруар қаржы тартып жатырмыз. Оған қоса өзіміз жинаған қордан да мол қаржы бөліп отырмыз. Жаңа техникалар әкелудеміз. Білікті мамандарды қызметке тарттық. Осының бәріне, сайып келгенде, жол жұмысына мұқият болуларыңды талап етемін. Ал енді іске кірісе беріңдер», деді Президент. Өткен жылы 1 қазанда Мемлекет басшысы Боржақты – Ерсай теміржол құрылысын бастауға рұқсат етті. Желінің жалпы ұзындығы 13,9 шақырым. Каспийдегі көлік қозғалысын қолдауға арналған инфрақұрылымдық нысан болып табылады. Ол қазіргі жұмыс жасап тұрған Маңғышлақ – Өзен магистралін Құрық портына қарай қосады. Құрық портында қуатты паром кешені жұмысы қарқын алды. Болашақта Құрық порты Каспий теңізі секторында мемлекеттік бағдарламаның стратегиялық тапсырмаларын орындайды. Құрық порты аумағында кеме құрылысы, кеме жөндейтін, металл құрастыру зауыттары, мұнай құю терминалы, технопарк, теңіз операцияларын қолдау базасы, құтқару орталығы бой көтереді. Бүгін Ерсай стансасынан алғашқы жүк пойызы жіберілді. Құрық портына цемент, құм, темірбетон бұйымдары, астық тасыла бастайды. «Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Былтыр қазан айында Өзіңіз осы Боржақты – Ерсай темір жол құрылысын бастауға рұқсат еттіңіз. Бұл желі «Нұ