«Нұрлы Жол» бағдарламасы бүгінгі әлемдік дағдарыс кезеңінде қарқынды дамып келе жатқан ел экономикасының тежелмеуіне, қайта дамудың сол деңгейде сақталуына, оның үстіне жаңа жұмыс орындарының ашылуына барлық мүмкіндіктерді тудырып отыр. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – еліміздің уақытша болса да күрмеуі қиын уақыттардан қысылмай, жаңа биік белестерге құлаш сермеудің бекем бағдарламасы. Елбасымыз нақты көрсетіп бергендей, жаңа сын-қатерлерден шығу жолдары.
Жол – ел экономикасының жанды күретамырындай. Теміржол, тасжол, не әуе жолы болсын елдің әлеуетін арттырады. Дамыған елдер экономиканы күшейтуге бет алғанда жол мәселесін алға шығарып, соны шешуден бастайды. Шалғай өңір, шет аймақтардың экономикалық байланыстарын, сауда-саттығын күшейту арқылы, біртұтас дамуға жол ашады. Ел газеті «Егемен Қазақстанның» 26 ақпандағы «Көзқарас» айдарымен берілген «Тасжол тағдыры» атты мақала біздің де көңілімізді аударды, ойға жетеледі. Өйткені, миллиондап қомақты қаржы жұмсалатын жобалардың ел экономикасы үшін өте тиімді жұмыс істеуі басты шарт. «Торғайдан – Ырғызға баратын жол әрі қарай Шалқар, одан әрі Бейнеу арқылы Ақтауға тура асып келеді. Неге екені белгісіз, әзірге осы бағыт ешкімнің есіне түсер емес. Теміржолмен қатар салынған автожолдың стратегиялық маңызын да ұмытпауымыз керек емес пе?» дейді автор. Және де осы бағыттың тиімділігін дәлелдеп көрсеткен айғақтары кім-кім де құлақ қоярдай. Жол мәселесі – елдің мәселесі. Жол мәселесі – халықтың әлеуметтік өмірінің де жаңғыруының мәселесі. Иә, ең өзекті мәселелердің бірегейі. Тиісті саланың білікті мамандары, ғалымдар, жалпы жұртшылық тарапынан білдірілген дәлелді ұсыныстарды, ұстанымды, пікірлерді ескере отырса, дұрыс шешімдер шығарылатыны айдан анық. Мақалада автор жазып, тиімділігін жан-жақты нақты дәлелдеп отырған. «Торғай – Ырғыз» автокөлік жолы, шынымен де, осы аймақ тұрғындары үшін бірден-бір дұрыс табылған нұсқа деп білеміз. Елордамыз Астанадан Қазақстанның төрт тарапына тарайтын ұлы автожолдардың бір басты бағыты – Каспий жағалауындағы Ақтау. Ал осы «Торғай – Ырғыз» жолы осы үлкен автожолдың маңызды бөлігі ретінде қай жағынан да ұтымды шығары сөзсіз. Жүздеген шақырымға жолдың қысқаруы, екінші жағынан қаржының үнемдеуге де әсері тиеді. Ырғыз – еліміздің арғы-бергі тарихында өзіндік орны бар елді мекен. Соңғы ғасырда негізгі теміржолдардан алшақ орналасуына байланысты бұл өңірдің дамуы кенжелеп, тұрғындар санының да өспей, демографиялық жағынан тежеліп тұрғаны ақиқат. Ал шын мәнінде Ырғыз Қазақстанның орталығы, оңтүстігі, батысының кіндігіндей болып тұрған жер. Сондықтан осы тасжолдар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолымен қиылысқан жағдайда ауданның стратегиялық маңызы да өзінен-өзі көтеріліп шыға келеді.
Тағы бір дәйегі аз пікірлерде айтылып жүргендей, Торғайдан шыққан жол Қарабұтақ арқылы кеткен жағдайда жолдың бір бүйірде, тек Ақтөбе облысы үшін ғана маңызы жоғары болатыны белгілі болып отыр. Ал «Торғай – Ырғыз» бағыты қалай болғанда да Маңғыстау, Атырау облыстарына жүк жеткізу мүмкіндіктерін, Ақтау арқылы оңтүстік бағыттағы елдерге шығуға тура болатыны сөзсіз. Екінші жағынан, бұл жол көрші Қызылорда облысы үшін де өте тиімді болып шығады. Ал Қызылорда облысы кеше ғана Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, ел тәуелсіздік алғаннан бері жедел дамып келе жатқан перспективалы аймақ. Және болашағы зор облысқа айналуда. Экономика өскен сайын жүк тасымалы, әрине, артып отырады.
Иә, Елбасының «Нұрлы Жол» саясаты бүкіл халқымыз үшін дер кезінде қолға алынған бастама. Енді, осы маңызы зор бастаманың халқымыз нәтижелерін көріп сезінуі тиіс. Содан да біздер «Торғай – Ырғыз» тасжолының салынуына үлкен үмітпен қараймыз.
Көлбай ДАНАБАЙ,
Арал аудандық
мәслихатының хатшысы,
Кішкене АЙБОСЫНОВ,
Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Қызылорда облысы