07 Наурыз, 2015

Арнайы өкілдің Черногорияға сапары

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы өкілі ретіндегі сапары аясында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Черногорияда осы ел Президенті Филипп Вуяновичпен, Парламенттің вице-президенті Cульо Мустафичпен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Черногория Президентімен кездесу барысында Сергей Дья­чен­ко Қазақстан Республикасы Прези­дентінің атынан Филипп Вуяно­вичке және Черногория халқына ізгі тілегін жеткізді. Ар­найы өкіл атал­ған мемлекет Қазақ­станның осы аймақтағы жақын әрі маңызды әріп­тесі екенін алға тар­та келіп, екі ел ара­сындағы әріп­тес­тіктің өзара тү­сі­ністік пен сенім деңгейінде қа­нат жайып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік-эконо­микалық, саяси салаларда жүр­гізілген реформалардың нәти­жесінде қол жеткізілген табыс­тар жайында хабардар етіп, Қазақ­станның іскерлік және климаттық деңгей бойынша 200 мемлекет ішінде 50-орын иеленгенін, біздің елі­міздің Еуропадан, Америкадан, Азиядан Орталық Азияға тартылған барлық инвестицияның 80 пайыздан астамын жинақтап, ол 200 млрд. АҚШ долларын құрағанын атап өтті. Жаһандық мәселелерді сөз еткенде С. Дьяченко Қазақстанның ЕҚЫҰ ШЫҰ, ҰҚШҰ, БҰҰ сынды ха­лықаралық ұйымдар аясында діни және трансконтинентальдық қауіп­сіздікті нығайтудағы рөлі мен үлесіне тоқталды. Соның ішін­де, Ауғанстандағы жағдайды тұ­рақ­тандыруға қатысты көрсетілген көмек, Батыс Афри­када БҰҰ бітім­герлік миссиясына қатысу, ядролық қарудан бас тарту мен Семей полигонын жабу мәселелеріне баса назар аударылды. Әңгіме барысында Қазақстан Президентінің арнайы өкілі 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдау туралы өтінішін жеткізе келіп, Ф.Вуя­новичке Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың жеке жолдауын салтанатты түрде табыс етті. Өз кезегінде Черногория Пре­зиденті алғысын білдіре келіп, Қа­зақстан басшысы мен халқына өзінің игі тілегін жолдады. Сондай-ақ, Қазақстан кандидатурасын қол­дайтынын айта отырып, Елбасы бастамасымен қолға алынып жат­­қан маңызды бастамаларға, со­ның ішінде «Нұрлы Жол» Жа­ңа Экономикалық Саясатына, «ЭКСПО-2017» халықаралық көр­ме­­сін өткізуге қатысты қадам­дарға жоғары баға берді. Сондай-ақ, ел басшысы екі­жақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ынталы екенін, осы ретте энергетика, тау-кен өнді­рісінде, туризм-сауда салаларын­да белсенділікті арттыру керектігін айтты. Сонымен қатар, B2B піші­мінде іскерлік байланыстарды кеңейту, құқықтық базаны нығайту, парламентаралық өзара іс-қимыл желісі бойынша ынтымақтастық тобын құру мәселелері сөз болды. Черногория Парламенті екіжақты және көпжақты ынты­мақ­тастықты дамытуға ықпал етуге дайын екендіктерін жеткізе келіп, парламентаралық байланыс­ты нығайту мақсатында келесі кез­десуді Астанада өткізу туралы, ал, Черногория Президенті осы ел Пре­мьер-министрінің Астанаға сапар жасау мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс жасады.