Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Қостанай қаласындағы Ілияс Омаров атындағы облыстық драма театрында жұртшылықпен кездесті.
Кездесу барысында Әбілғазы Қалиақпарұлы қала жұртшылығын өзінің сайлауалды бағдарламасының экологиялық мәселелерді анықтауға негізделген негізгі бағыттарымен таныстырды. Ә.Құсайынов жиналғандарды қызметтің «жасыл» векторының ғылыми негізділігі туралы және қоғамды барлық жерлерде экологияландыру міндеті қаншалықты өзекті әрі толғандырарлық екендігі жайынан хабардар етті. Бұл – одан арғы даму жолдарын қалтқысыз зерделеу жолымен ғана қол жеткізуге болатын ғаламдық мақсат, деді ол.
Кандидаттың сөзінше, әлемдік экологиялық проблемаларға көңіл қоюдың тапшылығы, халықаралық үнқатысуда осы тақырып үлесінің азаюы жаңа, өршімелі табиғи өзгерістерге әкеліп соқтыруы мүмкін. «Экология – адамның іс-әрекетінің маңызды факторы. Бізді қоршап тұрғанның барлығы – табиғат, біздің әлеміміз. Техникалық ілгерілеу дәуірінде «жасыл» сала одан әрі әлсіз күйге түсуде. Оның ішінде құнарлы жердің тым жеткіліксіздігіне байланысты мынадай фактілерді келтіруге болады: бір адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қажетті жер аумағы бүгінгі таңда әлемде 21,9 гектарды құрайды. Сонымен қатар, Жердің биологиялық мүмкіндіктері орта есеппен бар болғаны 15,7 гектар. Яғни, 7 миллиард адамның әрқайсысына кемінде 6,2 гектар таза, ластанбаған, құнарлы жердің жетіспейтіні айқын. Бұл – нақты проблема», – деді Ә.Құсайынов.
Кездесу барысында кандидат, сондай-ақ, бүкіл әлемде бірегей табиғи таралу аймақтарының күрт азайып кету фактілерін келтірді. Мысалы, Жердің бірқатар адам жиі орналасқан өңірлерінде жаһандық экожүйенің бағалы бөлігі болып табылатын батпақты жерлердің 90 пайызға дейіні жойылып кеткен. «Экология – бұл біздің ортақ үйімізге, ғаламшарымызға қамқорлық туралы ғылым. Бізде ол жалғыз, біз оны аялауға міндеттіміз. Бұл мектеп табалдырығынан-ақ адамдарға айтылып келеді, алайда, іс жүзінде мәселе сол күйінде қалуда. Жаһандық жылынуды мысалға алайықшы. ХХ ғасырдың басынан бері ауаның температурасы Цельсий бойынша 0,74 градусқа артты. Оның үстіне, осы артудың шамамен үштен екі бөлігі соңғы 30 жылға келеді. Ғасырлар бойынша бірдей температура сақталып келген табиғат үшін бұл түбегейлі өзгеріс», – деді Әбілғазы Қалиақпарұлы.
Кандидат ХІХ ғасырдың соңынан бері әрбір онжылдық алдыңғысынан жылырақ екенін айтты. Бұл – жалпыға белгілі, ғылыми қауым мойындаған, алайда, халықаралық аренада толыққанды жауап табылмаған ақпарат. Көптеген елдерде жасыл технологиялар өндіріске жеткілікті түрде жаппай енгізілмей отыр, кейбір жерлерде, тіпті, ескерілмеуде. Жағдайдың бұлайша қалыптасуы экология – табиғи ресурстардың бүкіл кешенін біріктіретін термин өте жеткіліксіз болып отырған бүгінгі күнде болашақ туралы ойлануға мәжбүрлейді.
Қостанай қаласының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйлей отырып, кандидаттың сайлауалды штабының басшысы Рүстем Жоламан да экология тақырыбының өзекті екендігін атап көрсетті. «Біздің кезімізде экология – бұл сарқылуға айналған көз. Шын мәнінде, ол әрқашан сарқылмалы көз болып келген-ді, алайда, қазіргі сәтте мәңгі деп ойлап келген ресурстар мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан, біз халықты экология ғылымының негізгі бағыттары туралы хабардар етіп, осы проблемалы мәселені мұқият зерттеуді ұсынамыз. Жасыл вектор әрдайым таза ауа, құнарлы жер, ауыз су көздері және, тіпті, Жер атмосферасы сияқты ең қажетті табиғи ресурстар тапшылығының маңызды екенін нұсқайды», – деді өзінің сөзінде Р.Жоламан.
Әбілғазы Құсайынов іс-шараны аяқтай келе, экология тақырыбының маңыздылығын тағы баса айтып, қала жұртшылығын жаһандық экологиялық мәселелерге мұқият көңіл аударуға шақырды. «Біз әрқашан табиғат – адамзаттың басты байлығы деп айтамыз. Оны аялау керек, бұл, бірінші кезекте, адамның өз қолында», – деді Ә.Құсайынов.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.