03 Шілде, 2015

Жүректен шықты – жүрекке жетті

598 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
DEN_4733+ Елбасының телесұхбаты туралы толғаныс Алдыңғы күні, 1 шілдеде «Хабар» және КТК телеарналарында «Назарбаев ең бас­ты жайлар туралы» атты жаңа деректі фильмнің толық нұсқасы көрсетілді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан белгілі журналист Ерлан Бекхожиннің сұхбат алуы тұрғысында түсірілген лентада еліміздің тәуелсіздікке жетіп, егемендігін жариялағаннан бергі аралықтағы ширек ғасырға жуық кезеңін түгел қамтып өтетін алуан түрлі тақырыптар кеңінен сөз болады. Осыған орай аталмыш фильмді дайындаушылар орасан зор архивтік материалдарды өте жақсы пайдалана білгендері анық байқалады. Соның негізінде көрермен көпшілік Президенттің белгілі бір мәселелер мен жайлар жөнінде бұдан бірнеше жыл бұрын, тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң кездерінде, одан бергі өтпелі кезеңдерде айтқан, толғаған, болжаған ой-толғамдары мен пікір-көзқарастарын қайта бір тыңдап, көру мүмкіндігіне ие болады. Бір ғажабы, Елбасының бұдан 20, 15, 10 жыл алдын айтып өткен тұжырымдары мен топшылаулары сол қалпында дерлік бүгінгі күннің барша шынайы шындығымен астасып жатыр. «Назарбаев ең басты жайлар туралы» фильмі – Елбасының бұған дейін ешбір жерде ашып көрсетілмеген жан сырларына құралған толымды туынды. Жаңа пішімдегі деректі картинада Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның қаз-қаз басып, табанынан тік тұра бастаған шағынан Еуразиялық интеграцияға қалай бойлап ене түскеніне дейінгі өткелектерін қамырдан қыл суырғандай етіп өте бір мазмұнды да иланымды тілмен әдемі баяндап береді. Сондығынан болар, ашық сипатта ақтарыла айтылған әрлі әңгіме сол бойда өзінің тыңдаушысының құлағына құйылып, жүректерінің төрінен берік орын ала бас­тады. Мұны бұрнағы күнгі түннен бері еліміздің алуан түрлі бұқаралық ақпарат құралдарының интернет-нұсқаларында осы сұхбат-фильм жөнінде жарияланған материалдар соңдарына ілесіп орын алып жатқан өте көп мөлшердегі комменттер де анық аңғартып отыр. Дамудың даңғыл бір жолы Еуразиялық экономикалық одақ – экономиканы дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді жоба. Сұхбатты бастаған журналист Ерлан Бекхожиннің әдепкі сауалына Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп жауап қайтарды. Ал сұрақ Елбасының идеясы негізінде пайда болған Еуразиялық экономикалық одақ­тың оған қатысушы мемлекеттер ара­сында теңгерімсіздік тудыру ық­ти­мал­ды­лығы турасынан өр­біген еді. Оның түп қазығы «Өйткені, олардың барлығында бірдей индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жоқ» деген уәжге тірелді. «Мен бүгінгілердің не айтып жүргендерінен хабардармын. Расымен, әртүрліміз: Ресей – ең үлкен мемлекет, экономикасы да дамыған. Қазақстан – бұл Ресей емес, әрине, дегенмен, біз индустрияландыруды жүргізіп жатырмыз, инновацияға басымдық берудеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев тақырыпты тереңірек қаузай келіп. – Беларусь та өзіндік орны бар мемлекет, онда ауыл шаруашылығы жағы басымырақ дамыған. Бірақ, қарасаңдаршы, Еуропалық одақтың өзі де тап осындай әртүрлі емес пе? Ондағы ең қуатты дамыған ел – Германия болса, одан кейінгі орынға Франция шығады, ал Шығыс Еуропаның қалған мемлекеттері олардың деңгейлеріне жете алмайды. Осы ретте қазіргі таңдағы Италия мен Грекияны да бір-бірлерімен салыстыру қиын. Сөйте тұра, бұлар да осы бірлестікті құруға қатысты ғой. Олай болса, біз де бір жақты кетпей, ЕАЭО-ның түпкі мәніне үңілуге тиіспіз. Еуразиялық экономикалық одақ – экономиканы дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді жоба». Мемлекет басшысы осы сөз­дің сыңайында тағы бір мәр­те бірлестіктің негізінен эконо­микалық мүддеге құрылғанына назар аударды. «Бұл одақта Қазақ­станды қызықтыратын не бар? Біз теңізге шығар жолы жоқ елміз. Дегенмен, мен әрдайым «біздің теңізіміз – Ресей, біздің теңізіміз – Қытай» дегенді айтып жүрмін ғой. Мұнда шындық жатыр. Біздің осы елдер арқылы ашқан «теңізіміз» сол – қазақстандық тауарлар үшін үлкен нарыққа жол ашып отырмыз», – деді Елбасы. Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуроодақтың ынтымақ­тастығын Алланың өзі қалады. Президент келесі кезекте одақ ая­сын­дағы Қазақстанның басым­ды­ғына тоқталды. «Қазір Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәрі жақсы деуге болмайды, жалпы сауда түсіп кетті. Алайда, бұлай болуы да заңдылық. Соған қарап, бәленің бәрін одақтың басынан іздеудің реті жоқ. Өйткені, бүгінгі жағдайдың өзі осындай. Біз мұндай қатерлер болатынын айтпап па едік? Бұған себеп: баға құлдырады», – деді Назарбаев. «Менің сәуегейлік жаса­ғым келмейді, бірақ біздің Еура­зия­лық экономикалық одақ пен Еуро­палық одақ міндетті түрде ынты­мақтасатынына бек сенімдімін. Бұл – Алланың қалауымен болатын іс. Бүгінгі кедергілердің, санкциялардың бәрі артта қалады. Еуразиялық экономикалық одақ­тың өзі Еуропа үшін қажеттілікке айналады. Ресейдің экономикасы да Еуропа үшін маңызды бола түспек. Соның нәтижесінде екі аралықта міндетті түрде үлкен ынтымақтастық қайта орнығады. Қазірдің өзінде Еуропада ЕАЭО-мен еркін сау­да туралы ниет біл­дірушілер баршылық», – деді Президент. Одақтың Қазақстанға берері мол Нұрсұлтан Назарбаев осы әңгі­мені жалғай отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Қазақстанның басымдығына да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, аталмыш бірлестіктің келешегі кемел, бағыты айқын. Сондықтан Елбасы экономикалық одақтың негізгі бағыттарына тоқтала келіп, оның құрылар бастауында бәсекелестіктің жоғары болатыны туралы ескерткенін ойға салды. «Егер біз бәсекелестікті үш мемлекет арасында көтере алмасақ, онда енді кіргелі отырған Дүниежүзілік сауда ұйымындағы қарым-қатынас қарқынына қалай шыдамақпыз? Басқасын айтпай-ақ, тек осыған бір сәт үңілейікші. Қараңыз, бұдан сәл бұрын Ресейде рубль сәл шайқалып кетіп еді, бәрі сол жаққа қарай ағылды. Бір жағынан мұның орын алғаны да жақсы болды, жұртты бір серпілтіп тастады. Әрине, бұл біздің азаматтарымыз үшін жақсы, оған неге қарсы болмақпыз? Тауарлар тәуір болса, сапасы сәйкес, бағасы төмен болса, бұдан артық не керек? Негізі, біз осыған ұмтылып отырмыз», – деді Н.Ә.Назарбаев. Мемлекет басшысы бәсе­келестіктің не екеніне назар аудара келе, бұған ең алдымен инновация мен ғылым керек екенін айтты. «Бізге бұны өмірдің өзі алға тартып отырған қажеттілік екенін түсіну керек, басқа жолымыз да жоқ. Әрине, енді оңтүстіктегі көршілерімізбен де осындай бірлестігіміз болса, тіпті, жақсы болар еді, алайда, Қырғызстанның нарығы біз үшін аздық етеді», – деді Елбасы. Бұдан әрі ол ЕАЭО аясында қазақстандық басымдықтың ауыл шаруашылығы саласында да болуы тиістігіне ой тоқтатты. «Біздің жеріміз бізге бәрін тауып бере алады. Бізде бәрі де бар. Ендеше, алдағы уақытта шаруаларымыз бүкіл Қазақстанды асырай алатындай деңгейге жетіп, өздері де жақсы өмір сүрулері керек. Ал бұл тарапта оларды кім қаржыландырып жатыр, менеджмент қалай қамтылды, трейдингтерін кім қамтып жатыр? Шыны керек, қарапайым адамға мұның қажеті шамалы. Олар қаржыны қайдан және кімнен аламын деп алаңдамауы керек. Бұл ретте мемлекет өзінің заңдары негізінде шаруа адамдарының мұқ­таждықтарын шешетін нау­қандарға араласып, мәселелерді оңымен шешіп отыруы тиіс. Осы арқылы ол бәрін өз уысында ұстайды. Сондықтан да, ешкімге алаңдауға негіз жоқ. Қазақстанда шетелдіктер болсын, басқа болсын, – олардың барлығы да ұдайы мемлекеттің бақылауында тұр. Мұндай компаниялар ешқашан өздерінің акцияларын мемлекетсіз сата алмайды, сол себепті ең бірін­ші ұсыныс та мемлекетке жасалуы тиіс. Құрылымды да ауыс­тыра алмайды. Себебі, біз оларды бақылай отырып, өздерінің жұмыс істеуіне де жағдай жасап жатырмыз», –  деді Н.Назарбаев. Бұрқыраған жол, бұрылысты кезең Мемлекет басшысы бұдан ары әңгіме барысында Қазақстан экономикасының 1996 жылы ғана тығырықтан шыға бастағанын еске түсірді. «Экономика тек 1996 жылы «ояна» бастады, адамдар да бір­тін­деп еңбек етіп, өз-өздеріне сене бастады, ал сол уақыттарда жұрт­тың барлығына бізді келешекте жарқын болашақ күтіп тұрғанын, тек сәл шыдамдылық таныту қа­жет­­тігін түсіндіруге мәжбүр бол­­дық. Міне, осы­лай­ша инвестиция тар­ту арқылы, ірі инвесторларды тар­ту арқылы, ең алдымен біз ауыр өнер­кәсіп­ті аяқ­қа тұрғыздық, ақша таба отырып, экономиканы өрлете бастадық. Міне, осылай көтерілдік және мен осының дұрыс жол екеніне сендім. Тартылған инвестцияның арқасында, елдегі тұрақтылықтың арқасында, халық­тың сенімі арқасында әлем елде­рі­мен терезесі тең мемлекетке айнал­дық», – деді Мемлекет басшысы. «Қиын кезеңде шетел инвесторларын тарту үшін жағдайымызды әсірелеп айтуға мәжбүр болдым», – деп тағы бір сырын ашты Елбасы. Бұл елі­міздің егемендікке енді қол жет­кізген балаң шағында болып еді. Сол 90-жылдардың басында нағыз апатты жағдайларды бастан кешуге тура келді. «Кеңес Одағы құлады, бар экономика мемлекеттік социалистік меншікте тұрды, барлық зауыттар, фабрикалар, балабақшалар, дүкендер, барлығы – мемлекетке тиесілі бол­ды. Олар тиімсіз жұмыс істе­ді, мемлекет төменде тұрған құры­­лымдарға нақты мақсаттар үшін қайта­рымсыз қаражат берді, – деп сол күндерден сыр шертті Нұрсұлтан Назарбаев. – Тіпті, пәтерлерге электр тогы да жетпейтін еді, жылу-электр стансалары жарық бере ал­мады, шай махаллаларда, көше­лерде қайнатылды. Міне, осындай аянышты жағдайды бастан өткердік». Мемлекет басшысы осы күн­дерде инвесторларды тарту үшін әр­түрлі айла-амалға баруға мәжбүр болғанын мойындады. «Өтірік сөйлемейін, сол кездерде маған деген сенім болды. Әрине, өсіріп айттық. Қазақстан үлкен, әлемдегі тоғызыншы территория, бізде байлық бар. Мен Америкаға ұшақты толтырып алып бардым. Үлкен бизнес-кездесу өтті. Сол уақытта Нұрлан Смағұлов машиналар сатып жүрген, мен оны: «Міне, біздің машина құрылысы магнатымыз» деп таныстырдым. Ал Болат Әбілов спорт киімдерін сатып жүретін, оны «сауда алыбы» ретінде көрсеттім. Бұлардың арасында Нұржан Субханбердин де болды, тағы да көп адам бар-тын. Кейін «Бұл болса, үлкен қаржыгер» деймін. Америкалықтар менің сөзімді шын қабылдап, бізде сондай адамдардың барына сенді. Рас, ол кезде ештеңе де жоқ еді, бірақ қазір соның бәрі орындалды ғой», – деді Назарбаев. Келесі сөздің сыңайында жур­на­лист Ерлан Бекхожин Елба­сының сол кездері Ресей мен Укра­ина арасында кейін қалыптасатын жағдайды көрегендікпен айтқанын алға тарта отырып, Нұрсұлтан Әбішұлының осы турасында 90-жылдардың басында сөйлеген сөзінің сюжетін ұсынды. Аталмыш әңгіме 1991 жылы жазылып алынған. Онда Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Украинаны екі ел арасында туындауы мүмкін жанжалдан сақтануға шақырған. Сұхбат барысында ол бауырлас халықтардың барынша абай болуы қажеттігін алға тартады. Бұл ретте Қазақстан Президенті аталған екі елдің халқы арасында ешқандай көзқарас қарама-қайшылығы жоқ екендігін баса айтып, тек жауапсыз саясаткерлер ғана жанжал отын тұтандыруы мүмкін екендігін ескертеді. «1991 жыл өте қиын кезең еді. Одақтан бөлінген елдер қайда бет аларын білмейтін, ал республикалар арасында текетірес бар-тын. Украина бірінші кезекте тіпті, басқалай одақ емес, конфедерация идеясын да қолдамады. Біз Ново-Огаревода бас қосып, мәселелерді талқылаған кезімізде Украина президенті әрдайым: «Менің ке­туім керек, ақылдасуым керек», дей беретін. Сондықтан, ешқандай түпкілікті шешімге келе алмадық. Ресей президенті Ельцин: «Егер Украина болмаса, онда біз не жайында сөз қозғаймыз», дегенді айтатын. Міне, осымен бәрі де аяқталып жататын. Сондықтан, мен мұның соңы жанжалға апарып соқпауы үшін айтқан едім. Өкінішке қарай, соңында солай болды да», – деді Н.Назарбаев. Жемқорлықтың жазасы – ешкімге де аяушылық болмайды Президент әңгіме ауаны жем­қорлық жайына қарай ойысқанда, Талғат Ермегияевтың ұсталуы өзі үшін ауыр жағдай болғанын ашып айтты. Ол «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының осындай себеппен қамауға алынғаны жайында былай деді: «Міне, ЭКСПО-2017 компаниясының президенті құрық­қа түсті. Мен үшін бұл өте ауыр жағдай. Біз үшін ЭКСПО-ны өткізу мақтаныш еді. Мен сондықтан оны өзіме шақырғанда: «Мен саған осы жұмысты тапсырамын, оны өзім ұдайы бақылауда ұстап отырамын. Байқа, Ұлттық қордың мемлекеттік қаражатын біз сонда жұмсаймыз. Мұны барлығы – есеп комитеті, қаржы полициясы, әрбір тиын үшін арнайы құрылған комиссия бақылайды», деген едім. Бірақ, ол бұ­дан қорытынды шығармапты». Мемлекет басшысы осы жерде Қытайда Си Цзиньпиннің билік басына келгенінен кейін бұл елде жемқорлықпен күрестің қатты күшей­тілгенін тілге тиек етті. Біз­дің елімізде де солай болады. Жемқорлықтың бар жазасы – оны істеген адамға ешқандай аяушылық болмайды. Мұны біздің қызметкерлеріміз түсінулері керек. «Түсінеді, түсінбесе бәріне міндеттейтін боламыз, – деді осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев. – Өкініштісі, өздерінің өсулеріне берілген мүмкіндікті жігіттер осылай пайдаланып кетіп жатады. Оларды сонша жыл дайындай­сың, күш жұмсайсың. Мемлекеттің қаржысын оларға сеніп бересің. Ал олар өздері отырған бұтақты кесіп, өмірлерін қиындатып алады». Мемлекет басшысы бұдан кейін өзінің үш немересінің жем­қор­лыққа бой алдырған әкелерін қатаң жазаға тартқанын жұртшылықтың естен шығармауы қажеттігін атап өтті. «Ли Куан Ю өзінің до­сын түр­меге отырғызғанын айтқан еді. Ал жұрт менің мұнда үш немеремнің әкесін түрмеге отырғызғанымды неге естен шығарады? Олар аналарымен бірге  маған көз жастарын төгіп келмеді деп ойлай ма екен? Келді. Мені қайғырмады деп ойлайсыздар ма? Әрине, қайғырдым. Бірақ, оның қылмысы анық екендігіне көз жеткізгеннен кейін мен де тоқтай алмадым. Туған-туыс та жиналды. Олардың барлығы да: «Мұның бәрі өзіңнің қолыңда тұр ғой, сен үшін не тұрады, жаба салсайшы», – дегенді айтты. Егер естеріңізде болса, екі жап-жас жігіт, банк басшысының орынбасарлары өлтірілді. Мұны қалай кешіруге болады? Одан қаншама кәсіпкерлер зардап шекті», – деді Н.Назарбаев. «Неліктен соңғы жылдары қыл­мыстық жауапқа тартылған Павлодар облысының әкімін, Аты­рау облысының әкімін, Қара­ғанды облысының әкімін естен шыға­рамыз? Ал олардың бар­лығы да менің танысым болды. Мен олар­ды ұзақ уақыттан бері біле­тінмін. Соның ішінде өзім бұрыннан жақсы танитын Қарағанды облысының әкімі Премьер-Министр лауазымына дейін көтерілді. Қазіргі таңда ол тергеуде жүр. Өйткені, бұған фактілер бар. Сондықтан, бұл іске араласуға болмайды», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы осы орай­да жемқорлықпен күрес жөнін­дегі алғашқы заңның қалай қабыл­данғанын, сол кезде халыққа арнайы үндеу жариялағанын еске салып өтті. «Мен өз туған-туыстарыма, дос­тарыма, балаларыма бұл ретте аяушылық болмайтындығын ескерттім. Мұны телеарна арқылы бүкіл елге айттым. Қазір де тағы қайталап айтамын. Министрлерді, министрлердің орынбасарларын түрмеге отырғыздық. Мен басқалар жайында айтып отырған жоқпын. Яғни, қазіргі уақытта ымырасыз күрес жүргізілуде және мұның барлығы бекер деп ойламаңыздар. Адам әр уақытта өз қателіктерін мойындамайды. Сондықтан, бұл біздің барлық шенеуніктерді айықтыруы тиіс және олар бұл ретте ешқандай қамқоршының болмайтындығын түсінуі қажет. Мемлекет қар­жы­сына қол сұғуға болмайды», – деді Президент. Билік бишігінің биік белестері Қазақстан өзінің дамуында әлі биліктің биік белестеріне жете­тін болады. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев әңгіме барысында Ерлан Бекхожиннің елдегі реформалар аясында Президенттің белгілі бір өкілеттіктерін Үкімет пен Парламентке беру мәселесінің кеңінен талқыланып жатқанына назар аударуынан шығарып сөз етті. «Мұнда қандай нақты шаралар қамтылмақ?» деп сұрады журналист. Мемлекет басшысы осы ойдың сорабында бұл рефор­малардың бір сәттік қана мәселе емес екенін де атап өтті. «Мен қазір не айтылып жатқанын да білемін. Бізде күшті президенттік билік үстем деген ойды ұстанушылар көп. Алайда, біздің осындай күшті президенттік көлбеу билігіміз біреуді қысымға ұшыратып, ха­лық­ты басып жатқан жоқ қой. Керісінше, біздің бағдарламалар жылжуы үшін, реформаларды ілгерілету үшін мемлекеттік аппа­рат­тың халыққа қызмет етуіне жұмыс істеп жатыр. Бұл үшін де жоғарыдан төмен, төменнен жоғары қатты тәртіп қажет», – деп бұл ойды одан әрі тарқатып өтті Елбасы. Келесі кезекте Нұрсұлтан Әбішұлы осы жылдар ішінде мұн­дай күш­ті билік­тің қажет болға­нына айрық­ша назар аударды. «Қазақстанда жағдайдың Украинадағы секілді болғанын қалайтын біреу бар ма екен? Әйт­песе, Грузиядағыдай, Молдо­вадағыдай болғанын қалайтындар бар ма? Айтыңызшы! Міне, мәсе­ленің өзі осында, ал ол елдердің бәрінде парламенттік билік үстем­дік етіп отыр. Мен бұған дейін де ұдайы айтып келгенмін, біздің әлі америкалық тәсілге көшетін кезіміз келеді, тек оның өз уақыты жетуі керек. Былайша айтқанда, бұл үшін біршама уақыт керек. Осыны тыңдағысы келмейтіндер қазір де тыңдамайды. Ал бізге керек болып отырған уақыт қандай? Бұл үшін орта буындағылар шығаратын өнім Қазақстанның өнімінің жартысынан жоғары болуы қажет. Орта буын  мемлекеттегі тұрақтылықты ең мықты қолдайтын топ.  Әзірге бұл бізде жоқ. Қазір еркіне жіберіп көрейікші, не болар екен?! Біз бұның жайын бұрнағы жылдары да көргенбіз, әркім өзіне қарай тартады, ақыр аяғында ештеңе шешілмейді», – деп түйіндеді бұл ойды Елбасы. Біздің тамырымыз – тереңде Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев біздің тарихи тамырымыздың тереңде екенін білуіміз керектігін айтты. Оның айтуынша, Қазақстан халқы тамырының тереңде екенін біліп, тарихты түгелдей толық жинақтау керек. «Біз сондаймыз, біз мұндаймыз деп көрсету үшін емес. Жоқ, жай ғана білу үшін, өз тарихымызды білу үшін, тамырымыздың тереңде екенін балаларымыз білуі үшін. Барлық халықтар секілді», – деді ол. Қазақ хандығының 550 жыл­дығын мерекелеу туралы ескерткен Президент бұл оқиғаны «жақсылап тойлауға» шақырды. «Біз мұны жақсылап тойлауымыз керек және біздің халқымыздың бір сәтте аяғы аспаннан салбырап түсе салмағанын, дамығанын, бұл жерде біздің бабаларымыздың болғанын, олардың бұл жерді қорғағанын, қан төгіп, қазір біз жасағанды армандағанын көрсетуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Елбасы қазақ халқы тарихының түгелдей мәні жаулап алу емес, елді қорғау екенін атап өтті. Бұл қазақ халқының өзі үшін, жерінің тұтастығы үшін, халықтың сақталуы үшін болған күрес. «Қазақтар үнемі қорғанған. Ешқашан ешкімге өздері шабуыл жасамаған. Сондықтан, осы тарихты қайта қалпына келтіру керек және балаларымызға да тамырымыздың тереңде екенін айтуымыз керек», – деп тағы бір атап өтті Президент. Мемлекет басшысы соңғы сайлауда өзінің тұңғыш рет бізде ұлттың қалыптасқанын сезгенін атап өтті. Соңғы сайлау біздің тұтас ұлт болып қалыптасқанымызды көрсетті. Мұны Елбасы: «Халық өзіне не ұсынылып отырғанын жақсы түсінеді, сондықтан да мен жариялаған бағдарламаны қолдап отыр. Соңғы сайлауға бірауыздан қатысуы да соның айғағы», – деп жеткізді. «Ешқандай заң бұзушылық бұл сайлауда болған жоқ, АҚШ-тан бастап бәрі мұны атап өтті. АҚШ алғаш рет сайлау үшін халықтың кезекке тұрғанын мойындаған шығар», – деді ол. Бұған қоса, соңғы сайлаудың еліміз үшін маңызды болғанына назар аударды. «Осыдан кейін саясаттанушылар түсінген шығар, мен өзім алғаш рет бізде ұлттың қалыптасқанын сездім. Қандай дінге, этносқа жататынына қарамастан, халық бір адамға дауыс берді. Бәрі тең болды. Біз осы саясатты жалғастыруға тиіспіз. Осыны бәрі – қазақ та, украин, орыс та түсінуі шарт: біз осындай бірліктің арқасында ғана біртекті ұлт бола аламыз. Қазақша айтқанда, біз ұлт бола бастағанымызды осы сайлауда көрсеттік. Осы бағытта алға жылжысақ, бұл – керемет мәселе», – деп ағынан ақтарылды Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы сұхбат барысында өткен ғасырдың 90-жыл­дарының басында Қазақстанда тілдердің мәртебесін белгілеудің өткір мәселе болғанын да еске алып өтті. Осы көп талас-тартыстың түйіні қазақ тіліне – мемлекеттік, ал орыс тіліне қарым-қатынас тілдері деген мәртебенің берілуіне апарып жеткізді. «Әрбір адамда туған кезден бойына берілетін қуаты болады. Бойында сол қуаты тұрған кезде ол адам өмір сүріп, тірлігін жасайды. Ал қуатың таусылған шақта сенің де өмірдегі сапарың аяқталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің қорытындысында. – Мен бойыма берілген сол қуат өзімді ұдайы алға сүйреп келе жатыр деп ойлаймын. Осы қуат менің мойныма уақыт пен тағдыр артқан орасан зор жүкті көтеріп жүруіме жол ашты. Мен қазір біздің жасап жатқан, біздің буын жасаған іргелі істер халқымның жадында мәңгі қалатын шығар деп ойлаймын. Ал сен жұмыс істеп жүргенде, саған сын айтылуы – заңды нәрсе. Бірақ, мен шынымды айтсам, жұрттың бәрін 100 пайыз бақытты етемін деп айта алмаймын. Мұны бірде-бір ел жасай алмайды. Әлемдегі ең бай ел деген АҚШ-тың өзінде халықтың 14 пайызы кедейліктің қамытын киіп отыр. ­Ал Еуропа елдерінде одан да көп. Біз де олардан бөлек емеспіз. Әлбетте, мұндай жағдайда тұрғандардың риза болмасы анық. Демек, наразылар барлық уақытта да табылады», – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің түйінінде: «Жер жүзінде талай нәрселер болып жатыр. Маған енді тек біздің халықтың, барша қазақстандықтардың менің басшылығым арқылы осы кезге дейін жасалған істердің жемісін тере отырып, елімізді бұдан да күшті және көркем ете түсу жолында алдағы уақытта да ақылды, жұмысқа қабілетті және еңбекқор бола беруін тілеу ғана қалды», – деп атап өтті. Бұл тілекке біз де қосыламыз. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».