Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде жариялаған бес институттық реформасын, оның ішінде заманауи, кәсіби әрі автономды мемлекеттік аппарат құруды жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың бұйрығымен құрылған министрліктің Жаңғырту жөніндегі арнайы жұмыс тобы кадрлық мәселелер бойынша шетелдік тәжірибені зерттеу мақсатында Түркияға сапармен барды.
Сапар шеңберінде Анкарада Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Анарбек Қарашев пен Түркия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Әли Наджи Корудың төрағалығымен екі елде кадрлық саясатты жүзеге асырудың кең ауқымды мәселелері талқыланған Қазақстан мен Түркия Сыртқы істер министрліктері арасындағы кадрлық мәселелер жөніндегі консультациялар өтті.
Атап айтқанда, халықаралық қатынастар мамандарын, ілеспе аудармашыларды даярлау, СІМ мен шетелдік мекемелер арасындағы кадр алмасуы, дипломатиялық қызметкерлер резерві, дипломаттарды жеке секторға, «ақылмандар» орталықтарына, халықаралық ұйымдарға және т.б. ауысу және уақытша іссапарға жіберу мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысының нақты 100 қадамнан тұратын Ұлт жоспарын жүзеге асыруға қатысты қойған тапсырмаларын орындау мақсатында Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту және заманауи, кәсіби мемлекеттік аппарат құру туралы шетелдік тәжірибені зерттеп, зерделеуде. Осыған орай, осындай консультациялардың өткізіліп тұруы Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды тиімді жүзеге асыруға септігін тигізеді.
«Егемен-ақпарат».