Орталық сайлау комиссиясында 26 сәуірге белгіленген кезектен тыс президенттік сайлауға байқаушыларды аккредиттеу үдерісі жалғасуда. Осы орайда, жергілікті және халықаралық байқаушылардың негізгі құқықтары мен міндеттері туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев пен Орталық сайлау комиссиясы аппаратының бөлім меңгерушісі Арбол Арғынов әңгімелейді.
– Қазақстанның сайлау туралы заңнамасына сайлауды жергілікті және халықаралық байқау туралы норманы енгізу қажеттілігі неге негізделген? Қанша байқаушы аккредиттелді?
Арбол Арғынов: – Сайлауды байқау сайлау үдерісінің құрамдас бөлігі болып табылады. Ол сайлаудың беделділігін, еркін және ашық сипатын, сондай-ақ, оның демократиялық сайлау саласындағы халықаралық қағидаттар мен міндеттемелерге сәйкес болуын қамтамасыз етеді. Бұл норма ЕҚЫҰ-ның құжаттарында (1990 жылғы Копенгаген құжатының 8-параграфы, 1999 жылғы Жоғары деңгейдегі Ыстамбұл кездесуі декларациясының 29-параграфы, 1999 жылғы Еуропа қауіпсіздігі хартиясының 25-параграфы), 2005 жылы БҰҰ аясында қабылданған Сайлауды халықаралық байқау қағидаттары декларациясында бекітілген. 2002 жылғы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі демократиялық сайлау стандарттары, сайлау құқықтары мен бостандықтары туралы конвенцияда сайлауды қоғамдық және халықаралық байқау демократиялық сайлау стандарттарына жатқызылған. 2015 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша еліміздің президенттік сайлауды байқауға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД, ШЫҰ Миссияларынан және 19 шет мемлекеттен 236 халықаралық байқаушы аккредиттелді. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ТМД 350-400-ге жуық қысқа мерзімді байқаушыны қатыстыруды жоспарлауда. Аккредиттеу үдерісі 2015 жылғы 20 сәуірде аяқталады.
– Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, жергілікті және халықаралық байқаушыларға кімдерді жатқызуға болады?
А.Арғынов: – «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-1-бабына сәйкес, жергілікті байқаушылар санатына саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары жатады. Коммерциялық емес ұйымдар мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтынушылық кооператив, діни бірлестік, заңды тұлғалар бірлестігі нысанында және өзге де нысанда құрылады. Қоғамдық бірлестіктерге саяси партиялар, кәсіподақтар және азаматтардың өзге де бірлестіктері кіреді. Яғни, жергілікті байқаушы саяси немесе қоғамдық бірлестіктің, ҮЕҰ-ның өкілі болып табылады.
«Сайлау туралы» Заңның 20-2-бабына сәйкес, халықаралық байқаушыларға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушылары, сайлауды байқауға ресми түрде шақырылғандар жатады. 1986 жылғы 21 наурыздағы Мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар арасындағы немесе халықаралық ұйымдар арасындағы шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 2-бабына сәйкес, «халықаралық ұйым үкіметаралық ұйым дегенді білдіреді».
– Жергілікті және халықаралық байқаушыларды тіркеу үшін қандай да бір шарттар немесе шектеулер бар ма?
А.Арғынов: – 2004 жылға дейін жергілікті байқаушылар тиісті сайлау комиссияларында аккредиттеуден өтетін. Қазір саяси партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар өз байқаушыларын өздері айқындайды. Байқау үшін жалғыз шарт – байқаушының өкілеттіктері мен жеке басын куәландыратын құжаттардың болуы, олардың негізінде сайлау комиссиялары байқаушыны тіркеуге алады.
Халықаралық байқаушылар өз қызметін Орталық сайлау комиссиясының аккредиттеу туралы құжаты мен өзінің жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде жүзеге асыра алады. Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасында қандай да бір саяси, экономикалық немесе басқа мүдделері бар, аккредиттелуі Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттің заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларын бұзғаны үшін кері қайтарып алынған (күші жойылған) не аккредиттеуге өтінім бергенге дейінгі бес жыл ішінде қылмыстық іс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе сайлау кезеңінде заңсыз қызмет жасауда кінәлі деп танылған адамдар аккредиттелмейді.
– Жергілікті және халықаралық байқаушыларды тіркеу рәсімі қандай? Олардың ұқсастығы мен айырмашылығы неде?
А.Арғынов: – Сайлау учаскесінде жергілікті және халықаралық байқаушыларды тіркеу рәсімі бірдей. Олар сайлау комиссиясына байқаушы ретінде өзінің өкілеттігін немесе Орталық сайлау комиссиясының аккредиттегенін куәландыратын құжатты, сонымен қатар, өздерінің жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуы тиіс.
– Жергілікті және халықаралық байқаушылардың құқықтары ұқсас па? Ұқсас болмаса, айырмашылығы неде?
А.Арғынов: – Құқықтары көбінесе ұқсас, бірақ айырмашылықтары да бар. Жергілікті байқаушылар сайлау комиссияларының шешімдеріне, іс-әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға, дауыс беру барысына және оның нәтижелерін анықтауға кедергі жасамай, фото-, дыбыс- және бейнежазба жасауға құқылы.
Халықаралық байқаушылар «жария мәлімдемелер жасауға», «өздерінің байқағандары, анықталған заң бұзушылықтар туралы сайлау комиссияларының мүшелерін хабардар етуге», сонымен қатар, ұсынымдар енгізуге құқылы.
– Жергілікті және халықаралық байқаушылардың құқықтарын қамтамасыз етуде қандай да бір кепілдіктер бар ма, оларды бұзғаны үшін Қазақстан заңнамасында қандай жауапкершілік жүктелген?
Марат Сәрсембаев: – Отандық байқаушылар қызметінің маңызды кепілдіктерінің бірі – олардың сол немесе өзге сайлау комиссиясының, оның мүшелерінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сот органына шағымдануы. Жергілікті және халықаралық байқаушылар құқықтарының тағы бір кепілдігі олардың құқықтарын Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБК) қорғайтыны болып табылады. Ол байқаушылардың сайлау комиссиясының отырыстарына қатысу құқығына, дауыс беру күні сайлау учаскесінде болу құқығына, дауыс беру барысын байқау мүмкіндігіне, тасымалдайтын сайлау жәшіктерін алып жүруге қатысуына, барлық сайлау үдерісінің кезеңдеріне қатысуына, сайлау үдерісінің қатысушыларымен кездесуіне кедергі келтіргені үшін, оларға сайлау қорытындылары туралы мәліметтер берілмегені үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейді (ӘҚБК-ның 119 және 126-баптары).
– Жергілікті және халықаралық байқаушылардың негізгі міндеттері қандай? Олардың ұқсастығы мен айырмашылығы неде?
М.Сәрсембаев: – «Сайлау туралы» Заңның 20-1-бабының 3 және 8-тармақтары мен 20-2-бабының 7-тармағында көзделген жергілікті және халықаралық байқаушылардың міндеттері іс жүзінде бірдей, тіпті, барлық міндеттері де мәтіндік ұқсас. Олардың міндеттері сайлау барысын әділ байқау, сайлау үдерісіне араласпау, сайлау учаскесінде белгіленген ережелерді сақтау, сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтірмеу болып табылады. Тек жергілікті байқаушылардың «өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеу» міндеті («Сайлау туралы» Заңның 20-1-бабы 3-тармағының 5) тармақшасы) халықаралық байқаушылар міндеттерінде жоқ. Бұл отандық байқаушылардың фактілердің растығын құжат түрінде дәлелдеуді талап ететін заң бұзушылыққа құқық қорғау және сот органдарына шағым жасай алатындығына байланысты. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның байқаушылар кодексінде де осындай тармақ болған, бірақ оны осы халықаралық ұйым өз байқаушыларының байқау жүргізілетін елдің атына ескерту жасауын оңайлату мақсатында алып тастаған болатын.
– Көптеген халықаралық ұйымдарда (ДИАҚБ, ТМД, ШЫҰ) байқаушылардың тәртібі туралы кодекс бар, жергілікті және халықаралық байқаушыларға қатысты осындай тәртіп кодекстері бар ма?
М.Сәрсембаев: – Қазақстан аумағында жергілікті және халықаралық байқаушылар тәртібіне қатысты кодекстер жоқ. Жергілікті байқаушылардың қызметі Қазақстанның «Сайлау туралы» Заңының «Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары» атты 20-1-бабымен, ал шетелдік байқаушылардың қызметі «Сайлау туралы» Заңның «Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері» атты 20-2-бабымен реттеледі. Өзінің көлемі мен мазмұндылығы жағынан бұл баптар халықаралық ұйымдардың аталған кодекстерінен кем емес.
– Егер жергілікті және халықаралық байқаушылар Қазақстан заңнамасын бұзатын болса, оның салдары қандай болмақ? Жауапкершілікке тарту туралы шешімді кім қабылдайды?
М.Сәрсембаев: – Егер жергілікті байқаушылар Қазақстан заңнамасын бұзатын болса, онда «Сайлау туралы» Заңның 20-1-бабы 4-тармағының негізінде, аумағында немесе учаскесінде құқық бұзушылыққа жол берілген сайлау комиссиясы мұндай байқаушыларды тіркеудің күшін жоюға құқылы. Егер халықаралық байқаушылар Қазақстанның «Сайлау туралы» Заңының нормаларын бұзатын болса, онда Орталық сайлау комиссиясы 20-2-баптың 8-тармағын басшылыққа ала отырып, «шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуін кері қайтарып алуға құқылы».
Бұдан басқа, егер бұл байқаушылар тек қазақстандық заңнаманы ғана емес, сонымен қатар, жалпыға бірдей халықаралық-құқықтық норманы да бұзатын болса, тиісті сайлау комиссиясы «Сайлау туралы» Заңның 20-2-бабы 9-тармағының негізінде халықаралық байқаушының «аккредиттелуін кері қайтарып алу туралы» Орталық сайлау комиссиясына ұсыным енгізуге құқылы. Егер байқаушылар өрескел құқық бұзушылық жасаса, құқық қорғау органдары оларды әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартады.
– Сайлауға қатысты Қазақстанның құқықтық базасын жетілдіруде ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ ұсыныстар енгізе ме? Осындай жұмысты жергілікті байқаушылар жасай ала ма?
М.Сәрсембаев: – Сайлауға қатысты Қазақстанның құқықтық базасын жетілдіруде ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ Миссиясы байқаушылары ұсынымдар енгізуге шынымен құқылы. Бұл Қазақстанның «Сайлау туралы» Заңының 20-2-бабы 6-тармағының 5) тармақшасында көзделген. Аталған заңда жергілікті байқаушылардың осындай ұсыныстар енгізу туралы өкілеттігі көзделмеген. Сонымен бірге, тыйым салатын норма да жоқ. Тиісінше, жергілікті байқаушылардың ұсынымдар енгізуге құқығы бар. Әрбір сайлаудан кейін саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының заңдық электораттық нормаларын жақсарту бойынша өздерінің ұсыныстарын енгізуі саяси тәжірибеге айналған.
Әңгімелескен
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан».