21 Мамыр, 2015

Оқушы өрт кезінде 4 жастағы баланы аман алып қалды

323 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Облыс орталығы іргесіндегі №33 орта мектепте еліміздің Төтенше жағдайлар комитетінің ведомстволық шешімімен 7-сынып оқушысы Зейнеп Қабылбекті марапаттау салтанатты жиыны өтті. Оған мектеп оқушылары, ата-аналар, ұстаздар, департамент қызметкерлері қатысты. Ауыл көшелерінің біріндегі үйде өрт болған. Сонда №33 орта мектептің оқушысы Зейнеп оқиғаны өрт сөндіру бөліміне хабарлайды. Ал, өзі өртеніп жатқан үйге жүгіріп, ондағы төрт жасар баланы алып шығады. Жедел келіп жеткен апаттық жағдайдағы шұғыл көмек медицина орталығының бригадасы өрттен аман қалған баланы облыстық балалар ауруханасына алып кетеді. Мамандар Зейнептің сүт беріп, баланы жуындырып жедел көмек бергенінің арқасында бүлдіршіннің түтіннен улану салдарын төмендетуге көмектескенін айтады. Астанадан келіп жеткен министрліктің тапсырмасы бойынша Зейнепке Алғыс хат пен бағалы сыйлықты жергілікті қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы М.Романевич тапсырды. – Зейнеп жасаған әрекет біздің елі­міздегі барлық оқушылар үшін үлгі ету­ге лайық батылдық пен өжеттік, – деді Михаил Николаевич. – Және де, төтен­ше жағдайлар қызметкерлерінің, ма­мандардың өткізген қауіпсіздік сабақ­та­рының қажет екеніне көзіміз жетті. Ал, №33 орта мектеп ұжымы ұс­таздары, оқушылары Зейнеп Қабыл­бектің өжеттігіндей осы мектептің әрбір оқушысы да осылай бір сәттік көзсіз ерлік жасауға дайын тұра алатындарына сенімді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан. Павлодар.