02 Сәуір, 2015

Бейбітшілікті қолдау тетігі – бітімгершілікте

516 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ПАрламент-үлкен Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетек­ші­лігімен өткен кешегі жалпы отырыста депутаттар «Бітім­гершілік қызмет туралы» заң жобасын жан - жақты талқыға салды. Сондай-ақ, палата «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы», сондай-ақ, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша тиісті өзгерістерді көздейтін заңдық құжаттарды да қарады. «Бітімгершілік қызмет туралы» заң жобасының негізгі мақ­саты Қазақстан Республикасы қа­был­даған халықаралық міндет­темелерге сәйкес, Қазақ­стан Республикасы ұлттық контин­гентінің бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікті қолдау жөніндегі опера­цияларға (миссияларға) қаты­суына байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылатынына Мәжіліс депутаты әрі осы заңдық құжаттар бойынша жұмыс тобының жетекшісі Абай Тасболатов тоқталды. Ал ағымдағы жылдың 2 наурызында еліміздің БҰҰ-ға мүшелікке кір­геніне 20 жыл толғанын тілге тиек еткен Қорғаныс минис­трінің орынбасары Талғат Мұх­таров осы тарихи күннен бас­тап Қазақстан әлемдік қоғам­дастықтың толыққанды және ажы­рамас бөлігі болып қана қой­май, әлемдегі бейбітшілік пен қауіп­сіздікті қамтамасыз етуші ел ретін­де халықаралық міндеттеме қабыл­дап, соларды абыроймен орын­дап келе жатқандығын ерекше атады. «Қазақстанның бейбітшілік қағидасын ұстанудағы тағы бір маңызды саясаты бұл, әрине, республиканың Қарулы Күштері мен әскери құрамдарына жүк­тел­ген бітімгершілік қызметке қаты­суға жоғары дайындығы мен осы бағыттағы жоғары жетістіктері жетеді деуге толық негіз бар», деді Талғат Сәбитұлы. Мұндай жеткен жетістік ретінде 1993 жылмен 2001 жыл аралығында – Тәжікстандағы, 2003 жылмен 2008 жыл аралығында Ирактағы қазақстандық батальондардың бітімгершілік қызметке қатысуын атап кеткен орынды. Бұл атқарылған іс-шаралар әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болып, ел беделін арттыруға, отандық әскери қызмет саласында баға жетпес тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр. Қорғаныс вице-министрі осы­ның барлығы бітімгершілік қыз­меттің еліміз үшін маңыздылығын айқындайды дегенді баса айтты. Оның сөзіне қарағанда, бі­тім­гершілік операцияларға тек әскери қызметшілер ғана емес, сонымен қатар, азаматтық тұлғ­алар да қатыса алады. Әйтсе де, бітімгершілік операцияларға қатысушылардың әлеуметтік қамсыздандырылуын заң жүзінде реттелмеуі дұрыс дүние емес. Атап айтқанда, тек 2012 жылы миссия аяқталғаннан кейін 4 жылдан соң «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заң арқылы ғана Ирактағы бітімгершілік міндеттерін орын­даған әскери қызметшілерге бір­қатар жеңілдіктер беруге қол жет­кізілген. Ал тәжік-ауған шека­расында орын алған оқиғаларға қатысушыларға ешқандай жеңіл­діктер болмаған. Заң жобасын әзірлеу барысында еліміздің шетелдердегі бұрынғы іс-тәжірибесі мен ТМД-ға мүше елдердің бітімгершілік опе­рацияларына қатысу туралы модельдік заңының нормалары ескерілген. Заң жобасының жаңа редакциясымен әскери қыз­метке: әскери қызметшілер мен азаматтық тұлғаларға әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер беру мәсе­лелеріне қатысты бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу арқылы көпте­ген олқылықтардың орны толты­рылыпты. Заң жобасының қабыл­дануы Қазақстанның әлемдік саяси сахнада халықаралық беделін арт­тыруға өз септігін тигізеді деп күтілуде. Және еліміздің халық­аралық ұйымдар мен қауым­дас­тықтардағы мүдделерін қорғау; басқа елдердің әскери және аза­маттық персоналымен тиімді қа­рым-қатынас орнату және әріптес­тікті нығайту көзделуде. Қарулы Күштерді, басқа мем­ле­кеттік органдарды ел қауіпсіздігін қорғауға, төмен және орта дең­гей­дегі қақтығыстардың алдын алуға, әскери қақтығыстардан зардап шеккен тұрғындарды, тұлғаларды, босқындарды азық- түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге дайындап, осы жолда жиналған тәжірибені әскери қызметшілердің әскери дайындық бағдарламасына енгізу де назардан тыс қалмаған. Әлемде орын алып отырған сая­си ахуал қоғамның барлық мү­шелерін, әсіресе, жастардың Қа­рулы Күштер сапында мемлекет мүддесін қорғау жолындағы міндеттерін ойдағыдай орындауы үшін аталған заңды қабылдау қажеттігін айқын көрсетеді. Осының барлығын ескере ке­ліп, Мәжіліс заң жобаларын бі­рін­ші оқылымда мақұлдауды ұйғар­ды. Сондай-ақ, жалпы отырыста кей­бір заң жобалары екінші оқы­лымда қаралды. Атап айтқанда, «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы» заң жо­басы ілеспелі түзетулерімен екінші оқылымда қолдауға ие болды. Заң жобасы ұлттық заң­нама нормаларын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа және Дүниежүзілік сауда ұйымының келісімдеріне сәйкес келтіру мақсатында әзірленген. Осы заң жобасы бойынша түскен ұсыныстар мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының жеті отырысында, Қар­жы және бюджет комитетінің кеңейтілген екі отырысында тал­қыланып, 100-ден астам ұсыныс есепке алынғаны белгілі болды. Депутаттар, сонымен қатар, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша заң жобасын да екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы еліміздің бизнес қатысатын экономика салаларына мемлекеттің қатысу үлесін қысқарту үшін құқықтық негіздерді бекіту ар­қылы мемлекеттік активтерді бас­қару саласындағы заңнаманы жетіл­діруге бағытталған. Бұл бәсеке­лестікті дамытуға және тұтас­тай алғанда, жеке кәсіпкерлік субъек­тілері үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді. Кешегі отырыста палата күн тәртібіне шығарылған Қыр­­ғыз Республикасымен Ше­ка­ра ауданындағы сенім шаралары жөніндегі келісімді және Шека­­ра өкілдерінің қызметі туралы Қазақстан-Қырғызстан үкімет­аралық келісімін ратифи­кациялауға қатысты заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін бекітіп берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».