23 Шілде, 2010

Азаматтық қоғам

1507 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Оның даму жолдары хақында бірер сөз Қазіргі уақыт адамдарға көп­те­ген талап қойып, күнделікті тір­шіліктің өзінде талай өмірлік, қо­ғамдық мәселелерге жауап іздеуді көл­денең тартады. Адам өмірі де сәт сайын өзгеріп келеді. Ал осы күр­делі заманның бастапқы жүйесі – азаматтық қоғам. Олай болса, аза­маттық қоғам дегеніміздің өзін жал­пы қоғамның, мемлекеттің, жеке тұлғаның даму деңгейінің көр­сеткіші деуге негіз бар. Қазақ­стан­дағы азаматтық қоғамның да­муына қатысты әртүрлі көзқарастар кездеседі. Олар: елімізде азаматтық қоғамның даму деңгейі жоғары деген ойдан бастап ондай даму бүгінгі талапқа сай емес немесе тіпті де сын көтермейді деген аралықтағы көзқарастар. Жалпы, азаматтық қоғам төрт негізгі элементтен құралады. Ол – азамат, қоғам, мемлекет және құқық болса, басты құндылықтары – адам өмірі, адалдық, жекеменшік құқығы. Азаматтық қоғамның негізгі қызметі азаматтың қажет­тілік­терін – құқығы мен бос­тан­дығын қамтамасыз етуге бағыт­та­лады. Осы мақсатты орындаудың басты шарты қоғамның әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени-құ­қықтық қатынастарының жиын­тығы – демократиялық орта қалып­тастыру болып табылады. Әрине, теория жағынан бұл түсінікті де анық болып есеп­теледі. Нақты практикаға ке­летін болсақ, азаматтық қоғам даму жолында талай қиын­шылықтар мен кедергілерге кез болады. Даму жолдары әлеуметтік топтардың өз мүдделерін қамтамасыз ету белсенділігінің жоғарылығы мен мемлекеттің қолдауына және ха­лық­аралық ұйымдардың прак­ти­касына негізделеді. Белсенді аза­маттық қоғам атқаратын іс-шаралар жеке тұлғаның және әлеуметтік топтардың нақты мәселелеріне назар аударады. Азаматтық қоғам саяси жұмыспен салыстырғанда көбінесе әлеуметтік мәселелерді алға қойып, оларды тиімді шешуді мақсат тұтады. Осы қатарда біздің елде азаматтық қоғам дамуына ең басым ықпал етуші мемлекеттің қолдауы болып отыр. Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың қатынас­тары мына салаларда аса белсенді: ортақ іс-шаралар (конференциялар, дөңгелек үстелдер), кеңестік көмек, ортақ жобаларды іске асыру, үкіметтік емес ұйымдардың әр саладағы әлеуметтік жобаларға қатысуы сияқты көптеген ба­ғыт­тарда өрбу үстінде. Былтырғы жылы Қазақстанда түрлі бағыттағы 5820 ҮЕҰ, 3340 қоғамдық қор, 1072 заңды тұлғалар қауымдастығы, 471 этномәдени бірлестік, 3340 діни бірлестік, 40-тан астам конфессия мен дено­ми­нациялар, түрлі меншік ны­са­нындағы 6646 БАҚ тіркелген және жұмыс істейді. ҮЕҰ-лардың орнықты топтары түрлі бағыттар бо­йынша ресімделеді, олар: эко­логиялық – 6%; әскери-па­триоттық – 4%; балалар және жастар – 14%; мәдениет және өнер – 8%; мүгедектерді қолдау бойынша – 7%; ғылыми және білім беру – 8%; әйелдер және гендерлік саясат – 8%; сауықтыру-профилактикалық – 7%; қоғамдық бастамаларды қолдау – 10%; бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту – 2%; әлеуметтік қорғау – 9%; құқық қорғау – 7%; спорттық – 10%. Сонымен қатар мұндай бір­лес­тіктердің көпшілігі тек қағаз жү­зінде ғана бар, олар тек тіркелген ұйымдардың сандық көрсеткіштері статистикасын ғана жақсартады. Үкіметтік емес секторда өткен жылы барлығы шамамен 200 мың адам жұмыс жасады. Олардың 40 мыңы тұрақты негізде, 50 мыңға дейіні уақытша, ерікті (во­лон­терлік) негізде 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді. ҮЕҰ-ның алуан түрлі қызметтерін 2 млн.-ға таяу адам пайдаланады. Көбінесе мемлекеттік емес ұйымдар қа­лаларда және аудан орта­лық­та­рында орналасып қызмет етеді және олардың ауылдық мем­ле­кеттік емес ұйымдарға қарағанда қар­жылық, техникалық ма­ман­дармен қамтамасыз етілуі әлде-қайда жоғары. Сондықтан олардың басқа да мекемелермен қарым-қатынас орнатып, жүйелі жұмыс жасауына мүмкіншіліктері мол. Мемлекеттік емес сектордың жұмыс істеуі тікелей қаржыландыру көздерімен байланысты. Мем­ле­кеттің ықпалы азаматтық саланы қар­жы арқылы басқару және оның қызметін заңнамалық қамтамасыз ету әрекеттеріне сүйенеді. Негізгі тәсіл – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Осы мақсатқа мемлекет та­рапынын қаржыландыру көлемі жыл сайын өсуде. Сонымен қатар аса маңызды әлеуметтік жобалар іске асуда. Бірақ осыған бай­ла­нысты былтырғы жылы мем­лекеттік органдар тарапынан ҮЕҰ-ны қаржыландырудың қиындығы туындады. Оның басты себеп­те­рінің бірі – мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыстың Мемлекеттік сатып алу туралы заң шеңбері аясына түсуі. Мемлекеттік сатып алу туралы 2007 жылғы 21 шілдедегі № 303-ІІІ ҚРЗ қолданыстағы заңы ҮЕҰ-ны коммерциялық ұйымдар санатына жатқызады, бұл ҮЕҰ-лардың қызметін, олар көтерген бастамалардың жүзеге асуын айтар­лықтай шектейді. Әлеуметтік тапсырысты жос­пар­лы түрде қаржыландыру туралы мәселені шешу үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс басқа секторларға қатысты болатын Мем­л­е­кеттік сатып алу туралы заңның құз­ыретіне жатпайтыны туралы же­келеген ережені қабылдау мүмкіндігін қарау қажет. Яғни, мемлекет өте көп тауарлар мен қызметтерді сатып алады, бірақ мемлекеттік тапсырыс осы заң реттейтін қызметтерге жатпауы тиіс немесе ҮЕҰ-ны қолдау бойынша басқа да рәсімдерді әзірлеу қажет. Әлеуметтік тапсырыстар бо­йынша жобаларды іріктеуде де бірқатар кемшіліктер орын алуда. Көбінесе атқаратын жұмыстың көлемі мен уақытының сай бол­мауы, қаржыландырудың жылдың ортасында басталуы, сондықтан да қажетті іс-шаралардың дер уақытында жүзеге аспай, тек қағаз жүзінде қала беретінін айтуға болады. Осы орайда Әлеуметтік тап­сы­рыс туралы заңды жетілдіріп және қаржыландыру ережелерін де өз­герткен жөн. Әлеуметтік жобаларды қар­жыландыратын арнайы қор құру керек. Ол тек мемлекет тарапынан қаржыландырылмай, басқа да салалардан қаржы көздерін із­дес­тіру жолдарын қарастырса құба-құп. Сонда маңызды жобалар мен бағдарламалар жарты жыл емес, толыққанды жұмыс жасай алады. Екінші жағынан, бөлінген қаржы жұмсалуы ашық жүріп, олардың есебі жылда БАҚ-та жариялануы қажет. Соңғы кезде азаматтық қоғам­ның бақылау қызметіне баса назар аударылып, біраз бастамалар іске асырылуда. “Нұр Отан” партиясы аза­маттық қоғамның бақылау қыз­метін жоғары деңгейге көтеруге ар­налған іс-шараларды қолға алуда. Әсіресе, экономикалық дағдарыс ке­зеңінде мемлекеттік бюджеттен бө­лінген қаражатты бақылау, оның тиімділігін қадағалау аса маңызды шара. Әлеуметтік жауапкершілік сала­сында үкіметтік емес ұйымдардың орны ерекше. Бұл бизнес пен мемлекет қатарында үшінші тепе-тең серіктес ретінде түрлі әлеу­меттік топтардың көкейлеріндегі мә­селелерін шешудегі көпір десек те артық болмас. Азаматтық қоғам өкілдері еңбек саласындағы қарым-қатынастарды қадағалауда, эко­ло­гиялық мәселелерді шешу жол­да­рын іздестіруде, түрлі әлеу­меттік қажеттіліктерді қамтамасыз етуде мәселе көтеріп, мемлекет пен биз­нес­тің назарын аударумен қатар, олармен мәселелерді қоян-қолтық араласып шешуге ұмтылып отыр. Бұл үшін, әрине, азаматтық қоғам­да жоғары деңгейдегі сараптау институттары мен жетілген ком­му­ни­кация жүйесі болу қажет. Қа­зақстанда қазіргі таңда қоғам атынан жұмыс жасайтын меке­мелер жоқтың қасы. Мемлекет пен бизнеске тепе-тең қоятын ақ­па­раттық ықпал да, белсенді күш те нақты қалыптаспағандықтан, аза­мат­тық қоғам мемлекеттік жүйеге тәуелді болуда. Мысалы, ҮЕҰ мен фискалдық органдардың, сондай-ақ фискалдық органдардың меце­нат­тармен өзара қатынастары үлкен мәселе туғызып отыр. Елімізде қайырымдылыққа жұмсалған қаржыға салықты реттеудің жай-күйі отандық бизнестің азаматтық қоғам институтына қаражат салуын ынталандырмайтыны бұл іске қолбайлау болуда. Азаматтық қоғам қазіргі кезеңде өзінің қызметін толық атқарып отыр деп айтуға ерте. Мемлекет өз тарапынан қолдау көрсетуде. Алай­да, азаматтық қоғамның қарыштап дамуы үшін қоғам да өз тарапынан белсенділік танытып, өмірлік құн­ды­лықтарды қалыптас­тыру жо­лын­да талай жұмыстарды атқаруы тиіс. А. СӘДУАҚАСОВА, “Нұр Отан” ХДП Парламентаризм институтының социологиялық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы.