21 Мамыр, 2015

Ақтөбеге Санкт-Петербургтен арлагерлер делегациясы келді (фото)

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
21-05-2015-aktobe 02АҚТӨБЕ. 21 мамыр. Ақтөбеге Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Санкт-Петербург қаласының Невский ауданынан бір топ соғыс ардагері келді. Оларды Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров қабылдады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Делегацияның келу мақсаты – Қазақстандағы ардагерлермен кездесу, қазақ халқының тарихымен және мәдениетімен танысу. Қонақтармен кездесу барысында шаһар басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы өңірде кең көлемде аталып өткенін, мұндай ізгілікті кездесулердің соғыс кезіндегі аға ұрпақтың ерлік істері мен жанқиярлық еңбегін жастардың жадында жаңғыртып, олардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға ықпал ететініне тоқталды. Невский ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Михайл Шевчук Ақтөбе халқының ықыласына ризашылықтарын жеткізді. Ал аталған аудан әкімшілігінің жастар саясаты және қоғамдық ұйымдармен байланыс бөлімінің бастығы Андрей Лябин Ақтөбе қаласында жасақталған №74 дербес теңіз атқыштар бригадасы мен мыңдаған қазақстандықтардың Ленинград қаласын қорғауға қатысқанын, Қазақстанның қоршаудағы қалаға азық-түлік, қару-жарақ және жылы киім жеткізіп тұрғанын айтты. Сондай-ақ, ол Ақтөбедегі соғыс ардагерлеріне «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» мерекелік медальін және ескерткіш сыйлықтарын табыс етті. Өз кезегінде ақтөбеліктер тарапынан да ескерткіш сыйлықтар ұсынылды. Сонымен қатар, қонақтар «Мәңгілік алау» даңқ мемориалы жанындағы «Сол жылдарға бас иеміз» акциясына қатысты. Делегация Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне және Батырлар аллеясына гүл шоқтарын қоюды жоспарлап отыр. Одан бөлек, қаланың бірқатар кәсіпорындары мен музейлерінде, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында болып, еңбек ұжымдарымен және студенттермен кездеспек. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz. 21-05-2015-aktobe 01 21-05-2015-aktobe 03
Соңғы жаңалықтар