Қоғам дамуында балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу маңызды рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты алдымызда педагогтардың кәсіби-тұлғалық келбетін толыққанды қалыптастырудың іргелі міндеттері тұр. Өйткені, бүгінгідей жаһандану үрдісінде ескі әдіс-тәсілдерді қолдану тоқырауға ұрындырады, ал жаңашылдыққа ілесу өте қиын. Педагог курстық даярлықтан жоғары оқу орнын тәмамдаған соң үш-бес жылдан кейін ғана өтетінін ескерсек, проблемаларды кешенді түрде шешу арқылы ғана табанды нәтижелерге жете аларымыз анық. Осы тұрғыдан әңгіме қозғайтын болсақ, педагогтар қоғамда кәсіби құзыреттілігімен, азаматтық белсенділігімен, саяси сауаттылығымен, көшбасшылығымен, «зияткерлік адалдығымен» ерекшеленуі тиіс. Бүгінгі күні «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының алға қойып отырған басты талабы осы. Биылғы оқу жылы ұстаздар қауымы үшін өзгеше леп-тыныспен басталды. Біріншіден, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. Екіншіден, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары нақты талаптар қойып отыр. Үшіншіден, жалпы білім беру мектептеріне «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары тәжірибесін жүйелі-бейімдеп тарату және білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында жұмыс атқарудамыз. Білім жүйесіндегі барлық жаңарудың тұжырымдамалық негізі – Қазақстан халқын біріктіретін жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясы.
Сала жүйесі мазмұнының өзгеруі педагогтардың кәсіби-бағдарлық білімін арттыруға бағытталған. Осыған орай біліктілікті арттыруда тікелей оқытудан жеке байланыс арқылы білім жүйесіне ауысу өз жемісін беретініне сенімдіміз. Педагогтардың кәсіби дағдысын дамыту үшін филиал оқытушылары корпоративтік және ұжымдық оқыту, белгілі ортамен жағымды әрекеттестік, оқу әрекетін жеке құру мен өзіндік дамытуды үйрету, ментальды карт пен портфолио, тағы басқа технологиялар кеңінен қолданылады. Бұл әдістемелер заманауи білім берудің сұраныстарына сай мұғалім мен оқушы тұлғасының эмоциялық көңіл-күйін, ойлау мен есте сақтауын өмірлік және әлеуметтік дағдылармен біріктіруге зор мүмкіндіктер береді. Мұндай ізденістер елімізде білім беру мазмұнын жаңарту бойынша енгізіліп жатқан айлық курстарда жүйелі қарастырылады. Жалпы білім беретін және коррекциялық мектептерден 75 педагог-психолог осындай даярлықтардан өтті. Тағы бір атап өтетін жайт, білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде ұйымдастырылатын дәстүрлі 2 апталық курстар екі есеге ұзартылатын болады. Ол үшін «Назарбаев зияткерлік мектебі» педагогикалық шеберлік орталығында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы оқытушылары арасынан 264 тренер дайындалды, оның 13-і біздің филиалдан. Сонымен қатар, біздің бөлімшеге білім беру мазмұнын жаңарту бойынша биология, химия мұғалімдеріне арналған курс бағдарламасын әзірлеу сеніп тапсырылды.
Филиалда жобаларды көпшілік алдында қорғау тәжірибесі де жиі қолданылады. Мұның өзі тыңдаушылардың инновациялық-зерттеушілік әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Осы мақсатпен Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы педагогикалық білім беру академиясымен, Мәскеу ашық білім беру институтымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді. Қазіргі таңда 50 мұғалім «Назарбаев зияткерлік мектебі» педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген деңгейлік бағдарламалар бойынша курстық даярлықтан өтуде. Аталмыш курстың басты өзгешелігі – мұғалімдерді оқыту нәтижесі бойынша алғаш рет тәуелсіз сараптама енгізілуінде. Бұл курстарды облыстан 1485 мұғалім бітірді. Оларға оқыту үдерісіне жаңа әдістер мен технологияларды енгізу, оқушыларға сапалы білім беру сияқты талаптар жүктеліп отыр. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының PISA халықаралық салыстырмалы зерттеуінде оқушылардың жоғары нәтижеге қол жеткізу бойынша көрсеткіштерді орындау үшін 832 солтүстікқазақстандық мұғалім өз біліктіліктерін жетілдірді. Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 1125 педагог кәсіби шеберлігін арттырса, жыл соңына дейін тағы 525 ұстаз осындай даярлықтан өтеді. Бюджеттік курстармен қатар филиал шарт негізінде де жұмыс істейді. Есіл, Айыртау, Ақжар, Жамбыл, Уәлиханов, Мамлют, Тайынша, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда көшпелі курстар ұйымдастырылып, 539 мұғалім қамтылды. Тағы бір жаңашылдығымыз – білім беру ұйымдарының педагогикалық ұжымына корпоративтік курстар өткізу. Аталмыш курстар Мағжан Жұмабаев ауданының Возвышенка, Есіл ауданының Ильинка, Петропавл қаласының №2, №4 орта мектептерінде, медициналық колледжде, Мамлют санаторий мектеп-интернатында ұйымдастырылды.
Ұлт жоспарының 89-қадамына сәйкес қазіргі уақытта «2015-2020 жылдарға арналған үштілді білім беруді дамытудың жол картасы» жобасы қарастырылуда. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру және адами капиталды дамыту үшін Қазақстан Республикасында білім берудің барлық деңгейлерінде үштілділікті оқытуды кезең-кезеңмен енгізу қамтамасыз етіледі. Ол бойынша жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы (физика, биология, химия, ақпараттық-коммуникативтік технология) пәндерді ағылшын тілінде оқыту мақсаты тұр.
Облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты еліміздегі 17 филиалдың арасында тоқсан сайын өткізілетін рейтинг нәтижесі бойынша 2014 жылдың соңғы тоқсанында – 2-ші, биыл бірінші жартыжылдықта 1-ші орынды жеңіп алуы жұмысымыздың жемісін көрсетсе керек.
Ұлы ойшыл Конфуцийдің: «Ескіден қол үзбей-ақ жаңалықты аша білген ғана жақсы мұғалім болады», деген сөзі бүгінгі біліктілікті арттыру жүйесіне сай келеді. Заманға сай біліктілікті арттыру мақсатында білім беруді жаңарту үдерісін үзілді-кесілді нұсқаулыққа және жалаң ұранға айналдырмай, қарқынды және қызықты, мазмұнды жұмыспен толықтыру маңызды.
Алма МЫРЗАЛИНОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
ПЕТРОПАВЛ.