Петропавл. 2 сәуір. “Астана ЭКСПО-2017” ҰК мен облыс әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында екі жел энергиясы қондырғысы Қызылжар ауданына қарасты «Зенченко және К» командиттік серіктестігінде пайдалануға берілді. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елбасының елімізді “жасыл экономикаға” көшіру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатымен “Зенченко және К” КС 2012 жылы жалпы қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайтын екі жел энергиясы қондырғысын іске қосқан еді. Содан бергі екі жылда 4 млн. кВт/сағаттан артық электр қуаты өндірілген.
Әрқайсысының қуаты 1 мегаватт, жалпы құны 1 миллион еуро тұратын жел энергиясы қондырғыларын іске қосу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, жоба Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы шеңберінде жүзеге асқанын, алдағы уақытта мұндай қондырғылар көбейе түсетінін жеткізді.
«Осыдан екі жыл бұрын басталған жобаның екінші кезегін іске қосу арқылы қондырғылардың жалпы қуаттылығы 3,5 мегаваттқа жетіп отыр. Тиімділігі айтарлықтай: электр қуаты шығынын ай сайын 6,3 миллион. теңгеге қысқартуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының идеясын өңірімізде бірінші болып орындаушылар қатарындамыз,– дейді Қазақстанның Еңбек Ері, серіктестіктің бас директоры Геннадий Зенченко.
Аталмыш жоба 2017 жылы елордамыз Астанада өтетін Халықаралық мамандандырылған “ЭКСПО” көрмесі қарсаңында баламалы энергия көзін пайдаланудағы экономикалық, экологиялық маңызды қадам саналары анық.
Өмір Есқали.
Дерек: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сурет: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.