03 Шілде, 2015

Ғасырлар тасасындағы темір миллион жылдық металл ма?

458 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Болт-02Жақында Катонқарағай ауданына жол түскен-ді. Жұмыс сапарымыздың аясында аудан орталығы Үлкен Нарын ауылындағы мұражайда болдық. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аудандық филиалының басшысы Оралғазы Қажаев Алтайдан табылған ерекше тасты көрсетті. Тас тасасында темір жасырылған. Бұл – біз кәдімгі «болт» атап жүрген бұранда темір пішіндес екен. Директордың айтуынша, тосын тасты мұражайға Үлкен Нарын ауылының тұрғыны Ерболат Қасенов өткізіпті. Ол кісі оны Үлкен Нарын ауылының шығыс жағындағы Алтайдың асуынан құрылысқа қажетті тастарды жинап жүргенде тауып алыпты. Жұдырықтай болса да біршама салмағы бар, қара түсті, тығыздығы шақпақтасқа келетін тау жынысының ішінде бұранда металл жасырылған. Құрылымы мен пішіні табиғи қалпынан өзгермеген тастың қуысына металл бұранданың қалай енгені әзірге беймәлім. Әуелі мамандар бұл бұранданы тасқа айналған ұлутас деген байлам жасағанымен, кейіннен металл екенін анықтапты. Дәл осы іспетті жұмбақ тас Ресейде де табылған болатын. Рентген құрылымы мен радиокөміртекті ­сараптамалар нәтижесінде ресейлік тастың жасы 300 миллион жыл екені анықталған. Оралғазы Қажаев бұл бұранданың қарапайым жарық шамдарына орнатылатын вольфрам балқымасынан жасал­ған жіпті еске салатынын, тек одан жуан екенін айтады. Бір ғажа­бы, аталған зат өзі жасырынған тау жы­­­нысының түзілуіне дейін пайда болған өте көне техникалық бұйым сияқты. – Бұған дейін осы тас жатқан Седло асуынан бірнеше ұлутас табылған еді. Соған қарағанда асу бұрын теңіз табаны болған сияқты. Алайда, тас ішіндегі зат металл болып шықты. Вольфрам мен сынап ешқашан бір-біріне химиялық тұрғыдан қосылмайтындықтан, одан шам жасалады. Мына бұрандада соның іздері бар. Сондықтан 300 миллион жыл бұрын Алтай өңірінде дамыған өркениет болды ма деген ой келеді. Тіпті, басқа ғаламшардан келгендердің бақылау құралы ретінде пайдаланған дүниесі болуы бек мүмкін, – деді Оралғазы Қажаев. Міне, аталған жұмбақтардың шешімін табу үшін мұражай жетекшісі енді бұрандасы бар тасты Өскемендегі геологиялық зертханаға тапсыруды жоспарлап отыр. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.