21 Мамыр, 2015

Семейдегі гематология орталығының құрылысына 1,2 млрд теңге бөлінді

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
21.05.2015-SemeiӨСКЕМЕН. 21 мамыр. KAZ Minerals тобы Семей қаласындағы республикалық гематология орталығының құрылысына 1,2 млрд теңге бөледі. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығына сілтеме жасап egemen.kz тілшісі хабарлады. Демеушілік көмек көрсету туралы меморандумға облыс әкімі Даниал Ахметов пен KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Олег Новачук қол қойды. Аталған орталық қан жүйесі ауруларына диагностика жасауда және емдеуде (оның ішінде сүйек кемігін трансплантациялау) жоғары технологиялы әдістерді қолдану арқылы халыққа қол жетімді әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жоспар бойынша бұл орталық еліміздегі онкогематологиялық профиль, гемостаздың бұзылуы, анемия және тағы басқа ауруларға шалдыққан қан және лимфо жүйесі дерттері бар науқастарға медициналық көмек көрсететін бірегей клиникалық кешен болмақ. Жобада орталықтың аумағында балаларға ата-аналарымен бірге орналасуға мүмкіндік беретін пансионат қарастырылған. Орталықтың жанында химия терапияның ауыр курстарынан өткен және сүйек кемігі трансплантацияланған науқастарға қызмет көрсететін оңалту орталығы жұмыс істейтін болады. Соңғы 5 жылда компания Шығыс Қазақстандағы түрлі әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 5,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Топтың қаржыландыруы арқасында аймақтағы білім, денсаулық және спорт салалары бойынша ғимараттар салынды. Сондай-ақ, KAZ Minerals тобы облыстық аурухананы ортопедиялық және травматологиялық операцияларға арналған жабдықтармен қамтамасыз етті. Думан Анаш. Дерек: Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығы. Сурет: rnpc.kz.