Кеше Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 6-шы отырысы өтті. Отырыста “Қазақстан Республикасындағы білім саласын жетілдірудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жай-күйі, оның ішінде елдегі жастар қауымын толғандырған мәселелер қаралды.Жастар саясаты жөніндегі кеңес 2008 жылы Елбасының Жарлығы негізінде құрылған болатын. Оның құрамы 37 жастан тұрады. Олар – мемлекеттік органдардың, республикалық және өңірлік жастар ұйымдарының, ғылыми және шығармашыл жастардың өкілдері. Кеңестің көздеген мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын жетілдіретін шаралар шоғырын әзірлеу, осы салада Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмалардың орындалуын қадағалау екен. Жиын кезінде Премьер-Министр Кеңсесінің жетекшісі, аталған кеңестің төрағасы Ғабидолла Әбдірахимов болашақта бұл міндетті қалтқысыз орындауға мән берілетінін тілге тиек етті.
Отырыс барысында сөз алған еліміздің Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев бүгінде Қазақстандағы жастардың саны 4 млн.-нан асып жығылатынын, сол себепті де олар әлеуетті топқа жататынын атап өтті. Оның айтуынша, жастардың қоғам өміріне белсене араласуы, мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуы айрықша маңызға ие. “Ол үшін білім саласы жүйесін модернизациялау, сол арқылы бәсекеге қабілетті интеллектуалды ұлтты қалыптастыру, жастардың бойындағы ұлтжандылық рухты қалыптастыру қажет”, дейді Серік Әзтайұлы.
Басқосу кезінде оған қатысушылар мемлекеттік жастар саясатында орын алып отырған бірқатар өзекті мәселелерді алға тартты. Оған жастар арасындағы тәрбие жұмыстарын үйлестіретін орталықтандырылған жүйенің жолға қойылмауы, елдегі жастардың небары 22 пайызының ғана жастар ұйымдары жұмыстарына араласуы, жастар саясаты саласындағы күрделі түйіндерді шешуге атсалысып жүрген жастардың аздығы секілді мәселелерді жатқызуға болады.
Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің ректоры Бақытжан Әбдірайымов өз сөзінде ел жастарына мемлекет тарапынан айрықша назар аударылып отырғанын, кеңес отырысы осының бір көрінісі екенін атап өтті. “Жастарды әртүрлі топқа бөлуге болады. Олардың әрқайсысының өз мақсат-мүдделері бар. Проблемалары да бар. Бүгінде студенттер қауымын толғандыратын мәселе жатақхана мәселесі екені белгілі. Мәселен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі жастардың 30 пайызы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Сол себепті, бұл айрықша назарды қажет етеді. Екінші бір мәселе – ол жұмыссыздық. Бүгінде жоғары оқу орындарын бітірген жастардың басым көпшілігі жұмыссыз жүр. Бұл диплом сапасының төмендігін көрсетеді. Жұмыссыздық мәселесінің туындауына, жастардың жұмысқа орналасуына сырттай оқу бөлімі де әсер етуде. Сондықтан, бұл ретте көп жұмыстар атқарылуы қажет”, дейді Бақытжан Жарылқасынұлы. Отырыс кезінде сөз алған “Қазақстан жастарының конгресі” заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов жоғары оқу орындарында тәрбие мәселелерімен айналысатын мамандар санының аздығына тоқталып өтті. Ол сондай-ақ, еңбекпен қамту мәселесіне айрықша мән беріп, жастарды көгалдандыру жұмыстарына көптеп тарту қажеттігін тілге тиек етті. “Жасыл ел” жасақтарының санын 3 есеге дейін арттыру қажет. Мұны “Жасыл даму” бағдарламасына да енгізуге болады”, деді бұл турасында Нұрлан Сыдықов.
Отырыс барысында жастар телеарнасының жұмысын жүйелендіру, интернеттегі жастарға арналған сайттардың дұрыс жолға қойылуына мән беру, бұл ретте оларды ұлтжандылыққа тәрбиелейтін, танымдық ақпарат беретін сайттардың санын арттыру, сондай-ақ техникалық және кәсіби білім беру жүйесін жандандыру мәселелері де назардан тыс қалмады.
Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасы Ғабидолла Әбдірахимов өз кезегінде бұл мәселелердің барлығы да ескеріліп, назарға алынатынын атап көрсетті. Отырыс барысында оған қатысушылар бағдарламаның маңызды тұстарына айрықша тоқталып өтті. Мәселен, болашақта осы бағдарлама аясында жастардың патриоттық іс-шараларға тартылуын 78 пайызға, ал олардың жастар ұйымдарындағы қатарын 22 пайыздан 29 пайызға дейін ұлғайту, жастар саясаты саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге атсалысатын жастардың санын 55 пайызға дейін арттыру көзделіп отырған көрінеді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.