Мемлекеттің дағдарысқа қарсы саясаты туралы әңгіме қозғап, кеше Орталық коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына Сенат депутаттары, палатаның Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері Марат Тағымов пен Асхат Күзеков шықты.
Алдымен сөз алған М.Тағымов Қазақстан халқының өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының жақсаруы әрқашан да мемлекеттің маңызды міндеті болып қала берерін ерекше атап кетті. Сенатор Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында жаһандағы әлемдік сын-қатерлер кезінде елдің инфрақұрылымдық дамуының ауқымды бағдарламасы – «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын баяндағандығын да қаперге салды. «Бүгін, міне, көріп отырмыз: әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және, тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда. Әлемдік экономика қиын күндерді бастан кешуде. Қалыптасқан ахуалдың негізгі көрсеткіші – ұзақ уақыт бойы мұнай бағасының құлдырауы болып табылады (барреліне 102-105 долларлық рекордтық көрсеткіштен барреліне 30-40 долларға дейінгі дағдарыстық мәнге дейін төмендеуі)», деді Марат Мырзағалиұлы.
Депутат әлемнің ірі экономикалық мемлекеттері (Ресей, Қытай, Америка, Еуроодақ елдері) қаржы-экономикалық жағдайдың қолайсыздығына тап болып отырғандығын, бұл ретте «Нұрлы Жолдың» басты міндеттерінің бірі мемлекетті ауқымды инфрақұрылымдық дамыту, сол арқылы ұлттық экономиканы жандандыру және қосымша жұмыс орындары сияқты стратегиялық міндеттерді шешіп, халықтың әл-ауқатын одан әрі барынша арттыру екендігіне назар аудартты. Оның айтуынша, Президент 100-ден астам шетелдік компаниялардың қатысуымен инфрақұрылымдық даму жоспарын Жаңа Экономикалық Саясаттың тірегі етіп белгіледі.
Қазақстанға Еуразия құрлығының барлық төрт тарапын көлік күретамырымен жалғастыратын транзиттік торап рөлі болжанып отырғандығымен бөліскен М.Тағымов бағдарламаның негізгі бөліктерінің бірі – көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту екендігін ерекше атады. Осы мақсаттарға Ұлттық қордан 500 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар, индустриялық, энергетикалық, әлеуметтік, тұрғын үй инфрақұрылымдарында үлкен жаңғырту күтіп тұр. Шағын және орта бизнес үшін дамудың қосымша мүмкіндіктері берілуде. Жолдауда ішкі нарыққа сүйене отырып, ойластырылған өнеркәсіптік инвестициялық саясат қалыптастырылған. Қазіргі экономикалық жағдайларда қосымша қаржы ресурстарынсыз алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу қиынға соғады, сондықтан да Ұлттық қорда жинақталған қаражаттың арқасында мемлекет жаңа экономикалық саясатты сәтті іске асыра алады, деді сенатор сөзін сабақтай түсіп.
Депутаттың айтуынша, қабылданған республикалық бюджет шығыстары қатаң шектеулер жағдайында жоспарланған. Елбасы Үкіметке халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындауды тапсырса, халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, инфрақұрылымын сапалы жаңғырту, шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету бюджеттің негізгі басымдықтары болып қалып отыр. Қазақстан жылдан жылға жалақыны, әлеуметтік төлемдерді өсіріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруда. Және де 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 пайызға ұлғайып, зейнетақының ең төменгі мөлшері 23 692 теңгені құрады, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 19 966 теңгеден 21 364 теңгеге дейін арттырылды.
Асхат Күзеков өз сөзінде еліміз экономикасы әлем экономикасының бөлінбес бөлшегі екендігін алға тартты. Сенатордың пайымынша, жаһандық дағдарыс жағдайында мемлекеттік органдар мен ел тұрғындарына барынша үнемшіл болған орынды. Бюджеттің оңтайландырылуы дағдарысқа қарсы шараның негізгі және дер кезінде қабылданған элементі болып табылады. Бұл ретте депутат мемлекеттің өз әлеуметтік міндеттемелерін орындап келе жатқандығын және орындай да берерін ерекше атады. Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» бағдарламасын толықтыру мен кеңейту бағытындағы тапсырмалары Ұлттық қор қаржысымен кепілдендірілгенін де ауызға алды.
Мемлекеттің дағдарысқа қарсы шаралары барысы сөз етілісімен, сенаторлар бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».