16 Қазан, 2015

Жаңа технологиялар – табыс тетігі

594 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«TERRAZZO»3Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап өз жұмысын бастады. Одақтың алдында тұрған мақсат ұлттық экономиканы жаңғырту, әсіресе, қайта өңдеу, өндіру саласын дамыту болып табылады. Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Армения елдерінің инновациялық тұрғыдан жаңғыртуға көңіл бөлуі арнайы жобамен белгіленген. Осы жоба сәтті жүзеге асқан кезде одақ мемлекеттері ұлт­тық экономиканың бәсекеге қабі­лет­тілігін нығайтып, өзінің әл-ауқатын арттыра алады. «Ресей әлемде шикізат экспортшысы ретінде танылғанмен, шын мәнінде, жағдай мүлде басқаша – дейді Экономика инсти­туты бұрынғы кеңестік кезең­нің экономикалық даму орталы­ғының жетекшісі Елена Кузь­мина. – Ресей шикізат сатумен ғана айналыспайды, тау-кен құ­рал­дары, вагондар, жоғары дәл­діктегі техникалар сияқты тауар­ларды экспортқа шығарады. Де­генмен, инновациялық жоғары технологияға қол жеткізу – Ресей үшін бірінші орындағы мәселе. Белоруссияның өндірістік дамуы өте жоғары. Бұрынғы КСРО елдері ішінде кәсіпорындарын толық сақтап қалған бірден-бір ел осы Белоруссия». Оның үстіне Беларусьтің өндіріс орындары Ресеймен байланыстарын үзбепті. Ішкі өнімдері үлкен сұранысқа ие екен. Себебі, Белоруссияның ішкі саудасы ТМД елдерінің қажеттіліктерін толық жауып отырса керек. Ал Еуропа елдеріне шығу үшін әлі де болса сапа мәселесін пысықтау қажет, сондықтан да, алыс шетелдерге тек шикізат өнімдері ғана тасымалдануда көрінеді. Ал Қазақстан экономикасы негізінен шикізат экспорттауға негізделген. Республикада мырыш, мыс, табиғи газ, мұнай, уран сияқты шикізат түрлері жеткілікті болғанмен, экс­порт саласындағы жанар-жағар­майдың тауарлы түрлері 2013 жылы 70 пайызды құраған. Дегенмен, Елена Кузьминаның пікірінше, Шығыс Қазақстанда біраз жылдан бері қарай үдемелі инновациялық-индустриялық бағ­дарлама қарқынды жұмыс жасай­тындықтан, шикізатты шығарумен қатар, өңдеу саласы да біртіндеп дамып келеді. Ресей мен Беларусь Қазақстандағы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына ерекше қызығушылық танытыпты. Отанымызда Еуразиялық эко­номикалық одақ елдерімен эко­номикалық байланысты нығайтуға арналған өндірістік орындар салынып жатыр әрі бұрынғылары жаңа қырынан жаңғыртылуда. Соның бір мысалы ретінде айтсақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Асбестцемент бұйым­дарын жасау зауыты» ЖШС жетек­ші­лерімен бірге жаңадан шығаратын өнімдердің тұсауын кескен болатын. Қазақстанда баламасы жоқ өнімдер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы мен «Да­му» қоры арқылы шығарылып жа­тыр. Зауыт 1961 жылдан бас­тап Одақ көлеміне танымал болған. Ресей, Беларусь, Молдавия ел­деріне үйдің төбесін жабатын шифер шығарумен айналысып келген. Енді, міне, тәуелсіздік жылдарынан кейінгі экономикалық жаңару, қалалар салу бұл зауыттың өніміне деген сұранысты арттыра түскен. – Еуразиялық экономиалық одақтың болашағы зор екендігіне сенімдіміз. Соңғы үш жыл ішінде біздің зауыт жаңадан мәрмәр-мозаикалық технологиядағы 3 жүйені іске қосты. Оның біріншісі – жабыңқы плиталар, екіншісі – TERRACCO плиталар деп аталады, ал үшіншісі – қабырға панельдер, – дейді зауыт директорының инно­вациялық технологиялар жө­ніндегі орынбасары Расул Шаис­­­каков. – Барлық өнімдер эко­логиялық жағынан қауіпсіз таза шикізаттардан жасалған. TER­RACCO плиталар – жоғары дамы­ған италиялық технология жемі­сі, бұл, тіпті, ТМД көлемінде сирек шығарылатын өнім. Виб­ро­жинақтау, сығымдау арқылы ыл­ғалды жылу беріліп, жоғары сапа­лы өнім болып шығады. Сығымдау кезінде әр плитаға 100 тонна­лық қысым көрсетіледі. Сөй­тіп, жаңа жасалған материал төзім­ділігін танытады. Плиталар негізі­нен жоғары маркалы цемент пен мәрмәр тас, граниттің қосын­дысынан жасалады. Семей зауыты бүгінде тәулігіне асбестцемент бұйымдарының 400 шаршы метрін, ал жылына 100 000 шаршы метрін шығаратын болды. Бағалары қолжетімді. – Соңғы кездері біз мемлекеттің қолдауын жақсы сезініп отырмыз, – дейді кәсіпорынның бас директоры Сейітқасым Тамбетов. – Жақында ғана жеңілдікпен 220 млн. теңгеге несие алдық. Соның нәтижесінде қуаттылығы жылына 100 мың текше метр болатын газблок цехын ашпақпыз. Оның өнімдері ТМД көлемінде, Еуразиялық экономикалық одақ елдері аумағында сұранысқа ие болатын дүниелер. Өйткені, барлық жақта да құрылыс материалдарына сұраныс жоғары. Зауытта бұл күндері ирек және жазық шифер тақтасынан өзге, төбелік құм-цемент тақтасы мен сыртқы өңдеу тақтасы шы­ға­ры­лады. Сонымен қатар, зағип жан­дар­дың жүруіне қолайлы болуы үшін арнайы бұдыры бар тақта­ларды шығару да қолға алыныпты. – Біздің мақсатымыз – кәсіп­керлерге өнім түрлерін таныстырып, нарықтағы сауда құнынан ақпараттандыру, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық ұлттық кәсіпкерлер палатасы Семей қалалық филиалының директоры Ардақ Әділжанов. – Жобалау инс­титуттары мен құрылысшылар кейін жергілікті өнімдердің басқа да түрлерін арттыра алады. Жергілікті тауар өнімдерін таныстыруды алдағы уақытта да жүргізетін боламыз. Бұл өз кезегінде зауыттың серпіліс алуына мүмкіндік береді. Жобалаушылар мен құрылысшылардың көпшілігі бүгінгі мозаикалық-граниттік шатыр, плиталар түрлерінің шығарыла бастағанынан енді ғана хабардар болып жатыр. Алдағы уақытта біз құрылыс саласындағы мамандарды, компанияларды толықтай ақпараттандырмақпыз. Және ірі сауда орталықтары мен дүкендерге осы өнімдердің 40-50 пайызын сатуды ұсынамыз. Зауыт жұмысын жолға қою арқылы біз жұмыссыздықтың алдын аламыз. Зауыт өнімдерін Семеймен қатар, еліміздің бірқатар аймақтары және Орталық Азия, ТМД елдері пайдаланатын болады. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ. Суретті түсірген автор.