04 Шілде, 2015

Бұлар – адамды тәрбиелеуге арналған реформалар

257 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
b71b080«Болашағы біртұтас ұлт инс­титуттық реформасы аясында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идея­сын іске асыру туралы» тақы­рыбында Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов кеше Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді.  Мемлекет деңгейінде бүкіл қоғам болып Елбасы бастаған бес инс­ти­туттық реформаға қатысты күрделі жұмыстар жүргізілуде, деп сөзін бас­таған Мәжіліс депутаты оның жұмы­сына депутаттар, фракциялар мүше­лері және ғалымдар атсалысуда екен­дігін атап көрсетті. Депутат бұл ретте елі­мізде қазіргі әлемде орын алып жат­қан дағдарыстарға қар­сы арнайы бағ­дарламалар әзір­лен­гендігін де тілге тиек етті. «Негізінен, жүзеге асырылып жатқан реформалардың барлығы ұлт­ты жаңғыртумен тікелей бай­ла­нысты. «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясы жүзеге асырылуда. Әрбір бес жылдыққа бұра­лаңы көп жол­дарда нақты міндеттер айқын­далып қойылған. Ұлтты жаңғыр­ту дегеніміз өркениетті 30 елдің қа­тарына енген мемлекетті салу ғана емес, соған лайық тұрғындарды да дайындауымыз керек», деп са­бақтады сөзін Камал Низамұлы. Әсіресе, бұл жастарға қатысты екен­дігімен бөліскен депутат елі­міздің әрбір азаматы дамыған 30 елдің қатарындағы мемлекетте өмір сүруге лайық болуы тиістігін де ескертіп өтті.  Бұған бес инс­ти­туттық реформаны жүзеге асы­рудағы «100» қадам өзіндік ық­пал етуі тиіс. К.Бұрхановтың пайымынша, «Мәңгілік Елдің» астарында қуатты әдістемелік-теориялық негіз болуы шарт. Сондықтан да, бұл қазіргі және болашақ ұрпақтың өмір сүру философиясына айналғаны абзал. «Білім беру философиясы 30 дамыған елде өмір сүруге негіз­делуі тиіс. Ре­форманы ақпаратпен қамтамасыз ету жайына келсек, кез келген реформа қуат­ты идео­ло­гиялық және үгіттемелік ілеспемен жалғасуы орынды», деді депутат. Ел тұрғындарының 95 пайы­зы өздерін Қазақстан Респуб­лика­сының азаматтары ретінде сезінетінін алға тартқан К.Бұрха­нов бұл мемлекет пен Елбасы­ның сарабдал саясатының арқа­сында мүмкін болғандығын атап көрсетті. Сондықтан да, Ұлт­ты жаңғырту реформасын әрі қарай да жалғастыра беру керек. Сингапурдың бұрынғы көшбас­шысы оны әлемдегі дамыған бес елдің қатарына қоса білді. Ол тек мемлекетті аяғынан тұрғызып қана қоймай, қоғамды да соған сәйкес етіп тәрбиелей алды. «Егер біз сол бағытта жылжитын болсақ, онда сондайға лайық әрекетке көшу қажет. Неге Жапония мен Германия Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқанымен, араға ондаған жылдар салып әлемнің экономикалық державаларына айналып шыға келді? Еңбекқорлық пен тәртіп осындай нәтижеге жеткізген. Барлығы да адамға байланысты», деді К.Бұрханов. Оның айтуынша, мынадай халық даналығы бар: «Егер сен бір жылға шамаласаң, онда астық ек. Ал егер жүз жылға шамаласаң, онда тал отырғыз. Мәңгілікке үн қатқың келсе, онда адамды тәрбиелеуің керек». Олай болса, бес институттық реформа да осы адамды тәрбиелеуге бағытталған. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».