27 Шілде, 2010

Бас жүлдеге — жеңіл көлік

576 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ауылдық жерлерде спорттың бұқаралы­­лығын арттыруда “Ақ бидай” облыстық спартакиада­сының маңызы ерекше. Биыл да бұл мереке өз деңгейінде аталып өтті. Жарыс шымылдығы Есіл ауданының орталығы – Явленка кентінде ашылды. Салтанатты жиында сөйлеген облыс әкімі Серік Біләлов Елбасы Жолдауында айтыл­ған қазақ­стан­дықтардың кемінде 30 пайызын спортқа тарту міндетінің маңызына тоқтала келіп, жарысқа қатысушыларға жеңіс тіледі. Спартакиада футбол, баскетбол, волейбол, еркін күрес, үстел теннисі, жеңіл және ауыр атлетика, веложарыс секілді спорттың 12 тү­рін қамтып, 13 ауданнан бір мыңға тарта спорт­шы өзара күш сынасты. Дода аса тар­тыс­ты өтіп, ақтық сынға дейін кімнің же­ңімпаз атанары белгісіз болып келді. Мәселен, жұмабаевтықтар дойбыдан ешкімге дес бермесе, тимирязевтіктер белтемір көтеру­ден алдарына жан салмады. Тайынша ауданының құрамасы пневматикалық мылтықтан атудан құралайды көзге атқан сұрмергендер болып шықты. Десек те, жалпыкомандалық есепте алаң иелері – Есіл ауданының спортшылары ең көп ұпай жинап, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Оларға облыс әкімінің жүлдесі – “УАЗ” жеңіл көлігі табыс етілді. Екінші, үшін­ші орындарды иеленген Қызылжар және Тайынша аудандарына спорттық велосипедтер мен жаттығу тренажерлері тарту етілді. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы.