27 Шілде, 2010

Вена келіссөздер құжаты қауіпсіздік пен сенімді нығайтпақ

594 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыда “Сенім мен қауіпсіз­дікті нығайту шаралары бойынша 1999 жылғы Вена келіссөздер құжаты” аясындағы қару-жарақты бақылау бойынша кезекті аймақтық курс өз жұмысын аяқтады. ҚР Қорғаныс министрлігі жанындағы қару-жарақты қысқартуды бақылау және инспекция қызметін қамтамасыз ету орталығы мен Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы, Орталық Азия мен Кавказ мемлекеттеріндегі ЕҚЫҰ орталықтары мен миссиялары, Венадағы ЕҚЫҰ хатшылығы бірлесіп ұйымдастырған  курс жұмысында бірқатар маңызды мәселелер қамтылды. Курс жұмысына ҚР Қорғаныс министрлігі жетекшілер құрамы­ның өкілі, генерал-майор Бақтияр Сыздықов, Астанадағы ЕҚЫҰ ор­талығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер, ЕҚЫҰ-ның Ве­на­дағы хатшылығының өкілі Лора Фурухолм және Түркіменстан, Тә­жікстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Ұлыбритания мен Фран­ция верификациялық орта­лық­­тары­ның әскери-дипломатия­лық өкілдері қатысты. Сонымен, үш күнге созылған курс жұмы­сында ЕҚЫҰ байланыс торабы бойынша хабарландырулар фор­матымен алмасуға қатысты Вена құжатының ережелерін орындау, құжатқа қа­ты­сушы мемлекет­тердің өзара инс­пекциялық қыз­метін қамтамасыз ету сияқты ЕҚЫҰ әскери-саяси өлшемі тақырыбына қатысты лекциялар топтамасы оқылды. Курсқа қатысушылар ЕҚЫҰ кеңіс­тігінде сенім мен қауіпсіздік іс-шараларын қолдануды жетіл­діру бойынша өзара пікір алмас­ты. Сондай-ақ курс жұмысы аяқ­тал­ған­нан кейін Қарулы Күштер бөлімдерінің бірінде оқу-жаттығу инспекциясы да жүргізілді. Қазақ­стан­ның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым­ға төрағалығына орай ҚР Қорғаныс министрлігі сенімділік ша­раларын және аймақтық қауіп­сіз­дікті нығайту бойынша бір­қатар іс-шараларды жүзеге асыр­ды. Сонымен бірге қару-жарақты бақылау саласында семинарлар мен курстық сабақтар да өткізілді. ҚР Қорғаныс министрлігі же­тек­шілер құрамының өкілі, гене­рал-майор Бақтияр Сыздықовтың айтуынша, курс жұмысының  ЕҚЫҰ-ға қатысушы  мемлекет­тер­дің  сыртқы істер министр­лері­нің жа­қында ғана Алматыда өткен бей­ресми  кездесуінен кейін ұйым­­дастырылуының маңызды­лығы зор. – Көпшілікке белгілі, Қазақ­стан мемлекеті әрдайым және үнемі халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, есірткі сау­дасы мен өзге де бүгінгі таңдағы алуан түрлі қауіп-қатерлерге қарсы ба­ғыт­талған халықаралық өзара қа­рым-қатынастың белсенді қаты­су­шысы болып келеді. Бүгінгі таңда бүкіл әлемде тұрақты және бейбіт дамудың ең маңызды шарттары­ның бірі – сенім мен қауіпсіздікті нығайту, қару-жа­раққа бақылау режімін сақтау болып табылады. Ал Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға би­ылғы жылғы төрағалығындағы бас­ты мақсаты – оңды тәжірибе­лер­мен алмаса отырып, тиімді, ық­пал­ды шешім­дерді іздестіру екендігі сөзсіз. Бұл орайда, ықыласты үнқатысудың мысалы ретінде ЕҚЫҰ кеңіс­ті­гінде қауіпсіздік пен сенімді нығайтудың маңызды құралдары­ның бірі болып саналатын Вена құжатын жаңартудың қажеттігі туралы консенсустық шешімді атап айтуға болады,– дейді генерал-майор Бақтияр Сыздықов өз ойын ортаға салып. Шын мәнісінде де, әскерилер пікірінше Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жылындағы осын­дай жоғары деңгейдегі аймақтық оқу курсы өткізілуінің мәні мен маңызы айрықша екендігі айтпаса да түсінікті. Кезекті оқу курсы­ның ұйымдастырылуы тек Ор­талық Азия мен Кавказ айма­ғында ғана емес, сонымен қатар ЕҚЫҰ кеңістігінде тұтастай ал­ған­да аймақтық сенім мен қауіп­сіздікті нығайтуға өз үлесін қоса­тынына сенім мол. Көпшілік тұжырымы осы. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.