Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІ съезі өтті. Оған Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Тәуелсіздік сарайы бұл күні еліміздің барлық түкпірлерінен келген съезд делегаттарының ыстық ықыласты, жылы жүзді қауышуларына куә болды. Делегаттар арасында республика халқына жақсы танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты ғылым, өнер, әдебиет өкілдерімен қатар, экономикада биік табыстарға қол жеткізген өндіріс майталмандары бар еді. Әрине, ата жасынан асқан ақылман ақсақалдар мен жастар да жүрді. Жалпы, делегаттар саны 1200 адамнан артық болғанымен, шақырылған қонақтарды қоса есептегенде, съезге 2 мыңнан артық адам қатысты. Соның ішінде Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.
Съезд жұмысын партия Төрағасының бірінші орынбасары
Бауыржан Байбек ашты. Ол өзінің сөзін осыдан 550 жыл бұрын тарих сахнасына көш түзеген халқымыз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаздықты ту еткен сарабдал саясатының арқасында бүгінде халқының бірлігі жарасқан, экономикасы қуатты, бүкіл әлем мойындаған заманауи тәуелсіз мемлекет құрды, деп бастады. 20 жыл бұрын мемлекеттік тәуелсіздіктің тірегі – Конституцияны қабылдап, барша ұлт пен ұлысты байырғы қазақ жерінде өзара ынтымақ пен келісімге ұйытқан Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Тағдырдың небір қиын-қыстауынан шыныға да, шыңдала да өткен еліміз қазіргі әлемдік дағдарыстар уақытында да даналықпен өз Көшбасшысының төңірегіне топтасып, жасампаз істерге тас-түйін жұмылып, бекемдігін нығайтып, елдігін өсіруге бел буды. Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы тарихи Жолдауында еліміздің жаңа даму жолын айқындап, нақты бағыттарды белгіледі. Бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаржының ел игілігіне шашаусыз жұмсалуын қадағалау «Нұр Отан» партиясының айрықша міндеті. Партиямыздың кезекті ХVІ съезі осынау зор сенімді ақтау жолында қабылданатын стратегиялық мақсат-міндеттерімізді айқындауға арналады. Біз бүгін атқарылған істерді қорытындылап, айтылар ұсыныстар негізінде аса маңызды шешімдер қабылдаймыз, деді ол.
Одан әрі Б.Байбек съездің қарауына ұсынылатын күн тәртібінің жобасын жариялап, оны делегаттар бірауыздан бекітті. Сонымен съездің қарауына «Нұр Отан» партиясының атынан Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер ұсыну, партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есептік мерзімдегі жұмысының қорытындысы және партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиялары мүшелерін сайлау деген сияқты 3 мәселе ұсынылатын болып шешілді.
Осы үш мәселенің ішіндегі ең бастысы, әрине, президенттік сайлауға үміткер ұсыну екені сөзсіз. Осы мәселе бойынша бірінші сөзді мемлекет және қоғам қайраткері, академик
Кенжеғали Сағадиев алды. Партиямыздың съезі бүгінгі күрделі кезеңнің өзекті мәселелерін талқыламақ. Олардың ішінде сырттан көріне бастаған небір қауіптердің алдын алу шаралары да бар, деп бастады ол өзінің сөзін. Дәлірек айтсақ, әлемде бүгін тыныштық жоқ. Дүрбелең көбейді. Татулығы бұзылып, бір-бірімен мәмілеге келе алмай, қылыштарын жалақтатып, санкциялық соғыс майданын ашқан елдердің салқын ызғары біздерге келмейді емес, келеді, келіп те жатыр. Бұл – үлкен қауіп. Осылай дей келіп, шешен одан әрі жалпы экономикалық жағдайларға тоқталды. Әлем экономикасы әлі дағдарыстан шыға алған жоқ. Оның дамуы бәсеңдеді, тауарға сұраныс азайды, мұнай, басқа да заттардың бағасы түсіп кетті. Табыс көздері тарылды. Экономикасы нашарлап немесе құлдырау салдарынан алыс-жақын 18 мемлекет өздерінің ұлттық ақшаларын девальвациялауға мәжбүр болды. Осының бәрі Қазақстан үшін қауіп, оны баршамыз сезіп отырмыз. Күрделі кезеңдерде бабаларымыз құрылтай шақырған екен. Бүгінгі құрылтайымызда да алдағы қиындықтарды болдырмау жолдары сөз етілмек. Бізге керегі – ұтымды саясат, тиімді экономика. «Қауіпсіздік, тұрақты даму» осы құрылтайдағы әңгіме арқауы, деді ол.
Сонымен қатар, деді шешен әңгімесін жалғап, осы өзекті мәселелерді шешудің дұрыс жолын тауып, ел тізгінін берік ұстап отыра алатын басшымызды қазір сайлап алуымыздың маңызы зор. Осы азаматтың есімін жетекші партия ретінде «Нұр Отан» партиясы атауы керек. Сонау «сайлау өткізейік» деген күндерден бастап, еліміздің барлық өңірлерінде, саяси топтарда, зиялы қауым ортасында, кәсіпкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, жұмысшылар, шаруалар арасында, жалпы халқымыздың басым көпшілігінде «президент болуға лайық» деп бір адамның есімі айтылып, ұсынылып жүр. Ол біздің «Нұр Отан» партиясының Төрағасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Біз де осы пікірдеміз. Осыларды ескере келіп, құрметті делегаттар, партия атынан президенттіктен үміткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты ресми ұсынайық және одан үміткер болуға келісімін сұрайық.
Нұрсұлтан Әбішұлы – сын-сынақтардан абыроймен өткен Елбасы. Оның басшылығымен қазақ елі талай асулардан өтті. Бұл бабалар бұрын жүрмеген, тың, соқпағы көп жол еді. Оның қиындықтары да болды. Бірақ, Елбасы осылардың бәрінен тұрақты дамуға жол таба білді. Қазіргі қиындықтарды да дер кезінде сезіп, көріп отыр. Оның айғағы – Елбасы ұсынған «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты. Ол – кең-байтақ елді мекендеріміздің бір-бірімен байланысын нығайтып, өңірлерге, жалпы халқымызға жаңа тыныс, тіршілік әкелетін саясат. Ол – жұмыссыздықпен күресуге құрал болмақ саясат. Ең бастысы, біз бұрынғыдай тек мұнайға иек артуды қойып, экономиканың жаңа бағыттарына, жаңа мүмкіндіктеріне басымдық беріп отырмыз. Сын сағатында табылған ұтқыр шешім. Оны орындаудың маңызы өте зор. Осыдан, біздерге құрғақ сөз, жайдақ ұран емес, тиянақты іс керек, оның нәтижесін халық көруі керек. Сонда ғана «Нұрлы Жол» біздерді жаңа белестерге шығара білген береке жолы деп айта аламыз, деп бір қайырды академик.
К.Сағадиев келесі кезекте мемлекетіміздің 550 жылдық тарихында ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген қастерлі сөз, қасиетті ұғымдар бар екеніне назар аударды. Бірталай заман өтер, келесі бір ұрпақтарымыз Елбасының, халқымыздың бүгінгі тер төккен еңбегін «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп мақтанышпен айтып жүрер. Ол үшін бүгінгі еңбек баянды болуы керек. Осыған атсалысу – «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің өте маңызды міндеті. Қазақстан халқында бір-біріне деген жарастық, түсіністік, ынтымақ, бірлік бар. Олар Елбасының сындарлы саясатының арқасында қол жеткізілген табыс. Қазақ елі – ешкіммен дауласпай, жауласпай, алыс-жақын көршілерімен татулықта отырған ел. Мұны да Президент қамтамасыз етуде. Қазақстан басшысы әлемдегі қақтығыстарға бей-жай қарамай, бітімге шақырып, әлем тыныштығы үшін атсалысып, халықтар арасындағы бейбітшілік пен ынтымақ үшін әлем деңгейіндегі көрнекті күрескер дәрежесіне көтеріле білді. Осының бәрі – Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті тағына бірден-бір лайық қайраткер екенінің айғағы. Осымен ағайындар, президенттіктен үміткер ретінде бәріміз бірауыздан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ұсынайық! Елбасымызды қолдайық, деп К.Сағадиев сөзін аяқтады.
Екінші сөз Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, партия Саяси кеңесі бюросының мүшесі
Анатолий Башмаковқа берілді. Ол академик К.Сағадиевтің ұсынысын қолдайтынын жеткізіп, Елбасы болуға Нұрсұлтан Назарбаевтың әбден лайықты екенін атап көрсетті. Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы, бұл ұсынысты бірауыздан қолдаймыз. Мен қызмет бабына орай еліміздің аймақтарына жиі шығып тұрамын. Сондағы кездесулердің бәрінде ардагерлер де, жастар да, зиялы қауым өкілдері де президенттікке Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана лайықты екенін айтқанын естимін. Мен жуырда ғана Солтүстік Қазақстан облысында болып, онда университетте оқитын жастармен, мектеп директорларымен, қоғам өкілдерімен кездестім. Өздерінің болашақтарын олар тек Сізбен ғана байланыстырады, деді ол сөзін Президентке қарата бұрып.
Одан әрі шешен «Нұр Отанның» ХV съезінде қабылданған доктринаны еске алды. Онда: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті біздің партияны құрушы. Біз Тәуелсіздік алуымызды және Қазақстан табыстарының әлемде танылуын оның есімімен тікелей байланыстырамыз. Елбасының мемлекеттік бағдары біздің халқымыздың болашағын анықтайды» деп жазылған еді. Өз тарапымнан айтар болсам, Тәуелсіздік пен Н.Назарбаев – егіз ұғымдар. Бұл біздің ұнамды және тарихи символдарымыз, деді. Одан әрі ол Президенттің халықаралық беделіне тоқталды. Біздің Президентіміздің халықаралық беделі өте жоғары. Оған мен БҰҰ-да және Бразилиядағы Рио+20 Саммитіне қатысқанда көз жеткіздім. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун өзінің сөзінде біздің Президентіміз туралы «сарабдал саясаткер және дана дипломат» деген еді. Ал 193 мемлекеттің басшылары қол қойған Жер шары Саммитінің қорытынды құжатына Қазақстан Президентінің барлық ұсыныстары енгізілді, деді А.Башмаков.
Нұрсұлтан Әбішұлы мен үшін өз Отанына, өз халқына деген орасан сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болып қала береді, деді ол сөзінің соңында. Ол өзінің тағдырын толығымен туған елінің игілігіне арнады. Сондықтан да, Тәуелсіз Қазақстанның барлық табыстары мен жетістіктері бүгінгі күні Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бұл – тарихтың терең қойнауларына жететін айнымас факт. Қазақстанның барлық халқы Елбасына сенеді, өздері мен елдің жарқын болашағын тек соның есімімен ғана байланыстырады. Сондықтан да, біз оның кандидатурасын бірауыздан қолдаймыз.
Үшінші сөз ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы
Ақұштап Бақтыгерееваға берілді. Бүгін біз кең-байтақ қазақ даласының түкпір-түкпірінен алуан ұлт өкілдері бас қосып отырмыз. Мыңжылдық тоғысында өз егемендігін алып, жаңа дәуірдің соқпақты жолын жаңылмай өтіп жаңа белеске көтерілген Қазақ елі тарихының жаңа да жарқын беті жазылуда. Қасиетті атамекенді сүйіп, оның еліне ие, халқына кие болып, қиын кезеңнен алып өтіп, жаңа дәуірге бастау бақыты кез келген адамның басында болмайтын бақыт, ол бақыт құдай сүйген перзентке бұйырған ерекше бақ екеніне куә болдық. Ол елдің бағына туған – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деп жар сала келдік. Бұл күнде бүкіл әлем таныған «Қазақстан – Нұрсұлтан» деген қос сөз жастың да, кәрінің де мақтауына айналды. Байлығы мол даланы бүкіл әлемге танытып, туған ел терезесін теңгеріп үлгерген ұлы саясаткер Сізді қайта президенттікке сайлаймыз деген ел тілегін алып келдік, деді ол.
Егемендіктің алғашқы жылдарында қаламгерлермен жүздескенде: «Жазушылар, Алматыда отыра бермей, елге барып егемендіктің мәнін түсіндіріңдер, біз үшін одан құнды ештеңе жоқ», деген едіңіз. Мен Ресейдің бес облысымен шектесетін Оралға қоныс аудардым. Тіл мен діннен алшақтаған жастарға аналық ақылымды айтқым келді. Қалада ол кезде бір-ақ қазақ мектебі болған, бұл күнде 16 мектеп ашылды. Өзіңіз айтқан «Қыз – ұлттың анасы» деген сөзіңізге орай сол қыздар тәрбиесіне араластым. Егемен елдің ертеңгі бесігін тербететін қыздарымыз қалай өсіп жатқаны менің көңілімді алаңдатты. Әйел жүгі – ошақ басы, шаңырақ жауапкершілігі деп түсінген мен үш бала, бес немере тербетіп, өлең жазып жүре бердім, деген ақын одан әрі Президентке: «Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы! Өзіңізге таныс бабалардан жеткен бір қағиданы қайталағым келеді. Абылайды хан етіп көтергенде ол: «Мына даланы қорғап басын оққа тіккен батырлар да құрметке лайық қой», депті. Сонда Қабанбай батыр: «Хан біреу – қалғандары тіреу болуы керек», деген екен. Сол бабадан жеткен ұлағатты енді біз айтуға келдік. «Нар жолында жүк қалмас» деп Сізге тағы сенім артқалы отырған барша халықтың атынан зор денсаулық, қажымас қайрат тілеп, сөзімді өлең жолдарымен аяқтағым келеді», деп өзінің Н.Назарбаевқа арнаған «Тұңғышқа арнау» деген өлеңін оқып берді.
Сүйгізіп маңдайыңды таң нұрына,
Шыдауға туған ұлсың барлығына.
Алаштың еркіндігін алған ғасыр,
Жазылды бүгін анық тағдырыңа.
Таңдаған тұңғышысың еркін елдің,
Бəрі есте – толғанысы сол күндердің.
Көк туын еркіндіктің сүйіп тұрып,
Халқыңа адалдықтың сертін бердің.
Сенеді тұңғышына қауым бүгін,
Сезеді сенім жүгі ауырлығын.
Нұр жүзді нар тұлғамен алға баста,
Көтеріп иықтағы дəуір жүгін.
Көтеріп дәуіріңнің ауыр жүгін.
Одан әрі сөз Қызылорда облысының әкімі
Қырымбек Көшербаевқа берілді. Бүгінгі Қазақстан – тыныштық пен тұрақтылықтың мекені. Біз әлемнің көз алдында бірліктің бесігіне, татулықтың тірегіне айналдық. Ұлтты ұйыстырған, тілекті тоғыстырған мерейлі мемлекетімізге өзге жұрт қызыға қарайды, деп бастады ол өзінің сөзін. Мұның бәрі оңайлықпен келген жоқ. Төсінде тұлпардың ізі қалған Ұлы Даламыз талай дәуірді бастан кешті. Бабаларымыз елге қорған болды. Аналарымыз ұрпаққа қамқор болды. Олар Алтай мен Ақжайықтың арасындағы ұлан-ғайыр жерді бізге аманатқа қалдырды. Тәуелсіздік алған соң бұрын қиындықтан көз ашпаған Қазақстанның бағы ашылды. Бізге талай ұрпақтың пешенесіне жазылмаған бақ бұйырды. Елбасымыз арманымызды ақиқатқа айналдырды, деді ол өзінің сөзінде.
Содан кейін әкім қазір біздің кемел ойлы Көшбасшымен бірге қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды атап өтті. Қазақ елімен бірге оның аймақтары да қоса дамып келе жатқанын көлденең тартты. Өзіңіз «Алаштың анасы» деп баға берген Сыр елінде серпіліс көп. Өркениет жолына түскен өңірлер елдің тұтастығын қамтамасыз етеді. Сыр елінің мақсаты да осы. Мерейлі мемлекет, парасатты партия, ұйысқан ұлт кез келген дағдарысты еңсере алады. Осының бәрі Сіздің басшылығыңызбен жүзеге асып келеді. Қазіргі Қазақстан – қуатты Қазақстан! Ал қуатты Қазақстанды көреген Көшбасшы ғана болашаққа бастай алады. Елбасымыздың арқасында қазір Қазақстан дүниежүзіне танылды. Алыс-жақын елдермен сыйласпыз. Іргелес көршілермен татумыз. Сондықтан бүкіл әлем дүрлігіп жатқан кезде тыныштықтың бесігін тербетіп отырмыз. Біз осындай бейбіт өмір жалғаса берсе деп тілейміз! Біздің еліміз – берекелі бірлік пен тұрлаулы тірліктің символы. Қазақ елі – ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір атаның баласындай татулық орнатқан шуақты шаңырақ. Бұл шаңырақтың діңгегін көтеріп, өз қолымен уығын қадаған Елбасымыздың еңбегі ақталды. Біз осы шаттыққа толы шаңырақтың жарасымды тірлігі ұзақ болғанын қалаймыз, деді Қ.Көшербаев.
Бұрын бардың басын қоса алмай, несібесінен қағылып, бейқам жүрген ел едік, деді сөзінің соңында әкім. Бүгінде қолдағы қазынасын қалай жұмсауды білетін, етек-жеңін жинаған іргелі жұртқа айналдық. Масылдықтан арылып, мағыналы тірлік кешуге ұмтылдық. Халықтың мінезі нарықтың мінезіне бейімделді. Ел ішінде кәсіпкерлік сана орнықты. Біз осындай өркенді өзгерістер көбейе берсе деп тілейміз. Осы тілектің бәріне көреген Көшбасшымен бірге болғанда ғана қол жеткізе аламыз. Өйткені, мұның барлығы Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясаты арқылы жүзеге асты. Елбасы елдің, ел Елбасының мәртебесін биіктетті. Сіз қасиетті Қорқыт еліне үнемі көңіл бөліп келесіз. Өзіңіздің қамқорлығыңыздың арқасында қаламыз қайта түрленді. Елдің еңсесі тіктелді. Аңқасы кепкен Аралдың тамырына қан жүгірді. Балығымыз – байлығымызға, күрішіміз – ырысымызға айналды. Сондықтан «Жырдың Жерұйығы» саналатын Сыр елі Сізді әрқашан қолдайды, деп сөзін түйіндеді қайраткер басшы.
Одан әрі сөз кезегі қазақстандық кәсіпкерлер атынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары
Рахым Ошақбаевқа берілді. Ол кәсіпкерлердің Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген табыстарын санамалай келіп, соның бәрі Елбасының сындарды саясатының арқасында болғанын атап өтті. Соның ішінде Елбасының тікелей тапсырмасымен Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының құрылғанын, тексерістердің азайтылғанын, сақтандыру институттарының жасалғанын айтты. Сіздің бастамаңызбен «Инвестициялар туралы» Заңға енгізілген толықтырулар тура инвестициялардың құйылуына қуатты серпін берді. Оны, тіпті, экономикадағы әлемдік дағдарыс та тоқтата алған жоқ, деді шешен.
Одан әрі Р.Ошақбаев еуразиялық интеграция туралы идеяның да кәсіпкерлер үшін аса тиімді болып, 176 миллиондық нарыққа қол жеткізгенін айтты. Біздің елімізде бизнеске ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ қолайлы жағдайлар туғызылған. Соның арқасында соңғы екі жылда ғана шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны 50 мыңға артып, өндірген өнімдер көлемі 1,5 трлн. теңгеге жетті. Ал осы салада жұмыс істейтіндер саны 150 мыңнан 2 млн. 800 мыңға дейін артты, деді.
Сөзінің соңында ол өздері, бизнесмендерге керегі тек – тұрақтылық, болжалдық, бірлік, келісім екенін атап көрсетті. Осы істерді тек Көшбасшымыз ғана жасай алатынын көлденең тартты.
Сөз кезегі өзіне тигенде «Тайынша астық» ЖШС бас директоры
Анатолий Рафальский ауыл шаруашылығындағы қиыншылық жылдарды еске алып, Президенттің ұсақ нәрсені жаңадан ойлап табудың керегі жоқ, тек жұрт жақсысын үйреніп, оны өзіміздің жағдайға икемдеу керек дегенін айтты. Біз сол ақылды бекем ұстанып, биік табыстарға жеттік. Сіздің сөзіңіздің даналығын өмірдің өзі көрсетіп берді. Қазір жұрт біздің тәжірибемізді үйренеді. Мәселен, Түмен облысының губернаторы өзінің делегациясына: «Алыс шетелге барып ақша шығармаңдар, одан да жақын Қазақстанның тәжірибесін үйреніңдер», деп айтқан еді. Сіз ауыл шаруашылығын үнемі қолдап келесіз. Үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің дұрыс саясатыңыздың арқасында бүгінгі күні ауылдықтар дағдарыстан қорықпай, мемлекеттің экономикалық қиыншылықтарды еңсере алатын жоспары барына сенеді, деді шешен. Сөзінің соңында А.Рафальский барлық ауыл тұрғындары Нұрсұлтан Назарбаевқа сенетінін, оның елді одан әрі басқара беруінен үмітті екенін жеткізді.
Алматы облысы Іле ауданындағы М.Мақатаев атындағы орта мектептің директоры
Ғалия Нәдірбекова өзінің сөзінде 40 жылдан бері ұрпақ тәрбиелеп, білім беру ісімен айналысып келе жатқанын айтты. 1991 жылдан бері, яғни еліміз тәуелсіз болғаннан бері мектепте басшымын. «Өзін өзі тану» пәнінен сабақ беремін. Ұстаздық еткен осы 40 жылдың жартысынан астамында мен Тәуелсіз елімнің жастарын оқытып, тәрбиелеу бақытына ие болыппын. Тәуелсіздік алған жылдары туған, яғни санасы жалтақтықтан толық азат жастардың алды биыл 23-ке толды, деді ол. Оның айтуынша, бұл еліміз азат болғаннан бергі Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың көріністері. Егер мен сияқтылар жүздерді тәрбиелеуде десек, Сіз күн сайын миллиондарға жөн сілтеудесіз! деді ол бұл орайда.
Сондай-ақ, Ғ.Нәдірбекова Қазақ елінің тәуелсіздікті аңсап, бұл күнге зарығып жеткеніне тоқтала келе, 90-шы жылдардың қиындықтарын мектептегі мұғалімдер көппен, халықпен бірге көргенін атап өтті. Бірақ, біз Сіздің «шыдаңыздар, бәрі де жақсы болады» деген сөзіңізге сенім арттық. Нәтижесінде дәулетіміз артты, мәртебеміз өсті. Мысалы, жалақымыздың өзі соңғы 5 жылда-ақ 2 есеге көбейді. Өткенде ғана болған Үкімет жиналысында Сіз «білім саласының қаржысы еш қысқартылмайды, өйткені, ол біздің болашаққа жасаған инвестициямыз» деген едіңіз. Осы сөздерді естігенде басқа елдерде, соның ішінде, тіпті, Америка Құрама Штаттары сияқты елдердің өзінде орын алып отырған мектеп жүйесін қысқарту, мұғалімдерді жұмыссыз, яғни балаларды білімсіз қалдыру, оған ұласқан дау-дамай еріксіз еске түсті, деді өз сөзінде мектеп директоры.
Сонымен қатар, ол Елбасының тапсырмасына сәйкес, қарапайым жұртшылықтың мұң-мұқтажын шешуге, тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға үлкен мән беретін «Нұр Отан» партиясы бүгінде халыққа жақын партия болып отырғанын, қоғамдық қабылдау мүмкіндігі ауылдық жерлерге жеткендігі де мұның айқын көрінісі екендігін тілге тиек етті. Партияға деген осынау ел үмітінің Елбасына деген үлкен сенімнен нәр алатыны менің барша әріптесіме, бүкіл халыққа белгілі. Менің ойымша, әрбір нұротандықтың мақсаты – қолда бар алтынның қадірін шын біліп, Елбасы бастаған жасампаз істердің әрдайым қасынан табыла білуге, бастаманы іліп әкетіп, мақсатына жеткізе орындауға ұмтылу. Сіз ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындап, еліміздің ең мықты 30 мемлекеттің қатарынан көрінуіне қызмет ету, жастардың соны көруіне жағдай жасау бәрімізге сын. Ол үшін тәуелсіз еліміз бет түзеген болашақтың көшіне әрі қарай да Елбасы бас болуы керек. Сіздің тұлғаңызды тек партия мүшелері ғана емес, әрбір ұстаз бен көзі ашық, көкірегі ояу ата-ананың қолдайтыны анық. Біз өзіміз бен балаларымыздың болашағын тек Елбасымен ғана байланыстырамыз, деп түйіндеді өз сөзін ұстаз.
«Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ басқармасының төрағасы
Юрий Пя «Нұр Отан» партиясының съезіне қатысу өзі үшін үлкен мәртебе екенін, себебі, бұл съездің Қазақстан үшін тарихи мән-маңызы зор екенін атап өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Сіздің «Мемлекет – ол ең бастысы, адамдар. Ал мемлекет бәсекеге қабілетті болуы үшін, оның азаматтары да бәсекеге қабілетті болуы керек» деген сөзіңізді ұмытпаймын. Сол себепті, біз алдымызға басқа елдерден де ауқымды мақсаттар қойып, өз-өзімізге сеніп, бір орында қалып қоймауымыз керек, деді ол өз сөзінде. Ол бүгінде Елбасы мемлекетіміздің 30 дамыған елдің қатарына қосылу туралы міндет қойып отырғанын, ал бұл стратегиялық міндет өзінің өміршеңдігін толықтай дәлелдеп келе жатқанын да тілге тиек етті. Мұны Қазақстанның экономикалық жетістіктері мен сарапшылардың еліміздің дамуына берген бағасы көрсетіп келеді.
Мәселен, біздің денсаулық сақтау саламыз оң өзгерістерді бастан кешуде. Бұл салаға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып қана қоймай, жаңа заманға сай клиникалар салуға, инновациялық технологияларды енгізуге, медициналық қызметкерлердің беделін көтеріп, олардың еңбекақыларын өсіруге сеп болуда. Елбасы қолдауының арқасында Қазақстан 10 жылдан аз уақыттың ішінде ең күрделі деген кардиохирургиялық операциялар жасайтын 30 мықты елдің қатарына енді. Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің еліміздің басқа да асуларды бағындыра алатынын айғақтайды. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде кардиохирургиялық операцияларды жасауға жағдай жасалуда. Әр жыл сайын жүрекке 20 мыңнан астам операция жасалады. Бұл 10 мыңдаған адамның өмірі сақталады дегенді білдіреді, деді Ю.Пя.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде Астанада Ұлттық медициналық холдингтің базасында «Болашақ госпиталі» құрылып жатқанын, бұл отандық медицинадағы ең ауқымды жобалардың бірі екенін жеткізді. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, «жаңа медициналық технологиялар енгізетін алаңға және қазақстандық денсаулық сақтау жүйесі дамуының локомотивіне» айналмақ. Мәселен, жақында Wall Street-те Қазақстан маңызды стратегиялық әріптес ретінде аталды. Оның ішінде Астанадағы кардиохирургиялық орталық бәсекеге қабілеттілердің бірі болып қана қоймай, клиникалық нәтижелері бойынша да ең озық деп танылды. Сондай-ақ, Женевада өткен таңдау нәтижесі бойынша Астана 5 елдің ішінен 2017 жылы Кардиохирургтердің дүниежүзілік конгресі өткізілетін орын ретінде таңдалды. Бұл посткеңестік кеңістіктегі ең маңызды оқиға болмақ, деді доктор Пя өзінің сөзінде.
Ю.Пя, сондай-ақ, өзінің өткен жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғанын айрықша мақтан тұтатынын айтты. Бұл менің ғана емес, еліміздегі барлық медицина қызметкерлері еңбектеріне берілген баға деп ойлаймын, деді ол. Сөзінің соңында Ю.Пя Қазақстанның медицина саласының мамандары Елбасының саясатына сеніп қана қоймай, қолдау көрсететінін атап өтті. Біз Қазақстанның табысты, тұрақты түрде дамыған, әлем елдерінің ішінде өзінің лайықты орнын иеленетін мемлекет болғанын қалаймыз. Ол үшін біз мемлекет пен халықтың игілігі жолында аянбай тер төгетін, бар күш-жігерін аямайтын мықты әрі парасатты Көшбасшыны таңдаймыз! деді ол.
Бұдан кейінгі кезекте сөз алған «Сәтбаев Оперейтинг» ЖШС бас геологы
Асылжан Дәулетов кезінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Лондон Империялық колледжінде білім алған екен. Ел ертеңін айқындайтын тарихи жиында Өзіңіздің мемлекеттік бағдарыңыздың шапағатына бөленген мыңдаған жастың атынан сөз алу құрметіне ие болғаныма айрықша қуаныштымын. Мен мұнайлы өлке – Атырау облысынан келіп отырмын. Әулетіміздің қарашаңырағында төрт ұрпақ – ата-әжем, әке-шешем, өз отбасым, екі баламмен тұрып жатырмыз. Жалпы, осы мамандықты таңдауыма екі мәселе ықпал етті. Оның біріншісі – Өзіңіздің бастамаңызбен қолға алынған Индустрияландыру бағдарламасы болса, екіншісі – алқалы жиында ел жастарын геология саласының тізгініне ие болуға шақырған сөзіңіз. Сол кезде Атырау мұнай және газ институтын тәмамдап, Теңіз кенішінде жұмыс істеп жүрген мені Сіздің сөзіңіз ерекше қанаттандырып, осыдан кейін білімімді шетелде жетілдіруге құлшындым.
Әрине, ауыл арасынан ұзап шықпаған мен сияқты қарапайым қазақ баласына ол қол жетпестей көрінген. Әке-шешем – қарапайым дәрігерлер. Кейбіреулер сияқты арқа сүйейтін тірегім де жоқ. Ақыры «Нар тәуекел – ер ісі» деп талаптандым. Ізденіс пен табандылық, еңбек текке кетпеді. Осылайша, «Болашақ» бағдарламасының аясында Ұлыбританияның Лондон Империялық колледжінде мұнай геологиясы мамандығының магистрі атандым, деді А.Дәулетов өз сөзінде.
Ол «Болашақ» бағдарламасының арқасында өзінің асқақ арманына қол жеткізгендердің басым көпшілігі қарапайым отбасынан шыққан жастар екенін, мұның бәрі барша ел азаматына, жастарға теңдей жағдай жасап отырған Елбасының сарабдал саясатының арқасы екенін атап өтті. Әлемдік стандарттарға сай білім алып, бәсекеге қабілетті маман атанған соң алдымнан тың мүмкіндіктер ашылды. Шетел компаниялары шақырды. Алайда, туған өлкеме оралып, еңбек жолымды өндірісте жалғастыруды, елге қызмет етуді жөн санадым. Өзіңіздің Стратегияңызда алдағы ондаған жылдың дәлдікпен болжанғанына осы тұста анық көзім жетті. Себебі, аталған кезеңде елімізде Индустриялық даму бағдарламасы қарқын алған болатын. Бұл, ең біріншіден, біз сияқты инженерлік білім мен заманауи техникалық мамандықты меңгеріп келген жастар үшін мүмкіндік деп түсіндім, деді ол.
Сөзінің соңында А.Дәулетов елдегі оң өзгерістердің барлығы Елбасының терең саясаткерлігінің, болашақты алдын ала болжай білген көрегендігінің арқасында жүзеге асып жатқанын бүгінде халық анық түйсінгенін, бұл, әсіресе, жастарға өз арман-мақсаттарын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндіктер ұсынып отырғанын атап өтті. Ендеше, біз, техникалық мамандықты игерген, Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырушы жастар Елбасының Қазақстанды Мәңгілік Елге бастаған барлық істерінің жалғасын тапқанын қалаймыз. Мен еліміздің баянды болуынан үміті зор жастардың, «Болашақ» түлектерінің және өндірістегі инженерлердің Елбасы кандидатурасын толықтай қолдайтынын мәлімдеймін. Біз еліміздің ең дамыған 30 елінің қатарынан табылуы үшін бар біліміміз бен күш-қайратымызды жұмсауға дайынбыз, деді.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облысындағы жастар бірлестіктерін үйлестіру кеңесінің төрайымы
Элина Паули өзінің бар өмірі Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста екенін жеткізді. Қазір Павлодарда Достық үйі жұмыс істейді. Осыдан 6 жыл бұрын оның ашылуына Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, келген едіңіз. Дәл сол күн менің қоғамдық өмірді бастауыма негіз қалады. Бүгінде мен облыстағы этномәдени бірлестіктердің 20-дан астам жастар бірлестігімен жұмыс істеймін, деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ, бүгінде Қазақстанда әйел азаматшалардың қоғамнан өз орындарын айқындап алуларына барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Мәселен, бүгінде Парламенттегі депутаттардың 25 пайызы – әйелдер. Ең алғаш рет Мемлекеттік хатшы әйел азаматша болды. Бұл, Сіз айтқандай, нәзік жанды әйелдердің жұмыста да, шығармашылықта да, спортта да, ғылымда да өздерін таныта тұрып, үйінің шамшырағы болып қала беретінін айғақтай түседі, деді бұл орайда Э.Паули.
Э. Паули бүгінде мемлекеттік тілді дамытуға да айрықша назар аударылып отырғанына тоқталып өтті. Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды, деп Сіз, құрметті Елбасы мемлекеттік тіл мәртебесінің артуына назар аударған едіңіз. Мемлекеттік тіл, сөзсіз, Қазақстан халқы бірлігінің бірден-бір факторына айналды. Еліміздің тілін меңгеру көпұлтты жастардың басты мақсаты болуы тиіс. Біз ертең ата-ана болып, өз балаларымыздың болашағын ойлай келе, олардың қазақ тілін білуіне жағдай жасауымыз керек, деді ол өз сөзінде.
Айтыскер ақын
Бекарыс Шойбеков те съезд барысында сөз сөйлеп, өзінің толғанысын жеткізді. Біз бүгін еліміз үшін аса маңызды саяси оқиғаның үстінде тұрмыз. Осы сарайда отырғандардың баршасының Өзіңізге деген ықыласы, Елбасына деген сенімі айтқызбай-ақ сезіліп, емеурінінен-ақ танылып тұр. Өз басым бұған дейін де талай белес пен асуды ынтымақпен бағындырған халқымыз осы жолы да жүрісінен жаңылмай, Кемеңгерінің жанынан табылатынына сенімім кәміл. Қалың бұқараның Сізге деген ықыласына қарапайым халықтың арасында жүрген, оның арман-мұратын жырлаушы ақын ретінде куәмін, деді ол бұл ретте. Б.Шойбеков, сондай-ақ, Елбасының ұйғарымымен 2013 жылы қабылданған партия Доктринасы ұлттық құндылықтарды ұлықтаған құжат болғанын, соның негізінде төл мұраларымызды жүйелі дамыту жұмыстары жолға қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бұқара қауымды, оның ішінде жастарды ұлт мәдениеті мен өнерге, спортқа баулитын, бойына ата дәстүрді сіңіріп, ұлттық сананы нығайтатын «айтыс», «құсбегілік», «көкпар», «аударыспақ», «Қазақстан барысы», «бәйге» сияқты нақты іс-шаралар көптеп өткізіліп келеді. Егер, Сіз межелеген 2050-де ең мықты 30 елдің қатарынан табыламыз десек, біз тек дені ғана емес, рухы да асқақ ел бола білуіміз керек. Осы істердің барлығы ұлттық рухты тәрбиелеуге бағытталған шаралар.
Айтыс – дәл «Нұр Отан» сияқты халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Билікке елдің сөзін жеткізуші. Құр сын ғана емес, ізгілікке үндейтін өнер. Яғни, Жамбыл бабамыз айтқандай, қай кезде де ынтымақтың жыршысы ел ақындарының қазіргі жырлайтыны – татулық пен елдік, көкейдегісі – Елбасы саясаты – бәтуалы тірлік. Осының барлығы елдегі бақуатты өмірдің, тұрақтылықтың арқасы, деді Б. Шойбеков. Осылай деген ол қалың ел «төрткүл дүниесін тең еткен» Тұңғыш Президентін қолдайтынын айтып, өзінің сөзін жырмен түйіндеді.
Жалпы, жиында сөз сөйлеушілер Қазақстанның тәуелсіздік алуындағы, қалыптасуындағы және нығаюындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін атап өтті. Сондай-ақ, олар еліміздің басты құндылықтарын – егемендікті, тұрақтылықты, бақ-берекені, дамуды және болашаққа ұмтылуды да тікелей Мемлекет басшысымен байланыстырды.
Съезде Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президентінің сайлауына кандидат етіп ұсыну жөнінде бірауыздан шешім қабылданды.
«Нұр Отан» партиясы XVI съезінің соңында партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есептік мерзімдегі жұмысының қорытындысы шығарылды және партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері сайланды.
Жақсыбай САМРАТ,
Ләйлә ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».