04 Сәуір, 2015

Еңбекті еншілеген ел

828 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Китай енбек-9«Қандай тақырыптар сіздерге көбірек керек?» – «Егемен Қазақстанның» Қытайдағы меншікті тілшісі қызметін қоса атқарып жүрген, жас та болса жемісті жұмысымен танылған журналист Дәурен Бауыржанұлы осыдан біраз бұрын Астанаға келгенінде редакция басшылығына осылай сұрақ қойып еді. Сонда алғаш ауызға түскені қытайлықтардың еңбекқорлығы, сол қасиетін оқырмандарға үлгі ету қажеттігі болатын. Елбасымыздың Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру міндетінің үдесінен шығудың ең маңызды шарты – адамдарымызды, әсіресе, жас буынды еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Маркстің «Әлемнің әміршісі еңбек болады» деген сөзі марксизм ескірсе де ескірмейді. Елді ел ететін – еңбек, еңбек және еңбек. Еңбек бәрін де жеңбек. Ырыс-береке тек еңбекпен келмек. Дәуреннің мақаласынан осы ойды айқын ұғына түсеміз. Тек қазақы еріншектікке салынбай, түгел оқып шықсақ болды... Тау көшірген ТолағайДаурен Омаров. Пекин Қытай халқы өз тарихында талай қиын-қыстау кезеңнен өтті. Аштыққа да ұрынды, қақтығысты да бастан өткерді, төңкерістің де машақатын көрді. Бірақ олар қашанда қиындықты жеңе білді. Бұрын шетелдік инвесторларды тек арзан жұмыс күшімен ғана қызықтыратын Қытай бүгінде экономикасы жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Даму жолын индустрияландырудан бастаған ҚХР инновациялар еліне айналып барады. Осыдан жарты ғасыр бұрын шетелдіктерді көрсе, жиылып алып, жалтақтап қарап тұратын қытайлар шетел аспақ түгілі ғарышты да бағындырды. Әлем алыптарымен терезесі тең түсті. Бірқатар дамыған елдерді басып озды. Қысқасы, бүгінде Қытайдың дәурені жүріп тұр. Миллиардтан астам адамды асырап, күллі әлемді керек-жарағымен қамтып отырған алып көршіміз бұл дәрежеге қалай жетті? Оның түрлі себептері бар. Алдымен, оларда еңбек күші көп. Орналасқан географиялық орны да қолайлы. Мұхитқа да, құрлыққа да шығатын жолдары бар. Оған қоса билік басында миллиардтан астам халықты қатаң тәртіппен ұстайтын партия тағы бар. Ал ең басты себебі – қытайлар өте еңбекқор халық. Дәл осы қасиетінің арқасында олар талай белестерді бағындырып келеді. Бұл елде еңбек тақырыбына байланыс­ты аңыздар мен әпсаналар жетіп артылады. Соның бірі мынау. Ертеде Қытай жерінде Юйгун деген шал болыпты. Юйгун қытай тілінде «ақымақ шал» деген ұғымды білдіреді. Сондықтан оны өз ауылының тұрғындары «ақымақ шал» атап кеткен. Ақымақ атанса да, Юйгун елге өзінің аса еңбекқорлығымен танылған. Ол өз аймағының солтүстігінде тұрса, жұмыс істейтін орны оңтүстікте орналасқан. Жұмыс пен үйдің ортасында Тайханшан және Ванушан деген екі алып тау бар екен. Юйгун жұмысына жету үшін күнде осы тау­ларды айналып өтетін болған. Бұл таулар оның қыруар уақытын алатын. Оларды айналып жұмысқа жетем дегенше Юйгун әбден шаршап-шалдығып қалатын. Соның салдарынан жұмысты өндіріп істей алмайтын. Бұл жайт Юйгунды қатты қынжылтады. Бір күні шыдамы таусылып, әбден зығырданы қайнаған Юйгун әлгі тауларды көшіруге бел буады. Тауларды көшірмейінше басқа шаруасын ысырып тастауға серт береді. Қасына өзінің төрт баласын шақырып, қолдарына күрек ұстатып, білек сыбанып тау көшіруге кіріседі. Топырағын айдалаға шашып, тастарын теңізге лақтырып, тал-терегін отын ретінде жағуға немесе құрылысқа пайдалануға ұйғарым жасайды. Бір күні Юйгунның осы тірлігі оның ауылдасы, ел ішінде «данышпан шал» атанған Чжисоу деген қарияға мәлім болады. Юйгунның бұл ойын ерсі көрген данышпан шал оған ақыл айтқысы келеді. Жақындай келе: «Жасың болса тоқсаннан асты. Қартайғанда алжиын дедің бе? Ғасырлар бойы тұрған тауды қалай көшірмексің? Елге күлкі болмай-ақ қойсаңшы енді», дейді. Сонда Юйгун: «Бұл тауларды көшіруді өзіме өмірлік мақсат еттім. Енді ол ойымнан таймаймын. Мен күрегімді әр сілтеген сайын тау жұқалана береді. Тауды көшірем деп өліп қалсам, артымда балаларым бар. Олар өліп қалса, немерелерім бар. Осы екі тауды көшіруді мен ұрпақтарыма аманат етіп кетемін. Қайтсем де мақсатыма жетемін», дейді. Бұған жауап бере алмаған Чжисоу басын бір шайқап, теріс бұрылып жүріп кетеді. Ал Юйгун болса жұмысын жалғастыра береді. Ол қысы-жазы тау қопарумен айналысады. Бір күні Юйгунге аспан құдайы Шандидың көзі түседі. Шаруаның еңбекқорлығына қатты риза болған ол көктен өзінің нөкерлерін түсіреді. Қаптаған қалың нөкер әлгі екі тауды иықтарына салып, аспанға алып кеткен екен. Бұл мысал Қытайдың балабақ­ша­ларының көрнекі құралдары мен бастау­ыш мектептерінің оқулық­тарында жиі кездеседі. Яғни, қытай­лар балаларын жас кезден еңбекқорлыққа баулиды. Олар өз халқының тау көшірген Толағайы – Юйгунды мысалға келтіру арқылы өскелең ұрпаққа еңбек бәрін жеңетінін ұқтырады. Әйтпесе, миллиардтан астам бақталасың бар елде еңбекқор болмасаң, алысқа бара алмайсың ғой... Тынымы жоқ тіршілік Қытай халқының негізгі ұлты – ханьдар. Бұл ұлттың бір қасиеті бар – қай елмен қан алмасса да оның ұрпағы хань, яғни қытай саналады. Қытай жерінде билік еткен немесе жорық жасаған басқа ел өкілдерінің барлығын олар қытай санайды. Мәселен, әйгілі Шыңғыс хан өз заманында Қытайдың кейбір бөлігін басып алып, оның өзі және балалары осында біраз уақыт билік еткен. Оның ұлты моңғол екені күллі әлемге мәлім. Алайда, Аспанасты елінің тұрғындары үшін ол – қытай. Себебі, Қытай жерінде билік құрды. Сол секілді мысалдар жетерлік. Ежелден хань ұлтымен араласқан, одақтасқан көшпенді ұлттар, тайпалар кейіннен қытайлардың арасына сіңіп кетіп отырған. Қысқасы, қытайлар тек бүгінде ғана емес, қай кезеңде де көп болған. Егіншілік қытайлардың ата кәсібі десек жарасады. Қытай шаруа­лары мыңдаған жылдар бойы күріш өсірумен айналысады. Адам саны көп болғандықтан шаруаларға тек өз басын асырайтындай өнім алатын шағын алқап бөлінетін. Сол кішкентай ғана алқаптан олар мейлінше молырақ өнім алуға тырысқан. Кү­ріш­ті өндіріп жинау үшін шаруа­лар күні-түні егіс алқаптарында болған. Олар тек еңбекқорлықтың арқасында мол өнім алуға болатынын түсінген. Кейін тынымсыз еңбек ету жалпыхалықтық әдетке айналған. Еңбекқорлық ханьдардың қанына әбден сіңген. Арада мыңдаған жылдар өтті. Қытайлар бұл қасиетін әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ. Егін алқап­тарының орнында еңселі кеңселер, зәулім ғимараттар пайда болды. Заман өзгерді. Уақыт жаңарды. Ал қытайлардың сол баяғы тынымсыз тіршілігі жалғасып жатыр... Ресми деректер бойынша, Қытай хал­қының саны бір миллиард үш жүз миллионнан асты. Халық саны жыл сайын миллиондап өсіп келеді. «Бір отбасы – бір бала» сая­саты қолданылмағанда, қытайлар бүгінде бес жүз миллионға артық болады екен. Әрине, мұндай қалың елдің ішінен топ жарып шығу оңай емес. Топ жаруды қойшы, бір кесе шәй мен бір тостақ күрішіңді тау­ып, ішіп-жеу үшін де бар күшіңді салып еңбек ету керек. Сондықтан бұл елде ешкім тыныш жатпайды. Құмырсқаның дамылсыз әрекеті секілді қыбыр-қыбыр тіршілік. Кедей-кепшіктен бас­тап шенді шенеунікке дейін аянбай еңбек етеді. Қытайларда «Қоймаң толсын десең, қораз шақырғанда тұр» деген аталы сөз бар. Ерте тұрғанның бір ісі артық екені бұларға әбден мәлім. Олардың әр күні таңғы сағат төрттен басталады. Тұра сала тірлікке кіріседі. Тірлікке кіріспес бұрын кәрі-жасына қарамай, жаппай дене жаттығуын жасап, өздерін күні бойғы кәсіпке бейімдеп алады. Далада шаруа істемей, бостан-босқа сандалып жүрген қытайды көрмейсің. Әйтеуір бірдеңемен айналысып, бір жаққа асығып бара жатқан жұрт. Өздері үнемі жоспармен қимылдайды. Сол жоспарынан ауытқып кетсе, мазалары қашып, көңілсіз жүреді. Қазіргі қытайлардың көбісі «Фадацай» қағидаты бойынша өмір сүреді. Фа­да­цай – баю, қуатты болу деген сөз. Бұл біздің журналист ағамыз Нұртілеу Иманғалиұлының үнемі эфирден айтатын «Бай-қуатты болайық!» деген тілегіне жақын. Яғни, жақсы өмір сүру үшін адам әлеуетті болуы керек. Мұндағы қарапайым халық шынымен де бақытыңның зорлығы қалтаңның қалыңдығына байланысты деп ойлайды. Сонымен қатар, олар күндердің күнінде өте ауқатты адам болатынына кәміл сенімді. Өздері бұл фәниде байып үлгермесе, Юйгун секілді бай болуды өзінің ұрпақтарына өсиет етеді. О дүниеге аттанар алдында оларға өзінің ғұмыр бойы жиған-тергенінің барлығын тастап кетеді. Сондықтан бұлар үшін баю – басты мақсат. Ал тынымсыз еңбек – сол мақсатқа жетудің жалғыз жолы. Қытай банктерінде кезекте иін тіресіп тұрған зейнеткерлерді көп көресің. Олар жай тұрмайды, қолдарына дорба-дорба ақшасын ұстап тұрады. Кесек-кесек оралған қып-қызыл юаньдарын өзінің, балаларының, немересінің есепшоттарына төгіп жатады. Бұл қаражат – олардың қартайғанға дейін еткен еңбегінің жемістері. Зейнетке шыққан қытай қарияларының банктегі есепшотында ауқымды қаржы жатады. Олар тектен-текке пұл шашпайды. Өйткені, есепшоттардағы әрбір тиынының құнын да, қадірін де жақсы біледі. Ерінуді білмейтін етікші Қытайлықтардың ең басты құнды­лығының бірі – отбасы. Егер бір адам жан салып жұмыс істесе, ол бүкіл шаңыраққа ықпал етеді. Қытай жерінде, жалпы ханьдар арасында сан жылдар бойы ұжымдық ойлау жүйесі қалыптасқан. Жеке адамның беделі оның айналасындағы жандардың көзқарасына тәуелді. Егер сен ерінбей еңбек етіп, отбасыңа мол пайда келтірсең ғана нағыз азаматсың. Сонда ғана сені барлығы сыйлайды. Сон­дықтан қытайларды еңбекқор болуға ұмтылдыратын себептердің бірі де отбасы болып саналады. Қытайлардың еңбекқорлығы туралы әркімнің көзқарасы әрқалай. Бір нұсқа бойынша еңбекқорлық – қытайдың ежелден қанына сіңген қасиет. Яғни, олардың дәстүрлі мәдениетінде, философиялық ілімдерінде еңбекқорлыққа тәрбиелейтін факторлар болған. Демек, еңбексүйгіштік бұлардың генінде бар деп тұжырымдайды біреулер. Енді бір нұсқаға сүйенсек, бұл адамның өмір салтына кейін қосылған жасанды әрекет делінеді. Заман сұранысына байланысты амалсыздықтан туындап отырған дағды көрінеді. Ерік берсең, қытайлар ішінде де, ағаш түбінде жатып алып, «ана алмұрт піссе екен, аузыма келіп түссе екен» дейтін жалқаулар да табылып қалады. Сондықтан оларды еңбексүйгіштікке телігеннен гөрі төзімді халық санаған дұрысырақ деседі тағы біреулері. Екі нұсқаның да белгілі мөлшерде шындығы бар. Өзіміздің Қазақстанда жаңа шыққан Қытай тауарына, оның технологиясына қарап, «әй, мына қытай­дың шығармайтыны жоқ» деп бас шайқай­тындар көп. Шынында да, Қытайдың шы­ғар­майтыны, қытайлықтардың істе­мейтіні жоқ. Олардың қай жұмыстан да қашпайтыны, қай қиындықтан да қорықпайтыны рас. Тек ақысы дер кезінде берілсе болды. «Көз қорқақ, қол батыр» деген қанатты сөз қытайларға да тән. Осыдан бір жыл бұрын Бейжіңде таксиге отырғанмын. Баратын бағытым – әуежай. Жол алыс, сондықтан әңгімелесіп отырайын деп, жүргізушіден жөн сұрадым. Анхуэй провинциясының тумасы екен. Жалпы, Бейжің, Шанхай секілді алып қалаларда қызмет көрсету саласында анхуэйлықтар көп жүреді. Ең ауыр жұмыстардың өзін осы өлкенің тұрғындары сапалы атқарады. Осыған қарап, мен анхуэйлықтары ең-еңбексүйгіш қытайлардың қатарына жатқызамын. Сонымен, жүргізушінің аты Гао Юй екен. Бейжіңде жүргеніне жиырма жылдан асыпты. Менің шетелдік екенімді біліп, еліміз туралы жалпылдап сұрап жатыр. Әңгіме арасында өзінің өмірінде бір рет шетелге шыққанын айтты. Осыдан он жылдай уақыт бұрын Италияға барыпты. Онда да қыдыруға емес, жұмыс бабымен жолға шығыпты. Мен оның бұл әңгімесіне қарап, бұрынғы кәсіпкер емес пе екен деп ойладым. Сөйтсем, ол Италияның бір зауытына қарапайым етікші болып барған екен. Екі жыл сонда жұмыс істепті. Бірақ оған әлемнің танымал елінің бірі – Италияны аралап көрудің сәті түспепті. Өзімен келген екі жүзге жуық жұмысшы тек зау­ыт территориясында ғана тіршілік етіпті. 700 күн дамылсыз жұмыс істепті. Екі жылдай уақыт ішінде он мыңдаған жұп аяқ киім тіккен. Италия тілінде бір ауыз сөз сөйлемеген. Сөйлегенді айтасың, зауыттан сыртқа шығып, тым болмаса бір италиялықты дұрыстап көре алмаған. Тіпті, ондайға қызығушылығы да болмапты. «Мен ол елге еңбек етіп, ақша табу үшін ғана бардым. Керек десең, Антарктидаға да барып істеймін, тек ақшасы төленсе болды», дейді Гао Юй. Сындарлы сегіз себеп Мен осы мәселеге өз бетімше зерттеу жүргізе келіп, қазіргі заманда қытайларды еңбекқор болуға ұмтылдыратын, оларды еңбек сүйгіш ел еткен бірнеше факторды анықтадым. Соларға тоқтала кетейін. Алдымен, білім беру жүйесі ойға оралады. Олар жас буынды балабақшадан бастап төзімділікке, шыдамдылыққа үйретеді. Қытай балабақшалары мен мектептерінде қатаң тәртіп орнаған және оқушыларға жүктелетін міндет көп. Бастауыш мектептен бастап күніне кем дегенде он сағаттан дәріс оқытылады. Ол аз болса, үй жұмыстарын үйіп-төгіп тапсырады. Баланың бір минут бос уақыты бол­мауы керек. Орта және жоғары мектептерде ұл-қыздың барлығы бір үлгідегі киім киеді. Қыздарға шашын жалбыратып жүруге болмайды. Жалпы, қыз құсап аса жасанбаған да абзал. Жасанған қыз ер балалардың назарын аударады. Ғашықтық, махаббат, сезімталдық басталады. Ал бұл енді тұлға болып қалыптасып келе жатқан жеткіншектің қыруар уақытын алады. Оның өзін өзі жетілдіріп, дамытып, азамат ретінде қалыптасуына кедергі келтіреді. Сондықтан мектеп ауласындағы махаббатқа жол жоқ. Тек оқу, оқу және оқу керек. Қытай мектептеріндегі ұстаздар балаларды оқуға 120 пайыз күш салу керек деп үйретеді. Еңбекқорлыққа тәрбиелейтін екінші фактор – қытайлардың ақыл-ой жүйесі. Ата-­аналар мен ұстаздар балаларды жастайынан аз уақыт ішінде өте ауқым­ды ақпаратты қорытуға үйретеді. Иероглифтермен жазу жүйесі де бұған оң әсерін тигізеді. Мектеп жасындағы бала екі мың әріп-иероглифті білуі керек. Ал университет студенті 4-5 мың, профессор, мұғалімдер 7-8 мың иероглифті игергені жөн. Бұл – біздің әліппе емес, бұл – мүлде басқа жүйе. Әр иероглифте белгілі бір затқа сипаттама жасалады, сол заттың, бейненің, құбылыстың суреті салынады. Яғни, біздің жазу ырғағымызбен бұлар сурет салады. Иероглифтер тез ойлау, тез үйрену, тез шешім қабылдау қабілетін дамытады. Үшінші фактор – Қытай тұрғындарының барлығы дерлік жұмыс істейді. Тек ересектер емес, кейбір ауқаты төмен шаңырақтың бесіктен белі енді ғана шыққан балалары да белгілі бір кәсіппен айналысады. Ешкім түк бітірмей тектен-тек жатпауға тиіс. Университеттегі студенттердің басым бөлігі бос уақытында еңбек етіп, қаражат тауып жүреді. Шанхай қаласындағы өзім оқыған университетте студенттерді жұмыспен қамтуға арналған арнайы орталық болды. Екі-үш кеңседен құрылған сол орталыққа кез келген студент келіп, өзіне қосалқы жұмыс іздестіреді. Бұл – біздің елдегі еңбекпен қамту мекемелері ара-тұра өткізіп тұратын «жұмыс беру жәрмеңкесі» сияқты шара. Бірақ студенттік орталық тұрақты жұмыс істейді. Қосалқы табыс көзін қарастыруға келген студенттер бұл жерде жүздеген метрге созылған кезекте тұратын. Ол кезекте менің де тұрған кезім болды. Төртінші фактор – елдегі өмір сүру шарты: төзімді болу, еңбек ету, үнемдеу. Қытайда тек жұмыс күші ғана көп. Ал жұмыстың өзі аз. Табиғи байлықтары аса көп емес. Сонша қалың халыққа жер тар. Бұл жайттың барлығы оларды үнемшіл болуға мәжбүрлейді. Қытайлар қолда барын қадірлеп, басындағы бағынан айырылып қалмауға барын салады. Еңбекқор болуға жетелейтін бесінші фактор – құндылықтар. Бұл елдегі ең басты құндылық – отбасы. Отбасыңның алдында абыройлы болу үшін ерінбей еңбек етіп, жақсы қызметке ұмтылуың керек. Қызметінде жақсы жетістіктерге жеткендер үнемі үлгілі адамдар санатында жүреді. Қарттар оны сыйлайды, жастар оған ұқсағысы келеді. Осы дәрежеге жеткен соң, яғни, отбасыңды риза еткеннен кейін материалдық құндылықтарға ерекше көңіл бөлінеді. Тек беделді ғана емес, ауқатты да болуың керек. Алтыншы фактор – қарттықты ойлау. Аса маңызды фактордың бірі – осы. Себебі, қазіргі қытай жастары шаңырақтың ең басты құндылық екенін ұмытып барады. Жоспарлы туу саясаты қытайлардың бүгінгі буынын аздап өзімшілдеу етті. Қазір бұл елде қара басының қамын ойлаған балалар мен жалғыз-жарым, қараусыз қалған қариялар саны артып келеді. Бұл мәселенің Қытайда өте өзекті екенін мынадан көруге болады. Мемлекет осыдан екі жыл бұрын әр азаматтың қарт ата-анасын кем дегенде жылына бір рет көріп тұруын заң жүзінде міндеттеп қойды. Сондықтан қарттық жеткенде қараусыз қалудан қорыққан қытайлар мүмкіндіктің барында жеке қазынасын молайтып алуға тырысады. Әрине, жетінші фактор – бақталастық пен бәсекелестік. Бізде оқуға түсу немесе жұмысқа тұру үшін бір орынға әрі кетсе он адам бақ сынайтын болса, мұнда жүздеп-мыңдап таласады. 2008 жылғы бүкіләлемдік дағдарыс Қытай экономикасына қатты әсер етті. Экономиканың әлсіреуіне байланысты еңбек нарығы да күйзеліске ұшырады. Жұмыссыздық Қытай жерінде де кеңінен етек алды. Сол уақыттан бері Қытай мемлекеті дағдарыс салдарымен күресіп келеді. Сөйтіп, олар экономиканы қолдан көтеру, жаңа инфрақұрылымдық нысандар салу арқылы жұмыссыздық деңгейін бүгінге дейін 20-25 пайызға қысқартты. Мемлекет ысырапшылдықты жою үшін белсенді жұмыс жүргізуде. Артық шығындардың барлығын қысқарта түсті. Бірақ қанша күрессе де, жұмыссыздық осы елдегі ең өзекті мәселенің бірі болып қала берді. Бұл – тек мемлекеттің емес, халықтың да ерекше бақылауындағы мәселе. Сондықтан бақталастық – бұлардың ең басты бас ауруы. Сегізінші фактор – Қытай басқа көптеген мемлекетпен салыстырғанда саламатты ел болып саналатындығы. Әрине, адам санына байланысты халықтың алкогольді ішімдік ішу, темекі шегу, басқа да жат қылыққа ұрыну көрсеткіштері жоғарырақ болуы мүмкін. Оның үстіне қытайлар сан ғасыр бойы сақталып келе жатқан арақ-шарапты жөнімен пайдалану мәдениетін ұстанады. Десек те, қытайлар арасында маскүнемдер көп ұшыраспайды. Әрине, әрбір қытай ішімдік ішеді. Бірақ көбісі мөлшерін біледі. Салынып ішетіндер саны салыстырмалы түрде өте аз. Көбісі саламатты өмір салтын ұстануға тырысады. Саламатты өмір салты – өнімді еңбектің кепілі екені баршамызға мәлім. Аталған факторларды ескере отырып, қытайлардың еңбекқорлығының қисынды себептерін осылайша түсіндіруге болады. Ең еңбекқор халық Бұрнағы жылдың басында Monster Worldwild деген әлемдегі ең үлкен жұмыс іздеу сайты ең еңбекқор халықтардың рейтингін жасапты. Осыған орай Канада, Франция, Германия, Үндістан, Голландия, Ұлыбритания және АҚШ елдерінен 8000 адам таңдалып, солармен сау­алнама жүргізілген. Сауалнамаға қатысқандардың елу пайыздан астамы қытайларды ең еңбекқор халық санайды екен. Осылайша Қытай еңбекқорлар рейтингінде де әлем бойынша бірінші орынға шыққан, Екінші орынды Германия, ал үшінші орынды АҚШ иеленіпті. Сауалнама респонденттерінің көбі «қытайлар кезекті еңбек демалысы барын, жалпы, «демалыс» деген сөздің барын білмейтін көрінеді» деген пікір айтыпты. Қазір қытайлар үшін өте маңызды кезең. Бүгінде жер-жаһанды дағдарыс жайлап келеді. Ал Қытайда экономика жоғарғы қарқынмен дамуда. Дағдарысқа ұшыраған елдердің кебін кимес үшін, осы үрдісті еселеу үшін қытайлықтар әлі де біраз тер төгуге тиіс. Оларға қазір беталды демалуға болмайды. Жалпы, Қытайдағы еңбек туралы заң бойынша мемлекеттік қызметкерлер немесе компаниялардың жұмысшылары аптасына 40 сағаттан астам жұмыс істемеуі керек. Алайда, қытайлар өздеріне берілген жұмысты абыроймен атқарып, қажетті мөлшерден асырып істеуге тырысады. Олар орта есеппен күніне 9 сағаттан, аптасына алты күн жұмыс істейді. Кейде қытайлардың міндеттемені асыра орындауға әуестігіне байланысты күнделікті жұмысқа 12-13 сағаттан астам уақыт бөлінеді. Кейбір жеке компаниялардың еңбеккерлері шамадан тыс еңбек етіп, кезекті еңбек демалысына шықпай, жұмысты жалғастыра береді. Ал жалпы 2008 жылдан бері Мемлекеттік Кеңестің қаулысы бойынша әр мекеме өз қызметкерлеріне мерекелік демалыстан басқа жұмыс өтіліне байланысты жыл сайын кемінде бес күн кезекті еңбек демалысын беруге тиіс. Егер өтілі он жылға толса – 10 күн, одан асса – жылына 15 күн демалуға заңды құқы бар. Ал мемлекеттік мерекелерге байланысты демалыс жылына үш рет беріледі. Бұл елде мереке көп, бірақ олардың бәрінде бірдей демалыс беріле қоймайды. Ең маңызды үш мереке – Қытай Халық Республикасының құрылған күні, қытайдың Жаңа жылы және Еңбек күні. Еңбекқор елдің еңбек күнін ең маңызды үш мерекенің қатарына қосуы кездейсоқ емес. Бұл – қытайлар үшін өзіндік тарихы бар, қарапайым жұмысшының әлеуметтік рөлін, орнын айқындап, оның құқығының сақталуын қамтамасыз еткен ұлы мереке. Қытайдағы «Еңбек күні» мерекесі де баршаға белгілі 1 мамырдың тарихынан, яғни, АҚШ-тан бастау алады. 1886 жылы Чикаго қаласында жұмысшылардың наразылық шеруі өтіп, билік өкілдері оларды күш көрсету арқылы таратқан. Сол күнгі қақтығыстар кезінде біраз жұмысшы жарақат алып, кейбірі көз жұмған. Құқы үшін құрбан болғандардың құрметіне шеру өткен күн «Жұмысшылар күні» деп аталған. 1918 жылы Қытайда да шаруалар мен жұмысшылардың өз құқықтары үшін күресі басталған. 1920 жылы Қытайдың бірнеше ірі қаласында жұмысшылар шеруі өтіп, қарапайым халыққа Чикагодағы ереуіл туралы үнпарақтар таратылған. 1949 жылы ҚХР құрылғаннан кейін 1 мамыр күнін «Еңбек күні» деп атау туралы қаулы шыққан. 1 мамыр мерекесіне орай 7 күн демалыс беріледі. Бұл күндері Қытай халқы жаппай қыдырысқа шығады. Мерекені өткізудің белгілі бір салты, қалыптасқан қағидасы жоқ. Біреулер ел ішіндегі алыс-жақын аймаққа сапарлайды, біреулер отбасымен саябақта демалады. Көпшілік жай ғана қала көшелерін аралап, көңіл көтереді. Мерейлі мерекелер қарсаңында белсенді қызметімен ел назарына іліккен азаматтарға наградалар беріледі. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, айрықша дараланған еңбек адамдары «Бүкілмемлекеттік еңбек озаты» секілді атаулы марапатқа ұсынылады. Яғни, төгілген тердің өтеуі қайтады. Брюс Лидің байламы Айта кететін жайт, бүгінде еңбекқорлық қытайлардың тек қасиетіне емес, қасіретіне де айналды деуге болады. Мен Шанхайда оқып жүргенде бір профессорым Қытайдағы туу мен өлім статистикасы туралы лекция оқыған еді. Оның айтқанына сенсек, бұл елде халық көбінесе аурудан, апаттан, кесел-кесапаттан емес, қажығандықтан және зорығудан көз жұмады екен. Яғни, көпшілік бәсекелестерінен озып шығамын деп, өзінің мүмкіндігінен асырып жұмыс атқаруға тырысады. Кейбірі жұмысқа екі жүз пайыз беріліп істейді екен. Тіпті, еңбек етемін деп, не үшін, кім үшін істеп жүргенін де ұмытып кететін болса керек. Өз кеңсесінде, компьютер алдында, көшеде демалып отырып, көзін жұмып, бақилыққа кететіндер де кездеседі. Өмірдің ырғағына, қысымына шыдамай, морт сынатындар да болмай қалмайды. Қалай айтсақ та, қытайлар әлемдегі ең еңбекқор халық болып саналады. Олар қайсар әрі қыңыр мінезді. Бастаған жұмысы аяқталғанша үнемі мазасызданып жүреді. Қолынан келмейтін дүниені үйренгенше тоқтамайды. Кезінде әлемге әйгілі жекпе-жек шебері, киноактер Брюс Ли: «Мен он мың айла білетін адамнан қорықпаймын, бір айланы он мың рет үйренген адамнан қорқамын» деген екен. Оған қоса қытайларда «Бір кесек темірді ерінбей егесең, ине жасап шығарасың» деген нақыл сөз бар. Еңбексүйгіштік адам бойындағы барлық қасиеттің шыңдалуына септігін тигізеді. Жауапкершілік, ұқыптылық, қайсарлық, тағы басқа дағдылар қалыптасады. Қытай тек ішкі әлеуметтік фак­тор­лардың себебінен емес, табиғаттан да біраз зардап шекті. Талай жер сілкінісі, сел, қуаңшылық халықты әбігерге түсірді. Ондай кезеңде олар өз мәселелерін өздері шешуге тырысты. Тек өз күшімен, аянбай еңбек еткенінің арқасында қытайлар алып империяны сақтап, оны бүгінде әлемнің ең дамушы елдерінің қатарына қосты. «Тойғанша жегің келе ме, тозғанша еңбек ет» деп ұрандаған қытайлар күллі әлем үлгі тұрарлық ұлт саналады. Олардан біздің де үйренеріміз мол... Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». БЕЙЖІҢ.