2014 жылдың 25 тамызы күні Елбасы Н.Назарбаев телеарна тілшісіне «Ұлытау – ұлт ұясы» атанған тарихи сұхбатын берді. Президентіміз көгілдір экраннан ағынан жарыла, ештеңені бүкпей ашық сөйлеп, «Мәңгілік Ел» атану үшін халқымыздың алдында тұрған рухани мұраттарды әр құлаққа естірте, әр жүрекке жеткізе толғады. Сонда Елбасымыз: «Мынау өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар... Осы Әулиебұлақтың жағасы қандай көркем. Мына тұрған қайыңдар, мынау жер сонау Жошы ханның да, Алаша ханның да, Тоқтамыстың да, Едіге батырдың да – бәрінің көзін көрген шығар. Мінекей, дүние деген осылай ылғи тұра береді. Заман өтеді, уақыт алға жылжиды. Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды. Бірақ, ата -бабамыздың жері осылай керемет болып қала береді. Осындай әулиелі жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік Елдің жолы!» деген еді. Осынау терең мағыналы жасампаз ой әлеуметіміздің бойына қуат болып құйылып, бір жылдан бері қолдарымыз айқасып, білектеріміз бірігіп, көңіл құсы аспанға шарықтап, дүбірлесумен келеміз.
Мені таңғалдырғаны Президентіміздің Ұлытаудың айрықша қасиеті туралы айтқан ұлағатты сөзін бұдан 800 жыл бұрын Дешті Қыпшақ билеушісі Жошы ханның да айтқаны. 1224-1225 жылдары Ұлытау жұрты оны Орда-базарға көшіріп әкеліп, Кеңгірдің Сарайлы сағасына қоныстандырып, өздеріне хан көтергенде, Ұлытау өңіріне сүйсіне қараған Жошы: «Жалпақ әлемді шарласаң – мұндай жанға жайлы жер, таза ауа, дәмді су, кең шүйгін жайылымды іздесең, сірә, таппассың», депті (Джузджани «Табакат-и Насири// История Казахстана в персидских источниках.Том IV. 40 б.).
Екі тұлғаның арасында мыңжылдықтарға жетеғабыл уақыт жатқанмен, Нұрсұлтан Әбішұлы мен Жошы хан сөздері бір-бірінің жаңғырығындай. Елбасы Ұлытау баурайында берген тарихи сұхбатында Ұлытау өңірін «қасиетті жер» деп танып, ол қасиеттің бастау бұлағы елге қорған қамал болған өлкенің тарихында жатқанын атап көрсетті.
Иә, Ұлытау өңірінің тарихы ежелгі замандарға иек артқан ата-бабамыздың киелі қонысы. Аңыз-әңгімелерді айтпағанда, жазба деректемелердің назарына іліккені б.з.б. 3,5 мыңжылдықтар шамасы. Әбілғазы баһадүр өзінің «Түрік шежіресі» еңбегінде Оғыз ханның ата-қонысы Сарыарқа деп көрсеткен. Ал «Джами ат-тауарих» жылнамасының авторы Рашид-ад-дин өз еңбегінде: «Оғыз қаған Иран, Тұран, Сирия, Египет, Кіші Азия елдерін жаулап алған соң, өзінің атажұрты Ортағ, Кертағ өлкесіне келіп тұрақтады», деп анық та қанық мәлімдейді (Рашид-ад-дин. Сборник летописи. Том I. 86 б.). Осындағы Ортағ – Ортау, Кертағ – Ұлытау болса керек.
Міне, осы жерде Оғыз қаған ұрпағы 24 руға жіктеліп, етек-жеңі далиған ұлан-ғайыр елге айналды. Оғыздың мұрагері Күн хан тұсында руларға таңба үлестіріліп, көшпелі елдің айқын бір белгісі алғаш көрініс тапты.
Әбілғазы баһадүр өз еңбегі туралы: «Инал хан заманынан осы еңбек жазылғанға дейінгі айтқанымыз – ақиқат, жаңсақтық жоқ. Ал бірақ Оғыз ханның немересі Кузы-Иавы хан мен Инал хан арасында қанша уақыт өткенін анықтай алмаймыз. Демек, ол кезең туралы мейлінше аз сөйлеген жөн. Көп сөйлесек – өтірік жамалады. Бұл аралық төрт мың жылмен өлшенуі мүмкін», – дейді. Осынау жазба деректемелерді ой сарабынан өткізген орыс ғалымы А.Н.Кононов: «Оғыз хан пайғамбарға дейін төрт мың жыл бұрын жасаған» деген тұжырымды көлденең тартады (Кононов А.Н. Родословная туркмен... 55, 71 бб.).
Пайғамбар заманынан төрт мың жыл бұрынғы кезең б.з.б. 3,5 мыңжылдықты меңзейді. Бұл Батыс Сібір, Қазақстан топырағындағы Жаңа Тас дәуірінің соңын, өтпелі энолит кезеңін қамтып, қола дәуірге иек артады. Ғажабы сол – археологиялық қазбалардың материалдық-заттық жәдігерліктері осы Оғыз қаған кезеңіне тұспа-тұс келді.
Жаңа тас дәуірі яки б.з.б. 3 мыңыншы жылдардан бастап Батыс Сібір және онымен жапсарлас Қазақстан топырағы, Сарыарқа өңірінде елеулі археологиялық жаңалықтардың беті ашылды. Батыс Сібір, әсіресе, Селебе (Челябі) елді мекенінен бастап Тобылды жағалай отырып, Обьқа иек артқан аралық тува археологы Р.Л. Қызыласов еңбектерінде «қалалар отаны» деп аталды. Жабайы тайга деген өлкелеріміз – ежелгі өркениеттің ошағы болып шығып отыр. Археолог В.А.Борзунов осы өңірлерден 70-тен астам жекеленген адам тұрақтары мен шағын кенттердің орнын тапты. Бұл қалалардың ең ежелгісі Назым өзенінің Обьқа құятын жеріндегі янк-бас қамалы екенін Г.Ф.Миллер «История Сибири» еңбегінің 1729-1730 жылдарға жататын деректемелерінде жазып кеткен. Ал өз зерттеуін 1997 жылы жазған В.А.Борзунов өзеннің атын Қазым, қаланың атын Амня деп көрсеткен. Бұл асылы, археологқа мәлімет берушілердің шалалығы немесе жер атауына уақыт енгізген өзгерістер деп қабылдаған жөн. Батыс Сібір зерттеушілері еңбектерінде Назым өзені, Назым жұрты, Назым бектігі сынды тіркестер үзбей кездеседі. Міне, осы жағдай «Қамбар батыр» жырынан орын алған. Жырда Назым өзені, Назым жұрты Назым сұлудың атымен астасып кеткен де, Назым қыздың қыз таңдауға жиналған батыр, бағландарды биік мұнарасында тұрып шолатын қаланы Ақарал деп әліптеген. Міне, осы қала неолит дәуіріне жататын ең ескі бекініс ретінде ғалымдардың назарына ілігіп отыр.
Бұдан кейінгі көңіл елеңдетер қалалық жәдігерліктердің бірі – Тобылға құятын Есет сағасы бойындағы таштық, екіншісі Тобыл мен Есіл аралығында жатқан сынтас қалашықтары. Әсіресе, сыртында ағаш пен топырақтан қаланған биік қоршауы бар, үйлері екі қабатты, қалашық ортасында от храмы бар сынтас жәдігерлігі көненің көзіндей. Осы сынтастан батысқа қарай 50 шақырым жердегі Арқайым қалашығы қазір елдің аузында. Оны ари қауымының діни орталығы деген қисын бет қаратпай тұр. Бірақ, арқайым қазақ топырағына арилер аяқ аттаудан 800 жыл бұрын салынған. Демек, ол тохар сақтарының жәдігерліктері болуы әбден мүмкін.
Сынтас-Арқайым ариалынан оңтүстік шығысқа жылжығанда Атбасарға иек артып, қола дәуірлік Ботай мәдени ошағы жатыр. Олар баспаналарының еденін жер қыртысына 1 м. дейін төмендетіп, сыртқы қабырғаны бөренеден тұрғызып, сазбен сылаған. Демек, тұрғын үйдің жертөле тәсілін қолданған. Жер қыртысының 17 градус табиғи жылуы бар, сол жылуды тұрмыста қолдана білгендіктерімен ерекшеленеді.
Ал одан шығыс және шығыс оңтүстікке қарай батыс межесі Едігетаудан 1,5 шақырым батысқа қарай Айбас дарасынан басталып, оңтүстікте Бетпақ даланың терістік жиектері – Жетіқоңыр, Тайатқан-шұнақ, Бетбақсу, Шажа жылғаларын, солтүстікте Есіл, Сілеті, Дамсы, Шортанды, Қайрақты, Аршалы, Ерейментау, Өлеңті, Шідерті қамтып, шығыста Абыралы, Шыңғыстауға иек артқан қола дәуірлік Бегазы-Дәндібай мәдени ошағы жатыр. Бегазылықтардың бір парасы мал бағумен, екінші парасы жер қыртысын қопарып кен өндірумен шұғылданған. Әдетте, малшылық пен кеншілік үйлесе бермейтін кәсіптер, мұны Сарыарқа тұрмысының өзіне ғана тән өмір ерекшелігі деп түсінген жөн.
Б.ж.б. 1800 жылдан X ғасырлар аралығында Сарыарқа өңірінде қола дәуір мәдениетін қалыптаған Бегазы-Дәндібай жұрты, әсіресе, олардың кен қазумен айналысқан бөлігі, қалалық мәдениеттің іргесін қалады. Олардың ірі кентті тұрақтарының қатарына Кент, Бұғылы, Мыржық, Атасу, Шортанды-бұлақ қалашықтары жатады. Бұл кездің елді мекен кенттері қоршау, қорғаныс жүйелері болмауымен ерекшеленеді. Кеніштер іргесінде бой көтерген тұрақ мекенжайлар етек-жеңі далиып, шашырай созылып жатқан. Мәселен, Кент қалашығының радиусы 30 шақырымды құрап, Байшора, Әкімбек, Домалақтас, Найза, Нарбас, Қызылтас ауылдарымен астасып кеткені анық байқалады. Ал Мыржықта кен қорытатын қазандардың қызуын үй жылытуға пайдаланған жылу жүйелерін қолданғандары таңғалдырмай қоймайды. Атасудың қатар орналасқан алты пеші де әрі кен қорытқан, әрі қысты күні үй жылыту міндетін қатар атқарған (Қызыласов Л.Р. Городская цивилизация Средней и Северней Азии.М., 2006. 133 б.).
Б.з.б. X ғасырдан – темір дәуірі деп аталатын кезеңде Сарыарқа тұрғындары қорғасын мен қалайы қосындысын бірге балқытып, қола құюдан бас тартып, таза темір, алтын, күміс, мыс өндіруге ауысты. Мыс тұрмыстық бұйымдарға жаратылса, қару-жарақтар енді темірден соғыла бастады. Әсіресе, темірге сұраныс күшті болды. Сарыарқаның теміріне қол жеткізем деп, I Дарий Арал теңізінің теріскей жағалауына кемемен әскер төгіп, Қарақұм арқылы талай жойқын жорықтар жасады. Әскерінің тең жарымы қайтып оралмай, сүйектері Сарыарқа жерінде қалды. Қаратеңіз жағалауындағы грек колонияларының саудагерлері Сарыарқаға үзбей керуен жөнелтіп, алтын, күміс, жез, әсіресе, темір өнімдерін сатып алуға құлшынысты.
Қысқасы, Беғазы-Дәндібай мәдени ошағының тұрғындары аргилер –арғындар келімді-кетімді жүргіншілерден кенде болмады. Олардың арасында ен байлықты ебін тауып үптеп кетуді көздеушілер де аз емес-ті. Сұранысы мол, бағалы кен өнімдерін өндіру – ол байлық көздерін қорғауды күн тәртібіне қойды. Б.з.б. X ғасырлардан бастап Сарыарқада жан-жағы орланған, бөрене қадалармен бекітіліп, сазды топырақпен шеменделген мықты бекіністі қалалар пайда болды. Ондай бекініс қаласының жарқын үлгісі ортаңғы Есілдегі Ақтау қаласы еді. Қаланың М.К. Хабидуллина сызған жобасы Л. Қызыласов еңбегінде жарияланды (134-140 бб.). Бұл қала Ақмола немесе Атбасар төңірегінде, болмаса осы екі елді мекеннің аралығында пайда болған сияқты. Темір дәуіріндегі арги-арғындардың бас қаласы осы Ақтау бекінісі болған сыңай байқалады.
Ал жаңаша жыл қайыруымыздан кейінгі замандарда Сарыарқа қалалық мәдениеті Басқамыр (хиян қаласы), Аяққамыр кенттері арқылы жалғасын табады.
Сарыарқа Жаңа тас дәуірінің соңғы кезеңінен бастап, жер қойнауынан кен қазып, кеніш төңірегінде кенттерде тұрған, металлургия өндірісімен шұғылданған ел болғаны анық. Бұл жағдай біздің көшпенді өмір, көшпенді өркениет туралы түсінігімізге түзету енгізері хақ.
Сарыарқа ешқашан да иесіз жатқан иен дала болған жоқ. Кейінгі орта ғасырларда оның теріскей алқабындағы Есіл-Ертіс аралығын Бүркіт, бәлкім Меркіт бектігі жұрты, Атбасар төңірегін бегендік, шегендіктер, шегелек, шегедек, өкіреш наймандар, Кеңгір бойын шөмен, шөмекейлер қоныстады. Орталық Қазақстан топырағында Атбасар, Ордабазар, Бытығай қалалары ежелден-ақ бой көтеріп, Ташкент – Искер (Сібір хандығының астанасы) керуен жолдарының үстінде жатты. Оларда баж салығын өндіретін кедендер қызмет атқарды.
Сібір хандығы мен Ресей арасындағы бітіспес жанжалдағы саяси жағдайды Қазақ хандығына қолайлы арнаға бұру үшін Тәуекел хан 1588 жылы немере інісі Оразмұхаммед, тайбұға Сейдек, Қадырбек Жалайыр бастаған әскери топ жіберді. Алайда, Оразмұхаммед балалық істеп, құс салып, саят құру қызықшылығымен жүріп, воевода Чулковтың қолына түсіп қалды.
Тобыл басшылары іргедегі Қазақ хандығынан тыныштық болмайтынын сезіп, шекара межелерін ашып, екі араны жоңғарларға толтырды. Сөйтіп, олар жоңғарлардың тасасына қалқаланып, Сібірдің ен байлығын игеру қамына кірісті.
Есім хан Сарыарқаны қолда ұстап қалу күннен-күнге қиындағанын түсініп, 1615-1620 жылдар аралығында Арқаға ел көшіру саясатына ден қойды. Арғындардың Ұлытау, Қызылтау, Қарқаралы, Баянаулаға беттеп, үш лек болып көшкені Аристова, Балакшин еңбектерінде егжей-тегжей баяндалған. Бүкіл елге сауын айтылған бұл мемлекеттік шараға Ұлы жүзден үйсін қауымы, Кіші жүзден тамалар ат-салысты. Шапырашты Қарасай батырдың мәңгілік орны Айыртауда жатқанын осы оқиғалар аясында түсінген жөн.
1652 жылы Салқам Жәңгір өлген соң, Арқа жұрты Қаратауға кері қайырылып, тіпті, оған да тоқтамай Жиделі-Байсын асып кетті. Бұқар жырау жырларында «Бастапқы ақтабан болғанда» деген өлең жолдары бар. Ал Дулат Бабатайұлы болса «Ата қоныс Арқадан, басында қазақ ауғанда» деген өлең шумағы кейінгі «Ақтабан шұбырындыдан» да бұрын босқыншылық болғанын еске салады.
Арғын жұртшылығы Арқаны Тәуке хан заманында қайта қоныстана бастады. XVІІ ғасырдың екінші жартысында Тобыл губерниясы іс-қағаздарында Есіл, Нұра мен Шідерті, Өлеңті өзендерінің жоғарғы салаларында Қуандық аталарының қыстаулары пайда болғанын, ал Қорғалжын көлі төңірегін Қарпық, Тоқа руларының жайлай бастағандары хатталған.
1723 жылғы жоңғар шапқыншылығында елдің бір бөлігі Самарқандқа ауса, екінші бөлігі Ұлытауды сағалап, Тобыл, Обаған өзендеріне ұзара көшуді дағдыға айналдырды. Қысқасы, кіндік қаласы Түркістаннан айырылған ел Арқада тірек қамал қорғанын Ұлытаудан тапты. Жоңғарға қарсы күрестің ең ауыр 1723-1757 жылдары аралығында Ұлытау жылма-жыл өтетін құрылтайдың кіндік ордасына айналды. Ұлытауда 1723-1820 жылдар аралығында 100-ге жуық құрылтай кеңестері өткізілді.
Қазақ елінің жоңғарға қарсы Қарақұм, Бұланты, Шұбартеңіз, Аңырақай соғыстары Ұлытауда дайындалып, жауға аттаныстардың баршасы осы Ұлытау топырағынан басталды. Ең соңғы Абылай сұлтан бастаған ұлы шайқасқа дайындық та осы Ұлытау жерінде жасалды. 1756 жылы Абылай жоңғардың қарауында отырған Сыр бойы қалаларына аттанып, алдымен Жүлек, сосын Жаңақорған, Түркістан, Иқан, Шымқала, Сайрам қалаларын жаудан азат етіп, жоңғар қосындарын Жетісудан асыра Қорғас сыртына қуып салды.
Міне, Ұлытауға қатысты тарихи оқиғалардың ұзын ырғасы осы шамалас болып келеді. Елбасымыз: «Ұлытау тарихы тереңде, қасиетті жер» дегенде, асылы, осы оқиғаларды меңзесе керек.
Қазақ хандығының 550 жылдығы дабыралы, улы-шулы мереке ғана емес, ол өз тарихыңды, қала берді өзіңнің, ұлтыңды танудың жолы. 20-22 тамыз аралығында Ұлытау топырағында болып өткен іс-шаралар біраз жайдың бетін ашты. Әлбетте, мерекелік мерейтойға лайық жиналыстар, баяндамалар, тарихи көріністер, концерттер, балуан күрес, атшабыстар кезегімен өтіп жатты. Ол қазақ тойының ажырамас бір сәні ғой. Ешкім оны артық дей алмайды. Мені сүйсіндіргені – ескерусіз жатқан Бұланты шайқасы орнына белгі қойылуы.
Бұланты Ұлытаудан 180 шақырым, дала соқпағы болмаса, грейдер жолы жүріп болмайтын, шалғай қияндағы ит өлген жер. Үйтас төбешігінің айнала етегінде ескі молалар, молаға ұқсаған тас үйінділері шашылып жатыр. Бәлкім, бұлар шайқаста шейіт болғандардың қабір орны шығар. Бәлкім, кейін қаланған тамдар шығар. Зерттеу жүргізген археологтар осы төңіректен қалмақтардың үйінді сүйектерін, құмға көмілген жоңғар қару-жарақтарының жұқаналарын тапқандарын дәлелді артифакт ретінде тілге тиек етеді... Асылы, тарихи әдебиеттерде айтылатын Бұланты, Білеуті, Қарасиыр шайқастарының орны осы болса керек. Біздің болжамымызды растағандай қатар жарысқан Бұланты, Білеуті өзендері осы шамада жақын келіп, қос бұрым болып қапталдасып қатар ағып жатыр.
Үйтас қырқасының төбесіне «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен тот баспайтын металдан дулығалы стела қойылып, жазулы сағанатастар қатар түзеген. Жергілікті тұрғындар өз аталарына белгі қойып үлгеріпті. Өйтпесе, қазақ бола ма! Оқасы жоқ, бәрі кешірімді. Үйтас төбесі граниттен қашалған белгілерге молығып қалыпты.
Бұланты мәжілісін облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің өзі ашты. Асылында, жаңа басшы сөзге сараң, іске жомарт, іскер адамның мінезін танытты. Ол басқарып жүрген жерде кестеден ауытқушылық болған жоқ, бәрі уақытында басталып, уақытында аяқталып отырды.
Әкімнің Бұланты басындағы сөзі мейлінше қысқа болды. Онысы заңды да. Өйткені, Бұланты шайқасы туралы білетіндер шамалы. Білетініміз – шайқастың 1727 жылы болғаны, жоңғардың қырға шыққан қарауыл тобына қазақтар тап беріп, жойып жібергені. Бұл орайда, мақала жазғандар шайқасқа Бөгенбай, Қабанбай, Қазыбек би, шақшақ Жәнібек қатысты деп сөзді көбейтуге әуес. Қазақтың бұл төрт тіреуін жоңғармен болған қай соғысқа қатыстырса да артық болмайды. Бірақ, қолға ұстағандай нақты дерек кемшін.
Ал Бұланты шайқасының маңызы өте зор. Жоңғар есе жібермеуге болатын жау екеніне көздері жетіп, қазақ сарбаздарының бойына сенім ұялап, қайраттарына қайрат қосылды. Осы шайқастан арқаланған қазақ жасақтары көп ұзамай Шұбартеңіз іргесінде жоңғарды тағы да талқандады. Бұланты шайқасы жоңғарларға қарсы жеңісті жорықтардың бастауы болды десе артық емес.
Бұланты шайқасында жоңғардан қанша адам қырылғаны, біздің сарбаздардың қаншасы шейіт болғаны белгісіз. Қарияларымыздың естерінде ештеңе қалмапты. Ал шайқас орнындағы молаларды уақыт тегістеп жіберген. Біз мұндайға үйренген жандармыз. Өткен күндерді қиял көзімен шолып, жетпегенді жүйрік қиялмен түгендеп алуға көп қиналып жатпаймыз.
Бұлантыдан қайтып оралған соң, қаланың орталық скверлерінің біріне болашақта Кетбұға жырауға арналатын ескерткіш орнына естелік капсула қойылды.
21 тамыз күнгі ертеңгі сапарымыз Ұлытау өңірінің тағы бір киелі орны «Хан ордасы» күлдігін аралаудан басталды. Бұл тарихи орын Ұлытаудан 18 шақырым жерде, Едігетауға қарама-қарсы Қаратал өзенінің іргесінде. Ұзындығы 150 м., ені 90 м. төрт бұрышты қорған. Қорған қабырғалары құлап түскен топырақ үйінділерінен анық ажыратылады. Төрт бұрышта қарауыл қарайтын төрт мұнараның орны бар. Қорған сыртынан ормен қоршалып, іргедегі Қаратал өзенінен терең арық тартылған. Қабырғаның қалыңдығы 3,5 м., биіктігі 4 м. шамасында. Қорғанның ішінде ескі ғимарат орнына саярлық құрылыс іздері жоқ. Еден топырағы біркелкі. Осы белгілерге орай Ә.Марғұлан атамыз оны іргесі ХІ-ХІІІ ғасырларда қаланған қамал-бекініс қатарына жатқызған. Алайда, үлкен қорғанның іргесінде тағы да бір шағын қорған болғаны байқалады. Демек, аталмыш тарихи орын хандардың жазғы резиденциясына көбірек ұқсайды. Біздікі де бізге дейінгі пікір білдіргендердің сөзі де сырттай тон пішу ғана. Екі күрек топырақтың астында не жатқанын білмегендіктен көзбен мөлшерлеп, көңілмен шамалаудан басқа лаж жоқ. Осынау шағын қорғанға қазба жұмыстарын жүргізу онша қиын емес. Музей қызметкерлері немесе институт тарих факультеті студенттерінің қолдарынан келетін іс.
Шежірелі өлкеде туып, шежірешіл болмау ақылға қонбайды. Ұлытаулықтардың ескі сөз, көне тарихқа деген ынтасы алабөтен. Жап-жас бозбала жігіттер түртіп қалсаң өлкесінің өткен-кеткенін сайрай жөнеледі. Ұлытау үлкен-кішілерінің тарихтан мол мағлұматы бар зерек жандар екенін ғылыми конференцияда байқадық. Даулы, таласты, сонысымен қызық, аса мазмұнды конференция көптен көрмеп едім, осы жолы көрдім. Әрбір жаңа сөз, соны дерекке жиналған жұрт елең етіп, дуылдата қол соғып отырды. Жергілікті үш-төрт адам кезектен тыс, кимелеп сөйлеп те кетті. Ғылыми конференцияның шын ажары осы жолы Ұлытауда көрінді.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықтық думанның үшінші ақтық салтанаты Ұлытаудан төрт шақырым жердегі Хантөбеде өтті. Желсіз ықтасынды тау қойнауы, сыңсыған орман. Жағалай тігілген жүзге жуық ақ шаңқан киіз үйлер. Ортада хан шатырлы орталық алаң. Қазір біздің әкімдер табиғат аясы, ашық алаң дала төсінде той өткізудің мәдениетіне жаттығып қалғандай. Айнала төңіректің бәрі көңілге қуаныш орнатып, көз сүйсіндіретін ғажап суреттер.
Салтанатты мәжілісті Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров ашты. Қазір көп сөзге салынбай, мәнді де нәрлі қып-қысқа сөйлеуге басшылар үйреніп қалғандай. Он минуттық баяндамада Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты тақырыпты түгел қамтып шықты. Ұлытау салтанатына қатысушылар Астанадан келген қонақтар Тоқтар Әубәкіров, Қажығали Мұхамбетқалиев, Тұрсын Жұртбаев, Мәди Артықәлиевтер және осы жолдардың авторы еді. Кезегімен оларға да, Қарағанды университеттерінен келген профессорларға да сөз берілді. Салтанат соңы тарихи көріністермен концертке ұласып кетті.
Хандығымыздың 550 жылдығына арналған халықтық мерекені өткізу салмағы негізінен Ұлытау әкімдігінің мойнына түскені байқалып тұрды. Ұлытаумен жапсарлас көрші аудан, қалалар ортақ іске қолғабыс еткені айтпаса да түсінікті еді. Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов, Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, Жаңаарқа ауданының әкімі Ғабдірахман Омаров, Қаражал қаласының әкімі Қайрат Ғосманұлы ертелі-кеш осы іс-шараның басы-қасында болды. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен қызылордалық «ПетроҚазақстан – Құмкөл ресорсиз», «Қор» акционерлік қоғамдары мен қарағандылық «Қазақмыс» корпорациясының қол көмегі аз болмаған сияқты.
Қысқасы, хандығымызды ұлықтаған халықтық мереке облыстың өз күшімен өтті. Бір аудан көлемімен шектелген іс-шаралар мерейтойдың әу бастан-ақ жергілікті деңгейде жоспарланғаны көрініп тұрды. Тойда Астана саяси элитасының бірде-бірі қара көрсетпеді. Осы жайт көңілге көлеңке түсіргендей боп тұрғанда, Хантөбе іргесіндегі биік қыратқа Ұлытаудың қыз-жігіттері топ-тобымен өрмелеп шығып, үкілері теңселе тұрып домбыра шертіп, ән шырқағанда қабақ кірбіңі жазылып, көңіл айдыны жарқырап сала берді. «Қазақ жастары баяғы ата-бабалары сияқты аңғал, аңқау болғанымен, шетінен жүректері лапылдаған, Ел мен Жер десе жандарын беруге дайын нағыз отаншыл жандар! Менің бірден-бір сенерім осы өрімтал жас ұрпақ!» дегенді іштей қайталап, риза болғанымды жасырмайын.
Әнес САРАЙ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.Суретті түсірген
Ерлан Омаров.
ҰЛЫТАУ.