17 Қазан, 2015

Қиял патшалығының пырағы

577 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
_SIN0888М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты өткізген қазақ фольклористикасы туралы халықаралық конференция академик Сейіт Қасқабасовтың мерейтойына орайлас­тырылды. «Ғылым ордасы» кіші мәжіліс залының бір қабырғасын тұтас алып жатқан кітап көрмесі бүгінде ха­лық мұрасының шырақшысы, бабалар сөзінің баһадүрі атанған аса ірі фольклорист ғалымның шығармашылығына арналыпты. Қырық жылдық еңбектің қормал қордасындай. Академиктің барлық дерлік ғылыми шығармалары, ғалым хақындағы өмірбаяндық дереккөздері. Оның редакциясымен шыққан еңбектер. Сейіт Асқарұлының өз замандастары туралы толғаған толымды туындылары. Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Ақселеу Сейдімбеков секілді тұлғалармен бірге түскен жәдігер суреттер. Осының бәрі ғибратты ойларға жетелейтіндей. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты ғалым туралы алғашқы сөзді Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижанов айтты. Сейіт Қасқабасовтың дарынды ғалымдығымен қоса ғылымдағы қарымды ұйымдастырушылығы, қайраткерлігі, Алаш арыстарын ақтау кезіндегі ересен еңбегі мен ақжолтай азаматтығы елге мәлім. Фольклортану мектебінің жаңа бағыттағы негізін қалаған адам. 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясын шығару әлемде баламасы жоқ ерлік іс деп бағаланды. Осы жобаға жетекшілік еткен Сейіт Қасқабасов Елбасы бастаған «Мәдени мұра» бағдарламасының табысты іске асуы­на үлкен үлес қосты. Мұның сыртында «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдығы, әдеби жәдігерлердің 20 томы, М.Әуезов шығармаларының 50 томдық жинағы қайраткер ғалым С.Қасқабасовтың Әдебиет және өнер институтын басқарған кездегі ұлағатынан хабар бергендей. Конференцияда филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов «Бабалар сөзінің баһадүрі», филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Әзібаева «Жаңа көзқарасты ғалым», филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш «С.Қасқабасов және тәуелсіздік дәуір әдебиеті», филология ғылымдарының докторы Райхан Ерғалиева «Культурологические исследования академика С.Каскабасова» атты тақырыптарда тартымды баяндамалар жасады. Академик Көпжасар Нәрібаев мерейтой иесіне Ұлттық Ғылым академиясының Құрмет грамотасын табыс етіп, қарапайымдылығын, парасаттылығын тілге тиек еткен жылы лебіз арнады. Сондай-ақ, фольклортану ғылымының көшін бастаушы ғұлама ғалымды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов, Алматы қаласы әкімінің атынан тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахет, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шериаздан Елеукенов, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі, ақын Шөмішбай Сариев және басқалар құттықтап, фольклор дейтін қиял патшалығы пырағының иығына шапан жауып құрметтеді. Түстен кейін конференция жұмысы «Фольклортану мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері» һәм «Мәдени мұра және өнертану» атты жеке секцияларда жалғасты. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». Алматы. Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.