29 Тамыз, 2015

Ата Заңымызға – айрықша құрмет

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматыдағы «Ғылым ордасында» Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының Конституциясының мәдени-тарихи өлшемі: мәселелері мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Осыдан 20 жыл бұрын 30-шы тамызда Қазақстан хал­қы Республикалық референ­думда тарихи шешім қабыл­дап, Қазақстанның жаңа Конс­титуциясын бекітті. Бұл маңызды құжат – ел  Конституциясы сол күннен бастап мемлекеттік құры­лыстың негізін қалыптастырушы күш болып саналады. Өткізілген іс-шараның мақсаты – Конституция күнінің қоғамдық санадағы маңыздылығын арттыру, мемлекет қолданысындағы басты құқықтық құжат ретінде Негізгі Заңға қоғамның назарын аудару, оны дәріптеу дәстүрін нығайтып, өскелең ұрпақты конституциялық құрылымды құрметтеу рухында тәрбиелеу дер болсақ, дөңгелек үстел барысында ол міндет ойда­ғыдай орындалды. Алқалы жиынды «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Роза Кәрібжанова жүргізді. Академик Әбдімәлік Нысанбаев «Қазақстан Республикасының Конституциясы және ұлттық бірлік пен бірегейлік», ҚР БҒМ ҒК Философия, саясат­тану және дінтану институты ди­ректорының орынбасары Серік Нұрмұратов «Қазақстан Конс­титу­циясының негізгі құн­ды­лықтары», институттың бөлім меңгерушісі Бақытжан Са­тершинов «Қазақ қоғамындағы дәстүрлі би институты», аға ғылыми қыз­мет­кер Гүлнұр Өскембаева «Қа­зақстан Конституциясының тарихы», ғылыми қызметкер Нұркен Айтымбетов «Конституция – ел тұрақтылығының мызғымас кепілі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Жарыссөзге шыққандар бүгінгі қаузап отырған тақырыптан ауытқымай пікірталас желісін  «Қазақстан-2050» Стратегиясы және бес институттық реформаны жүзеге асыру мақсатындағы Ұлт жоспарының «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру жолдарымен үйлестіріп, тұжырымды да танымды әңгіме қозғады. Шараға Парламент Мәжі­лісінің депутаты Серік Сейдуманов, бел­гілі ғалым-теолог Әбсаттар Дербіс­әлі қажы және басқа да еліміздің маң­дайалды ғалымдары қатысып, ойларын ортаға салды. Ата Заңымыздың ғұмыр жолын баяндайтын насихаттық көрмені қызықтаушылар  легі көп болды. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.