Кеше Мәжілістің кезекті жалпы отырысы түс қайта өткізілді. Бұл түске дейін өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVI съезімен байланысты болып отыр. Мәжілістің жалпы отырысы барысында Палата Спикері Қабиболла Жақыпов «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде айтылған мәселелердің маңыздылығына тоқталды.
Төраға съезде алдағы президенттік сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевты кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылданғанын, аталған жиында сөз алған еліміздің әр өңірлерінен келген делегаттардың қазіргі іс басындағы Президенттің қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы теңдессіз рөліне айрықша назар аударғанын ерекше атады. Спикер сөз реті келгенде Мәжілістің депутаттық корпусы халықтың өмірін жақсарту үшін Елбасы жүктеген қоғам мен мемлекет алдында тұрған бес басым бағытты жүзеге асыру жолында бар күш-жігері мен білімін жұмсайтынына сендірді.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Алдымен депутаттар назарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар ұсынылды. Мәжіліс депутаты Оңалсын Жұмабеков енгізілген өзгерістер заң жобасының тұжырымдамалық ережелерін қозғамайтындығына назар аудартты. Сенат Азаматтық кодексіне зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелерін және даралану құралдарын заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларда құқық иеленушінің келісімінсіз пайдалануға қатысты өзгерістер енгізген. Сондай-ақ, кешенді кәсіпкерлік лицензия шартын тіркеу туралы ережені қолдану да назардан тыс қалмапты. Сонымен бірге, Сенат «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңына енгізілетін өзгерістер авторлардың, орындаушылардың, фонограммаларды жасаушылардың, авторлық немесе сабақтас құқықтарды өзге де иеленушілердің мүліктік құқықтарын ұжымдық негізде басқаратын ұйымның уәкілетті органына ақпарат ұсынуына жататын нормаға қатысты өз ұстанымдарын да енгізіпті. Бұдан басқа жоғары палата тауар таңбалары мен меншік объектілеріне қатысты және өзге де өзгерістер ұсынғаны белгілі болып отыр. Мәжіліс аталған ұсыныстарды қарап, өздерінің келісімдерін берді.
Күн тәртібіне шығарылған Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік іс жүргізу кодексінің жобасы және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда қаралып, қолдау тапты. Заң жобасы сот ісін жүргізуде бітістіру ресімдерін белсенді қолдану үшін оны жаңғырту арқылы жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сотта тиімді қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ соттардың қызметіне ақпараттық техникалық құралдарды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте істі сот талқылауына дайындау мерзімі ұлғайтылып, сот қуыным арызын қабылдағаннан кейін судья мен процеске басқа қатысушылардың әрекеті неғұрлым нақты регламенттелген. Сотқа дейінгі талқылауға барлық қатысушылар дәлелдемелерді ұсынуға тиіс. Егер олар ағымдағы кезде ұсына алмаса, онда дәлелдемелер кейінірек, сот талқылауы барысында ұсынылуға тиіс. Ерекше жағдайларда, егер уақтылы ұсынбау себептері дәлелді деп танылса, онда оларды апелляциялық саты сотына да ұсынуға рұқсат етіледі. Мұнда азаматтық процесте адвокатураның рөлін күшейту де көзделіпті. Кодекс жобасында адвокаттардың қатысуымен бітістірудің жаңа тәсілі – партисипативтік рәсім енгізіліп отыр. Ол дауға қатысушыларға келіссөздерді адвокаттардың белсенді қатысуы арқылы өткізу мүмкіндігін береді. Тараптарды татуласуға қосымша ынталандыру үшін оларға сотқа қуыным берген кезде төлеген мемлекеттік баж қайтарылатын болады. Және де медиация институтын кеңінен қолдану, оны судья тараптардың өтінішхаты бойынша жүргізетіні ерекше аталды. Сот бекіткен медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім татуласу келісіміне ұқсас орындалатын болады.
Кодекс жобасының айрықша мәні инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі соттардың мамандандырылған құрамдарын енгізу болып табылады. Кодекстің жобасымен Астана қаласының сотында инвестициялық дауларды қарау жөніндегі мамандандырылған құрамды құру, сондай-ақ Жоғарғы Сотта апелляциялық алқа құру көзделген. Бұл шара инвестицияларды құқықтық қорғауды арттыруға, бизнесті жүргізудің қолайлы шарттарын құруға бағытталған.
Жалпы, Кодекс жобасының ережелері татуластыру ресімдерін және дауларды шешудің балама тәсілдерін кеңінен қолдануды көздейді. Осыған байланысты заң жобасында зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында, экологиялық, жер, неке-отбасы құқықтық қатынастары және инвестициялық қызметтен туындайтын құқықтық қатынастар саласында дауды сотқа дейін реттеуді міндетті түрде қолдау қарастырылған. Осыған орай, заң жобасында дауды бейбіт жолмен реттеуге көмектесуді адвокатура міндеттерінің бірі ретінде белгілеу көрініс тапқан. Соған байланысты адвокаттар заң көмегін көрсете отырып татуластыру рәсімдерін де жүргізуге тиіс. Бұл ретте нотариаттық әрекеттерді жасаудың жаңа түрі – атқарушылық жазба енгізіліп отыр. Ұсынылып отырған норма азаматтық құқықтық қатынастарға қатысушылардың даусыз талаптар бойынша бұзылған құқықтарды сотқа бармай-ақ қалпына келтіруіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Палата «2009 жылғы 6 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру мен пайдалану шарттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы Қазақстан Республикасының Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі географиялық жағынан қашық орналасқан офисін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімдерін бекітіп берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».