Өңір көреремендеріне танымал тележүргізуші Қонысбек Терекұлы шаңырақ көтерді. Оның таңдап алған сүйген жары Әйкен де осы салада жұмыс істейді. Тілшінің тойы бұрынғыларға қарағанда өзгеше өтті дегенді естіп, әріптес інімізбен телефон арқылы хабарласқан едік.
Шалқар қаласында өткен тойға 300-ден астам қонақ шақырылған көрінеді. Бірақ, олардың бірде-біреуі жиналған жұрттың алдына шығып, жас жұбайларға тост көтеріп, тілек айтпапты. Тойда тек жаңа құдаларды бастап келген азамат қана сөз алған. Оның өзі де салтанатқа жиналғандарға серіктерін таныстырумен ғана шектелген. Ортаға шығып тілек айтылмады демесең, оның басқаша жолы да табылыпты.
– Біздегі тойлардың талайын көріп жүрміз. Қонақтар бірінің айтқан сөзін екіншісі қайталап тұрып алады. Жұрт та жалығады. Мен өз тойымның өзгеше өткенін қаладым, ұзақ-сонар сөз сөйлеу дәстүрінен бас тартуды жөн деп таптым. Ақ тілегін айтқысы келгендер «Тілек бұрышындағы» микрофонды алып, арнайы камераға жүрекжарды лебіздерін білдіріп жатты. Біз оны міндетті түрде көретін боламыз. Бір байқағаным, тойда сөз берілмегеніне ешкім ренжіген де және дастарқаннан аттап кеткен де жоқ, – дейді қуаныш иесі.
Айтса айтқандай, ортаға шығып алып, бірінің айтқанын екіншісі қайталап, сөз жарысына түсіп кететін ағайындардың жұрттың алтын уақытын алып, мезі етіп жіберетінін көріп жүрміз. Бұл тойдың өзгелерге қарағанда тағы бір өзгешелігі бар.
Қонысбек Терекұлының тойы көпірме сөзсіз (тостсыз) ғана емес, ішімдіксіз де өткен. Осыдан 5 жыл бұрын жақсы ырымға балап, жер астына киікотымен ысталған 150 литр қымыз көмген екен. Ішіне шикі қазы салынған қымызды тойдан бір күн бұрын қазып алған. Бабымен сақталған қымыздың дәмі тіл үйіреді, ешқандай бұзылмапты.
Тойдың (тостсыз) сөз сөйленбей өтуі Ақтөбе өңірі үшін тосындау жайт. Өйткені, Ақтөбеде тойға шақырылған қонақтардың барлығы да шама келсе өз тілектерін білдіруге құштар. Тіпті, көпірме сөздің шылауында кетіп, мерекенің берекетін алатындары да кездеседі. Сөз берілмегеніне ренжіп, мінез көрсетіп қалатындар да болып жатады. Алайда, дерек көздерінен мәлім болғанындай, Қонысбектің тойына шақырылған 300-ден астам қонақ түн ауғанша болған салтанаттың аяғына дейін сабыр сақтап, тойдың ажарын келтіріпті. Мұны күйеу жігіттің өзі де растады. Ол тойдың бағдарламасына дейін өзі жасағанын жасырмады. Қонысбектің әкесі Терек те, анасы Сара да ұлағатты ұстаздар, қазір еңбегінің жемісін көріп отырған зейнеткерлер. Қонысбек той үстінде сүйіктісіне өз әжесі, кейін анасы таққан алтын жүзікті сыйлапты. Мұның өзі отбасылық құндылықтарды сақтаудың, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі деу орынды. Бұл да айта жүрерлік өнеге. Қазақтың тойының мәдениеті мен қызықты өтуі хақында көптеген ойлар айтылып жүр. Бұл тойдан да үйренерлік үлгілер бар екені сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.