Көлік және байланыс қызметкерлерінің төл мерекесі жақындап келеді. Атаулы датаны ел экономикасының күретамыры – “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ қандай табыстармен қарсы алғалы отыр деген сұрақ төңірегінде Ұлттық компания президенті Асқар МАМИНМЕН әңгімелескен едік.
– Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ ұжымы өздерінің кәсіби мерекесін қандай табыстармен қарсы алғалы отыр?
– Бәрінен бұрын республика теміржолшыларын алдағы келе жатқан Көлік және байланыс қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, сала ұжымдарына табыс тілеймін. Негізінен, мереке қарсаңындағы көңіл-күй өндірістік көрсеткіштердің нәтижесіне байланысты болатындығы рас. Биылғы жылғы темір жолдағы табыстың тұрақты өсімі болашаққа деген үлкен үмітімізді оятады.
“Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ республика экономикасы мен ел тұрғындарын темір жолмен тасымалдау жөніндегі сұранысын толығымен қанағаттандырып келеді. Негізгі көрсеткіш бойынша, алғашқы жартыжылдықтағы жүк айналымы 100 млрд. тонна/шақырым болды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға жоғары. Сондай-ақ тасымал көлемі 14,7 пайызға артты. Ал экcпорт көлемі 25, импорт 2,9 пайызға өсті. Тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйінің маңызды индикаторы ретіндегі жолаушылар тасымалы 6,4 пайызға көтерілді. “ҚТЖ” ҰК” АҚ тобына жататын компаниялардың кірісі 25 пайызға өсіп, 284,3 млрд. теңгені құрады. Сала жұмысындағы оң өзгерістерді тәуелсіз сарапшылар дәйектеді. Халықаралық “Fіtch ratіngs” пен “Standard & Poors” рейтингілік агенттіктері ҚТЖ-ның рейтингін ВВВ- және ВВ+ деңгейінде “қалыпты” деп бағалады.
Мұның барлығы Қазақстан темір жолының 2008-2009 жылдарғы дағдарыс салдарын артқа тастап, жүк және жолаушылар тасымалдаудағы тапсырмаларды ойдағыдай орындап, қалыпты жұмыс ырғағына көшкендігін көрсетеді.
– Саланы алға қарай дамытудың бағдарламасы туралы әңгімелесеңіз. Таяу және алыс болашақта қандай жоспарларды жүзеге асыру көзделіп отыр?
– Темір жол саласын дамытудың мемлекеттік және салалық бағдарламалары бойынша жеті маңызды міндетті атап өтуге болады. Біріншісі – өндірісті кешенді түрде дамыту. Екіншісі – индустриялық дамуды аудандастыру. Үшінші – жеке меншік инвестиция тарту. Төртінші – темір жол саласын реформалауды мемлекеттік реттеу арқылы жеке бастамаларға қолайлы ахуал туғызу және негізгі құрал-жабдықты жаңғырту мен жетілдіру. Бесінші міндет – еліміздің транзиттік әлеуетін барынша тиімді пайдалана білу. Алтыншы – темір жол саласының қауіпсіздігін әлемдік талаптарға сәйкестендіру. Жетінші – корпоративтік басқаруды жетілдіріп, Ұлттық компаниядағы ашықтық пен мөлдірлікті және осы тұрғыдағы есеп беруді қамтамасыз ету. Бұл мақсатты тапсырмаларды орындаудағы негізгі идеология темір жол көлігін жаңғырту мен жетілдіру арқылы оның сапасы мен қызметінің тиімділігін көтеріп, мемлекет пен қоғам үшін неғұрлым оңтайлы әрі икемді мүмкіндіктерді қалыптастыру.
Ал егер де қазіргі таңдағы өзекті мәселелерге тоқталар болсақ, бірқатар шешімін таппай отырған жайлар бар. Мәселен, табысты болмауына байланысты әлеуметтік маңызды қызметтердің сәйкес қайтарымсыз қаржымен қамтылмауы, тариф деңгейінің төмендігі инвестициялық шығындарды жабуды қамтамасыз ете алмайды. Сондай-ақ “ҚТЖ” ҰК” АҚ пен жүк вагондарының жеке операторларына теңдей мүмкіндік берілмей отыр. Саланы дамытып, оның тиімділігі мен қызмет сапасын жақсартуға және активін жаңғырту мақсатында инвестиция тартуға – кешенді реформаның экономикалық моделі мен саланың институттық құрылымы және инвестициялық кең көлемдегі ауқымды бағдарламасының қажеттігі байқалып жүр.
Темір жол көлігінің мақсатты моделі тиісті нәтижеге жеткізуді көздейді. Ол үш сегментті қамтиды. Жүк тасымалы, жолаушы тасымалы, магистралдық желі қызметі. Мұндай модельге көшу – “Темір жол көлігін дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы” мен “ҚТЖ” ҰК” АҚ-тың 2020 жылдарға дейінгі стратегиялық дамуы” атты маңызды құжаттарда көрсетілген. Бұл бағдарламалар бойынша, “ҚТЖ” ҰК” АҚ құрылымын өзгертіп, жүк және жолаушы тасымалы мен магистралдық желі қызметімен айналысатын еншілес кәсіпорындарды бір холдингтік құрылымға айналдырып, барлығын бір орталықтан корпоративтік жолмен басқару түрі қарастырылады. Сонда реттеу саласында тек магистралдық желі қызметі қалады. Ал жүк тасымалы мен вагон және локомотив паркі бар мемлекеттік және жеке тасымалдаушылардың операторлары өзара бәсеке шеңберінде жұмыс істейтін болады. Мұның ішінде ерекше айтарлығы – шынайы бәсекелестік жағдайында ұлттық тасымалдаушының басымдығы коммерцияландыру арқылы алып тасталынады. Сөйтіп әлеуметтік маңызды қызмет түрлері де нарықтық қатынасқа көшіріледі. Ал тәуелсіз жеке тасымалдаушылар магистралдық және темір жол инфрақұрылымына қатысуға тең мүмкіндік алады. Қазіргі таңда сала мамандары мен еңбеккерлері индустриялық-инновациялық жобалар кәсіпорынның даму тегершігі екендігін айқын бағамдай бастады.
– Жаңа технологияларға көшу барысында кадрлардың біліктілігін көтерумен бірге персонал санын оңтайландыру да қатар жүретін үдеріс емес пе?
– Өндірістің тиімділігін көтеру туралы тапсырма Мемлекет басшысының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында атап көрсетілді. Бұл жерде мына жайға баса назар аудару керек. Мемлекет те, заң да, саланың менеджменті де, жалпы салиқалы ой иесі мыңдаған жұмысшыны қысқарту әрекетіне бірден бармайды. Сондықтан еңбек өнімділігін көтеру және персонал санын оңтайландыру жоспарлы түрде, әлеуметтік жағдайларды жан-жақты зерттеп, оны әбден екшеуден өткергеннен соң ғана білікті мамандарды сараптау арқылы бірте-бірте, кезең-кезеңімен ұзақ мерзімде атқарылады. Ал енді еңбек өнімділігін көтеру – өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыру, кәсіпорын құрал-жабдықтарын жаңарту, жаңғырту, басқаруды автоматтандыру, өнеркәсіптердің құрал-жабдықтарын жоғары деңгейдегі технологиялармен қолдау, транзиттік, жаңа типті қызмет түрлерін дамыта отырып, сұранысты ынталандыру, сондай-ақ өндірістік активтерді оңтайландыру мен қызметкерлердің жұмыс сапасын жақсарту арқылы жүргізіледі. “ҚТЖ” ҰК” АҚ пен оның еншілес кәсіпорындарында 2020 жылға дейін еңбек өнімділігін көтеру базалық деңгеймен салыстырғанда 19,6 пайызға дейін көтеріледі деген үмітіміз бар. Қазіргі таңда байланыс, жоғары технология, ақпараттандыру салалары белсенді түрде жедел дамып келеді. Сондықтан білікті инженерлер мен білігі зор басшы мамандар мемлекеттік құрылымдардан гөрі нарықтық талаптарға сай кәсіпорындарды таңдай бастады. Мәселеге осы қырынан қарағанда, темір жол саласындағы қалыпты жағдай өте қатты өзгерістерге көп ұшырай қоймайды.
– Сонда кадр саясаты қалай жүргізіледі? Теміржолшылардың әлеуметтік жағдайлары қалай шешіледі?
– Кадр саясаты – компания жұмысы тұрақтылығының негізі болып табылады. Темір жол басшылығы қашанда еңбеккерлердің сұранысына бірінші кезекте көңіл бөліп келеді. Осы мақсатта бірқатар шаралардың тиімді атқарылғанын мынадай дәйектерден көруге болады. ҚТЖ мен оның еншілес кәсіпорындарынан 2009 жылы кадрлардың басқа жұмыстарға ауысуы 2008 жылға қарағанда 3,9 пайызға төмендеген. Ал 30 жасқа дейінгі жас мамандардың басқа жұмысқа ауысуы 8,7 пайызға азайды. 2009 жылы жүргізілген социологиялық сараптау қорытындысына қарағанда, компанияда қызмет ететіндердің 61,5 пайызы өз жұмыстарына қанағаттанады екен. Мұндай оң жетістік компания қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға жұмсалатын қаржының жылма-жыл өсе түсуінен көрінеді. Мәселен, 2008 жылы осы мақсатқа – 3 183,0 млн. теңге бөлініп, 2009 жылы – 3 393,0 млн. теңге қарастырылса, 2010 жылы – 3 420, 712 млн. теңге жұмсау көзделіп отыр.
2007-2009 жылдары “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ еңбеккерлерінің 60 мыңы, яғни жартысына жуығы оқыту мен біліктілігін көтерудің әртүрлі бағдарламаларынан дәріс алды. Өткен жылы компания мен оның құрылымдарына 696 жас маман тартылды. 2010 жылғы жоғары оқу орнын бітірушілердің қатарынан 292 жас маман теміржолшылар қатарын толықтырады. Бүгінгі таңда осындай жас мамандардың білімі мен білігі алдымен шағын стансалар мен разъездерде шыңдалуы қажет болып тұр. Себебі, жүк айналымын жасақтау мен тасымалдау үдерісінің сенімділігін сондағы теміржолшылар қамтамасыз етеді. Осыған орай жастарды 3, 4, 5 санаттағы стансаларға бекітіп, оларға барынша әлеуметтік қолдау көрсету шаралары қолға алынған. Мәселен, осындай стансаға немесе разъезге барған жас маманға айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшері көлемінде материалдық көмек беріледі. Сондай-ақ алғашқы екі жылда тұрғын үйді жалға алу ақысы төленіп, бастапқы жылы негізгі айлық жалақысына 20 пайыздық көтерме ақы беріліп тұрады. Жұмысына тезірек бейімделуі үшін тәлімгерлік институты белгіленеді.
Әлеуметтік саланың негізгі жайы – тұрғын үйге қатысты. 2009 жылы ҚТЖ-ның инвестициялық бюджетінде тұрғын үй құрылысына 1,5 млрд. теңге жұмсалып, қызметкерлерімізге Астанада 80, Ақтау қаласында 30 пәтер бөлінді. Биылғы жылы компанияда тұрғын үйге байланысты ең ірі қадам жасалды. Кәсіпорын есебінен 250 теміржолшы жаңа үйлер мен пәтерлердің кілтіне ие болды. Маусым айының 29-ында Достық стансасында сегіз жаңа үйдің құрылысы аяқталып, 216 теміржолшыға жайлы пәтерлердің кілті табыс етілді.
Алматы облысында тасқын су салдарынан зардап шеккен Егінсу стансасындағы тұрғындарға 35 жаңа үй тұрғызылды, 21 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2009 жылы темір жол тарихында тұңғыш рет 2010-2014 жылдары шағын стансалар мен разъездердегі еңбеккерлерді тұрғын үймен қамтудың бағдарламасы жасалып, бекітілді. Темір жолда еңбеккерлерге медициналық және санаторийлік-курорттық қызмет көрсету қалыпты құбылысқа айналған. 2010 жылы салада 65 735 еңбеккер профилактикалық, 5 345 692 адам ауысым алдындағы медициналық тексеруден өткізілді. Компания бұл мақсатқа 895 млн. теңге жұмсады. 2010 жылы санаторий мен профилакторийлерде үш мың адам емделді. Бұған 246 млн. теңге бөлінген. Жыл сайын ҚТЖ еңбеккерлері арасында қысқы және жазғы спорт түрлерінен спартакиада өткізіледі. Жаңа әкімшілік ғимаратында жүзу бассейні, спорт залдары жарақтандырылған.
Ұлттық компаниядағы жастар туралы мәселеге тоқталар болсақ, 2009 жылы салада үш жылға арналған “Жастар саясаты” бағдарламасы қабылданды. Халықаралық және республикалық ареналарда “СВ” көңілділер мен тапқырлар клубымыз жүлделі орындарға ие болып жүр. Меніңше, осы кешенді шаралар – “ҚТЖ” ҰК” АҚ адамдардың басты байлық екендігін, олардың қадір-қасиетін шынайы бағалай алатын кәсіпорын екендігін айғақтайды.
– Жүк тасымалы нарығында шешімін таппай жүрген қандай өзекті мәселелер бар. Оны жақсартудың қандай шаралары қаралып жатыр?
– Жүк тасымалында екі өзекті жағдай қалыптасып отыр. Біріншісі – темір жол көлігін тарифтік реттеудің қазіргі жағдайы – ол өз кезегінде жүк тасымалының азаюына, қызмет көрсету сапасының төмендеуіне, темір жол жүйесінің физикалық және моральдық жағдайының құлдырауына әкеліп соғады. Екіншісі – жылжымалы құрамның жетіспеушілігі. Тасымалдың негізгі бөлігі әлі күнге ескі вагондармен атқарылады. Осыдан он жыл бұрын нарықтағы қазақстандық вагондар сұраныстан асып кетсе, қазіргі уақытта жүктің 20 пайызы қазақстандық емес вагондармен атқарылады. Соның салдарынан жүк жөнелтушілерді вагонмен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Мұнымен бірге қазіргі қолданыстағы тариф саясаты жолаушылар тасымалындағы қаржы жетіспеушілігін жүк тасымалының кірісі есебінен жабуға мәжбүрлеп тұр.
Біз осындай қиындықтарға қарамастан әлемдік қаржы және экономикалық дағдарысқа қарсы шаралар кешенін уақытында ұйымдастыра алдық. Дегенмен, дағдарыс 2007-2008 жылдары тасымалдау көлемінің 4-5 пайызға төмендеуіне әкеліп соқтырды. Жоғарыда айтылған саланы 2020 жылдарға дейінгі дамытудың бағдарламасына сәйкес, осы аралықта 76 мың жүк вагондарын, 1,5 мың локомотив пен темір жол желісін жаңғыртуға “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ пен жеке меншік иелерінің және мемлекеттің қаржысы жұмсалады. Жүк тасымалының тиімділігін арттыру үшін жүк тасымалындағы бәсекелестікті қалыптастырумен қатар, оған Ұлттық компанияның да сапалық жағынан бәсекелес бола алатындығын дәйектеу қажет. Саладағы халықаралық тәжірибе темір жол тасымалындағы мүмкіндіктің бірі – тасымалдау қызметіне ірі операторларды тарту болып табылады. Ол тәуелсіз тасымалдаушылармен бірге барлық бағдардағы нарықтық қатынастарға қатыса алады. Мұны жан-жақты ұйымдастыру 2014 жылдарға дейінгі бағдарламада көрсетілген.
Оның сыртында Ұлттық компания жүк тасымалымен қатар логистикалық қызмет көрсету нарығын да сапалық жағынан көтеріп, тиімділігін қамтамасыз етуге бағыт ұстануда. Тасымалдау сегментін халықаралық талаптарға сай жоғары технологиялық көліктік қызмет түрімен қамту бүгінгі күннің талабы. Осыған орай темір жол компаниясын дамытудың стратегиясында тасымалдауды ұйымдастыру мен тұтынушыларға қызмет көрсету жүйесіне инновациялық өзгерістер енгізіледі. Оның ішінде жеткізу уақытына кепілді көліктік қызмет линейкасын жасақтау, логистикалық қызмет спектрін инфрақұрылым талабына сай етіп кеңейту, бәсекелестікке сай жұмсақ икемді тариф, жылжымалы құрам паркі құрылымын өзгерту қарастырылады. Жүк тасымалын өзгерістерге келтіру ұзақ мерзімді қажет ететін үдеріс. Дегенмен, ұзақ мерзімге арналған мақсатты бағдарлама түзіліп, оны жүзеге асыру нақты белгіленді.
– Еліміздегі маңызды міндеттердің бірі – жолаушылар тасымалы жылдамдығын дамыту. Ол қалай жүзеге асырылады?
– 2011-2015 жылдар аралығында жолаушы тасымалының жылдамдығы жоғарылайды. Ол 7800 шақырымды қамтиды. Астана мен Атырау арасына жүру уақыты 43 сағаттан 19 сағатқа, Алматы мен Ақтөбе арасы 42 сағаттан 22 сағатқа дейін қысқаратын болады. Кей бағдарларда қозғалыс жылдамдығы екі-үш есеге дейін артады. Бұл мақсатты орындау үшін жаңа буынды жылжымалы құрам вагоны паркін жаңғырту көзделген. Оған қоса тасымалдау үдерісінің жаңа технологиялық нормасы түзіліп, қозғалыс жылдамдығы мен жайлылығы жақсарып, инфрақұрылымы жаңғырады. Жолаушы тасымалының сервисін жақсарту үшін Ұлттық компания мен жеке секторға мемлекеттік қолдаудың қажеттігі байқалады.
– Астанада жаңа вокзалдың қажеттігі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Мұндай нысан салына ма?
– “Астана қаласының вокзал кешені құрылысы” жобасы стратегиялық тұрғыда елорданың көліктік-логистикалық дамуын және жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасын жақсартады. Бұл жоба бойынша қазіргі таңда дайындық жұмыстары жасалып жатыр. Жобалау және құрылыс жұмыстары “кілтін тапсыру” тәртібімен атқарылмақ. Биылғы жылы жобаны кескіндеу жұмысы жасалып, құрылысқа жер бөлу және техникалық-экономикалық дәйектеу жұмыстарына тендер жарияланатын болады.
“ҚТЖ” ҰК” АҚ инвестициялық комиссиясы шешімі бойынша “Астана қаласының вокзал кешені құрылысының” жобасы “Инвестициялық стратегиялық жоба” деп танылып отыр.
– Компанияда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар жасалып жатыр?
– Әрине, Ұлттық компания үшін қауіпсіздік қашанда нөмірі бірінші басымдыққа ие. Себебі, жолаушылардың амандығы мен жүктердің тиісті межеге қауіпсіз жеткізілуі көптеген ұйымдастыру шараларын қажет етеді. ҚТЖ басшылығы мұны жүйелі әрі кешенді түрде қарастыра келіп бірқатар оң тәжірибе жинады. Соның нәтижесінде 2009 жылы ақаулықтар саны 2008 жылмен салыстырғанда 42 пайызға дейін төмендетілді. Ал үстіміздегі жылдың алты айында қозғалыс қауіпсіздігінде оң өзгерістер бар. Алматы облысында бір топ теміржолшы жолаушылар пойызын үлкен апаттан аман алып қалды. Қозғалыс қауіпсіздігін бұзу оқиғалары 8 пайызға азайды. Жұмыстағы ақаулықтар саны 27, ерекше ақаулықтар оқиғасы 46 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіштер қозғалыс қауіпсіздігі мәселесіне кешенді түрде зер салып, ақаулықтың алдын алу шараларының жүйелі жүргізіліп отырғандығына байланысты деп біліңіз. Сондай-ақ бұл мәселе апта сайын “ҚТЖ” ҰК” АҚ аппарат отырысында жан-жақты талқыланады. Барлық деңгейдегі басшылар, қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі ревизорлар техникалық құралдарды пайдалануға беру, жөндеу жұмыстарының технологиялық үдерістеріне қатаң талап қоя алады. Пойыздардың ішкі жолдардағы маневрлік қозғалыстарына, әрбір қызметкердің лауазымдық міндетін жауапкершілікпен орындауына бақылау жасау күшейтілді.
– Мемлекет басшысының бақылауында тұрған Қорғас-Жетіген және Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара жобаларының құрылысы жайлы әңгімелесеңіз.
– Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен темір жол желісінде екі үлкен жобаның – Қорғас-Жетіген және Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара құрылысы басталды. Оны тиімді жүзеге асырсақ, жүктерді жеткізу уақыты барынша қысқарады. Сонымен қатар республикамыздың темір жол желісі арқылы транзиттік жүктердің көбеюіне әсер етеді. Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара жаңа темір жол желісі қазіргі Серахс бағдарына қарағанда, Парсы шығанағы арқылы жүк тасымалдауды шамамен 600 шақырымға азайтады. Бұл бағдар Қазақстанның Түркіменстанмен, Иранмен, Парсы шығанағы елдерімен, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен экономикалық қарым-қатынас жасауындағы жаңа өрісінің ашылғандығын білдіреді. Қорғас-Жетіген темір жол желісі салынып біткен соң Қазақстанның Қытаймен, Оңтүстік-Шығыс Азия, Орта Азия елдерін Еуразиялық құрлықпен жалғастыратын болады. Екі алып жоба да Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан сайын арттыра түседі. Олардың әлеуметтік мәні де зор. Екі жоба пайдалануға берілген кезде он мыңдаған жұмыс орны ашылады. Жобада қазақстандық өнім өндірушілер үлесі 80 пайызға жеткізіледі. Екі нысандағы барлық құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Алғашқысы 2011 жылғы желтоқсанда пайдалануға беріледі. Әдепкі күндерден бастап бұл жобаларға Елбасы мен Үкімет басшысы тұрақты назар аударып, барынша көмек көрсетіп келеді. Мемлекеттік құрылымдар қажетті құжаттарды дер кезінде ресімдеді. Мердігерлер мен темір жол әкімшіліктері, темір жол желісі түсіп жатқан аумақтардағы облыс әкімдіктері өздеріне тиесілі жұмыстарды тыңғылықты атқаруда.
Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы темір жол желісінің құрылысы болмаса да, ҚТЖ магистралдық желінің дара операторы ретінде әртүрлі топографиялық және климаттық жағдайларда құрылыс жүргізу жөнінде үлкен тәжірибе жинақтауда. Әсіресе, Жетіген-Қорғас жобасы техникалық жағынан күрделі құрылыс болып отыр. Батыс өңірде 146 шақырым темір жол желісінде 7 айыру бекеті, ал оңтүстікте – 293 шақырым және 14 айырым бекеті, 29 көпір, 2 жол өтпесі, 307 су өткізу құбыры іске қосылады. Қазіргі уақытта Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара желісінде жолдың үстіңгі қабатын төсеу, инфрақұрылымын электрлендіру жүргізілуде. Жыл аяғына дейін Өзеннен Болашақ стансасына дейін 10кВт автобұғаттау жоғары вольтты желісін салу, трансформаторлық подстансалар мен қоректендіру бекеттерін жеткізіп, орнату арқылы барлық жол телімін электр қуатымен қамту көзделіп отыр. Ал, Жетіген-Қорғас желісінде 14 көпір салынады. Талғар, Есік, Лепсі өзендері іргесінде бүгінгі күнде қадалар қағылып жатыр. Іле өзеніндегі көпірдің ұзындығы 960 метр болғалы тұр. Электр бағандары мен іргетастық қадалар қағылуда. Жолдың жоғарғы қабатына қажетті 40 мың тонна Р-65 жаңа типті рельсі дайындалды. Бұлармен бірге, шілде айында Жетіген стансасында инженерлік желі, қызметтік-техникалық ғимараттың және жасанды ғимараттарды салу, сыртқы электрмен қамтудың құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті.
Әңгімелескен Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, журналист.