Әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Осындай Ата Заң біздің елімізде де, яғни Қазақстан Республикасында да ел тәуелсіздігін нығайту барысында қабылданды. Мемлекетіміздің тым қысқа мерзімде өз Конституциясын жасап, қабылдағаны талайларды таңқалдырғаны рас. Олардың арасында азуын айға білеген державалар да болды. Біз құптай қарағандарға да, сынай үңілгендерге де мән берместен өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық іс-әрекеттің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік.
Сөйтіп, Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемелекет екенін Ата Заңы арқылы да бүкіл әлемге танытты. Қазақстан Республикасының Конституциясы егемен мемелекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан заңнамалық акт болды.
Ата Заңның қабылдануы конституциялық құрылыстың саяси-құқықтық негізін қалады, мемлекеттік тетік және қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын орнықтырды. Адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі. Конституция Қазақстан Республикасы дербес мемлекет ретінде ұлтына қарамастан онда тұратын барлық адамдардың еркіне сәйкес жасалды. Ата Заңның алғысөзінде “Біз ортақ тарихы бар, тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...” деп жазылған сөйлемнің мағынасының тамыры өте тереңде екені айтпаса да түсінікті. Бұл босқа жазыла салған сөз емес. Себебі, Қазақстан халқының тарихи тағдырының бірлігі ел аумағында көптеген ұлт өкілдерінің ұзақ уақыт бойы саны 65%-ға жақындаған қазақ ұлтымен бірге тұруы нәтижесінде қалыптасты. Олар әр кезеңде әртүрлі себеппен біздің атамекенімізге қоныс аударды. Бірнеше ұрпақтар ауысуының барысында Қазақстанда болған саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени оқиғалардың қатысушылары мен куәгерлері болды. Бірлесе отырып ел тәуелсіздігін қалыптастырды және қорғады, жеңіс үшін майданда қатар жүріп ерлік көрсетті.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін, елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар егемен мемлекетті бір кісідей мойындады. Сөйтіп, олар өткен кезеңдердегі тағдырларының тарихи бірлігін іс жүзінде дәлелдей отырып, бірауыздан жаңа мемлекетті одан әрі дамытуға әзір екендіктерін білдірді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының идеяларын, қағидаттарын және нормаларын саяси, құқықтық жағынан талдау еліміздің экономикалық-әлеуметтік, рухани тұрғыда өсуіне серпіліс пен қуат беретіні анық. Ата Заң адамның құқығы мен бостандығын қорғау мен іске асыру, материалдық әл-ауқатын жақсарту, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудың, құқық тәртібі мен заңдылықты орнықтырудың міндетті түрде орындалуға тиісті шарты болып табылады.
Жоғарыда айтылған ойымды түйіндейтін болсам, Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі – Ата Заңы болып табылады. Осы идеяның меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысы бар екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек.
Конституцияны бірауыздан қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын іске асырды. Сөйтіп, біз Ата Заңда негізі қаланған құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастыру жолын таңдап алдық.
Әрине, Қазақстан халқының егемен құқығы тек Конституция қабылдаумен ғана тиянақталмайды. Ол мемлекеттің аса маңызды мәселелерін шешу үшін халықтың бойындағы барлық конституциялық-құқықтық мүмкіндіктерді де жинақтап, қарастырады.
Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде құқықтық санасы жоғары әрбір азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жан-жақты сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда, өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтауымыз біздің барлығымыздың, яғни Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы. Себебі, Конституция біздің бүгініміздің негізін қалай отырып, болашағамыздың айқын болуына бастайтын шамшырақ іспетті десек артық айтқандық бола қоймас. Кез келген демократиялық мемлекеттің таңдаған өркенитетті бағыты бойынша дамуына ықпал ететін заңды іргетасы – Конституциясының болуы міндетті және онда айтылғандарды бұлжытпастан орындау әрбір азаматтың қасиетті борышы. Дүние жүзіндегі елдердің барлығында мемлекеттік басқару тетігі Конституция негізінде және соның аясында жұмыс істейді. Бұл кез келген құқықтық мемлекеттің басты өмірлік нормасы болып табылады. Елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы негізінен Ата Заңның тұрақтылығы негізінде дұрыс жұмыс істеуіне байланысты.
Қазақстанның конституциялық құрылысының тарихында бес рет конституция жазылып қабылданды (1926, 1937, 1978, 1993, 1995 жылдар). Олардың әрқайсысы қазақстандық мемлекеттіліктің ұлттық автономиядан толық мемлекеттік дербестікке және егемендікке дейінгі дамуының белгілі бір кезеңдерін көрсетті. 1995 жылы қабылданған Қазақстанның қазіргі Конституциясы еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігінің жаңа өрлеуін заңды түрде нығайтты.
Биылғы жылы 30 тамызда біздің Конституциямызға 15 жыл толады. Бүгінде онда бекітілген нормалар, қағидаттар мен мемлекеттік институттар тәжірибеден өтіп, табысты жұмыс істеп жатыр деп айтуға болады. Тәуелсіз мемлекет негізін құру жұмысы аяқталды, тиімді экономика базасы жасалды, сөз бостандығы, бәсекелестік және саяси көзқарастар қамтамасыз етілуде. Осындай іргелі жұмыстардың нәтижесі және ең басты жетістігі – еліміздегі бейбітшілік пен рухани келісім. Қазақстандық қоғам өзінің қалаған дербес жолымен нық қадаммен дамуда.
Біздің Конституциямыз Қазақстан халқының материалдық әл-ауқатын арттырудың локомотивіне айналды. Қазір бізде мемлекеттік және жеке меншік теңдігі, кәсіпкерлік еркіндігі, қоғамның қажетті қағидаттары ескеріле отырып, осы тұрғыдағы тағы басқа да тетіктерді пайдалануға сәйкес дамуда. Бұл өз кезегінде экономиканың өсуі мен өркендеуіне айтарлықтай ықпалын тигізуде. Ата Заңымыз меншік иелерін, бірінші кезекте, мемлекеттің өзін көп нәрсеге міндеттеуде. Негізгі заңды орындау арқылы мемлекет медициналық қызметті және білім беруді жақсарту, жаппай тұрғын үй құрылысы, жалақы және әлеуметтік төлемдер мөлшерін көбейту, азаматтарға және отандық кәсіпкерлерге салықты азайту сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуде. Конституцияны басшылыққа алған Қазақстан халқының біріге еңбек етуінің нәтижесінде қаржы-экономикалық дағдарысқа да қажетті тосқауыл қойылуда.
Мемлекет әлеуметтік бағдарламалар арқылы жағдайы ауыр азаматтарға өтемақылармен қолдау көрсетуде. Мемлекеттің мұндай конституциялық рөлі барлық әлеуметтік-экономикалық саясатты қайта қарауға мәжбүр еткен қаржылық-экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің тиімділігін байқатты.
Бүгінде еліміздегі азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауда Конституцияның алатын орны айрықша. Елбасы “Дағдарыс арқылы – жаңару мен дамуға” атты Жолдауында Ата Заңды басшылыққа ала отырып, мемлекеттік органдарға азаматтардың экономикалық құқықтарын тиімді қорғауды барынша арттыруды, оның ішінде отандық тауар өндірушілерді материалдық ынталандырудың кешенді шараларын жүзеге асыруды жүктеді. Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау мақсатында азаматтарды әлеуметтік қорғау, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау бағдарламаларын қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылуда. Азаматтардың білім алудағы конституциялық құқығын қамтамасыз ету мақсатында техникалық және еңбек қызметін көрсететін кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғайтылды. Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй-коммуналдық нысандары қайта жобаланып, жөндеу жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өз өнімдерін қайта өңдеу үшін мақсатты несиелер берілуде. Бұл да халықтың әл-ауқатын арттырудың конституциялық шарасы болып табылады.
Ата Заңда бекітілген азаматтардың құқықтары іскерлік сипатқа ие. Бұл, әсіресе, еліміз үшін дағдарысты кезеңде анық көрінуде. Конституциямыз бойынша әлеуметтік мемлекет қағидаты негізделген әлеуметтік саясат – өзінің табиғаты бойынша әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған адам мен азаматқа жанашырлық білдіретін қайырымдылық қызмет емес. Бұл – азаматтардың әлеуметтік құқықтарына кепілдік беретін және қорғайтын мемлекеттің конституциялық міндеті. Осы арқылы азаматтардың әділеттілік негіздегі құқықтары сақталып, материалдық құндылықтары қамтамасыз етіледі.
Конституциялық кеңестің бір шешімінде атап көрсетілгендей, адамды, оның өмірін, құқығы мен бостандығын конституциялық тұрғыда мойындау мен қорғау ең жоғарғы құндылық болып табылады. Мемлекет үшін адамға деген қамқорлықтан, оның материалдық әл-ауқатын арттырудан басқа маңызды ештеңе жоқ, сондықтан да мемлекет адамдардың лайықты өмір сүруі үшін бәрін жасауға міндетті.
Конституция бекіткендей, әлеуметтік мемлекет қоғамның әрбір мүшесінің жұмыссыздық, мүгедектік, қарттық және жалғыздылық жағдайында денсаулығын, азаматтың және отбасының игілігін қолдау үшін күшті әлеуметтік саясатты жүргізуге тиісті. Ата Заң міндеттерін жүзеге асыруда еліміздің азаматтарын әлеуметтік қорғау және олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға қатысты республика Конституциясының жоғарылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган – Конституциялық Кеңестің рөлі ерекше екені сөзсіз.
Конституциялық Кеңес бұл мәселелерді мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілерді конституциялық тұрғыдан, сондай-ақ, ресми түсіндіру, конституциялық ережелер мазмұнын ашу жолымен конституциялық идеяларды өмірге енгізе отырып шешеді.
Айта кету керек, адамның өмірге, еркіндікке және меншікке құқығы Қазақстан халқы қабылдаған Конституцияны сыйлау, өздері сайлаған Мемлекет басшысын құрметтеу және Отанды қорғау міндетімен ажырағысыз болып табылады. Мұның бәрі – азаматтардың конституциялық міндеті. Адам өзінің Отанында ғана Азаматтығы арқылы адам болып қалыптасады. Конституцияның ІІ тарауы “Адам және азамат” деп аталуы тегін емес. Жыл сайын 30 тамызда республикамызда негізгі мерекелердің бірі – Конституция күні атап өтіледі. 1995 жылғы референдумда Ата Заңымызды қолдап, отандастарымыз Қазақстанның мемлекеттілігін, азаматтық бейбітшілік пен келісімді нығайтуды таңдады. Конституция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, ол барлық заңдардың бастауы болып табылады. Конституция адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалатын маңызды құжат.
Конституцияның негізгі қағидасы ретінде “адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін жаралған” деген тұжырымға келеміз. Дүниежүзілік тәжірибеде көрсетілгендей, басты байлық ретіндегі адамға деген сыйластық, жеке өмірі мен бостандығының қорғалуы, қоғам дамуының айқын көрінісі. Сондықтан азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі алдыңғы орындарда тұруы қажет.
Мемлекетіміздің қоғамдық жұмысына белсене араласқан ерікті азаматтардың мемлекетке өз үлесі мен пайдасына қызмет жасамаған азаматтардан беделі жоғары тұрады. Өз азаматтарының құқығы мен жеке бас бостандығын жоғары қойған мемлекет күнделікті өмірде өзін барлық мемлекеттер арасында жоғары деңгейден көрсете алады. Қазақстан мемлекетінде адам құқығы және бостандығының жоғары құндылығы құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасын реттеп отырады. Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық даму бағдарламасы халықтың өмір сүру жағдайын, адам және азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуы, мемлекеттің жоғары билік органдарына қадағалау жүргізіп, бақылап отырады.
Елбасының белгілегеніндей, Конституция қоғамның орнықты дамуына зор үлесін қоса отырып, азаматтық қоғамның қалыптасуын қадағалап отырады. Конституциялық нормаларды іске асыру мен қадағалау біздің республика заңының дамуына бағытталады. Жергілікті өзін-өзі басқару реформасында сайлау заңдылығының енуі конституцияның дүниежүзілік қауымдастыққа кіруінің негізі ретінде танылады.
Конституция біздің саяси, мәдени, рухани және әлеуметтік экономикалық дамуымыздың қайнар көзі ретінде танылады.
Бахтияр ӨНЕРБАЕВ, Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының міндетін атқарушы.