«Петропавл ауыр машина жасау» АҚ-тың жұмысшы-қызметкерлері «Нұр Отан» партиясы ХYІ съезінің шешімдерін талқылауға арналған жиын өткізіп, облыс жұртшылығына үндеу қабылдады. Шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов қатысты.
«ПАМЖ» АҚ өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Биыл 9 миллиард теңгенің өнімдерін шығаруға келісімшарт жасасып, теміржол, газ-мұнай салалары үшін де озық технологияларға негізделген жабдықтар шығарумен айналысады. Қазір мұнда 1200-ге жуық адам еңбек етеді. Орташа жалақы мөлшері 100 мың теңге төңірегінде. Үшжақты жасалған меморандум шеңберінде әлеуметтік мұқтаждықтарға жұмсалатын қаражат көлемін 300 миллиард теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімов ұжым атынан Елбасына хат жолданғанын, онда бүгінгідей күрделі кезеңде «Қазақстан-2050» Стратегиясының ұзақ мерзімге болжанған тапсырмалары мен қолға алынған реформаларды орындау оңайға соқпайтынын, ал кезектен тыс президенттік сайлау жаңа мүмкіндіктерге серпін беретіні, халықты ортақ мақсатқа жұмылдырудың саяси актісі болып табылатыны баяндалғанын жеткізе келіп, партия съезін аса маңызды саяси оқиға ретінде сипаттады. 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына еңбек ұжымын түгел қатысуға шақырып, саяси белсенділік көрсететіндеріне сенім білдірді.
Съезд делегаты, облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов делегаттар алдағы сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын бірауыздан ұсынып, парасаттылық пен жауапкершіліктің жоғары үлгісін танытқанын атап өтті. Мұның өзі елдің ішкі-сыртқы тұтастығын сақтаумен қатар әлеуметтік тұрақтылықты, экономиканың ілгері дамуын, адамдардың өмір сапасын жақсартуды қамтамасыз етудің бірегей жолы болып табылады.
– Президентіміздің бастауымен Қазақстан барша әлем мойындаған елге айналды. Талай сынақтардан халқын сүріндірмей аман алып шықты. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты жаңа тыныс, соны леп әкеліп, экономикамыздың барлық саласын қамтып отыр. Біз жеткен жетістіктерімізді мақтан етеміз. Бірақ оған тоқмейілсімейміз. Алда жарқын белестер, биік асулар күтіп тұр,–деді А. Молдағұлов.
Басқа да шешендер съезд шешімі зор қоғамдық өрлеу туғызғанын, президент болуға тек «Нұр Отан» партиясының Төрағасы ғана лайық екендіктерін мәлімдеді.
«Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының жетекшісі Владимир Зарубин еңбек ұжымының үндеуін оқып берді. Онда: «Қазір біз индустриялық-инновациялық жоспарларды нәтижелі жүзеге асыратын, дүниежүзінің жетекші экономикасымен арадағы технологиялық алшақтықты еңсеретін Үшінші өнеркәсіптік төңкерістің қарсаңында тұрмыз. Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында ғана Қазақстан картасында 700 кәсіпорын пайда болды. Дайын отандық өнімнің экспорты 4 млрд. АҚШ долларына жетті. Сондықтан алдағы алар асуымыз белгілі... Біз Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президентіне кандидат етіп ұсыну туралы съезд шешімін толығымен қолдаймыз», – делінген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.