Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері брифинг өткізіп, «Нұр Отан» партиясы ХVІ съезінің шешімдері бойынша өздерінің ойларын ортаға салды.
Брифингке ҚХА Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, композитор, ҚХА Кеңесінің мүшесі Төлеген Мұхамеджанов, Қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің төрайымы, ҚХА Кеңесінің мүшесі Людмила Хочиева және Павлодар облысындағы ҚХА жастар бірлестіктерінің үйлестірушісі Элина Паули қатысты.
Алғашқы болып сөз алған А.Башмаков съездің ерекше белес болғанын атап өтті. Ондағы ең басты мәселе партия атынан Президент сайлауына үміткер болуға Н.Назарбаевтың келісімін бергені болды. Сонымен бірге съезде Президенттің сөйлеп, бес халықтық реформалар туралы айтқаны Қазақстан қоғамының бүгінгі және алдағы уақыттағы өмірінің басты бағасы болды деп санаймын, деді. Одан әрі А.Башмаков Президент жариялаған реформаларға өз тарапынан түсініктер беріп, олардың маңыздылығын тыңдаушыларға жеткізуге тырысты. Соның ішінде қазақстандықтардың болашақта біртұтас ұлт болатындығын және Мәңгілік Ел идеясын іске асыруда оның маңызы зор екендігін айтты. Осы арада 17 миллион қазақстандықтардың мызғымайтын бір ұлт екендігі туралы өзінің бір ауыз өлеңін де айтып беріп, бұл идеяның өзінің ойынан шыққанын жеткізді. Сөзінің соңында Ассамблея Төрағасының орынбасары съезде айтылған Н.Назарбаевтың бағдарламалық сөздері біздің еліміздің экономикалық, ұйымдық, философиялық қалыптасуын анықтап қана қоймай, алдағы уақытта дамуының негізгі бағдары болатынын жеткізді. Сонымен бірге, ол барлық қазақстандықтарды 26 сәуірде бір кісідей сайлауға қатысуға шақырды.
Өзінің сөзінде композитор Төлеген Мұхамеджанов та Елбасының «болашағы біртұтас ұлт» деген сөзінің мазмұнына терең бойлап, оның маңыздылығын ашуға тырысты. Бұл бірдей құқы мен мүмкіншіліктері бар бір елдің шекарасында өмір сүретін, бір тағдырлы Қазақстан халқы деген сөз. Сонымен қатар, ол Елбасының қазақ халқының мойнына бәрінің ұйыстырушысы болу туралы маңызды міндет жүктеліп отыр деген сөзін де еске салып өтті. Одан әрі шешен Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған қызметтеріне, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын сақтаудағы еңбегіне жоғары баға берді.
Сөз кезегі өзіне тигенде Л.Хочиева Қазақстанда тұратын барлық этностар да Президенттің съездегі барлық сөздеріне, әсіресе, барлық этностың да тең құқылы біртұтас қазақстандық ұлт қатарына енетініне тәнті болғанына, оның Қазақстанды алға дамыту бағдарын белгілегеніне риза болғандарын жеткізді.
Жастар атынан сөйлеген Э.Паули Президент алға қойып отырған міндеттерді іске асыру жауапкершілігі жастардың мойнына түсіп отырғанын, бұл істі жас азаматтар Отан міндеті деп ұғынатынына сенім білдірді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».