13 Наурыз, 2015

«Ақ жол» өткізген алқалы жиын

247 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

13-02-15-tuЕл тілегі ескерілді. Бұл – баршаның қалауы

Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент сайлауына кандидат     болып ұсынылуына орай отандастарымыздың ортақ ойы осындай

Кезектен тыс президенттік сайлау мерзімі жақындаған сайын еліміздегі саяси күштер белсенділік таныта бастады. Бұған дейін екі саяси партия өз құрылтайларын өткізсе, кеше солардың қатарына Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы қосылды. Яғни, аталған партияның ХІІ съезі өтіп, онда кезектен тыс президенттік сайлау бойынша партияның ұстанымы қаралды. Есілдің сол жағалауында орналасқан «Ақ жол» партия­сының Орталық офисінде өткен құрылтайға еліміздің 16 өңірінен партиялық конференцияда сайланған 121 делегат келіпті. Соның 118-і партиялық жиында төбе көрсетсе, қалған 3-уі белгілі себептермен қатыса алмады. Сайланған делегаттардың өкілеттіктері расталған соң, олардың құрамы қоғамның әртүрлі табы мен тобынан екені белгілі болды. Алдымен сөз алған «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев келесі жылы президенттік және парламенттік сайлаудың қатар келуіне сарапшылар былтырдан бастап назар қоя бастағанын ерекше атады. Ел Конституциясының 41-бабының 3-тармағы бұл сайлауларды бірге өткізуге мүмкіндік бермейтіні айтылды. Осыған орай сөзінде партия басшысы өз ойын былайша өрбітті: «Біздің саяси жүйеде президент институты өлшеусіз жоғары тұрғанын мойындауымыз керек, өйткені, дәл осы институт мемлекеттік дамудың бағытын және қарқындарын айқындайды. Сол себепті, Қазақстан халқы Ассамблеясы президенттік сайлауды кейінге қалдырмай өткізуді ұсынды». А.Перуашев, сонымен қатар, кезектен тыс сайлау өткізудің астарында отандық экономикаға сыртқы қауіптердің болуы, бизнестің рынокты жоғалтуы, банктерде қолма-қол теңгенің кемуі сияқты келеңсіздіктердің орын алуы мүмкіндігімен түсіндіруге тырысты. Бұл ретте, төраға геосаяси қауіптердің орын алуы факторларының да жоқ еместігіне назар аудартты. Осындай сыртқы тұрақсыздықтар: Таяу Шығыс, Еуропа және Украинада орын алуда. Әсіресе, Қазақстан үшін Ауғанстаннан екі ай бұрын халықаралық коалициялық күштердің әкетілуімен аймақта кикілжіңдер орын алып, еліміз шекарасы маңында тыныштық бұзылуы мүмкіндігі де аталмай қалған жоқ. «Осылайша, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім – тактикалық тәсіл емес. Бұл келе жатқан қауіп-қатерлердің алдын алумен байланысты. Сондықтан да біздің партия Қазақстан халқы Ассамблеясының бас­тамасын қолдады. Осыдан «Ақ жол» партиясының бұл президенттік сайлауға қатысуы туралы сұрақ туындайды», деді Азат Тұрлыбекұлы. Бұл ретте, партия серкесі Қазақстанда және оның сыртында мемлекеттік органдар жұмысына ырғақ беретін, экономикаға прогрес­сивті міндеттер қоя білетін және ұлтты ұйыстыра алатын Нұрсұлтан Назарбаевқа теңесер саяси және мемлекеттік тұлға жоқ дегенді де баса айтты. Ол, сондай-ақ, ұлттық мүдделерді алға жылжыту мен мемлекеттілікті нығайту; өндірістік экономиканы құру мен кәсіпкерлерді қолдау бағыттарында Нұрсұлтан Назар­баевтың көп нәрсе істегенін және істей алатынын ерекше атады. «Біз миллиардтаған инвестициялар тарту, кәсіп­орындарымызды заманауи құралдармен жабдықтау, қызметкерлерімізді шетелде оқыту, халықаралық нарыққа еркін шығу және басқа да көптеген мүмкіндіктерге ие болып отырмыз. 20 жыл бұрын бізде мұның бірде-бірі болған емес. Бізге үлкен бизнеске жол ашқан – Нұрсұлтан Назарбаев. Ол бізді үйретті, көмектесті, бағыт берді және жаңа жеңіс­терге шабыттандырды», деді «Ақ жол» партиясының басшысы сөзін қорытындылай келіп. Сөйтті де, 26 сәуірдегі пре­зиденттік сайлауда «Ақ жол» демократиялық партиясы Нұрсұл­тан Назарбаевтың кандидатурасына қолдау көрсетсін деген ұс­ы­ныс енгізді. Бұл ұсыныс съезд деле­гаттары тарапынан қолдау тапты.   Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА. Жастар – Елбасының сенімді тірегі «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалының және «Жас Отан» жастар қанаты белсенділерінің ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVI съезінде кезектен тыс президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынылған Елбасы Н. Назарбаевтың келісім беруіне арналған флеш-моб өткізілді. Оған «Нұр Отан» партиясының облыстық және қалалық саяси кеңесінің мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысты. Барлығы 500-ден астам адам қатысқан флеш-моб ырғақты қимылмен бірге жастардың Елбасының сайлауға түсуге келісім бергеніне деген ыс­тық ықыластарымен, сондай-ақ, президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назар­баевты қолдайтындықтарын білдірген тілектерімен астасып жатты. – Бұл күн қазақстандықтардың есінде айрықша сақталады. Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандықтардың өзін осы жолы да үміткер ретінде президенттік сайлауға ұсынуды қалаған тілектерін жерге тастамады, өзіндік тарихи шешім жасады. Съезд делегаттары Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімін бірауыздан қолдады, бекітті. Бұл елі сенген ердің ісі болды. Мұның өзі Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізуге бағыт ұстаған батыл қадамын алға апаруға тағы бір мүмкіндік туғызады деген сенімге жетелейді. Президенттің «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыруына алғышарт жасайды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан қоғамын дамытудың бес бағытын ұсынды. Мұның бәрі әлемдік дағдарыс жағдайында алға басудың нақты істерімен айқындалатынын да талдап жеткізді. Міне, осыны түсінген жастардың осындай бастама жасап, игі шара өткізіп қолдауының өзі Нұрсұлтан Әбішұлына деген ел сенімінің айқын көрінісі деу орынды болмақ, – деді партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Жұмабек Куканов. – Мен болашақ металлургпін, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесімін. Партияның кезекті XVI съезінде «Нұр Отан» партиясының атынан қазіргі Елбасы Н.Назарбаевтың алда болатын кезектен тыс президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынған партияластарының сеніміне келісім берген тарихи шешіміне орай осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Жастардың азаматтық көзқарасы – Қазақстанның болашағын айқындайтын ұстаным. Біз Елбасының ел тізгінін ұстап, халқының ертеңі үшін ерен еңбек етуіне сенім артамыз, – деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің II курс студенті Ислам Есенғазиев. Тұңғыш Президент атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылған флеш-моб өтіп жатқанда күн райы да жарқырап тұрды. Салтанатты шара көктемнің нұрлы шуағына малынып, жастардың жарқын жүздерімен, әсем де ырғақты билерімен ажарланып жүре берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». АҚТӨБЕ.

Қарышты Қазақстан үшін

Орал қаласында әрі облыстың барлық аудан орталықтарында бір мезгілде өткізілген жастар ұйымдарының флеш-мобында президенттік сайлауға қатысты қолдау шаралары көрініс тапты. Қазақстанның Батыстағы қақпасының Мәншүк Мәметова атындағы алаңына жиналған жүздеген жас «Сенің дауысың – сенің болашағың!», «Жастар сайлауды қолдайды», «Біз – қарышты Қазақстан үшін» деп жазылған ұрандар мен плакаттарды жоғары көтеріп ұстап шығып, биылғы 26 сәуірде өткізілетін президенттік сайлауға тұрғындарды түгел қатысуға шақырды. – Еліміздің тұрақты әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету ісі тек жоғары жақта жасалмайды. Оған ел жастары мен студенттері де қатысып, өз үлестерін қосатын болса және қоғамда болып жатқан үдерістерге белсенді түрде араласса, мемлекетіміздің болашағы да соғұрлым жарқын бола түседі, – деді флеш-моб барысында газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Даумов. Бүгінгі флеш-мобтың басты мақсаты да осы, деді ол одан әрі. Осы акцияның шеңберінде біз жастарды оң қоғамдық құбылыстардың бір жақ шетінде қалып қоймауға шақырамыз. Әрбір қазақстандық өрен өз дауысы мемлекетіміздің қалыпты даму үдерісіне бір тамшы болып қосы­ла­тынын сезіне алса, алға қойған мақсатымыздың орындалғаны. Иә, Жайықтағы жастар жетекшісі айт­қандай, мұнда ел ертеңі болып табылатын бүгінгі ұрпақ өкілдерінің азаматтық белсенділіктері жоғары екендіктері басқосу мен жиын барысында да айқын аңғарылып тұрды. Флеш-мобқа қатысты іс-шаралар шеңберінде оған қатысушылар «Қазақстан-2050» эмблемасы белгіленген плакатқа сайлауға тегістей қатысу жөніндегі үнқосуды білдіретін қолдарын қойып, оны гельді шарлардың көмегімен аспанға ұшырды. Жайық жастарының ақ ниеттері мен тілектерін қолдағандай кешегі күні биыл­ғы көктемнің алғашқы шуағы сезіліп тұрды.   Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.   Ғалымдар алдағы сайлауға үн қосты Алматыдағы Ғылым ордасында отандық ғылымға еңбегі сіңген ғалымдар бас қосып, 26 сәуірде өтетін президенттік сайлауға түсетін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасына қолдау көрсетті. Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов ғылым өкілдерінің келелі басқосуында егемендік алғаннан бергі мемлекет тарихын қысқаша баяндап, өз алдына тізгін ұстап кеткен тағдырлас елдердің жағдайы мен Тәуелсіз Қазақстанның өмір жолына, ұстанған бағыты мен жеткен жетістіктеріне арнайы тоқталды. Дербес қадамын тәй-тәй басып, өзіндік жаңа тарих белесіне ұмтылған жас мемлекеттің тізгіні мен жауапкершілігін батыл түрде қолға алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ширек ғасырға жуық уақыт ішінде атқарған істері мен сіңірген еңбегі сөз болды. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы уақытқа дейінгі жүргізген сындарлы да салиқалы ішкі-сыртқы саясатының арқасында Қазақстан бүгінгі таңда халықаралық қоғамдастық көшінде үлкен беделге ие мемлекет ретінде барша әлемге мәлім болып отыр. Еліміздің әлемдік ортадағы абыройы қазіргі Президентіміздің есімімен тікелей байланысты. Оның халықаралық қоғамдастық алдында көтеріп отырған ұсыныстары жоғары деңгейде бағаланып, адамзатқа ортақ тұрақтылық пен тыныштық жолында қызмет етуде. Біздің ғылыми орта, елімізге және әлемдік ғылыми кеңістікке кеңінен танымал ғалымдарымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдаймыз және қуаттаймыз, – деді Мұрат Жұрынов. Жиын барысында мінберге шығып сөз сөйлеген ғалымдар алдағы сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтың түсуі ел эконо­микасындағы тұрақтылық пен азаматтық қоғамның ілгері басуына, жалпы Қазақ елінің келешекте әлемдік саяси ортада мығым болуына үлкен ықпал ететіндігін айтты.   Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.