13 Наурыз, 2015

Үміткерлер саны 21 адамға жетті

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
13-03-15-sailauОрталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фосс кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат ретінде тағы төрт адамның тіркелгенін, кандидаттар саны 21 адамға жеткенін хабарлады. Оның айтуынша, кандидаттардың 18-і сайлауға өзін өзі ұсынғандар. Екі кандидатты, атап айтқанда, Н.Назарбаевты «Нұр Отан» партиясы, ал Т.Сыздықовты Қазақстанның Коммунистік халық партиясы ұсынған. Қазіргі уақытта үміткерлердің сайлау талаптарына сәйкестігі тексеріліп жатса, кейбірі Лингвистикалық комиссияға сынақ тапсыру үстінде. «Сегіз кандидатты тіркеуден бас тартылды. Олардың 2-еуінің жасы Конституцияға сәйкес сайлауға түсу жасына толмаған, 6-уы Лингвистикалық комиссия сынағын тапсыра алмады. Төрт үміткер Лингвистикалық комиссия сынағынан сәтті өтті. Олардың сайлау талаптарына сәйкестігі тексерілді. Қазіргі кезде сенімді өкілдерін тіркеп, қол жинау жұмысымен айналысуда», – деді В.Фосс. Сонымен қатар, ол кеше М.Телебеков, Ә.Құсайынов, С.Мұқаш және А.Амантай Орталық сайлау комиссиясына келіп, президенттікке кандидат ретінде тіркелгенін атады. Бұдан бөлек, В.Фоос президенттікке кандидат ретінде тағы бір әйел тіркелгенін атап өтті. Ол – уақытша жұмыс істемейтін шымкенттік Айгүл Өтепова. Енді бұл кандидат белгіленген тәртіп бойынша Лингвистикалық комиссияға мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде сынақ тапсырады. * * * Кеше, сондай-ақ, БАҚ өкілдеріне президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков кандидаттың жазба жұмысы Орталық сайлау комиссиясына тапсырылғаннан кейін оны көрсетуге құқықтары жоқ екендігін мәлім етті. «Кейбір журналистер кандидаттың жазба жұмыстарын суретке түсіріп алу үшін көрсетуімізді өтінуде, – деді ол осыған қатысты. – Біз мынаны түсіндіргіміз келеді, Лингвистикалық комиссия сынақ аяқталғаннан кейін, оның қорытындысын жария етеді. Кандидаттың жұмысы менің қолымда тұрғанда, белгілі бір деңгейде оны көрсетуге құқылымын. Бірақ, жұмысты Орталық сайлау комиссиясына тапсырғаннан кейін жазба жұмысы ресми құжатқа айналады. Содан кейін оны көрсетуге құқымыз жоқ». М.Жолдасбеков бұл мәселені кеше кейбір әлеуметтік желілерде президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссия төрағасынан үміткерлердің жазба жұмыстарын көрсетіп, суретке түсіріп алуға мүмкіндік беруді өтінген хаттар жария етілгеніне байланысты мәлімдегенін айта кеткенді жөн санадық. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».