20 Қазан, 2015

Адамдар. Жылдар. Тағдырлар

910 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
СиратҚазіргі қазақ прозасының айтулы өкілдерінің бірі Асқар Алтай. Ол отыздан астам әңгімелердің, бірнеше хикаяттар мен романдардың авторы. Өзіндік айтар ойы бар, кейіпкерлерін ірі сөйлетіп, кесек турайды. Сондықтан да әдебиет сүйер қауымды «Асқар не жазыпты», «Не жазып жүр екен?» деген сөздер жиі мазалайды. Асқар Алтайдың соңғы романы «Сират» деп аталыпты. Атының өзі қазақтың жайшылықтағы «қылкөпір» дегені емес, Құран аяттарынан алынып, анадайдан андағайлап тұр. Роман оқиғалары өткен ғасырдың 30-шы жылдардағы Алтайдың ар жақ, бер жағындағы қазақтың қиын тағдырын суреттеуге арналған. «Алтайдың бер жағы – дерт, ар жағы – өрт екен», дейді оны бір сөзбен автор. Бұл жақта қызыл кәмессерлер қысып, малын, байлығын тартып алғаннан жан сақтап, шекара асайы­н десе, оны пулеметпен күзеттірген қанды өкімет қамшысынан басқа қаруы жоқ халықты қойдай қырады. Қорғасын жауған қыспақтан аман өткеннің өзінде ар жақтағы мұсылман қауымы гоминдан өкіметінің қысымына қарсы көтеріліп, үлкен лаң онда да туып жатыр. Сондықтан сырттан келген бұларға «салулы төсек, салқын үй жоқ» еді... Жалпы, романға жүк болған оқиғалар ауқымы үлкен, геогра­фиясы кең. Онда Кіші жүз қа­зақ­тарының Үстірт арқылы Қара­қалпақстанға, Иранға, қызыл Қы­тайдағы қуғыннан Шығыс Түр­кістан қазақтарының Тибет, Каш­мир арқылы Ұланайдан асуы – бәр-бәрін ұлтымыздың Сират көпірден өткеніндей қамтылып кеткен. Бі­рақ роман бірізділікпен бір оқи­ғаның айналасы емес, негізінен НКВД барлаушыларының көрген шындығын айтпақ болған сияқты. Бұған өз әкесі, Омардан (шын есі­мі Ғұмар) естіген әңгімелер ар­­қау болғаны көрініп тұр. Ол Ке­ңестің барлаушысы болған, Мәс­кеу түбіндегі диверсиялық мек­­тепте оқыған, осында тіл үй­реніп, Қытайға жіберілген, ол жақта Бейжіңдегі жоғары заң университетін бітірген өте қызық тағдырлы, білімді адам екен. Шың­жаңда ол Алтай аймақтық сақ­шысының бастығы да болады. Осы қызметте жүріп, Үш ай­мақ көтерілісі кезінде Оспан батыр көтерілісшілеріне жәрдем де берген, 1955-1962 жылдары Кеңес Одағына өткісі келгендерге де астыртын көмек қолын созған. Шығыс Түркістан республикасы құрыған соң кеңестерге керегі болмай қалған ол Қытайға біршама қызмет етіп, ақыры1961 жылы қалың көшпен бірге елге өткен. Кеңес барлаушыларының да талайын білген жан екен... Міне, осы адамның және басқа да қым-қуыт оқиғаларды білетін адамдардың шым-шытырық әңгімелерін көркем баяндап берген «Сират» романының жуырда Астанадағы академиялық кі­тапханада тұсаукесер рәсімі болды. Алдымен сөз алған академик Ғарифолла Есім кітап тура­лы жақсы пікірлер айтты. Ол кітапты оқып шыққанын бірнеше рет айта отырып, өзінің түйгені жа­зушының романға үлкен дай­ын­дықпен келгені екенін тілге тиек етті. «Егер мен бұл кітаптың авторы болсам, бұл еңбектің атын «Ел қайда?» деп қояр едім, – деді. Осыдан кейінгі пікірлер де осы сарынмен кітаптың тек жақсы қырын атаумен кетті. Кейбір жазушылар өздерінің кітапты әлі оқып бітірмегенін сылтау қылып, терең пікірге бармай, жеңіл қалқып отырды. Сондықтан пікір айтқандардың кейбір соны пікірлеріне ғана тоқ­талып өтелік. Әкім Тарази ағамыз автордың романды жанын қинап жазғаны көрініп тұрғанын айтты. Мына жерде сенің жүрегің көрініп тұр, мен оның лүпілдеп соғып тұрғанын бақыладым. Анау ағайындарға деген сенің сезімің, сенің сезімің арқылы менің аяныш сезімім оянды, – деді авторға. – Көңілшек адам болсам жылар да едім, бірақ мені Алла қатты қылып жаратқан ғой». Жазушы Сұлтан Оразалин өз сөзін Асқар Алтай арқылы өзі үшін өте бір дарынды, талантты адамды ашып отырғанын жеткізді. Шы­ғыстан шыққан айтулы жазушыларымызды атап шыққан ол солардың шығармаларындағы Алтайдың тарихы жаңа бір жақсы еңбекпен толыққанын жеткізді. Шығарманың композициясы, құ­рылымы нағыз еуропалық та­лапқа сай дей келіп, одан әрі С.Оразалин қызыл қырғынның тарихын еске ала отырып, шекара асқан қазақтардың тарихы жаңа бір толымды, көркем әдебиетпен толықты деп айта аламыз, деді. Әдебиетші, профессор Тұрсын Жұртбай өзінің сөздерін әдеби талқылау тұрғысынан айтуға тырысты. «Мен осыдан 3-4 жыл бұ­рын Шығыс Түркістандағы кө­терілістердің тағдыры туралы жазылған еңбектердің бәрін құ­растырып, жариялаған едім. Онда Алаш қозғалысының бас­­­шылары өздерінің идеяларын сол жақтағы қазақтарға да та­ратпақ болғандығына көзім же­тіп, «Өлім ішінен өмір іздеген» атты қорытынды мақала жаздым. Шығыс Түркістандағы кө­те­рілістер ұлт-азаттық сипат­та бол­ғанымен азаматтық со­ғыс бол­­ғаны даусыз. Мына кі­тапт­а­ғы көрінбейтін майданға қа­ты­су­шылар үш отаудың, яғни Қа­зақстандағы, Қытайдағы және Моң­ғолиядағы қазақтардың басын қосу жолында болған, дей келіп, алайда, олар басқа-басқа мүддедегі тудың астында әрекет етіп, бір-бірімен айқасқан». Жазушы Сәбит Досанов өзінің осы тұсаукесерге Алматыдан әдейі арнап келгенін жеткізді. «Бұл та­лантқа деген құрмет, – деді ол. – Жазушы шығармаға кірісер алдына өзінің алдына не жазамын, не үшін жазамын және қалай жазамын деген үш міндет қояды. Осы үш міндеттің үшеуін де роман мінсіз орындап шыққан. Бұрын мүлде аз жазылған ақ­таңдақтарға өзінше келген». Одан әрі шешен романның ке­йіп­­керлеріне, олардың өзіндік қа­сиеттерімен оқырмандардың көз алдында қалып қоятынына мысалдар келтірді. «Соның ішін­де романның басында ғана кө­рінген Алпысхан, Бәтилердің өзі ұмытылмастай болып қалып қояды. Диалогтар оқиғалардың дамуына, адамдардың характерлерін ашуға жақсы әсер етіп, шебер қиюластырылған», дей келіп жазушы алматылық Омарова деген бір автор өзінің 20 беттік романын мақтап, «роман» деген осылай жазылуы керек, сонда ғана оқылады деп басқаларға үлгі еткенін еске алды. «Мұндаймен ешқашан келісуге болмайды, көркемдік қуаты болса, кітап кө­леміне қа­рамай оқыла береді», деді С.Досанов. Сөзінің соңында ол А.Алтайдың романынан өзінің талай жаңа сөздерді үйренгенін айтты. Тұсаукесер рәсімінің қызығын арттырып, жанды, қызулы пікір білдірген Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, жазушы Қа­жығали Мұ­ханбетқалиев болды. «Қолыма алған кітапты тез оқитын әдетім бар еді, бірақ мына роман өте ауыр екен, оқылмады. Жалпы Асқардың шығармаларын мен қызығып оқитын едім, бұрын жақсы пікірлерімді айтқан да едім. Бірақ мына романның көп жеріне риза болған жоқпын. Кейіпкерлерінің көбі аяқ астынан шығады, оқырманды логикалық тұрғыдан дайындамайды. Мы­салы, кейіпкерлердің бірі Омардың жетім қалғаны жөнінде кітаптың басында бір айтылып, ұзақ уақыт ол ұмыт қалып, бір кезде, аяқ астынан ол шыға келіп, негізгі кейіпкерге айналады. Жазушы мұндайға басқа да бірнеше мысалдар келтірді. Соның ішінде «Бериллий бүлігі» деген тарауда да оқырманға бұрын мүлде белгісіз кейіпкерлердің аяқ астынан шыға келгенін алға тартты. Сол қарапайым адамдардың бериллий туралы терең түсінігі де мүлде нанымсыз», деді ол. Сонымен қатар, жазушы ав­тордың көптеген мәселелерге асығыс, үстірт қа­рағаны көрініп тұрғанын тілге тиек етті. Ал тіл мәселесіне келгенде тіпті тереңдеп, көп ақаулықтар көр­генін бірнеше мысалдармен дә­лелдеп шықты. Осыдан кейін пікір екіге жа­рылғанымен негізінен Қ.Мұ­ханбетқалиевтің айтқан олқы­лықтарын қостаушылар біршама болды. Асқар Алтайдың өзі де осы пікірлерді мойындайтынын жеткізді. Жалпы, роман саяси күрес жолындағы қитұрқы әрекеттерді жеткізбек болған. Соның ішінде КСРО-ның Шығыс Түркістанды, одан алдымен гоминданшы, артынан қызыл Қытайды уысында ұстау үшін жасаған қанды қадамдары қатысқан адамдардың көзімен, сөзімен бейнеленген. Бірақ соны қорытуы қойыртпақтау болып, әдеби, саяси биік ұстаным емес, айтылған әңгімелердің растығын сақтау жолымен кетіп, шым-шытырыққа ұрындырған. Шығыс Түркістандағы, қы­зыл Қытайдағы оқиғалардың тари­хын зерттеген, көркем шығар­маларында бейнелеген қазақ жазушылары аз болғанымен, орыс авторлары өте көп болып шықты. Оны осы жиынға қа­тыс­қан тарихшы ғалым, жазушы Тұрсынхан Зәкен айтып, ондаған авторларды санамалап берді. Автор олардың тек кейбірін ғана біледі екен. Романда сол кездің адамдары қолданатын сөздермен қатар, қазіргі кітаби тіркестер де кіріп кетіп, ойлы оқырманның құлағына түрпідей тиеді. Мысалы, Алпысхан деген кейіпкердің Бәтиге айтқан мына сөзі: «соңында еріксіз емес, ерікті түрде сүйдім». Ол кез­де­гі қазақ «сүйдім-күйдім» деген түйеден түскендей болып көрі­нетін сөзді қолданбағаны анық. Сол сияқты «халық емшісі» деген бертін шыққан сөз де кетіп қа­лыпты. Әрине, тілді қоюлатып, әдемі суреттер жасаған жерлер де көп. Бірақ бояуды баттастыра бе­ру де артықтық ететін сияқты. Кейде құлаққа сіңісті тіркестер емес, қолдан жасалған жасанды дү­ниелер романнан іш тартқызады. Біз қаласақ та, қаламасақ та тіл жеңілдікке сайып бара жатқан заман қазір. Ол жалғыз қазақ тілінде ғана емес, басқа тілдерде де бар. Бір кездегі бір бидің айтқан сөзін үш күндік жердегі екінші би ғана шеше алатын қиындық қазіргі заманға ертегідей болып қалды. Қорыта айтқанда талқылауға да, талдауға да тұратын бір еңбек өмірге келген екен. Оның әділетті бағасын әлеуетті оқыр­ман алдағы уақытта бере жатары сөзсіз. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».