13 Наурыз, 2015

Сынақтан тағы бір кандидат өтті

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ЦИККеше Орталық сайлау комиссиясында президенттікке кандидаттыққа өзін өзі ұсынушы уақытша жұмыс істемейтін Қанат Турагелдиев пен жеке кәсіпкер Бахтияр Естемесов Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияға сынақ тапсырды. Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков алдымен президенттікке үміткер Қанат Турагелдиевке сынақ талаптарын түсіндіріп өтті. Кандидат ұсынылған тақырыптардың ішінен «Отты жылдар тағылымы» деген тақырыпты таңдады. Айта кетейік, Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген ол 2011 жылы өткен президенттік сайлауға да қатысқан екен. Сол жолы Лингвистикалық комиссияның сынағынан ойдағыдай өткенімен, жақтаушылар қолын жинауға үлгере алмапты. Қанат Турагелдиевтің сынақ тапсыруы небәрі бір сағатқа ғана созылды. «Кандидат бірінші сынақта «Отты жылдар тағылымы» тақырыбын әжептеуір ашқан, – деді Комиссия төрағасы М.Жолдасбеков. – Қателері де бар, жеті қате жіберіпті, емледен екі, тыныс белгісінен төрт, стильдік бір қате кеткен. Жұмысы жаман емес». Оның атап өтуінше, екінші тапсырма бойынша кандидат Ф.Оңғарсынованың поэ­зиясын барынша мәнерлеп оқып, Комиссия мүшелерінің көңілінен шығыпты. Үшінші сынақта ол «Халық тарихы және рухани жәдігерлер» тақырыбында сөз сөйлеген. «Қанат рухани жәдігерлер дегенді онша ұға алмады. Рухпен шатастырдыңыз. Сізге бірқатар сұрақтар қойылды. Болашақта есіңізде болатын нәрсе, әрбір сауалға жауабыңыз үстірттеу. Содан кейін ойыңызда жүйелілік, нақтылық жағы жоқ. Шынтуайтына келгенде, Қанат Сыбашұлы Турагелдиев қазақ тілінде сайрап тұр. Қолма-қол өлең жазады екен, шығарманың өзін өлеңмен бас­тапты. Комиссия мүшелері кең талқылай келіп, Қанат Турагелдиев қазақ тілін еркін меңгерген деген қорытынды шығарды», – деді Комиссия төрағасы. Ал президенттікке кандидат Бахтияр Естемесов Лингвистикалық комиссия сынағынан өте алмады. «Бахтияр Естемесов жазба жұмысына «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат» тақырыбында шығарма жазды. Өкініштісі, тақырып ашылмаған. «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат» деген ұғымдардың мән-мағынасын ол толық түсінбеген. Жұмыс өте сауатсыз жазылған. Барлық қателердің саны – 50. Емле қателері – 27, тыныс белгілерінен жіберілген қате – 19, стильдік қате 4, – деді Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков осы жөнінде. Төрағаның атап өткеніндей, мәтін оқу сынағында кандидат Мұқағали Мақа­таевтың өлеңдерін оқыған. «Әттең, өлеңді оқи алмады. Мен «Мұқағали Мақатаев қай кезде өмір сүрген?» деген сұрақ қойдым, кандидат «XIX ғасырда өмір сүрген», деді. Бұл кісі кітап оқымағанын мойындады. Тарих пен әдебиетті де оқымаған екен. Екінші тапсырмаға да қанағаттанбадық», – деді ол. Кандидат үшінші тапсырма бойынша «Тіл тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында сөйлепті. «Бұл тақырыптың да мән-мағынасын аша алмады. «Ол – қазақ елінің тағдыры мен тіл тағдыры бұрыннан қалыптасып келеді, жан-жақтан келіп, тіл білсек деген азаматтар көп», деген екі ауыз сөз айтты. Оның үстіне Б.Естемесовтің өз қолымен жазған өмірбаянында 10 қате жүр.  Бахтияр Өксікбайұлы Естемесов қазақ тілін еркін меңгермеген деген қорытындыға келіп отырмыз», – деді М.Жолдасбеков. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».