Қазақстан Жазушылар одағында Шәрбану Бейсенова, Мағира Қожахметова және Сара Латиеваның шығармашылығына арналған «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты әдеби кеш өтті.
Бұдан жарты ғасыр уақыт бұрын бірі – Қазақстанның шығысынан, бірі – батыс өңірінен, ал үшіншісі Сарыарқа жерінен асқақ арман жетелеп келген өрімдей жас үш қыздың тағдыр жолдары Алатау баурайындағы әсем Алматыда тоғысқан еді. Шәрбану Бейсенова, Сара Латиева және Мағира Қожахметовалар елдің елеулі басылымдарында жастық жалындарымен, салиқалы дарындарымен қызмет істеді. Олар халқымыздың талай-талай тамаша ұл-қыздарының есімдерін ел есінде қалдыру жолында тер төкті, талай ұйқысыз түндерін жазу үстелінің басында өткізді. Еңбектері жанып, том-том кітаптары жарық көрді. Сөйтіп, әдебиеттегі ізашар апалары Мәриям Хакімжанова, Сара Мыңжасарова, Күлимән Жүнісова, Ләтифа Құрманаева, Шәрбану Құмаровалардың ізін жалғастырып, кейінгі буын жазушы сіңлілеріне үлгі-өнеге көрсетуде.
Шын мәнісінде де аталмыш үш жазушының қай-қайсысы болмасын қазақ прозасында, баспасөзінде елеулі еңбек етіп келеді. Шәрбану Бейсенованың әңгімелері, хикаяттары оқырман қауымға кеңінен танымал. Әсіресе, «Сүзгенің соңғы күндері» хикаятында Сібір жұрты күйреген кездегі оқиғаны арқау етіп ала отырып, Сарыарқа сұлтанының қызы, Көшім ханның кіші әйелі, азаттықтың алғашқы құрбаны болған Сүзге ханымның көркем әдебиеттегі бейнесін әдемі шығарған. Жазушының ендігі бір ізденісі – Қазан хандығы патшайымы Сүйінбике тағдыры. Оны зерттеу үшін арнайы ізденіспен Қазан қаласына да барып келген. Ғұмыры қайғыға толы тарихи тұлғаны ұлықтау мақсатында Астана қаласынан Сүйінбике атына көше сұрап ұсыныс та жасап жүр.
Ал енді Сара Латиева туралы айтқанда бірден қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова еске түсері анық. Сахна жұлдызының өмірі мен шығармашылығы тұтас қарастырылып, жан-жақты қамтылған «Бұлбұл» атты кітап өз оқырманын да тапты, авторын да елге танымал етті. Жалпы С.Латиева шығармашылығы, әдебиеттегі бар бітім-болмысы өнерді, ондағы біртуарлар бейнесін мүсіндеуге арналған. Бұл – оның басты ерекшелігі. Осы орайда «Ғибраты мол ғұмыр» сериясымен шыққан «Хадиша Бөкеева» деректі хикаяты, одан кейінгі «Хадиша мен Байғали» атты өмірбаяндық эссе назар аударарлық. Кітапты оқи отырып елу жылдан аса драма сахнасының гүлі болған Хадиша Бөкеева мен опера сұлтаны болған Байғали Досымжановтың өмір мен өнердегі айшықты бірлігін көреміз.
Мағира Қожахметова болса «Лениншіл жас» газетінде өнер жайындағы эссе, мақалаларымен дараланды. Келе-келе жазушылыққа бет бұрды. «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам – құпия», «Жантәсілім», «Жападан жалғыз» кітаптары психологизммен өріліп, оны танымал жазушылардың қатарына қосты. Мағира шығармашылығына жанкештілік тән. Қиындықтарға қарамастан нешеме жылдан бері балаларға арналған «Балбұлақ» журналын, медициналық-танымдық «Дертке дауа» газетін шығарып келеді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.