20 Қазан, 2015

Жоба мақсаты –тиімді басқарушыларды қалыптастыру

693 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше елордада «Жастардың кадрлық ре­зерві» (ЖКР) партиялық жобасының ІІІ білім беру модулінің ашылу салтанаты болып, онда жас үміткерлердің білім-біліктерін жетілдіруге үлкен мүмкіндіктер ашылды. Мұндай жоба жастардың тұлға ретінде қалыптасуына өзіндік серпін беруі тиіс. Үстіміздегі жылы аталған жобаға 3000-ға жуық адам құжат тапсырса, соның ішінде 32 үміткер Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Нұр Отан» партиясы Саяси менеджмент мектебінің аясында білімдерін жетілдіретін болады. Олар үшін әртүрлі кездесулер, пікірталастар, семинарлар мен шеберлік-сабақтары және дәрістер ұйымдастырылады. Ал дәрістерді ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері, білікті бапкерлер, мемлекеттік қызметшілер мен белгілі бапкерлер, қоғам қайраткерлері және ең табысты деген кәсіп иелері жүргізеді деп күтілуде. Бұл орайда, «Жастар кадрлық резерві» жобасы жүзеге асырыла бастағалы бері көптеген қатысушылар әртүрлі жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын айта кету керек. «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жас­тар қанатының төрағасы Шахмардан Баймановтың сөзіне қарағанда, жобаның арқасында көптеген жастардың қызметтері жоғарылаған, сонымен қатар, олар бизнес саласының жетекшілері де болып, мәслихат депутаттығына да қол жеткізіпті. Жастардың кәсіби деңгейін көтеретін жобаға іріктеу өңірлерде екі кезең бойынша жүргізіліп, оған қатысушылар өз жобаларын қорғау үшін барын салыпты. Жалпы, жоба жастарға мемлекеттік басқару саласында мол ақпарат беріп, олардың тұлға ретінде қалыптасуы мен мол мүмкіндіктерін ашуға, сондай-ақ, біліктіліктерін тәжірибеде қолдануға мол мүмкіндік береді. Партияның жастар қанаты төрағасының сөзіне қарағанда, білімдерін жетілдірген жастар артынан мемлекеттік органдарға, ұлттық компанияларға, бизнес секторына тағылымдамадан өту үшін жіберілетін болады. Сондай-ақ, төраға «Жастар кадрлық резерві» жобасы кәсіби өсу жолындағы тиімді саты екендігін де ерекше атап кетті. Негізінен, жобаға қатысушылар маман ретінде қалыптасқан және болашағы үшін кәсіби жағынан дамуға бет алған азаматтар екені де аталмай қалмады. Және де жобаға қатысушылар білім мен тәжірибе жинақтаумен қатар, әр сала бойынша өздерінің қызықты жобаларын да жүзеге асыра алады екен. Сондай жобалардың бірін «ЖКР»-дің 2015 жылғы түлегі Евгений Кочетов еліміздің тарихи кезеңін сипаттайтын «Қазақстанды өзгерткен сөздер» атты кітабын жарыққа шығарыпты. Біз дәлізде Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданынан келген мемлекеттік қызметші Ерболат Мұхамеджанды сөзге тартқан болатынбыз. Оның айтуынша, жобаға қатысушылардың көбі қызметі жағынан өскен немесе өзге салаларда жетекші мамандар ретінде қалыптасқан азаматтар. Сондықтан да, ол өзінің мемлекеттік қызметтегі лауазымының өсуіне ықпал етеді деген мақсатпен біліктілігін шыңдауға келіпті. Егер мәлімет бере кетсек, «Жастардың кадрлық резерві» жобасы «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асып келе жатқан жоба екендігін тілге тиек ете кеткен жөн. Жобаның негізгі мақсаты қазіргі заманға лайық басқарушыларды қалыптастыру болып табылады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».