30 Шілде, 2010

Әріптестеріміз “Құрметті азамат” атанды

992 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Республикалық “Егемен Қа­зақстан” газетінің редакциясына астаналық Ақмола облысынан қос бірдей қуанышты хабар жетті. Еңбекшілдер аудандық мәслихатының 2010 жылғы 2 шілдедегі № С – 24/9 ше­ші­мімен “Егемен Қазақстан” газеті бас редакторының орын­басары Самат Мұсаға және Зе­ренді аудандық мәслихатының 2010 жылғы 21 шілдедегі № 31 202 шешімімен редакцияның Алматы бөлімшесінің мең­герушісі Қор­ғанбек Аман­жо­ловқа аталған аудандардың құр­метті азаматы атағы берілді. Әріптестеріміз бұл құрметке өздері туып-өскен аудандардың әлеуметтік-экономикалық да­муына зор үлес қосқаны, мінсіз еңбегі мен шығармашылық табыстары, жоғары азаматтық жауапкершілігі үшін ие болып отыр. Қарымды қалам­дас­тарымызды биік атақтарымен құттықтап, жаңа белестерден көріне беруіне тілек қосамыз. Сонымен қатар, осындай атақтар газетіміздің белсенді авторлары “Балбұлақ” балалар жур­налының редакторы, жа­зушы Мағира Қожахметоваға, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас­тығы, журналист Ғосман Төлеғұлға, журналист-жазушы Жа­натай Бекеновке де берілді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. *** Кеше сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданынан да қуанышты хабар жетті. Осы ауданда туып-өс­кен, аудандық “Достық” , об­лыстық “Дидар” газет­те­рінде же­­місті қызмет атқарған “Еге­мен Қазақ­станның” шолу­шы­сы, БАҚ саласындағы Пре­зи­дент грантының иегері Сұңғат Әліпбайға Зайсан аудан­дық мәслихатының ше­ші­мімен Зайсан ауданының құрметті азаматы атағы берілді.