Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының ұйымдастыруымен 2015 жылдың 1-7 қыркүйегі аралығында республикамыздың барлық өңірлерінде оқушылардың өмірлік құндылықтары (денсаулық, отбасы, жұмыс, оқу, махаббат және, т.б.), саламатты өмір салтын, жауапты қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға дағдыландыру мақсатында «Менің байлығым – менің отбасым!» ұранымен «Денсаулық сабақтары» апталығы өткізіледі.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Отбасылық құндылықтарды, көпбалалықты насихаттау – бұл біздің мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі. Тәуелсіздік жылдары 6 миллионнан аса қазақстандық дүние есігін ашты. Ал еліміз азаматтарының жалпы саны 17 миллионнан асты. Бұл Қазақстан Республикасындағы отбасылық-демографиялық саясаттың дұрыстығының, халқымыздың әл-ауқатының артқандығының барынша айғағы», – деп атап өткен болатын. Ендеше, отбасы адамды әлеуметтендірудің алғашқы және маңызды сатысы, дәл осында ұрпақ өсіп, дамиды, қабілеті, денсаулық сақтау дағдылары қалыптасады. Сондықтан ең маңызды фактор отбасының ахуалы болып табылады. Ал ана мен баланы қорғау, ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі.
Бүгінде Ғылым және білім министрлігінің мәліметі бойынша елімізде 2014 жылы мектеп жасына дейінгі 2,0 млн. бала, 2,5 млн. оқушы, 120 665 мүмкіндігі шектеулі балалар, сәбилер үйінде 4 жасқа дейінгі 76000, ал балалар үйінде 9 мыңнан астам бала тәрбиеленеді. Міне, осы келешек ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасудың ерте кезеңінен денсаулыққа бағалы қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу саламатты өмір салтын ұстануға, әсіресе (әйелдер және ерлердің) репродуктивтік денсаулығын сақтауға, жауапкершілікті ата-ана болуға, отбасын жоспарлауға қажеттілікті дамытуға ықпал етеді.
Осы мақсатпен Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының ұйымдастыруымен 2015 жылдың 1-7 қыркүйегі аралығында республикамыздың барлық өңірлерінде «Менің байлығым – менің отбасым!» ұранымен «Денсаулық сабақтары» апталығы өткізіледі.
«Денсаулық сабақтары» апталығын өткізу барысында республикамыздың барлық өңірлерінде оқушыларға кеңес беру үшін мамандарды тарту арқылы МСАК мекемелерінде Ашық есік күндері ұйымдастырылып өткізіледі. Мұғалімдер, психологтар, 7-11 сынып оқушылары ата-аналардың қатысуымен «Өмір құндылықтары туралы» дөңгелек үстел, семинар, тренингтер, сондай-ақ оқушылардың денсаулығын нығайту бойынша білім беру ісі мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған тренингтер ұйымдастырылады. Мінез-құлықтық қауіпті факторлардың алдын алу, үйлесімді тамақтану, дене белсенділігін насихаттау, қыздар мен ұлдардың репродуктивтік денсаулығын сақтау, отбасын жоспарлау, түсік жасатудың алдын алу, контрацепция әдістері жөнінде «Тең-теңімен» қағидасы бойынша нақпішіндерді (мүмкін болған жағдайда) көрсету арқылы оқушыларға тренинг, сонымен қатар жұбайлар арасында спорттық шара (жеңімпаздарды марапаттау арқылы секіртпе арқылы секіру, допты сақинаға лақтыру, арқан тартысу және, т.б.) өткізіледі.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».