13 Наурыз, 2015

Ажалсыз

237 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
13-03-15-ayuМына бір қызықты оқиға Алтай өңірінде болған екен. Орманды өлкеде тұратын Нюра әжейге қаладан немерелері келеді. «Бұлар қалада қайбір оңған жеміс жеп жүр дейсің», – деп ойлап, орманға жеміс-жидек теруге кетеді. Бір себеті жеміс-жидекке әбден толған соң, шелегін ыңғайлы болсын деп мойнына іліп алады. Орман толған жеміс. Кемпір қызығына елтіп, алыстай береді. Әлден уақытта байқаусызда терең шұңқырға түсіп кетеді. Шұңқырдың ішінде бір аю қонжықтарын сыртқа шығара алмай әлек болып жатқан екен. Тура сол мезетте кемпір аюдың үстіне құлайды. Шошынған аю шынтағымен кемпірді қағып жібереді, сол кезде ішінде жеміс-жидегі бар шелек кемпірдің басына киіліп қалады. Ызаланған аю кемпірдің шелек киілген басынан бір қояды. Кемпір есінен танып, жерге құлайды. Шелекті ұрған кездегі тарс етіп шыққан дыбыс аюдың одан әрмен үрейін ұшырады. Сасқалақтаған аю шұңқырдан атып шығып, қаша жөнеледі. Себебі, аю бұрын аңшының мылтығынан жарақат алған екен. Тарс еткен дыбыс мылтықтың дауы­сы сияқты болып естілген болу керек. Үйдегілер кемпір кешіккесін қорқып, көршілерімен бірге іздей бастайды. Таба алмайды. Аң-құсқа жем болған шығар деп уайымдайды. Іздеушілердің біреуі кемпірдің себетін тауып алады. Жан-жағына қараса, аю жақындап, ырылдап келе жатыр. Аюды қорқыту үшін мылтық атады. Не болса да бар пәле осы аюда шығар деп ойлайды іздеушілер. Енді біреуі шұңқырда ес-түссіз жатқан кемпірді, аюдың кішкентай қонжықтарын көреді. Ал аю болса, тіпті, адамдарды шұңқырға жақындатқысы келмейді. Әрең дегенде кемпірді және аюдың қонжықтарын шұңқырдан шығарады. Кім біледі, егер кемпір шұңқырға құламағанда, аюдың қонжықтары сол шұңқырдан шыға алмай аштан өлер ме еді? Ал кемпірдің мойнындағы шелегі болмағанда аюдың батпан аяғы кемпірдің бас сүйегін мылжа-мылжа қылар еді. Ажалы жоқ, бағы бар екен деген сияқты сөздер осындайда айтылады. Малдарын әкетіп, кейде ойламаған жерден шабуылдап маза бермейтін маймақ осы оқиғадан кейін ауылдың маңайына жоламайтын болыпты. Бәлкім адамдардың қонжықтарын ажалдан құтқарған қайырымдылығына рахметі шығар. Ал мына оқиға Австралияның Сидней қаласында осыдан жүз жыл бұрын адам сенбес ғажайып оқиға болған екен. Ет сататын дүкеннiң қожайынының ақша тола әмиянын бетперде киген бiр ер адам қолынан жұлып алып кетедi. Әмиянның iшiнде 200 доллар бар екен. Ұрлықшы көмекке келген полиция қызметкерiне екi-үш жерден пышақ салып үлгередi. Бiр тәулiктен соң жарақат алған полиция офицерi қайтыс болады. Сидней полициясы жедел iздестiру жұмыстарын жүргiзедi. Қылмысқа күдiктi деген Джозеф Самуэльс деген қаңғыбасты тұтқындайды. Оның қалтасында тура екi жүз доллар болған екен. Ол ақшаны еңбектенiп таптым десе де полиция қызметкерлерi сенбейдi. Тiптi, қылмыс жасалған кезде удай мас Джозеф сыраханада отырды деген куәгерлердiң сөзiне де полиция құлақ аспайды. Джозеф Самуэльстi полиция офицерiн өлтiрдi деп айыптап, өлiм жазасына кеседi. «Мен кiнәлi емеспiн, ешкiмдi өлтiрген жоқпын», – деп ақталса да оны ешкiм тыңдамайды. Жендет оны дар ағашының астына әкелiп мойнына арқан салады да астындағы орындықты теуiп қалады. Бiр секундтан соң жуан арқан үзiлiп кетiп Джозеф жерге гүрс етiп құлайды. Жиналған халық: «Рақымшылық етiңдер, рақымшылық етiңдер!» деп талап етедi. Ал жендет басқа арқан алып келiп, қайтадан дарға асады. Сол-ақ екен, арқан Джозефтiң аяғы жерге жеткенше тарқатыла бередi. «Оны жiберiңдер, босатыңдар!» деген дауыстар әлi толастар емес. Әбден сасқан полицейлер тағы да арқан алдырады. Үшiншi рет дарға асқан кезде арқан екiге бөлiнiп, үзіліп кетедi. Полиция бастығы атына отыра салып губернаторға келiп, барлық мән-жайды баяндап бередi. Губернатор ешбiр ойланбастан рақымшылық ету туралы бұйрық бередi. Полицейлер арқандарды мұқият тексерiп шығады. Мүмкiн арқандарды әдейi бүлдiрiп қойған шығар деген күмәндерi де расталмайды. Бiрнеше ай өткен соң нағыз қылмыскердi табады. Ол театр актерi Айзек Симондс болып шығады. Өлiмдi жеңiп шыққан жалғыз Джозеф Самуэльс емес. Осыған ұқсас оқиға 1895 жылы болған екен. Джон Ли деген азаматты өз әйелiн өлтiрдi деген айып тағып, өлiм жазасына кеседi. Оның басын үш рет шаппақ болып, гильотинаға әкелiп басын салады, ал гильотинаның механизмi сол кезде iстемей қалады. Джон Лидiң басын ала тұрып, гильотинаны iске қосса, iстеп кетедi. Осыған байланысты Джон Ли былай деген екен: «Менiң басым гильотинада тұрған кезде, мен бiр тылсым күштiң бар екенiн сездiм», – дейдi. Бәлкiм, бұл адамдар кiнәсiз болған соң, бiр құдiреттi күш араласқан шығар. Мақсат РСАЛИН, журналист. АЛМАТЫ.