Газетімізде бұған дейін елімізде миллиондаған халықтың сүйікті спорт түрі саналатын футболды насихаттау және дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитеті, Австрияның Қазақстандағы елшілігі, “Австрия әуе жолдары” мен Қазақстан Футбол федерациясының ұйымдастыруымен “Вена – Еуропа жүрегі” атты жалпыұлттық сауалнама-байқауының өтетіні хабарланғаны белгілі.
Байқаудың мақсаты мен ерекшеліктеріне келер болсақ, ол саламатты өмір салты және өмірге деген саламатты көзқарас, жарысты ережеге сәйкес жүргізу, оған қатысушылардың бәріне шыққан тегіне, тіліне, нәсіліне және діни сенім-нанымына қарамастан тең қарау болып саналады.
Осындай көзқарасқа негізделе отырып байқауды ұйымдастырылушылар “Вена – Еуропа жүрегі” атты іс-шараны өткізу арқылы Қазақстан, Австрия және ЕҚЫҰ, дипломатия мен спорт арасындағы жағымды ықпалдастықтың үлгісіне жұртшылық назарын аударғысы келеді.
Бұл жерде неліктен Вена таңдалып алынды деген сауалға келсек, СІМ таратқан мәліметтерге қарағанда, дәл осы әсем шаһарда ЕҚЫҰ-ның Хатшылығы орналасқан, сондықтан ол биылғы жылы еуропалық астаналар арасында қазақстандықтардың жүрегіне белгілі бір дәрежеде ең жылы болып көрінеді. Оның тағы бір себебі, дәл сол жерде 7 қыркүйек күні футболдан 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі өз жолын Қазақстан ұлттық құрамасы австриялық қарсыластарымен болатын ойынымен бастамақ.
Байқауға қатысушыларға қойылатын талаптар төмендегідей. Мұнда олар ең алдымен Вена қаласы, “Австрия әуе жолдары”, отандық және еуропалық футбол, ЕҚЫҰ-ның қызметі мен оған Қазақстанның төрағалық етуіне қатысты сұрақтарға дұрыс жауап беру қажет. Сұрақтар мен оларға жауаптардың нұсқалары қазақстандық жетекші спорттық және қоғамдық-саяси БАҚ-тарда және интернет-порталдарда, сондай-ақ Қазақстан Футбол федерациясының сайтында (www.kff.kz) орналастырылатын болады. Осы сұрақтардың ішінде “Еуропадағы халықаралық ұйымдардың қайсысының штаб пәтері Венада орналасқан?”, “Қазақстан 2010 жылы қандай халықаралық ұйымға төрағалық етуде?”, “ЕҚЫҰ-ға неше мемлекет мүшелік етеді?”, “Еуропадағы футбол чемпионаттарының соңғысы (2008 жылы) қай елде өтті?” деген аса қиын емес сауалдар бар екенін атап өткеніміз жөн. Жоғарыда қойылған осы сұрақтарға жауаптарды өзіңіздің кері байланыс мәліметтеріңізбен (аты-жөніңіз, байланыс телефон нөмірі) қоса толтырылған анкеталар 16 тамыздан кешіктірмей konkurs@kff.kz электронды адреске немесе дәстүрлі пошта арқылы “Алматы қ-сы, Сәтбаев к-сі 29/3, А.Кеплин үшін, “Вена – Еуропа жүрегі” мекен-жайына жеткізу қажет.
Дұрыс жауап қайтарғандар 23 тамыз күні Астанада өтетін жүлде ұтысына қатысады. Жүлделер арасында – ұйымдастырушылардың символикасы бар сувенирлер және Қазақстан құрамасының ойыншылары қол қойған үш теңбіл доп болады.
Бас жүлде – “Австрия әуе жолдары” компаниясы ұсынған “Астана-Вена-Астана” бағыты бойынша екі адамға ұшу билеттері және 6-10 қыркүйек аралығында веналық қонақ үйде бес күн тұру мүмкіндігі. Сондағы бағдарламаның міндеттісі – Қазақстан Футбол федерациясымен ұсынылған екі билетпен 7 қыркүйекте өтетін Қазақстан және Австрия құрамаларының ойынын стадионнан тамашалау болады. Осы жерде ескерте кететін бір нәрсе, тұратын жеріңізден Астанаға бару және қайту, визаны рәсімдеу, тамақтануға қатысты шығындарды ұйымдастырушылар өтемейді.
Ұйымдастырушылар аталмыш байқау Қазақстан мен Австрияның жақындасуына, ЕҚЫҰ-дағы Қазақстандық төрағалықтың дәріптелуіне, саламатты өмір салтын насихаттауға өз ықпалын тигізеді деген сеніммен БАҚ өкілдерін бұл бастаманы жүзеге асыруға жәрдем көрсетуін сұрайды.
Дастан КЕНЖАЛИН.