Генерал-майор Берік Біләлов жетекшілік ететін облыстық ішкі істер департаменті халық арасындағы жарасымды достық пен татулықты ұлықтайтын іс-шараларды жүйелі өткізіп келеді. Солардың бірі жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерекесі аясында ұйымдастырылып, өңірді мекен ететін ұлыстардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттауға арналды.
– Ұлттық мәдениеттердің бір-бірімен тығыз байланыстылығы еңбек ұжымдарында тату-тәтті бірліктің қанат жаюына, қоғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықтың кепілдігіне зор септігін тигізеді. Өзге тілге, дінге құрметпен, сыйластықпен қарау зайырлы мемлекеттің басты өлшемдерінің бірі болып табылады. Адамдардың ертеңгі күнге деген берік сенімін қалыптастырады,–деді шараға қатысқан аймақ басшысының орынбасары Анархан Қалиқызы жиналғандарға қарата айтқан сөзінде.
Ішкі істер органдарында қызмет ететін 16 этнос өкілдерінің басын тоғыстырған фестиваль аудандағы полиция қызметкерлерінің бесаспап өнерлерін паш етумен ерекшеленді. Тайынша аудандық ішкі істер бөлімі поляктардың ұлттық киімдерін киіп, әндерін шырқап, өздері әзірлеген тағам мәзірлерін ұсынды. Бұл ауданда өткен ғасырдың саяси қуғын-сүргін кезеңінде атақонысынан лажсыздан аласталып, Қазақстанға қоныс аударған поляк туысқандардың ұрпақтары көп шоғырланған. Сол себепті «түсі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» ағайындардың тағылымды өнегелерін бейнелеуді жөн көріпті. Тайынша аудандық ІІБ-нің криминалисі Дарья Солонарьдың айтуынша, поляк халқының сүйікті тағамы – бигос көпшілікке ұнап қалыпты.
Қазылар алқасының бағалауымен украин халқының салт-дәстүрін үздік көрсете білген мамлюттіктер бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші, үшінші орындарды петропавл-
дықтар мен тайыншалықтар бөлісті.
Фестиваль аясында «Біздің отбасы» конкурсының қорытындысы шығарылып, мемлекеттік тілде шығарма жазған үміткерлердің жеңімпаздары анықталды. 7-9 жас аралығында әл-Фараби лицейінің 3-сынып оқушысы Гауһар Маратова өз туындысына отбасын арқау ете отырып, көпбалалы шаңырақтың артықшылықтарын жіпке тізгендей атап берген. 10-12 жас бойынша Мамлют мектеп-интернатының оқушысы Ділнәз Шаяхметова бірінші орынға ие болды. 13-15 жас аралығында Тайынша ауданынан келген Айара Шаханова жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.
Шара соңында Берік Сұлтанғазыұлы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеуге үлес қосып жүрген бір топ ата-ана мен этномәдени бірлестік өкілдерін марапаттады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.