Дарынды ер балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты химия пәнінің мұғалімі Алмас ОРДАБАЕВПЕН әңгіме
– Алмас, Астанада өткен республикалық патриоттар форумынан қандай көңіл-күймен оралдың?..
– Әрине, «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел!» атты форум елін, жерін, Отанын сүйетін әрбір жасты ойландырады, жігерлендіреді. Елбасы құттықтау жолдады. Бұл Ұлы Дала елiне деген ерекше сүйiспеншiлiктi бүкіл елге таныстырған жиын деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына арналған форум, әрине, менің есімде ерекше сақталады. Өйткені, бұл идея әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алғаны белгілі.
«Мәңгiлiк Ел» – ортақ стратегиялық мақсат, биік мұрат жолы. Мен де Елбасына өзім жазып, дайындап әкелген жүректен шыққан ой, пікірімді, құрметімді білдірдім. Осы арқылы еліме деген махаббатты, Отанға деген сүйіспеншілікті, еліміздің болашағына сеніммен қарайтынымды көрсеттім. Патриоттар форумы еліміздің өркендеуіне ерекше үлес қосып жүрген ұл-қыздардың, орта буын аға-апайлардың басын қосты. Сондықтан оларға биік мінберден сый-құрметтің көрсетілуі өте орынды.
Жастар үшін форумның тәрбиелік мәні маңызды. Ел тұтастығын сақтауда «Мәңгілік Ел» құндылықтары аса қажет. Тәуелсіздік, Астана, ұлттық бірлік, ынтымақ пен келісім, азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік пен адалдық, шынайылық пен патриотизм ұғымдары тұрғысынан форумның мән-мақсаты кімге болсын айқын.
– Бәрекелді! Форумда өзің жайлы таныстырылымда «Химия пәнінің мұғалімі Алмас Ордабаевтың жасы 26-да, шәкірттері 3 жылдың ішінде химиядан 22 республикалық, 18 халықаралық жарысқа қатысқан. Әділ Қабылда деген шәкірті Вьетнамда өткен Дүниежүзілік олимпиадада күміс медаль алған...» деп атап өтті.
– Біздің облыс орталығындағы ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушысы, шәкіртім Әділ Бакуде өткен олимпиадада 75 елден келген 300 баланың ішінен дара шықты. Биылғы республикалық олимпиаданың химия пәні бойынша алтын медаль, Мәскеу және Ереван қалаларында өткен халықаралық Менделеев олимпиадасының екі мәрте күміс медаль иегері атанды. Бұл Әділдің зияткерлік жетістіктері – ғылыммен айналасудағы арманының алғашқы бастамасы.
Бүгінде ол өзім сияқты М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алуда. Озық ойлы жастар, заманына сай білім алып, өз заманының дамуына зор үлесін қосатын болады. Шәкірттерім химия әлеміндегі ізденіске толы тынымсыз еңбегімді қанаттандырған нағыз дарын, талант иелері. Әрқайсысы ертеңгі күніне сенімді қадам басатын дайын мамандар. Тіпті, қазірдің өзінде химия ғылымы саласында өз беттерімен жұмыс жасауда тәжірибелері де аз емес.
Оқушыларымды мақтан етемін. Өйткені, менің қол жеткізген жетістіктерімнің негізгі иелері олар. Білім бәйгесіне түсу оңай емес. Шәкірттеріме оқу, білімді ғылым арқылы алуды, олардың ойлай, ойлана білгендерін ұқтырдым. Адамзаттың асқан ойшылдарын ойға қалдырған мәселелер жайлы айтып ойлантамын, толғантамын. Сыныпта өзара бәсекелестікті орынды пайдалана білген ойлы оқушы ұтады. Оқушылардың ғылымға деген қызығушылықтарын ояту қажет.
Жалпы, халықаралық олимпиада – бүкіл әлем оқушылары арасындағы беделді зияткерлік дода. Бұл сайыс тек өз пәнінің терең білгірі болуды ғана емес, танымдық, ғылымилық, ақпараттық сауаттылықты талап етеді. Және де тағы бір жақсы жетістігіміз, жаңалығымыз біз қазір OYLA деген журнал шығара бастадық. Біздің лицей түлектері Якутиядағы Туймаада халықаралық олимпиадасының алтын медаль иегері Нұрсәлім Ахметжанов, Ресейдегі олимпиадаға дайындық мектебінің тәлімгерлері Шыңғыс Қамаров, Амангелді Сәрсембай, Сайлау Хакімдердің жеңісі – тынымсыз еңбектің нәтижесі.
– Абай атамыз «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деген ғой...
– Менің өзім де 2012 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірдім. Еңбек өтіліме 3-ақ жыл болды. Биыл мұғалімдердің тамыз мәслихатында облыс әкімі Қанат Бозымбаев көлік кілтін табыс еткенде, жоғарыда өзіңіз айтқан шәкірттері 3 жылдың ішінде химиядан 22 республикалық, 18 халықаралық жарысқа қатысқан деген аз ғана еңбектің бағаланғанын түсіндім. Облыстық білім басқармасының басшысы Бақыт Бексейітоваға, қазақ-түрік лицейі басшылығына алғысымыз шексіз.
Бақыт Мақанқызы жаңашыл, шығармашыл ұстаздарды қолдайтын бастамашыл басшы екен. Оқушы кезімнен-ақ, химия пәні бойынша халықаралық олимпиадалар мен сайыстардың бірнеше мәрте жүлдегері атандым. Өзіңіз білетіндей, әке-шешем өзіңіз өскен Жарсу ауылынан, зайсандықтар. Мен Өскемендегі қазақ-түрік лицейін «Алтын белгімен» бітірдім. Әкем Еркін маған ылғи химик бол, химия пәні ғажайыпқа толы деуші еді. Қазір анам Рая екеуі Өскеменде тұрады.
Жас кезімнен нақты ғылымдарға қызығушылық оянды, физика, химияға ерекше көңіл бөлдім. Мәскеуде оқып жүрген 2009-2012 жылдары химия саласына байланысты Жаңа технологиялар институтында ғалым профессордың ассистенті болып тәжірибе қажеттілігі үшін қызмет еттім. Ұшақтардың сыртын қаптайтын көміртегі сұйықтығын жасайтын жоба жұмысына қатыстым.
– Мәскеуде қалуға үгіттеген жоқ па?
– Көміртегі сұйықтығын жасайтын жоба бұл менің дипломдық жұмысым болды. Яғни, қорғайтын жұмысым тікелей өндіріске байланысты. Өте қызықты тақырып.
– Біздің елде де ұшақтар, тікұшақтар жасай бастап еді. Көміртегі сұйықтығы біздің ұшақтарға да керек шығар?..
– ?
– Ғылымға, ғылыми ізденістерге, жобаларға сұраныс, қажеттілік, қолдау болуы керек дейсің ғой, түсінікті.
– Содан, Павлодарға келген соң қайтадан өндіріске деген қызығушылық оянды. Мысалы, Екібастұздағы көмір кеніштерімен жұмыс жасап көрдік те. Яғни, күлі көп көмірдің күлділігін азайту, сөйтіп, көмірдің сапасын жақсарту жобасын жасадым. Қазір кеніштер осы жобамен жұмыс жасауда. Бірақ, мен өмірімді ғылымға, білімге, шәкірттерге арнағым келді. Өндірістен гөрі маған мектеп, оқушылар әлдеқайда жақын. Адамзат қанша нәрсені білсе де, күн сайын әлемде таңғажайып жаңалықтар ашылып жатады. Біз ғылымды шексіз сүйеміз, сондықтан, біздің жан дүниемізде ішкі рухани тербеліс жүруде, әркім өз таңдауын жасайды. Эволюция деген осы.
– Айтпақшы, ұмытып барамыз ғой, OYLA журналы туралы айтып берсең.
– «Ойла», аты айтып тұрғандай, біз оқушыларымыздың ойлай білгендерін қажет етеміз. Оқушылар мен олардың ата-аналарына арналған ғылыми-көпшілік суретке толы танымдық қазақ тіліндегі журнал. Мен өзім осы журналдың ғылыми редакторымын. Әрбір ата-ана балаларының тарихты және көп тілді білуін, математика мен физиканы түсінгенін, химиялық тәжірибелер жүргізіп, жердегі сан алуан тіршілік формаларын жақсы көргендерін қалаймыз. Мысалы, «Ойла» былай дейді: Айға жету үшін қағазды қанша қабат бүктеу керек? Қызық па, қызық. Ойланта ма, ойлантады. Құмырсқа ауыр заттарды көтере алады дейміз. Қалай деп ойланасыз. Ағаштан пластик жасауға болады. 1-ден 100-ге дейінгі барлық санды қосамыз. Ал ойланыңыз.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы айдарлар бойынша да мақалалар бердік. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы аясында патриоттық тәрбие басымдықтарын, болашағы біртұтас ұлтымыздың зияткерлік, мәдени және рухани құндылықтарын ілгері бастыру бағытында біраз тер төктік. Елбасының «Мәңгілік Елдің» бір тұғыры білім мен ғылым деген сөзі бар. Мәңгілік Ел идеясын өміршең ету үшін бүгінгі басты міндет – зияткерлі ұрпақ тәрбиелеу. Яғни, кім-кімнің де ендігі жерде «Мәңгілік Елдің» қолдаушысы, қорғаушысы болып, өз жерін шексіз сүюі, сол мүдде үшін аянбай қызмет етуі. Отан үшін қалтқысыз қызмет ету қажет. Туған жердің өсіп-өркендеп, биік белестерді бағындыруы біздің қолымызда. Елімізді мақтан тұтуымыз керек.
– Жас ұстаздың алтын бастамалары деген осы болар, Алмас. Сен мені таңғалдырдың. Патриот сендей болсын. Сен үшін мен де мақтаным жүремін.
– Рахмет, айтқаныңыз келсін. Ел намысын қорғайтын, ел мен жері, туған Отаны үшін қызмет жасайтын дарынды балалар, патриот жастар қатары көбейсін. Қазір Бектұров атындағы мамандандырылған химиялық олимпиада өткізуді қолға алдық. Павлодар – айнала қаптаған зауыттары бар өндірісті өңір. Болашақта өңірдің өндірісті келбетін жаңаша, жаңа ғасырға сай өркендету – ғылым мен техниканың қолында. Сондықтан, талантты, дарынды химиктер, физиктер, математиктер өңірге аса қажет. Әуелі республикалық, кейін халықаралық деңгейде өтетін өзіміздің химия олимпиадамыз керек. Алдымда партада отырған оқушыларыма қарап: «Осы балалар болашақта атақты химиктер болса екен» деп армандаймын.
Форумға қатысты тағы бір айтарым, Елбасының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы, бес институттық реформасы, «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Президентіміздің АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық сессиясындағы бастамалары – бәрі-бәрі ғажайып ойлардан барып өмірге келді. Менің замандасым Асхат алғашқы тапқан 2 миллион АҚШ долларын қайырымдылыққа аударды. Бұл ғажайып та оймен келді. Оның ендігі мақсаты – ғылымды көркейту. Адам өзіне ауқымды сұрақ қойып, соған қатысты терең ойлануы керек. Өмірдің мәні не? Артыңнан із қалдыру. Демек, ойла, ойлан!
– Рахмет, Алмас! Сәттілік, ақ жол тілеймін!
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.