02 Қыркүйек, 2015

«Елдегі әлеуметтік қамсыздандырудың деңгейі – бұл мемлекеттің кемелденуіндегі басты көрсеткіші»

423 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
фото КонколевскиХалықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының бас хатшысы Ханс-Хорст КОНКОЛЕВСКИ: Әлеуметтік қам­сыздандыруды ұйым­дастыруда экономикалық тиімділік пен көрсетілетін қыз­меттердің сапасын арттырудағы ақ­параттық-комму­никациялық техно­логиялардың рөлі туралы Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының бас хатшысымен сындарлы әңгіме өрбіді. – Бас хатшы мырза, әлеу­меттік-экономикалық және техникалық өзгерістер, сонымен қатар қоғамдық талап­тардың күн санап артуы әлеу­меттік қамсыздандыру сала­сындағы қызмет көрсетуде жаңа моделдерді енгізуді талап етеді. Халыққа сапалы қызмет көрсетуді және ресурс­тарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін алды­мызға қандай міндеттер қоюы­мыз қажет және қандай жаңа моделдерді қолдануымыз керек? – Маған сұхбат беруге мүм­кіндік бергендеріңізге рахмет. Сіздің елге тағы да келу мен үшін үлкен қуаныш. 2014 жылы мен VII Астана экономикалық форумына және «Әлеуметтік қорғаудан – әлеуметтік прогреске» тақырыбына өткен ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қа­тыс­қан едім. Бұл жолы мен әлеу­меттік қамсыздандыру сала­сындағы ақпараттық-коммуни­кациялық технологиялар бойын­ша Халықаралық әлеуметтік қам­сыздандыру қауымдастығының XIV халықаралық конференциясына қатысатын боламын. Соңғы жылдары ақпараттық және коммуникациялық технологиялар (АКТ) әлеуметтік қам­сыздандыру саласы жұмысының орталық стратегиялық факторы болып отыр. Сонымен бірге әлеу­меттік қамсыздандыру инсти­туттарының үкіметтік және мем­лекеттік сектор үшін АКТ саласында жаңа зерттеулердің орта­лығы болуы да кездейсоқ емес. АКТ қолдану нақты үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, сондай-ақ көптеген операциялар мен қыз­меттерді қайта өзгерте отырып, өндірістік тиімділікті жақсартып және әлеуметтік қамсыздандыру ұйымдарының көрсететін қызмет­терінің сапасын арттыруға да мүмкіндік берді. Егер біз әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, онда АКТ саласындағы әртүрлі тиімді бас­тамалар мен шешімдерге мысалдарды көптеп көреміз. Бірік­тіру мемлекеттік қызметтерді қайталауды және бөлшектеуді төмендету есебінен, сонымен қатар әртүрлі мекемелер мен субъектілер арасындағы байланыстарды жақсарту есебінен әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік туғызды. Жұмыс сапасын арттыру және үдерістердің дәлдігі қандай да бір дәрежеде бақылау мен есептеулер заңдылығына сенімділікті арттырды. Бүгінде көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру әлеуметтік қам­сыздандыру ұйымдарының маңызды басымдығы болып табылады. Оның басты мақсаты бұдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік сақтандыру агенттігінің қызмет­керлері тікелей сөйлесу арқылы ғана орындау мүмкін болған опера­циялар жиынтығын қолдану­шыларымыздың пайдалану аясын кеңейту мүмкіндігінің артуы болып отыр. Бұған қоса Интернетке және мобилді құрылғыларға негізделген аз шығынды заманауи технология­лар көбіне азаматтарға арналған қызметтерді көрсетудің жаңа тетік­терін енгізуге көмектесіп отыр­ғанын ерекше атауға болады. – Әлеуметтік қамсыздандыру қызмет көрсету жүйесіне қанша мемлекеттік ұйым қосылғанына қарамастан оған байланыссыз, тұтастай біріктірілген жүйе бо­луы керек. Қазіргі уақытта әр­түрлі ұйымдардың деректер базасын табысты және ти­імді басқарып отырған және өз­ара әкімшілік біріктіруге қол жет­кізген мемлекеттер туралы мы­сал келтірсеңіз. Осындай бі­рік­тірілу жағдайында қызмет көр­­сету шығыны қаншалықты төмендейді? – Толықтай келісемін: АКТ саласындағы осындай зерттеу­лердің мақсаты – тиімді біріктіруді және қызмет көрсету сапасын арттыруды қолдау болып табылады. Әлеуметтік қамсыздандырудағы және мемлекеттік қызмет көр­сетудің басқа салаларындағы опе­ра­циялық тұғырнамалардағы жалпы ақпараттық ресурстарды жүзеге асырудың артуы жүйелердің біріктірілуіне негізделген жаңа ұйымдастырушылық моделдердің құрылуына мүмкіндік береді. Бұл бірнеше агенттер басқаратын, сонымен бірге, қатысатын ұйым­дардың нақты қандай да бір ере­желері мен міндеттерін сыйлай отырып, операциялық тиімділігі мен кешеннің өнімділігін арттырады. Астанада өтетін конференция экономикалық мүмкіндіктердің өздерінің басымдықтарын байланыстыру қажеттілігі мен жалпы мәселелерімен жиі тоғысатын әр елдің алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерін талдайды. Мы­салға, стандартталған деректер алмасу және операциялық өзара қызметтерге негізделген салалық құрылымды қолдана отырып, өздерінің операцияларын біріктіретін Француз әлеуметтік қамсыздандыру ұйымын айтар едім. Мұндай тәсіл көрсетілетін қызмет сапасын арттырып қана қоймай, сонымен бірге жарна төлеуден жалтару мен әртүрлі алаяқ­­тықтың алдын алуға да көмек­теседі. Латын Америкасының бірқа­тар елдерінде (оның ішінде, Арген­тина, Бразилия, Чили, Мексика және Уругвай) әлеуметтік қорғау бағдарламалары әлеуметтік қам­сыздандырудың әртүрлі бағыт­тарына жауап беретін әртүрлі мекемелердің ақпараттық жүйе­лерін біріктіру жолымен жүзеге асырылады. Әлеуметтік сақтандыру бағ­­дар­­ламаларына жарна жи­нау саласындағы кейінгі қар­қын­дар жарна жинауға және жұмыс берушілерге жауапты ұйымдар үшін АКТ бірыңғай тұғыр­намасы қолданылады. Корея Респуб­ликасында және Уругвайда, мысалы, мұндай ынтымақтастық әлеуметтік қамсыздандыру ме­кемелері мен жұмыс берушілер арасында жүзеге асырылса, ал Аргентинада мұндай жұмыс салық агенті мен жұмыс берушілердің әлеуметтік қамсыздандыру меке­мелерімен ынтымақтасуы арқылы жүргізіледі. Осындай тәжірибелер ведом­ствоаралық үйлестіруді және әрбір жекелеген ұйым жұмысының шең­берінен тыс АКТ жүйесін енгізуді талап етсе де өз жемісін берді. – Әлеуметтік қамсыздандыру саласында халыққа қызмет көр­сетуде операциялардың көп­теген түрлері жүргізіледі. Дерек­терді қорғау, қауіпсіздік жә­не ақпараттың құпиялылығы қалай жүзеге асырылады? – Әлеуметтік қамсыздандыру мекемелері қызметкерлер, жұ­мыс берушілер, бенефициарлар, әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламалары және басқа да деректер туралы ақпараттың үлкен көлемін жинайды және сақтайды. АКТ саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әсіресе алаяқтық қатерлерге қатысты, үнемі әлеу­меттік қамсыздандыру органдары міндеттерінің бір бөлігі болды, бірақ веб-негізде халыққа жаңадан жалпы қызметтер көрсету бағдарламаларын әзірлеу мекемелердің қорғау жүйелері үшін деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жаңа шараларды қабылдауды талап етті. Осындай ақпараттардың көп бөлігі жиналады, сақта­лады, өңделеді және АКТ жүйе­сінің көмегімен беріледі. Ақпа­раттың мазмұнына байланыссыз ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғау АКТ сала­сындағы басты мәселелердің бірі болып отыр. Әлеуметтік қамсыздандыру мекемелері ақпараттық қауіпсіздік пен деректердің құпиялылығы мәселелерін әртүрлі шешеді. АКТ және деректердің қауіп­сіздігі веб-негізде стандартты коммуникациялық арналарды қолданумен байланысты бола­тындықтан, деректердің құпия­лылығын қамтамасыз ету мін­деті негізінен ұлттық және ха­лық­аралық ережелерге сәйкес шешіледі. Жеке деректердің құпиялығын қорғау мен мекемелер арасындағы деректер алмасу көлемінің артуы арасындағы қолайлы теңгерім әлеуметтік қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатында, әлі де ашық мәселе болып отыр. – Бүгінде әлеуметтік қам­­сыз­­дандыру саласын­да­ғы ақ­параттық-коммуни­ка­ция­лық тех­нологиялар бойынша Ха­­лық­аралық әле­у­меттік қам­­­сыз­дандыру қауым­дасты­ғының XIV халықаралық конферен­циясы өтеді. Оған ХӘҚҚ мүше-ұйымдардан әлемнің 50 аса елінен өкілдер қатысады. Осындай кең ауқым­ды шарадан қандай нәти­желер күтесіз? – Ақпараттық-коммуни­ка­циялық технологиялар бойынша Астана қаласында «Әлеуметтік қамсыздандырудың мақсаттарына жетудегі АКТ саласының стандарттары мен бірыңғай шешімдерін қабылдау жолдары» тақырыбына өтетін конференция ХӘҚҚ ағым­дағы бағдарламасындағы басты оқиғалардың бірі болып табылады. Біз конференция бірнеше салада бірқатар маңызды өрлеулерге әкеледі деп күтудеміз. ХӘҚҚ әлеуметтік қамсыз­дандырудың басқару саласында халықаралық стандарттардың, оның ішінде АКТ саласының дамуында алғашқылардың бірі болып табылатынын атап өткім келеді. Сондықтан конференцияның күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі деректерді басқару бойынша ХӘҚҚ жаңа басшылығын, сонымен қатар халықаралық шарттарда пайдалану үшін АКТ қолданылу аясы талқыланатын болады. Әлеуметтік қамсыздандыру үшін АКТ дамуы технологияның дамуына және оның қолданылу қарқынына байланысты бола­тындықтан, біз конференция шең­берінде әлем бойынша мемлекеттік әкімшіліктермен жұмыс істей­тін басты компаниялардың қа­тысуымен салалық форум ұйым­дастыруды, оның ішінде қаты­сушылардың идеяларымен, мәселелерімен бөлісуді ұйғарып отырмыз. Сонымен қатар, конферен­цияның Астанада өткізілуінің өзі саяси ерік пен инвестицияның үйлесуі ретінде азаматтардың игілігіне мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ете алатындығының символы болып табылады. – Біздің еліміздегі әрбір адам­­ның мүддесі мен қажет­тілігі Қазақстан Үкіметі үшін не­гізгі басымдық болып табы­лады. Бүгінгі конференция елімізде әлеуметтік төлемдер мен жәр­дем­ақылар төлеу, сонымен қа­тар, әрбір адамға қызмет көр­­сету арқылы халық үшін ың­ғайлы және лайық­ты жағ­дайлар жасауға ұм­­ты­латынын көрсетіп отыр.  Қазақстандағы әлеуметтік қор­ғау жүйесін Сіз қалай баға­лайсыз және болашақтағы қыз­­­­мет­терімізге тілер тілегіңіз қандай? – Елдегі әлеуметтік қам­сыз­­дандырудың деңгейі – бұл мемлекеттің әлеуметтік кемел­денуіндегі басты көрсеткіші екендігіне мен толықтай се­немін. ХӘҚҚ Қазақстанды әлеу­меттік қамсыздандыруды қазіргі заманғы қоғамның қажетті шарты және тұрақты дамуы ре­тінде жоғары бағалайды. Мені Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстанның экономикалық жетістіктерінің өз халқының әлеуметтік қорғалуын күшей­туі үшін қолданылатыны тол­ғандырады. Біздің бағалауымызша Қа­зақстан ұрпақтар арасындағы ынтымақтастық қағидатына құрылған базалық мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыруды, қосымша әлеуметтік сақтандыруды және жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыруды, сонымен қатар ерікті жинақтауларды біріктіретін халықты әлеуметтік қорғаудың дамыған көпдеңгейлі моделін білдіреді. Бұрынғы Кеңес Одағы елде­рімен салыстырғанда Қазақстанда тұрақтылығы ағымдағы эконо­микалық даму ресурстарымен жеткілікті қамтамасыз етіле­тін, халықты әлеуметтік қамсыз­дан­дыру жүйесімен жаппай қамту сақталған. Сонымен бірге, сіздердегі ұлт­тық жүйе соңғы он жылдықта жылдам өзгеретін экономикалық тұрғыда халықтың қажеттілігіне жауап бере отырып, және барлық халықты бірдей әлеуметтік қор­ғауды қамтамасыз етуде саяси басымдықты сақтай отырып, ба­рынша қарқынды дамуда. Мұндай міндеттер әлемдегі басқа да әлеуметтік қамсыздандыру әкімшіліктерінің алдында да тұр, сонымен бірге, егер жүйе тең­дес­тірілген және тиімді басқа­рылған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Сондықтан да әлеуметтік қам­сыздандыру бағдарламалары мен төлемдер және жәрдемақылар, көрсетілетін қызметтер деңгейінің теңбе-теңдігін қамтамасыз ету үшін ресурстарға үнемі өзгерістер енгізуге сіздердің Үкімет ерекше көңіл аударады. Мысалы, сіздердің көпсалалы денсаулық сақтау жүйесі аясында Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру қорын құру медициналық көмек жүйесінің қаржылық тұрақ­тылығын нығайту жолында ма­ңызды қадам болатыны сөзсіз. Мен, сонымен бірге, таяудағы мемлекеттік және мемлекеттік емес зейнетақы қорларының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына айналғанын да баса айтқым келіп отыр. Бұл шара әкім­шілік шығындарды азайтып, барлық зейнеттік жүйені бас­қаруды орталықтандыратыны сөзсіз. Әңгіме соңында, біз ХӘҚҚ әлеуметтік қамсыздандырудың халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын арттыруға шешуші инвес­тиция болып табылатынын және теңдестірілген экономикалық және тұрақты әлеуметтік даму­дың басты факторы болып та­былатынын атап айтқым келеді. Барлығымыз үшін де әлеу­меттік сақтандыруды одан әрі нығайту мақсатында ХӘҚҚ Қазақ­стандағы мүшелерімен тығыз ынтымақтыстықтың одан әрі жалғасын табатынына сенімді. –  Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет.  Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».