20 Қазан, 2015

*Сарапшы сөзі

606 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ынтымақ бар жерде – ырыс бар

Әріптестік – тарихи қажеттілік Бұған дейін газетте жазылғанындай, өткен аптада Бурабайда ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғары экономикалық кеңесінің отырыс­тары өтіп, онда жоғарыда аталған интеграциялық құрылымдарға мүше елдер арасындағы ықпалдастықты одан әрі дамыту жолдары жан-жақты әңгіме арқауына айналды. Сол сияқты, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Төменде осы оқиғаға байланысты сарапшылар пікірлерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Аскар ЕлемесовАсқар ЕЛЕМЕСОВ, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы. Күні кеше Бурабайда өткен әріптес әрі дос­тас елдер басшыларының алқа­лы жиыны бүгінгі жаһан­да мемлекеттердің де оқшау­ланып жеке өмір сүру мүм­кіндігі өте-мөте тарылғандығын айғақтай көрсетіп берді. Осыған орай біз Еуразиялық экономикалық одақтың уақыт талабы тудырған тарихи қажеттілік екендігін тағы да қадап айтамыз. Қазақстан, біздің Елбасымыз әуел бастан экономикалық интеграцияның жақтаушысы болғаны әмбеге аян. Мемлекет басшысы жас экономикалар үшін, соның ішінде, Қазақстан үшін де үлкен қиындықтар тудыруы мүмкін сын-қатерлер туралы ұдайы айтып келе жатыр. Ал экономикалық одақтар осындай сын-қатерлерге әріптестік жағдайда бірлесе төтеп беруге, өзара тиімді мүдделерді сақтай отырып, дағдарыс тудырған қиыншылықтарды бірлесіп жеңіп шығуға мүмкіндік бермек. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында айтылған әңгімеден байқағанымыздай, Еуразиялық эко­номикалық одақ келешектің көкжиегін аң­датады. Біз көршілес Қытайдың, басқа да елдердің экономикасы қалай өркендеп жатқанын көріп отырмыз. Мұн­дай жағдайдағы бәсекелестік жеке­лей алғанда Қазақстанға да, Ресейге де, ЕАЭО-ның бас­қа мүшелері үшін де әсте оңайға соқпақ емес. Ал ЕАЭО құрамында бәсекеге қабі­леттілікті өсіретін синер­гетикалық тиімділік әсері алынары сөзсіз. Жалпыға бірдей жаһандану және Қа­зақстанның ДСҰ-ға кіруі жағдайында біздің экономикамызды, еңбек рыногымыз бен азаматтарымыздың әл-ауқатын қорғау орайында шаралар қолданылуы тиіс. Әрине, экономикалық одақ әріп­тес­тігіндегі көңіл-күйіне мұнай баға­сының төмендеуі көлеңке түсіргені рас. Әлбетте, біз бұл Одақта болсақ та, болмасақ та мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізбей қоймас еді. Бірақ, кейбір адамдардың қате пайымдайтынындай, бұл жағдай біздің Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіміздің немесе басқа интеграциялық үдеріс­тердің салдары емес екендігін дұрыс түсінуіміз керек. Ал Ресей Феде­ра­циясына қолданылып жатқан санкция­лар экономикадан тысқары, саясатқа қатысты мәселелер. Экономикалық одақтың кемел үлгісіне бірден қол жеткізу мүмкін еместігі белгілі. Кемел үлгіге эво­люциялық даму жолымен қол жетеді. Олай болса, Бурабайдағы алқалы жиын сияқты әрбір кездесу ЕАЭО-ны өркендетуге, көркейтуге өзінің баға жеткісіз үлесін қоса бермек. АЛМАТЫ.

Интеграция дами береді

Мақсат МҰҚАНОВМақсат МҰҚАНОВ, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы. Өткен аптада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының президенттері бас қосқан алқалы жиында алға шыққан ой-пікірлер әлемдік экономиканың ілгерілеуіне өз септігін тигізері анық. Осынау жиында ТМД мемлекет басшыларының кеңесімен қатар өткен, Еуразиялық Экономикалық одақтың Жоғары экономикалық кеңесінің отырысы да көптеген мәселені талқылады. Еуразиялық экономикалық одақ елдері ұлттық экономикаларын біртіндеп долларсыздандыру шарасын жүргізіп жатқаны белгілі. Олардың бұл әрекетін әлемнің көптеген елдері қолдап отырғаны да аян. Бурабайдағы жиында осы шараның жүзеге асырыла бастағаны көрініс тапты. Нақтырақ айтқанда, ЕАЭО елдерінің тауар айналымы мен есептесуіне ыңғайлы болатын жаңа шарттарды құру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта ЕАЭО аясында бірыңғай нарықты құру бойынша көптеген жұмыстар қолға алынды. Сондай-ақ, кешенді құжаттар қабылданған. Ол құжаттарда біртіндеп сауданы ұлттық валютада жүргізу жөніндегі жос­парлар көрініс тапты. Осы тұрғыда ықпалдастырылған валюталық нарықты құру бо­йынша жұмыстар басталғалы тұр. Осы бағыт бойынша, ЕАЭО елдерінің тауар айналымы мен есептесуіне ыңғайлы болатын жаңа шарттарды құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының жаңа даму тұжырымдамасын жасау жөніндегі ұсыныс та жұрт назарынан тыс қалмағаны ләзім. Анық айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі бүгінгі талаптарға жауап беретін ТМД-ның жаңа даму тұжырымдамасын жасақтау жөніндегі ұсынысы Бурабайда өткен Достастық саммитінің ең маңызды оқиғасы болды. ТМД мемлекет басшыларының кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғары экономикалық кеңесінің отырысы да көп мәселені талқылады. Бұл оқиға әлемдік экономикадағы ауыр аxуалға және соңғы кезде әлем экономикасында орын алған өзгерістерге тікелей байланысты. Сол себепті, ТМД ұйымы біршама өзгерістердің алдында тұр. Осы тұрғыда еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік өзгерістерге төтеп беруге арналған жаңа даму тұжырымдамасын жасақтау туралы ұсынысы саммиттің ең маңызды оқиғасы болды деп қайталап айтқым келеді. Бұл бағытта үлкен бастамалар бар. Олар ұйымның 25 жылдығы қарсаңында аяқталады деп ойлаймын. ТМД елдері арасындағы қарым-қатынасты, сауда-саттық байланыстарды тереңдете түсетін және жаңа әлеуетті бағыттар бойынша әріптестікті күшейтетін жаңа практикалық құжаттар қабылданбақ. Есте болса, ТМД мемлекет басшыларының кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғары экономикалық кеңесінің отырысында Достастық елдері арасындағы қарым-қатынастардың әлеуетті бағыттары пысықталды. ТМД мемлекеттерінің басшылары 17 құжатқа қол қойып, құқық қорғау, табиғи және теxногендік төтенше жағдайлардың салдарларын жою салаларында бірқатар xалықаралық келісімдер жасады. Сонымен бірге, 2020 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық жөніндегі тұжырымдама, 2016-2020 жылдарға арналған шекараларда қауіпсіздікті күшейту бойынша әріптестік бағдарламасы қабылданды. Осы кешенді шаралар қос ұйымның халықаралық қауымдастық алдындағы беделінің арта түсуіне ықпал етеді. Расында, ЕАЭО халықаралық дең­гейде мойындалды. Оның анық дәлелін құрылғанына енді ғана бір жыл болғалы тұрған Одаққа көптеген елдердің ықыласы ауғанынан көруге болады. Еуразиялық экономикалық одаққа көптеген мемлекеттер қызығушылық танытып отыр. Бұл – ұйымның xалықаралық деңгейде мойындалғандығы деп білеміз. Одақ мемлекеттері бүгінде өте мықты дамыған адами капиталмен және жақсы жағдайлармен қамтылған іскерлік ортасымен бәсекеге түсе алады. ЕАЭО-ның өзге одақтардан ерекшелігі де сол. Атап айтсақ, биылдың өзінде оған тағы екі мемлекет – Армения мен Қырғызстан қосылды. Сонымен бірге, Вьетнаммен бірге еркін сауда аймағын құру бойынша келісімшарт жасалды. Жалпы алғанда, осы құрылымға көптеген елдер қызығушылық танытты. Жеке елдермен ғана емес, ірі бірлестіктермен де әріптестіктің түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Бұл ЕАЭО және ТМД аясындағы ықпалдастықтың жоғары әлеуетін көрсетеді.

Ықпалдастықтың жағымды әсері мол

Марат БӘШІМОВМарат БӘШІМОВ, Еуропалық құқық және адам құқықтары жөніндегі сарапшылық институттың директоры. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастық Қазақстан үшін тек жағымды әсерге ие болады және тек Қазақстанға ғана емес, барлық мүше мемлекеттерге тиімді. Бұл пікіріміздің растығына бүгінде күмән қалмай барады. Еуразиялық экономикалық одақ Орталық Азиядағы көптеген елдер үшін өте тиімді сауда-экономикалық алаңы. Бұрынғы Кеңес Одағының орнына заманауи мұндай алаң құру былай тұрсын, ол туралы айтудың өзі алғашқы кезде көпшілікті таң­ғалдырған. Алайда, көңілдерді күпті еткен идеяны біздің Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтып, тіпті, жүзеге асырып та үлгерді. Ендігі жерде ЕАЭО бір ғана Қазақстан үшін емес, осы ұйымға мүше өзге де мемлекеттердің игілігіне жарай бастағанын көріп отырмыз. Осы орында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде болашақ Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы жөнінде жасаған мәлімдемесін естіген кездегі әсерімді айтып өткім келеді. Ол кезде мен Мәскеу мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметке орналасқан кезім еді. Бір күн бұрын оқу орнының проректоры мені шақырып алды. «Марат, ертең сендердің Президенттерің келеді. Қаражат тапшы болып жатқан қысылтаяң шақта өзгеше бір одақ құру оңай іс емесі белгілі ғой», деп Нұрсұлтан Әбішұлының идеясын жаратпайтын сыңай танытқаны есімде қалды. Әйтсе де, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы – мен үшін маңызды оқиғалардың бірі. Сол кездегі жағдайды айтайын, 1994 жылы, жаңадан тәуелсіздік алған елдердің бәрінде экономикалық құлдырау болғанда қандай ықпалдастық туралы айтуға болады?! Ақша жоқ, көбі мектептен базарға кетіп жатқан уақыт. Отбасын асырау үшін адамдар барлығын істеді. Ол бір аса қиын шақ еді. Мемлекет басшысы сол кезде профессорлар алдында, университеттің барша ғылыми кеңесінің алдында тұрып: «Біз Ресеймен және өзге де көрші елдермен экономикалық байланыстар орнатпай, экономикалық интеграциясыз өмір сүре алмаймыз. Еуразиялық экономикалық одақ біздің болашағымыздың серпіні», деді. Профессорлар оның мұндай ұсынысына қайран қалғаны есімде. Маған қарап, «Сіздердің Президенттеріңіз өте көреген адам», деп жаппай мойындап жатты. Қазір қарап отырсақ, ЕАЭО уақытында қолға алынып, алмағайып заманда, ең қажет тұста құрылды. Нәтижесінде, аймақтағы елдердің экономикасының дамуына серпін бере бастады. АСТАНА.