30 Шілде, 2010

“Ақтөбе” бір қадам алға басты

544 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_12734" align="alignnone" width="300" caption="Фото: О.Лебедев"][/caption] Сәрсенбі күні кешкісін футболдан Еуропа чемпиондары лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчтары өтті. Еуропаның 14 қаласында өт­кен бұл ойындар аса тартысты және қызықты болғанымен айтар­лықтай жаңалықтар әкелген жоқ. Дегенмен, Шотландияның “Сел­тик” командасының сырт ала­ңын­да Португалияның “Брага” клу­бынан 0:3, Голландияның “Аякс” командасының өз алаңында Нор­вегияның “Русенборг” клубынан 0:1 есебімен жеңілгенін осы кезге дейін атақты атын сақтап келген олардың беделіне біршама нұқсан келтіргені сөзсіз. Ал біздің былтырғы жылы чемпионымыз “Ақтөбе” алғашқы ойынын өз алаңында Израильдің “Хапоэль” командасымен өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Голдың авторы тағы да команда капитаны – Самат Смақов. Бұлай деуіміздің себебі, Еуропа чемпиондар лига­сының екінші кезеңінде ақтөбе­лік­тердің Грузияның “Олимпи” ко­мандасымен өткізген кездесулерде ол қарсыластар қақпасына үш доп соққан болатын. Осы жолғы “Ақ­төбенің” израильдік командамен өткізген алғашқы ойынында да Самат барын салып өнер көрсетті. Сонымен бірге осы кездесуде Эссомба, Евгений Аверченко, Эмиль Кенжесариев, Мұрат Ті­ле­шев, Иван Перич пен Аслан Да­рабаев та жақсы қырынан көрінді. Негізінен осы жігіттер бүкіл матч бойы Тель-Авив командасының айып доп алаңынан табылып, қау­іпті жағдайлар жасап жүрді. Бірақ, әлем чемпионатында көзге түскен Нигерия құрамасының ойыншысы Винсенте Эньяманың қорғаған “Хапоэль” қақпасына Смақовтың кездесудің 67 минөтінде 11 метрлік айып добынан соққан голынан кейін еш өзгеріс болған жоқ. Енді келесі қарымта кездесу 3 тамыз күні Тель-Авивте өтеді. Бұл матч “Ақтөбенің” абыройы үшін тағы бір сынақ алаңы болатыны сөзсіз. Өйткені, дәл осы Израильде өткен жылы отандастарымыз Хай­ваның “Маккаби” командасымен өткізген Еуропа чемпиондар лига­сының үшінші іріктеу кезеңінде 3:0 есебімен жеңіп тұрып, қақпасына 4 доп жіберіп алған еді. Сөйтіп қолда тұрған чемпиондар лига­сының негізгі турниріне берілетін жолдамадан айрылған болатын. Енді чемпиондар лигасының соңғы кезеңінің басқа да болған алғашқы мачтарға келер болсақ, оларда мынадай есептер тіркелді. “Брага” ­­­– “Селтик” 3:0, “Парти­зан” – “ХИК Хельсинки” 3:0, “Аякс” – “Русенборг” 0:1, “Янг Бойз” – “Фенербахче” 2:2, “Деб­рецен” – ФК “Базель” 0:2, “Ше­риф” – “Динамо” (Загреб) 1:1, БАТЭ – ФК “Ко­пенгаген” 0:0, ТНС – “Андерлехт” 1:3, “Спарта” (Прага) – “Лех” 1:0, “Унирия” – “Зинит” 0:0, “Динамо” (Киев) – “Гент” 3:0, “Литекс” – “Жи­­лина” 1:1, “Омония” – “Зальцбург” 1:1. Дастан КЕНЖАЛИН. Жүз жолдық жаңалықтар * Қазақстан студенттері әлем чемпиона­тына қатысады. Үстіміз­дегі жылғы 22-29 тамыз аралығын­да Сер­бияның Нови-Сад қала­сында фут­бол­дан студенттер арасында әлем чем­пио­наты өтеді. Белгілі футбол мама­ны Әміржан Мұқанов баптайтын Қазақ­стан құрамасы осы бәсекеге “Тұл­пар” командасының Таку, Гре­бенос, Шорин, Довгань, Перемыш­лин, Мұ­қа­нов, Есена­ма­нов, Пенгрин, Першин сынды ой­ын­шыларын ірік­­теп алды. Чем­пионатта Д іріктеу то­бы­на түскен олар Бразилия, Қытай жә­­­не Словения студенттерімен кездеседі. * “Астана арландары” құрамын түпкілікті анықтады. Астаналық құрама команда сапында Бүкіл­­әлем­дік бокс сериясы матчтарына қаты­сатын боксшылардың аты-жөндері толы­ғы­мен белгілі болды. Олар мыналар: Бағ­дат Әлімбеков, Нұрлан Сейтімбетов, Қанат Әбу­­­тәліпов (54 кг), Мерей Ақ­ша­лов, Ержан Мүса­фи­ров, Азамат Сма­­ғұлов, Берік Әбді­рах­манов (61 кг), Бақыт Сәрсекбаев, Дәурен Елеу­сі­нов, Мирас Байыр­ханов (73 кг), Ма­рат Молдагереев, Джейсон Ва­релла Мон­рой, Максвелл Ампон­сах (85 кг), Ми­лутин Станко­вич, Иштван Бернат (+91 кг). Бұл тізімдегі соңғы төрт бокс­шы­ның шет­ел­­дік­тер екені байқалып тұрған шығар. Қазақстан құрамасы олар­ды Колумбия, Гана, Сербия және Вен­грия елдерінен жалдап алды. * “Барыс” чемпионатты “Се­верстальмен” бастайды. Конти­нен­тальды хоккей лигасының (КХЛ) басшылығы Ресей ашық чемпионаты мен осы жылғы Гага­рин кубогы ойындарының күнтіз­бесін бекітті. Осы арқылы биылғы бірін­шіліктің алдағы 8 қыркүйекте басталып, 2011 жылғы 20 ақпанда аяқталатыны белгілі болды. Лига командалары былтырғыдай тағы екі кон­ференцияға бөлініп отыр. Бұ­лар­дың әрбірі екі дивизионнан құра­ла­ды. Қатысушы командалар өз диви­зио­нындағы қарсылас­та­рымен төрт ой­ыннан өткізсе, конферен­ция­дан тыс­қа­ры ко­мандалармен екі реттен кездеседі. Астананың “Барыс” командасы “Шығыс” конференциясы “Чер­ны­шев” дивизионына енді. Оның мұн­да­ғы қарсыластары қатарында Омбының “Авангард”, Хабаров­скінің “Амур”, Уфаның “Салауат Юлай”, Новокуз­нец­кінің “Ме­тал­лург” және Ново­сі­бірдің “Сибирь” ко­мандалары бар. Астана­лықтар КХЛ біріншілігін 11 қыркүйекте бастап, өз алаңында Череповецтің “Се­версталь” хоккейші­лерін қабылдайды. * Баскетболшылар Станкович кубогына дайындалып жатыр. Қазақ­стан құрамасы үстіміздегі жылғы 7-15 тамыз аралығында Ли­ванда өткелі тұрған “Станкович кубогы” ха­лық­аралық турниріне қатысады. Қазір команда күшей­тілген оқу-жаттығу жиы­нын бастап кетті. Оны құрама­ның жаңа бас жаттықты­ру­шы­сы Ва­дим Бураков Атырау қаласында өткізуде. Жергілікті “Атырау барыстары” командасы­ның да жаттықты­ру­шы­сы болып табылатын бапкер енді құра­ма­ны да осы ұжымның негі­зін­де жасақ­та­ғанды жөн көрді. Ко­ман­даны қар­жы­лан­дыратын да не­гізінен осы аймақ болғалы тұр. Ко­манда мұнда аптаның соңына дейін жат­ты­ғады. Алматыға ұшып барып, бірнеше жолдас­тық кез­десу өткізеді. Сосын 4 тамызда Ливанға жетеді. “Егемен-ақпарат”.