13 Наурыз, 2015

«Сарыарқа» «Ермакпен» болған екінші ойында есе жіберді

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
saryarka hc 01АСТАНА. 13 наурыз. Жоғары хоккей лигасының ширек финалында Қарағандының «Сарыарқасы» екінші ойында қарсыласына есе жіберді. Аталған сайыста Ангарскінің «Ермагымен» күш сынасатын қарағандылықтар бүгін 3:4 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Бірінші кезеңде жанкүйерлер гол көре алмады. Есесіне, екінші кезеңнің алғашқы минутында «Сарыарқаның» қорғаушысы Илья Антоновский тамаша соққысымен есеп ашты. Кеше өткен алғашқы ойында да Илья есеп ашып, тартыс соңына дейін тағы бір мәрте көзге түскенін айта кетейік. Үзілістен шыға сала гол жіберіп алған ресейліктер дереу қарқындарын күшейтіп, шабуылдарын үдете түсті. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. Кезекті шабуылдың бірінде айдын иелерінің ойыншысы тәртіп бұзып, кіші айыппен жазаланды. Осы сәтті ұтымды пайдалана білген қонақтар Роман Поповтың арқасында таразы басын теңестірді. Леонид Тамбиевтен тәлім алатын қарағандылық хоккейшілер ойынның 32-минутында екінші шайбаны соғып, есепте тағы да алға шықты. Голдың авторы – Олег Ломако. Бұл жолы да «Сарыарқа» басымдықты ұзақ сақтап тұра алмады. Ломаконың голынан кейін арада 5 минут уақыт өткенде «Ермак» хоккейшілері екінші рет есепті теңестірді. Қақпашы Владимир Ковачтан айласын асырған хоккейші Андрей Щербов болатын. Үзіліске дейін айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Үшінші кезең тең жағдайда өрбіді. Қарсыластар бұл кезеңде тағы бір-бірден гол соғып, есепті 3:3-ке жеткізді. Алдымен, бәсекенің 53-минутында Александр Торяник «Сарыарқаны» алға шығарса, ойынның аяқталуына бір минут қалған кезде «Ермак» ойыншысы Виталий Карамнов үшінші рет таразы басын тең қылды. Қос команда да гол соққан сәтте ойыншы басымдығын жүзеге асырғанын айта кетейік. Негізгі уақытта бірін бірі ала алмаған қарсыластар жеңімпазды анықтау үшін қосымша кезеңге жүгінді. Ал бұл сында қонақтардың мерейі үстем болып, төртінші шайбаларын соқты. Жеңіс голының авторы – Денис Давыдов. Нәтижесінде, «Ермак» ширек финалдық бәсекенің жалпы есебін теңестірді. Екі ойынның қорытындысы бойынша есеп 1:1. Енді қарсыластар 16-17 наурыз күндері Ресейдің Ангарск қаласында айқасқа түседі. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hc-saryarka.com.